САЛТ-ДӘСТҮР

                                                                                                                                                            Айзада Арифханова Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келе жатқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.
Бәсіре – қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты. Қазақ халқының ұғымы бойынша, дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Есейе келе бәсіресі бар баланың да малға деген ықыласы, пейілі түзу болады деп ниет етеді.
Тоқымқағар – халық рәсімі. Ауыл-үйдің қарттары жол жүрерде, жас адам жолға шыққанда немесе жас бала тұңғыш рет атқа мінерде жасалатын дәстүрлі бас қосу. Арнаулы мал сойылып, кең дастархан жасалады, ойын-сауық, өлең, жыр айтылады. Бұл – сапарға шыққан жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдірудің белгісі.
Тәбәрік. Қандай да бір қазақ ойынының немесе жарыстарының жүлдегері атанып, алған сыйлығын бөлісу салты. Бөліп алынған зат “тәбәрік” деп есептеледі. Және де жасы жүзге келіп немесе жүзге жақындап қайтыс болған қарттардың кезінде тұтынған заттарын тәбәрік деп бөлісіп алады. Тәбәрікке әжелердің жиған зергерлік бұйымдары, киген киімдері, сандығына салып сақтаған заттары, қарт аталардың қамшылары, ер тоқымдары, бас киімдері мен жеке тұтынған заттары жатады.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *