«Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық өмірбаяны»

Меруерт Махсатхан, Әлкей Марғұлан атындағы Педагогикалық университеті, 4-курс студенті

Жетекшісі : Ә.Марғұлан атындағы ППУ оқытушысы Агалиева Н.Б.

Аңдатпа. Мақалада Мағжан Жұмабаев еңбектеріне жалпы шолу жасалған. Ақын шығармаларының тақырыптары жан-жақты сараланып, талқыланды. Еңбектерінің негізгі ерекшелігі көрсетілді.

Аннотация. В статье представлен общий обзор работ Магжана Жумабаева. Темы произведений поэта были всесторонне дифференцированы и обсуждены. Были показаны основные особенности его работ.

Annotation. The article provides a general overview of the works of Magzhan Zhumabayev. The topics of the poet’s works were analyzed and discussed in detail. The main feature of his works was shown.

Түйінді сөздер. Әдебиет , поэма, отаршылдық, шығарма, ақын.

Ключевые слова. Литература, поэма, сочинение, поэт.

Keywords. Literature, poem, colonial, work, poet.

Қазақ халқы – тарихы күрделі, басынан сан алуан күйзелістерді кешірген халық. Осы күнгі ашық аспанымызға, бейбіт күнімізге арғы ата-бабаларымызға алғыс білдіру керекпіз. Өткен ауыр, қиянат пен парақорлық кең етек жайған күндерде ата мен әжемізге келер тұқымның шайқалмас шаңырағына күресу үшін рух беріп отырған кім екен? Өз халқына қабырғасы қайысып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген, қоғамдағы сүттің бетіндегі қаймақ атанғандар кім десе, ойымызға бірден зар заман әлеуметінің тіл қамшылары – зиялы ақындарымыз келеді. Қазақтың нағыз ақындары ерікті-еріксіз өз заманының  тонын киіп, өз әлеуметінің тілегін орындаушы еді. Себебі, ақын өзгелер сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тілі жетпегенін айтып береді; ақынның жүрегі көбірек толқиды, көбірек толғанады. өзгелер салқын қанмен қарайтын нәрсеге ақын күйіп-пісіп қалады.

Өзі өмірді жете біліп, өзгелерге жөн сілтеп, қараңғыны жарық, бұлдырды ашық көрсете алмаған ақын – ақын емес. Сондықтан ақын жалғыз ғана таптың пайдасын көздеп, сойылын соға бермейды, өмірді анық танып, кемшілікті түгел көріп тұрған соң, ақын кейде тап көлемінен шығып, жалпы шындыққа, жалпы адам баласының қамына да құлаш ұрып кетеді.

Осы барлық қасиеттердің иесі – қанатты қауырсын, қаламды қару еткен, жарты ғасырдан астам есімі де, шығармалары да атамай келген, халқымен кейінгі жылдары сағына қауышқан сеңгірі, сыршыл өлең сөздің бәйге бермес шабандозы – Мағжан Жұмабаев.

«Мағжанның ақындығын сөз еткенде, алдымен Жүсіпбек Аймауытовтың 1923 жылы айтқан мына пікірлерін есте ұстаған жөн:                                                    «Мағжан – сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі мұңды зарымен күшті. Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін» үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінее жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздер өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз» [1; 35]

Мағжан Жұмабаевтың даралығы мен ақындығына аса қатты мән беріп, өз деңгейіңде бағалап кеткен Жүсіпбек Аймауытұлы еді. Ол өзінің зерттеулеріне де Мағжанды қосып, оның талантын мойындаған тұлға. Мойындап қана қоймай, өзортасына паш ете білді.

Мағжанның өлеңдері поэзия биігіне шыға білген, жарқын туындылар еді. Оның өлеңдері ерекше сыр мен сезімге, өр мен руһқа толы болды.

Мағжанның «Мен кім?» деген өлеңінде мынандай жолдар бар:

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді.

Надан адам өлім жоғын білмейді.

Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,

Қандай ессіз не қылдың деп тергейді.

Осы жолдар – асып-тасудың, астамдықтың реті емес, асылдықтың, жайдың жасылындай өткірліктің жөні.

1909 жылы Абайды пір тұтып, өлеңдеріне қанық болғаннан кейін, ұлы ақынға арнап «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген өлең жазған.

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәлі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанды

Дүние қолын жайып енді кұтпес,-

дейді.

Бұл өлең жолдарында Абайға деген ерекше махаббатын көрсетіп кеткен.

Мағжанның кейінгі өлеңдері ұлтқа, халық тағдырына арналды. «Ұлтты сүю деген оны жалаң, өзгеше дәріптеу, жақсылығын ғана көріп, олқылығына көз жұмып қалу емес. Бұл жөнінде де Мағжаннан алар өнегеміз зор. Оның 1911 жылы жазылған «Жатыр» атты өлеңі осыған айғақ. Сонды небәрі он сегіз жасар Мағжан қазақтың өнер-білімінен, ғылымынан ада, бейғам, бойкүйез кемшілігін көзге шұқып жазбай ма? Ендеше, ол Абайдың қарасөздерін де, Міржақыптың «Оян, қазағын» да, Ахметтің «Масасын» да әбден ежіктеп оқыған. Алдындағы алыптардың жанайқайына өз жырымен үн қосқан.»[2; 9]

1916 жылы Омбыдан оралған Мағжан қазақ даласындағы көтеріліс дауылы әкелген аласапыран күндерді басынан кешіреді. Қазақ шаңырағы теңселген, қара даласы қан жылаған ауыр зардапты уақытты ақын терең сезіп, айқын суреттеген.

Бұл кезде Мағжан көпшілік қауым мойындаған ақын болып қалыптасқан еді. Оның жырлары қазақ даласын шарлап кетеді. Ұлттың ыстығына күйем, суығына тоңам деп жүрген жас ақын бұл оқиға туралы «Орамал» шығармасын жариялайды. Он алтыншы жылғы уақиға Мағжанға да, бүкіл қазақ зиялыларына да ауыр тиді. Онсыз да ауыр күйдегі халықтың мұңын толғаулы Мағжан қазаққа рух беріп отыушы еді.

1916-жылғы көтерілістен кейін халқымның басына Ақпан төңкерілісі түседі. Бұл көрініс Мағжанның «Жаралы жан» шығармасында орын тапты.

Өз замандастарынан ерек болған Мағжан отаршылдықтың езгісіне төзіп отыратындардын қатарынан емес болатын-ды.Әрқашан сөзімен, ісімен , өлеңімен халыққа руһ беріп, қараша халықты құзғындай қинаған патша үкіметіне төтеп бере алатын күшке ие еді. Өзінің бірқатар өлеңдерін осы тақырыпқа арнап, дала жастарына ерік-жігер бере алған нағыз қазақтың азаматы бола білді.

Мағжан өзінің «Орал тауы» өлеңінде келесі жолдарды кезігеді:

Осындай атамекен жерлеріне,

Қасиетті атаның көрлеріне

Аузы түкті шетелдер ие болып

Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне

Бұл жолдар – ақынның сол замандағы күресінің айқын болғандығының көрінісі іспеттес. Осы жолдар арқылы қазақ даласындағы өзгерістер мен қанауларды тура жеткізген. Оттан да ыстық болатын атамекеніне өзгенің қол сұғуы, өзіндей жастардың саясаттың қанауына ұшырауы сыршыл ақынның жан-дүниесін күйзелтіп қана қоймай, үлкен дерт болғаны анық. Келесі бір «Қазақ тілі» өлеңінде:

Қыран құстың қос қанаты қырқылды,

Күндей күшті күркіреген ел тынды.

Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,

Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!

Ал, бұл жолдарда бұрынғы өр халықтың, тынып, тас қараңғының астында, көлеңкенің кейіпінде қалып қойғанына налып, ішіндегі жан айқайын өлеңімен жеткізген болатын. Сұм саясаттың сұмдығын ашық жеткізіп, халыққа тіреу бола білген Мағжан елді оятуға, өшіп бара жатқан сананы жаңғыртуға тырысты. Әрине, бұл кезекте оның жанындағы серіктерінің де атқарған рөлдері өте ауқымды. Отарлаудың езгісіне ақын тек бұл өлеңдерімен тоқтап қалған жоқ. Сонымен қатар, «Тез барам!», «Алыстағы бауырыма», «Жер жүзінде» сынды өлеңдері осы сарынды жалғап, жалғастырып кеткен еді.

«Қазақтың мойындағы отаршылдықтың қамыты Мағжанның сорын қайнатып, жүрегін қан жылатты. Кеңес өкіметінің «жетстіктерін» жырлаудың орнына ақын тәуелсіздік  таңының атпағанына қапаланды. «Мұңдылармен мұңдасып, адасса ел деп адасқан» Мағжан ақынның жаны қазақтың қамын ойлап ышқына шыңғырды.

– Қанды жас жалау кімдікі?

– Кімнің ұлы құл болса

Тұлымдысы тұл болса,

Қанды жас жалау соныкі,

Ендеше, қазақ сенікі!» [3;6]

1919 жылы ақын екі бірдей қасіретке душар болады: тағдыр қосқан қосағы толғақ үстінен қайтыс болса, азамат соғысы кезеңіне орай есімін Граждан қойған перзенті бір жылдан соң, ол да үзіледі. Осының бәрі ақын жүрегіне зіл батпан ауыртпалығын салып, қасіретті ізін қалдырады. «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңі сол сәттерде туған.

Мағжан Жұмабаев өлеңдерін оқи отырып, өзі көп айтатын тылсым буғандай әсерге енесің, таңғаларлық күй кешесің, ойлар мен толғамдардың терең тұңғиығына сүңгіп, әсем суреттер дүниесіне кіресің, не суық, не жылы, әлде жарық, әлде көмескі сезіммен хабар беретін алуан болудың сырларына қанығып, ақынның құдіретті шеберлігін мойындайсың.

Ақын тау туралы толғансын, не дархан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жер, күн, ай жайында айтсын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінімі, ішкі жан күйі тұрады; сонысымен айналы әлемді бірге толғандырып, бірге тебірентеді («Көкшетау», «Жазғы түнде», «Қысқы жол», «Қайың», «Орман» т.б. өлеңдері куә).

Ақын жырларында табиғат пен адамның жан дүниесі бірге өріліп, бірге қанаттасып жатады. әлем құбылысы санамен, көңілмен үндесіп, сұлу, сырлы, тіпті кейде ақыл-ойға сыймайтын фантастикалық суреттерді көз алдыңа келтіреді. Сөз көбіне ойдың білінер-білінбес сыртқы қауызы ғана сияқты көрінеді де, ақынның құдіретті шабытымен кестелеген түпкі мағына сурет болып санаңа еніп, сезіміңдң қалай билеп алғанын білмей де қаласың. «Жазғы дала» деген өлеңіне көңіл аударалық:

Дала, дала. Сар дала!

Жаран түзде бір қара…

Шілде. Оттай ыстық күн.

Дала – өлік. Жоқ бір үн.

Жер де жатыр тұншығып.

Жол жыландай иірілед,

Шаң ерініп, үйірілед.

Ешбір леп жоқ, тып-тыныш…

Қарапайым көріністер мол сырға ие болып, жол, дала, көк аспан, бұлт-бәріне де жан бітіп, адамның өзімен тілдескендей әсер қалдырады. Өзіміз оны көзбен көріп, құлақпен естігендей боламыз. Адам мен табиғат арасы ақын өлеңінде ажырамас бірлікке тоғысқан, яғни, айнала өмір, ақынның оны қабылдауы сырлы сөз күшімен әсерлі сурет болып шыққан.

Мағжан Жұмабаев көлемді поэмалар саласында да аса өнімді еңбек еткен. «Батыр Баян», «Ертегі», «Қорқыт», «Толғау» сияқты поэмалар кезінде баспа жүзін көрген.

Пайдаланған деректер тізімі:

  1. Мұқанов Қ. Ақын ізі. – Петропавл, 2009.- 237 б
  2. Сүлейменов Ж. Мағжан Жұмабаев. – Петропавл, 2006.- 430 б
  3. Кеншілікұлы, А. Екі ақын. Екі тағдыр. Ортақ қасірет. – Егемен Қазақстан, 2011, 7 қаңтар.-7 б

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *