Қазақтың бір туары… Қазақтың Жағдасы…

 

Қазақтың бір туары… Қазақтың Жағдасы…

Бекетаева Арай Манасқызы

 

Бұл мақаламда қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, басқа жерде өссе де, қазақтың жері мен суын аңсап өскен Жағда Бабалықұлы туралы сөз етілмек.

Жағда Бабалықұлы халқымыздың тарихының түп-тамырын жетік меңгерген, көргені мен білгені, одан әрі түйгені аса мол, шежірелі берік жинақтаған асыл қазыналы қарттарымыздың бірі болған. Ол осынау ғасырға өлшенер ғұмырында Қытай Халық Республикасындағы Шыңжаң автономиялы республикасына қарасты Iле қазақ автономиялы облысын басқарып, Қытай мен Кеңес Одағы секілді екі ұлы державаның арпалыс пен аласапыранға толы кезеңдеріндегі ірі оқиғалардың бел ортасында елеулі қызметтер атқара жүріп, түрлі жағдайларға куә болған. Сондай қиын-қыстау кезеңдерде қазақ, ұйғыр, қытай деп ұлтқа бөлместен, талай өр тұлғалармен үзеңгілес болып, иықтасып қатар жүріп, тағдырлас болған жан.

Жағда Бабалықұлы өзінің күрделі ғұмырлық кезеңін төрт түрмеде, одан бергіде тарихи отанына оралса да, «Қытай жаңсызы, ұлтшыл, оңшыл, өте қауіпті элемент» деген қатаң бақылаудың құрсауында өмір сүріп келді.

Қытай түрмесінде өткізген күндері жайлы Жағда Бабалықұлы әңгімесінде:

«1944 жылы қытайдың геноцидтік саяси бағытына қарсы Үрімжі қаласында құрылған астыртын «Ұлт-азаттық ұйымына» қатысқан. Ұйым мүшелері – Ахметқали Бітімбайұлы (қазақ), Оспанхан Базарбайұлы (қазақ), Әбдірашит Хасанов (тәжік), Мақатай Закарияұлы (өзбек), Жағда Бабалықұлы (қазақ).1944 жылы көкек айында Шың-шы-цайдың әкімшілігі «Ұлт-азаттық ұйымын» талқандалды, ұйым мүшелері түгелдей қолға алынды. 17 көкек күні Жағда да қамауға алынды».

– Арамыздағы арандатушылар мен тыңшыларды соңымыздан салып, ақыры тұтқынға алындық. Сонымен «ту фи» – бандит, қарақшы, жапонның, кеңестің шпионы, «Оспанның құйыршығы» атандық. Бірақ: «Шығыс Түркістанды ұлы қытай империясынан бөліп әкетіп, үш отаудың басын біріктірмек болды (Қазақстандағы, Монғолиядағы, Қытайдағы қазақтардың басын қосып, дербес тәуелсіз мемлекет құрмақ болды), – дегені шындық еді. Бұл айыпты мойындауға болмайтын. Онда өзің ғана емес, бүкіл тамыр-танысыңды, үй-ішіңді, өзіңді де қинап өлтіретін ажалға байлап бересің. Шын шы цайдың түрмесінде адамды азапқа салып қинаудың тура 120 түрі бар еді. Ұрып-соғу өз алдына, аяғыңды жоғары қаратып асып қою, аяғыңды жерге тиер-тимес етіп екі қолыңнан асып қою, қозғалтпай тіпе-тік екі-үш күн ұйқысыз тұрғызып қою, қаптың ішіне тығып тұншықтыру, қапқа салып шегелі тақтайдың үстінен домалату, үрпіңе, тырнақ астына ши жүгірту, саусақтарыңды санамалап отырып қайыру, мұрыныңа қара бұрышты құю сияқты естігеннің өзінде төбе құйқаңды шымырлататын қинаулар бар. Соның бәрін көрмесем де, біразының «дәмін таттым». Мұны сол түрмеде отырған Таңжарық ақынның:

… «Үрімжінің бәрі қан айналасы,

Ұңғыл-шұңғыл ескі там, сай-саласы.

Ит сүйрелеп ішегін өлген жанның,

Құс шоқып, домаланып жатыр басы.

Келсеңдер Үрімжінің қаласына

Көзіңді сал қалтарыс сай-саласына

Ұмытпа өле-өлгенше осыны деп,

Тапсырып кет балаңның баласына…

Шауешектен: Қанағат, Әлімғазы,

Нұртаза, Омар кетті келер жазы.

Алтайдан: Шақан, Манкей, Ақыт қажы,

Бұқат бейсі, Зейнел мен Қабыл тәжі.

Үрімжіден: Әбеу мен тыңжаң Жүніс,

Қожанияз, Баймолда бәрі бір іс.

Ғазез бенен үкірдай Қалиакбар,

Қош айтты дүниеге бітті жұмыс…, –

деген өлеңінен асырып ешкім айта қоймас, сірә.

Сондағы бір қисынды-қисынсыз оқиға есімнен кетпейді. Менің бала кезден әрекетсіз отырмайтын әдетім бар. Қытайлар тамақты сақпымен ішеді. Оны түрмедегілер де пайдаланады. Мен әлгі сақпыдан біз жасадым. Содан кейін еденде жатқан бір пұшпақ киізді тауып алып, әлгіні түтіп, жүнге айналдырдым. Ол жүннен жіп есіп, өзіме бас киім тоқып алдым. Осыны көрген сақшылар: «Мұны қайдан алдың? Кім әкеп берді. Түрме ішінде қандай жасырын байланысың бар?», – деп зықымда шығармасы бар ма. Ақыры әлгі тоқыма басыма пәле болды. Әрең сендірдім.

«1944 жылы қазан айында Шың шы цай өкімет басынан кетіп, оның орнына У жың шың атты адам келді. Ол өзін халықшыл саясаткер ретінде көрсету үшін Шың шы цайдың кезінде түрмеге қамалған адамдарға саяси кешірім жасап, абақтыдан бостандыққа шығарды. Түрмедегі «Ұлт-азаттық ұйымның» да барлық мүшелерін босатты. Бірақ… ».

– Түрмедегі 30 мың адамның 80 пайызы қазақтар еді. Мені: «Сен партизан жасағының мүшесі екенсің. «Оспанның құйыршығы» екенсің. Көтеріліске қатысың бар», – деп қайтадан соттады. 1945 жылы 10 көкекте: «Үрімжі қаласынан шықпасын, үнемі бақылау астында болсын», – деген шарт бойынша абақтыдан «мырза қамаққа» шығарды. Қыс кеш шығып, көктем кешеуілдеген жыл еді. Түрмеден шыққанымда көшедегі қар қызыл су боп еріп, көксоқта боп жатыр екен. Аяғымда пима. Сарқыраған суды кешіп отырып Яңхань көшесімен оңтүстікке қарай өрлей жүрдім. Өзім оқыған институтқа жақындадым. Татар мешітінің алдында қазақ оқу ағарту ұйымының қақпасы көрінді. Ашық екен. Ішінен ән естіледі. Жаным жадырап кетті. Ішке кірдім. Екі адамның біреуі ән салып отыр екен. «Ассалаумағалейкум!», – деп кіріп бардым. «Уағалейкумәссалам! Сен де түрмеден шықтың ба?», – деді. «Иә». Алдарында тіс басар мен таусылуға жақын шөлмек тұр. Тостағанға құйды да: «Кел, отыр. Мә, мынаны тартып жібер», – деді. Тартып жібердім. Сол кезде есіктен ұзын бойлы, қара мұртты біреу: «Осы сендерді асыраймын деп-ақ өлетін бодым-ғой!», – деп сөйлей кірді де бір шөлмек арақты тарс еткізіп қоя салды. Жөн сұрастық. Менімен тіл қатысып отырған адам: «Мынау ән айтып отырған алтайлық Бөпе деген әнші, ал мен – Таңжарықпын. Біз де түрмеден шықтық. Осы мекеменің дәлізінде паналап жатып жүрміз. Ал өзің кімсің?», – деді атақты күрескер ақын. Тарбағатайлық найман екенімді білгенде әлгінде есіктен кірген мұрттыға: «Өй, сенің бауырың екен ғой», – деді. Бабалықтың баласы екенімді айтқанымда әлгі адам: «Ой, бауырымдап» – бас салып, жылап қоя берді. Іле: «Ей, жүріңдер! Үйге барамыз. Бәйбішеден сүйінші сұраймыз!», – деді.

Сөйтсем, бұл мұртты Бабалықтың үлкен қызын алып отырған туған жездем екен. Әпкеміз көрісіп, жылап қарсы алды. Қара сырмақ жайылды. Оған Таңжарық жайғасып отыра бергенде, жұпыны үйіне қысылған жездеміз:

Қайтейін, кедейшілік көзіңді ашпа,

Қылдың-ғой жеккөрінішті қарындасқа.

Кетпейсің босағамнан бақырайып,

Жоқ па еді туысқаның менен басқа, –

дегені.

Оған Таңжарық та жауап қайырды. «Тағы бір рет қайталаңызшы», – дедім. Қайталады. Сол күйі миымда жазылып қалды. Сөйтсем, жездем мен Таңжарық ақынның, Бөпе әншінің үшеуінің басын қосып жүрген осы өнер екен. Бұл екеуінің бірінші және соңғы қақтығысы болмаса керек. Мен, Таңжарық ақынмен осылай таныстым. Түнеп шықтық. Таңертең институтқа бет алдым. Мақсат – құжаттарды ыңғайлап алып, Тарбағатайға қашу. Жолдастарыма жолықтым. Олар жататын бір орын тауып берді. Енді үмітті тіршіліктің күрес қамына кірістім.

Менің бір ерекше өнерім бар. Мемлекеттік мөр мен қолтаңбаларды дәл ме дәл оя аламын. Сол өнерім іске асты. Мөр жасап, құжаттарымды дұрыстап алдым. Үрімжіден Шәуешекке баратын екі ат жеккен арбакешпен келістім. Оны бір қытай саудагері майлап апара жатыр екен. Әлгі қытай жүктерін буып жатыр екен. Дереу жүктерін буысып жібердім. Жүктерін тиесіп жібердім. Ол айналсоқтап жүргенде төсегін жайып жібердім. Не қыласың әлгі қытай мені ұнатып қалды. Арбаның соңынан ілесіп отырдым. Мақсатым – Шиху мен Шепейзіде көпір бар. Ондағы гоминдаңның күзетшілері қатал тексереді. Қытайдың тілін тауып содан өтіп алу. Күзетті көпірге де келдік. Бірінші өткелде қытай: «Бұл менің малайым», – деп өткізіп жіберді. Шепейзідегі көпірге келдік. Ай жарық. Әлгі қытай көпірден өтіп, бір кезде қайтып келді. Бір тас шәй және қорапқа ораған бір затты маған көтертті. Соңынан ердім. Көпірден өткенде күзет бекінісі мен қоражай бар. Екі қытай келді. Жәшікті көтеріп сонда апардым. Арақ екен. Олар соны ішуге отырды. Мен жүгін тасыдым. Олар маужыраған кезде қара түнді жамылып тауға қарай бет алдым. Аттың жүгенін сыпара кеттім. Ең қиыны – тамақ. Әйтеуір жолда қазақ қоныстары бар. Жүгенімді иығыма салып алып, үйлеріне барам: «Атым жүгенін сыпырып кетіпті. Ертоқымымен кетті. Көрген жоқсыз ба?», – деп сұраймын. Сөйтіп жүріп Сарқұсынға да жеттім. Сарқұсынның желі қатты. Шәуешектен 150 шақырым. Алыстан там үй көрінді. Қарала ит үріп қарсы алды. Жалғыз кемпір бар екен: «– Ат іздеп жүрмін. Апа, наныңыз бар ма?», – дедім. «Нан да, шәй да бар. Тек қоламтаны өшіріп алып, үш күннен бері от жаға алмай отырмын. Келін-балам төркіндеп кетіп еді», – деді. Мақтаны шүйкелеп есіп, ысып, от тұтаттым. Әбден тойындым. Кетерімде бір таба нан сұрап алдым. Әлгі нанның күшімен екі тәулік суыт жүрдім. Қойшы, сонымен 1945-жылы 1 мамыр күні Шәуешекке жеттім.Онда ағайын, туыс, достарым бар. Пікір алыстық. Енді астыртын ұйымды, күресті жандандырмасақ болмайтын еді. 4-мамырда «Ұлт-азаттық ұйымын» құруға кірістік», – деп есіне алған-ды.

Ғажайып ғұмырының 4 жылын Жағда Бабалықұлы «Еңбекпен шынықтыру лагерінде» өткізеді. Ғалымға сол кезеңде:

Ұлтшылдық бағыттағы астыртын ұйым құрған, Қытай коммунистік партиясының ұлттық саясатына наразылық білдірген;

Қытайдағы қазақтарды Қазақстанға көшіруді ұйымдастырған;

Қазақстандағы, Қытайдағы, Монғолиядағы қазақтарды бір жерге басын қосып, «үш отаудың түтінін бір шаңырақтан шығармақ» болды;

1956 жылы Қытай мемлекетіндегі аз санды ұлттардың бір әріпке көшу жөніндегі орталықтаң нұсқауын қабылдамай, Қазақстандағы «крилл» әрпін қабылдатып, Іле қазақ автономиялы облысының оқу-ағартуына, мәдениетіне, тіліне, келешектегі ұлттық бірлесуіне бөгет жасамақ болған;

Жағда Бабалықұлы: абақтыдағы саяси қылмыстыларды көптеп босатып жіберген «оңшыл» элемент;

«Халық коммунасы» тәртібін енгізуге қарсы болған;

Қытай «Өндіріс армиясының» жер-су алуына қарсы болған;

Шыңжаңға қытай халқының келуіне қарсы болған, тағы-тағылар.

«Социализмнің де, капитализмнің де өзіне тән шыңдығы, әділеттігі бар», – деп, елдің басын айналдырып, коммунизмге болған көзқарасты тұмандандырған;

Жағда басшылық еткен өкіметке қарсы саяси блок бар, – деген саяси айыптар тағылған. Осы айыптаулардың негізінде Жағда Бабалықұлы барлық қызметтерінен босатылып, жазасын Үрімжі қаласындағы «Октябрь» трактор заводында ауыр еңбекпен өтеген.

Тарихымыз, салт-дәстүріміз бен туған тілімізге қатысты этнографиялық зерттеу жүргізіп, мақалаларын түрлі баспасөз беттерінде жариялап отырған.

Өмірлік жолына түскен қара жолақтарына қарамастан, «Қырандар», «Саят», «Мал ауруларының сырлары», «Қамшыгерлік» атты еңбектері жарық көрді.

Еңбек жолында көбіне этнографиялық зерттеулермен айналысып, ғылыми еңбектер жазған ғалымның «Қырандар» атты кітабы жарыққа шығады. «Қайнар» баспасынан шыққан, Абдолла Тұрдабаевпен бірлесе жазған бұл еңбегі қазақ халқының бұрыннан келе жатқан құсбегілік өнері туралы біршама этнографиялық ғылыми деректерге толы.  Еңбекте қазақ халқының саятшылық өнерінің қыр-сыры ашылады. Құсбегіліктің қазақ халқына тән сипаттары, қыран тұқымдары мен түрлері, қырандардың биологиялық-генетикалық қасиеттері, оларды баптаудағы қалыптасқан дәстүрлер баяндалады.

Ал, «Қамшыгерлік» еңбегі туралы сөзге тоқталсақ… Ғалымның тұжырымында «қамшыгерлік» машықтың (мамандықтың) бір түрі. Бұл туралы ғалым өзінің еңбегінде: «Қамшылы адам — сырттай қарағанда қарулы адам. Ал қамшыгерлер өздерін «елеусіз қаруға иемін» деп са­най­ды. Халықтың салт-заңында қам­шы­­гер­лер­дің қарапайым адамды қам­шы­мен ұруына тиым салынған. Қамшыгерлер де мұндай қылықтан өзін-өзі тыяды. Ертерек дәуірде қазақ халқының салты бойынша қамшыны қолға ұстап, үйге кіру бір пәленің басы саналатын болған­дық­тан, сырт адамдар қашанда қамшыны үй сыр­тын­да, ат үстінде қалдырып кіретін бол­ған. Осы салт моңғол халқында әлі күнге дейін сақталған. Оларда үйге кіре­тін адам қамшыларын сыртқа қалдырады. Мақ­сат­сыз болса да қамшымен үйге кірген адам ауыр сөгіс естиді не айыпқа тартылады.

Қамшы арқылы жауынан қорғана ала­тын не жайратып салатын адамдар қам­шы­гер атанады. Қамшыгерлік тума қа­білет емес десек те, адам табиғатындағы тездік, ептілік, оралымдылық, дәлшілдік, мер­гендік, қарақтылық, сезімталдық, өт­кір­лік, батылдық, қарулылық, қатты қол­дылық, сескенбейтін серттілік сияқты іш­кі қасиеттермен ұштасып жататын ма­мандық», – деген түсіндірме береді.

Болашақта қазақ халқының арасында ұмыт болған, қамшыгерлік туралы зерттеу жүргізіп, сыры ашылмаған ғылым ретінде танып-біліп, спорттың бір түрі ретінде қайт қалыптастыру мүмкіндігін қарастыру қажет.

Осы орайда, Жағда Бабалықұлының жылқы туралы зерттеулеріне тоқталмай өту, қателік болар. Этнограф: «Жүріс-тұрысына, түр-түсіне және жаратылысына қарай қазақ жылқы малын бірнеше түрге бөлген. Солардың бірнешеуін айтып көрейін: арғымақ, қазанат, жабы, тобышақ, текежәуміт, қазақы ат, пырақ, дүлдүл, ақалтеке, жүйрік, тұлпар, күлік (сәйгүлік), саңлақ, жорға, су жорға, төкпе жорға, айдама, айдама жорға, шайқалған жорға, аяқ ылау, жетек ат, қосақ ат, түп ат, көсем ат.

Жылқы баласын құлын (бір жасқа дейінгі), жабағы (бір жасқа толмаған, жүні түспеген, тай болмаған кезі), тай(екі жасар), құнан (үш жастағы), дөнен (төрт жастағы), бесті (бес жастағы) деп жасына қарай атайды. Бұдан соң – бие (бес жаста), байтал (екі жастан бес жасқа дейінгі ұрғашы жылқы), Байталды «құнажын байтал», «дөнежін байтал» деп екіге бөледі. Биенің сауылуына байланысты да атаулар бар: бас сауым (күні бойы сауылатын биенің ең бірінше сауылған мезгілі), жебей сауу (бірінші сауымнан кейін, жарты сағаттан кейін қайта сауу), бос емшек (биенің күздігүні емшегі сүтке толған кездегі бірінші сауылымы), қосақ (күзге қарай ірі құлындарды енесінің мойынына қосақтап жіберу). Сүтіне қарай биелер мынадай түрлерге бөлінеді: Мама бие (өте сүтті бие), мәнерсіз бие (сүт шығымы аз бие), ақ тандыр бие (сүт шықпайтын бие), исіншек бие (сауар алдында құлынына жаны ашып,. Исініп, сүтін ағызып жіберетін бие). Қысырақтардың (бойдақ билелер) өзі бірнеше түрге жіктеледі: қысырақтар (құлындамаған биелер, байталдар), тұмса қулық (үш немесе төрт жасқа дейін айғырдан шықса да, құлындамай жүрген биелер), көбен бие (шоңданып, тойына бастаған бие), ақ жілік бие (құлынында енесі сауылмай, еркін емген), қара кемік бие (енесі сауылып, жүдеу болып өскен бие), нәкүс құтамсыз бие (шыққан тегі нашар, сүті аз бие), құйма тұяқ бие (тұяғы көп тасырламайтын бие). Халқымыз дене бітіміне қарап жылқы малын «қазанат» және «қара етті» деп екіге бөлген. Қазанат майды сыртына жинайды. Ал қара еттісі керісінше майды ішіне жинайды. Қазанат жүріске шыдамды, еті дәмді, қазысы қалың, іші майлы келеді. Сондықтан да қазекең қазанаттың тұқымын малдануға күш салған. Үйірді қазанаттың тұүқымынан жинаған. Жылқы үйір-үйір болып жүретін мал ғой. Бір үйірде бестен жиырмаға дейін бие не байтал болады.

Айғырлардың бөлінуі былайша қарастырылады: Жасамалы (үш-төрт жастан асқан айғыр), құр айғыр (өмірі жүген-құрық көрмеген), сыңар ен айғыр (тумасында бір ен болып туған), шартық азбан (алты жасында піштірілгенмен, айғырлық әдетін қоймаған айғыр). Саяқ (бойдақ жылқы ат, піштірілген еркек жылқы), сақа ат (11-12 жасар), арда емген (құнанына дейін енесін емген), тел тай (өз енесі мен телінген енені бірдей емген бір жасар), қысыр емген (құлын тастаған биенің екі жасқа дейін емген төлі), шобыр (мініске, күш-көлікке мықты шабан ат), сетер ат (құлынынан қартайғанынша ер-тоқым, жүген көрмеген ат), пішпе ат (піштірілген жылқы), тағы да басқа аттың түрлері бар», – деп бие мен айғырдың бөлінулерін атап көрсеткен.

Жағда Бабалықұлы туралы белгілі ақын Қасымхан Бегманов «Этнографпен әңгіме» деген кітап жазып шыққан.

Бұл кітаптан халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, арғы-бергі тарихы, көне мәдениеті, ескі сөздері, ұлттық киімі, тағамы, төрт түлік малы, ырымдары мен тыйымдары, жорамалдары, саятшылық дәстүрі, қазақ күнтізбесі, түс жоруы, жыл қайыруы, жеті ата жолы, жеті қазынасы, қазақ өлшемдері, бүгіні мен келешегі және аса көрнекті этнограф, зерттеуші ғалым Жағда Бабалықұлының өмір жолына қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған тың деректер мен абыздың әлі күнге дейін елге белгісіз, баспасөз бетінде бұрын-соңды жарияланбаған қырларын оқи аласыздар. Тіпті шетелдерден елімізге ағылып келіп жатқан күнделікті халық тұтынатын әртүрлі тағам, тәтті сулар мен сағыздардан басқа да түрлі заттардың қайсысы адам денсаулығына қаншалықты зияндығы да осы кітапта ашып айтылады.

Кітаптың ерекшелігі – сыр-сұхбат арқылы нақты деректер мен қазақ халқының сан алуан салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына құрылғандығында деп білеміз.

Кітап ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыптарымызды, тарихымызды, тілді зерттеушілерге, этнографтарға, тарихшыларға және көпшілік оқырманға арналған.

Жалпы, этнограф ғалым, тарихшы, шежіреші, қоғам қайраткері Жағда Бабалықұлы туралы айтар сөз көп. Келешекте қолжазба түрінде сақталған еңбектері кітап болып жарық көріп, ғалым туралы түрлі еңбектер жазылып, фильмдер түсірілері анық. Осымен әзірге сөз тәмам…

 

Ж.Бабалықұлы әйелімен

 

Ж.Бабалықұлы отбасымен

 

Ж.Бабалықұлы отбасымен

 

 

 

 

 

Мақаланы жазып дайындаған, Жағда Бабалықұлының қарындасы Адылхан Бабалықованың жиен немересі.

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *