Қазақ халқының салт-дәстүрі.

 

Салт-дәстүр дегеніміз халықтың ұстанымдарының жиынтығы. Елдің байлығы. Балаға кішкентайынан салт дәстүрді санасына құйып өсіру керек.

Қазақтағы әдет-ғұрыпты отбасылық және қоғамдық деп екіге бөлуге болады. Отбасылық ғұрыптарға сәбидің дүниеге келуі, ержетуі, келін түсіруі, қыз ұзатуы жатады. Қауымдық ғұрыптарға наурыз тойы, құрбан айт, ораза айт, ас беруді жатқызсақ болады.

Әр түрлі ырым-тиымдарымыз да жетерлік. Қазірде жас ұрпақ қазақи үлгіде киінуді трендке айналдырып жүр. Бұл халық үшін жақсы бастама. Қазақи үлгіде киінуді сәнге айналдырар болсақ ұлтымыз көркейіп, өзге ұлт өкілдері тамсанар еді.

Негізінде барлық салт-дәстүрлер баланың туылғанынан бастап жасалады. Ең алғаш сәби дүниеге келгенде «ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ» деген бар. Ол дәстүрдің не себепті орныдалатынын білесіз бе? Білмесеңіз, мен айтайын.

Мұндай салт жасалмаған баланың еті мен сүйегі бірікпегенін білегінен ұстап байқауға болады. Қырық күнге дейін баланы “тіл тиеді”, “сұқ өтеді” деп тіл-көзден сақтаған. Ешкімге көрсете бермеген. Яғни, ана үшін де, бала үшін де бұл уақыт – қауіпті кезең. Қырқынан шықпаған бөпені көруге үлкендер де талпынбаған. Жаңа туған сəбиге əке көзі жаман тиеді. Сол үшін əкесінің өзі балаға сұқтанып қарап, мейірленбеген.

Мұндай кезде сәбидің көзі де біртүрлі тұманданып, қайда қарап тұрғаны белгісіз болады. Бұл уақыттарда əлі жердің баласы болып есептелмейді. Баланы қырқынан шығарған кезде екі көзі жылтырап, жан-жағына көз тоқтатып қарай бастайды. Білегін ұстағанда ет пен сүйегінің біріге бастағаны байқалады. Демек, сəбиді қырқынан шығару – ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет.

Одан кейін бесікке салу, тұсау кесер, сүндетке отырғызу, тілашар, құда түсу, сырға салу, жар-жар деген сынды өзге де дәстүрлер жалғасып кете береді. Қазақ қашанда өзінің салтын, дәстүрін, дінін біліп жүруі шарт. Тағы бірі қазір қыздардың арасында өзекті тақырып «ҚАЛЫҢ МАЛ». Қалың мал дегеннің не екендігінен хабарыңыз бар ма? Әлде елден озайын деген мақсатта ғана ма түсінігіңіз?

Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұзылмаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. «Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң), «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі.

Қалың малдың «қырық жеті», « отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», « жиырма жеті», « он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады. Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты.

Міне, қалың мал мен қырқынан шығу туралы аздаған мәлімет айтылды. Бұл дәстүрді ұмытпай, есте қалуы үшін жас бүлдіршіндермен тыңғылықты жұмыс жасау керек. Оларды білімді де тәрбиелі, өнегелі де ізетті, мейірімді әрі қайырымды, қонақжай етіп тәрбиелеуіміз керек!

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *