Су – өмірдің нәрі

ХХІ ғасырдың ең өзекті проблемасы – су. Расында адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік суда. Сусыз тіршілік тығырыққа тіреліп, жойылу қаупі төнеді. Ал су – шектеулі ресурс. Қазір әлем елдері арасында оның көзін иелену үшін күрес шиеленісіп, кейбір аймақтарда геосаясаттың аса маңызды факторына айналып келеді. Су проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы – өте күрделі. Ауыз суды үнемдеу керек. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру. 1987 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік қоршаған орта мен даму комиссиясы «Біздің жалпы болашағымыз» атты есебінде «қоршаған орта үшін қауіпсіз жолда экономикалық дәуірге» аяқ басуға шақырды. Алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму. Тұрақты даму мақсаттарында су мәселесі қозғалған.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінеді. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, соның салдарынан болатын антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Оның көбі – балалар.
Кейбір елдердегідей аса қауіп болмағанымен, Қазақстанда да ауыз су проблемасы бар. Дегенмен еліміздегі жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалған. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, судың шығынын азайтуда су шаруашылығы саласын толықтай цифрландыруға көшіру міндеті тұр. Сондай-ақ, каналдар мен су қашыртпаларын назардан тыс қалдырмай, үнемі тазалап, қажетті жағдайларда, каналдардың табанын бетондауды қолға алу маңызды.
Су ресурстарының ең көп пайдаланылатын бағыты — ауыл шаруашылығы саласы. Агроөнеркәсіпте пайдаланылатын техниканың ескі болуы, суару тәсілдерінің ұтымды қолданылмауы көп жылдар бойы су қорларының дұрыс игерілмей келуіне алып келді. Жаһандық мәселеге айналған Арал экологиясының да ең әуелі осы ауыл шаруашылық егістіктеріне суды жолдан бұрып алып, есепсіз пайдаланудан басталғаны баршаға мәлім. Қазіргі таңда, сарапшылар Каспийдің қатты таяздануына байланысты дабыл қағып жатыр. Теңізде кемелердің жүзуі қиындаған. Ал Каспий – Қазақстанға санкциялар салдарынан әлемнен оқшауланған Ресейді айналып өтуге мүмкіндік беретін жалғыз әрі бірегей тасымал жолы. Жағалаудағы елдер оның экологиясын жақсартуға баса мән бергені абзал. Жалпы, Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін бе деген қауіп те бар. Каспий тағдыры мемлекетті де алаңдатады. Президент Қ.Тоқаев 29 маусымда өткен VI Каспий саммитінде бұл теңіздің экожүйесін сақтау – 5 ел ықпалдастығының басты бағыттарының бірі деп белгіледі. Каспий жағалауының экономикалық дамуы да, миллиондаған тұрғындардың әл-ауқаты да оның табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты. Қазақстан Президенті ортақ су артериясында экологиялық апатты болдырмау үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Қалай болғанда да, миллиондаған жылдың куәсі қарт Каспийді сақтап, келер ұрпақтарға табыстау – парыз екенін ескерткен болатын. Жоғарыда аталған жайттарды ескере отыра, тұрақты даму мақсаттары аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасы оқытушылар құрамы мен студенттері дөңгелек үстел, пікірталас сайыстары, түрлі акциялар өткізуде. Елімізде орын алған өзекті мәселелерді шешуге бізде өз тарапымыздан үлес қосудамыз. Мысалы, суды үнемдеу, табиғатты аялау, сенбіліктер т.б.
Ендеше, «бұлақ көрсең көзін аш» дегенді басшылыққа ала отырып, судың өмірдің нәрі екенін ұмытпай, «судың да сұрауы бар» дегенді де естен шығармайық.

Сулейменова С.Ж.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д., профессор

Нурахметова Г.Г.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының з.ғ.к., доцент

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *