ЕРТЕГІНІҢ ЛИНГВОМӘДЕНИ ЕРЕКШЕЛІГІ

Б.Ж.Сарыбаева

Филология ғылымының кандидаты, оқытушы-зерттеуші

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті

Н.Ж.Жанболат

студент

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті,

Павлодар қ.

Аңдатпа. Мақалада ертегі жанрының кейбір ерекшелігі қарастырылады. Ертегі — әртүрлі гуманитарлық ғылымдар мамандарының зерттеу тақырыбы: фольклортанушылар мен әдебиеттанушылар, этнологтар мен антропологтардың. Лингвомәдениеттану интегративті сала ретінде ертегі арқылы әлемнің тілдік бейнесін көруге тырысады. Тіл мәдениетпен тығыз байланысты. Жалпы, тіл мәдениеттің дамуының міндетті алғышарты болып табылады. Ауызша дәстүрдегі ертегі арқылы бала тілді игерді, ал қазіргі әлемде тіл мен мәдениетті игерудің жазбаша дәстүрінде біз ертегінің дидактикалық материал ретіндегі орасан зор лингвомәдени әлеуетін назардан тыс қалдыра алмаймыз.

Кілт сөздер: ертегі, лингвомәдениеттану, мәдениет, жанр.

Аннотация. В статье рассматриваются некоторые особенности сказочного жанра. Сказка-предмет исследования специалистов различных гуманитарных наук: фольклористов и литературоведов, этнологов и антропологов. Лингвокультурология как интегративная сфера пытается увидеть языковую картину мира через сказку. Язык тесно связан с культурой. В целом язык является обязательной предпосылкой развития культуры. Через сказку в устной традиции ребенок освоил язык, а в письменной традиции овладения языком и культурой в современном мире мы не можем игнорировать огромный лингвокультурный потенциал сказки как дидактического материала.

Ключевые слова: сказка, лингвокультурология, культура, жанр.

Ертегі – халық ауыз әдебиетінің ең көне жанрларының бірі. Ол аңыздардың, салт-дәстүрлердің, наным-сенімдердің, ырым-жоралғылардың негізі болып табылады. Ертегілер адам санасының ажырамас бөлігі бола тұрып, тікелей ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына ықпал етеді. Олар ғажайып мистикаға негізделген діни көзқарастардан құралып, кейіпкерлердің бақытқа, сұлулық пен шындыққа деген талпынысын сипаттайды. Ертегілер адамдардың жүзеге асыра алмай келе жатқан ежелгі арманын суреттейді: уақытты тәуелді ету, мәңгілік жастық пен байлыққа кенелу, өлімге қарсы тұру, жеңу, т.б. Халық қиял-ғажайып ертегілері мистикалық бастамадан басқа да маңызды қолданбалы мағынаға ие: олар жасөспірімдер буынын үлкен өмірге дайындап, негізгі сценарийлерді қалыптастырып, ең маңызды және күрделі мәдени құндылықтармен таныстырады.

Халық ертегілерін зерттеуде нағыз түбегейлі өзгеріс алып келген В.Я.Пропптың «Қиял-ғажайып ертегінің морфологиясы» атты еңбегі. Бұл еңбек функционалды лингвистика тұрғысынан қарастырылатын зерттеу жаңа жол ашып берді. В.Я.Пропп теориясы бойынша, қиял-ғажайып ертегілердің барлығын 31 қызмет аясында қарастыруға болады. Ғалымның аталған 31 қызметінің бүкілі қазақтың бір ғана ертегісінде (Ер Төстік) орын алатыны жан-жақты ғылыми әдебиеттерде дәлелденген (С.Қасқабасов, С.Қондыбай). Әрине, көп жағдайда бұл қызметтердің бірқатары бір-бірімен жұп, үштік құрап, синтагматикалық және парадигматикалық қатынастар арқылы байланысып жататыны да белгілі.

Қазіргі таңда фольклортанушылардың және антропологтардың басым көпшілігі фольклорлық дәстүрлер, аңыздар мен ырым-жоралғылардағы адам қалауы мәдени құндылықтарға деген қарым-қатынасы деп санайды.

Тіл мәдениетпен тығыз байланысты. Ол оны білдіреді, мәдениеттің дамуының міндетті алғышарты болып табылады, мәдениеттің және халықтың ұлттық жадының маңызды бөлігін құрайды. Әлемге белгілі бір жерде және уақытта, халық пен мәдениетте бола отырып, адам жақын адамдармен қарым-қатынас, ұлттық фольклор, ана тіліндегі балалар әдебиеті арқылы тілді меңгереді. Бұл жерде ертегінің рөлі зор. Ауызша дәстүрдегі ертегі арқылы бала тілді игерді, ал қазіргі әлемде тіл мен мәдениетті игерудің жазбаша дәстүрінде біз ертегінің дидактикалық материал ретіндегі орасан зор лингвомәдени әлеуетін назардан тыс қалдыра алмаймыз.

Лингвомәдениеттану ұғымы Н. Н. Воробьевтің еңбегінде тікелей көрініс тапқан, ол бұл ұғымды халық мәдениетінің көріністерін зерттейтін лингвистика мен мәдениеттанудың тоғысында пайда болған ғылым ретінде түсіндіреді [1, 12-бет].

В. А. Маслованың пікірінше, лингвомәдениеттану – бұл ұлттық тілге енген және тілдік процестерде көрінетін материалдық және рухани мәдениетті зерттейтін гуманитарлық пән [2, 30-бет].

Қиял-ғажайып ертегілер бұрынғы заман адамдарының дүниетанымынан, сан алуан түрлі қауіп-қатерлерден құтылу, тұрмыс-тіршілік ету, қоршаған ортаның сырын танып білу және оны өзіне бағындыру жайындағы қиял-фантазиядан туындаған. Сол себепті де бұл ертегілерде көне заман адамдарының еңбек үдерісі барысында алдына қойған мақсаты, арман-тілегі мен ниеті, жақсылықты аңсаған көзқарастары да көрініс тапқан.

Қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінің ішінде ерекше орын алатыны – «Ер Төстік» ертегісі екені белгілі. Бұл ертегінің басты идеясы – адамзат баласына қарсы келетін күштермен күресу, оларға қарсы тұрып жеңіске жету. Ер Төстік –  ертегінің басты кейіпкері болып табылады. Басты кейіпкердің бейнесі ертегіде сан  түрлі жолмен беріледі. «Ер Төстік» ертегісінің басты ерекшеліктері –  оқиғалар ғажайып сипатта, неше түрлі фантазия элементтеріне құрылып өрбиді, ертегінің кейіпкерлері жердің асты-үстінде бірдей жүреді.  Ертегі желісі бойынша, сегіз ағасын іздеп шыққан Ер Төстік сан алуан қилы оқиғаларды басынан кешіреді. Мыстан кемпірден қашып келе жатқан Ер Төстік өзінің тұлпарымен бірге жер астына түсіп кетеді де, сондағы жылан Бапы ханның патшалығына тап болады.  Жер астына түсіп кеткен Ер Төстік ғалам орталығына, жер жәннатына жетеді. Ертегінің кез келген элементін символ деп түсінген дұрыс. Бапы ханның патшалығы жер әлемінен өзгеше және онда небір қызықты дүниелер орын алады: «Төр алдына бара бергенде екі сұр жылан ысылдап келіп, Төстіктің жеңінен кіріп, қойнынан шығады, қойнынан кіріп, қонышынан шығады. Төстік олардан да сескенбейді. Төрге барып отыра бергенде, төсектен екі дәу жылан ысылдап көтеріледі. Төстік олардан да сескенбейді, төрге шығып отыра береді…Бір мезгілде төсектегі екі сары жыланның бірі үлкен кісі болады да, бірі соның бәйбішесі болады… Екі сұр жыланның бірі әдемі жігіт, бірі әдемі қыз болып кетеді…Босағадағы екі қара жылан екі қара құл болып кетеді».

Жалпы жерасты кеңістігі ертегіде төмендегідей тіл бірліктері арқылы сипатталады: үңгір, тас, тау, дала, мекен, ел, ауыл, құдық, зындан, оба, жалпақ жартас және т.б.

Қазақ ертегілеріне мифологиялық сипат пен белгілер тән. Осы тұста туындайтын сұрақ ертегі мен миф екеуі бір дүние ме, жоқ әлде екі бөлек нәрсе ме? Миф пен ертегінің  арақатынасы қандай? секілді сұрақтар ерекше мағынаға ие. Осымен байланысты К.Леви-Стросс өзінің «Структурная антропология» еңбегінде: «Ертегі – көнерген, ескірген миф болып табылады. Кезінде адамдар үшін жоғары деңгейдегі ақиқат және оған иланып сенген миф уақыт өте келе аталған әлеуметтік қызметін жоғалтқан. Адамдар мифке сенімін жоғалтқан кезде ол ертегіге трансформацияланған», — деп көрсетеді [69]. Демек, ертегі мен мифтің генетикалық байланысы бар.

Ал, В.Я.Пропп керісінше ертегі мен мифтің генетикалық байланысы жоқ деп санайды. В.Я.Пропп мынадай тұжырымдарды ұстанады:  1) миф ертегіге қарағанда әлде қайда бұрынғы құрылым; 2) миф сакралды мағынаға ие, ал ертегі – көңіл-көтеретін дүние; 3) миф дегеніміз – ежелгі халықтардың әңгімелері және олар киелі қасиетке ие дүниелер [70].

Ертегілердің мифтерден туындағанын ескере отырып, біз ертегі маңызды мәдени мәнмағыналарды айқындайтын тілдік бірлік деп анықтадық. Оларды меңгеру арқылы балалар өз ата-бабаларының мәдениетімен етене танысады.

Халық қиял-ғажайып ертегілер тілі белгілі бір мәдениетке тән келетін аялық білім қоймасы болып табылады. Тіл ақиқат шындықты құрылымдап, ақиқат дүниені де, ақиқат шындықтан тыс дүниені де айқындап көрсетеді. Бұл өз кезегінде баланың  ой-өрісінің дамуына үлкен әсерін тигізеді. Фольклорлық мұра арқылы балалар негізгі өмірлік сценарийлермен танысып, тәжірибе жинақтайды.  Сондықтан да ертегіде кейіпкерлер барлық жағынан не жағымды болады немесе тым жағымсыз, зұлым болып келеді. Бірақ бұған қарамастан, ертегі кешірімділік пен мейірімділікке толы дүние, ол адамның сенімін жоғалтпайды – жамандықтың жақсылыққа айналуына жол береді.

Ертегіні баяндау — бұл өз заңдарымен қалыптасатын ерекше балама ғалам. Алайда, ол ақиқат болмыспен де тығыз байланыста болып келеді. Қалыптасқан көзқарас бойынша, балалар ертегімен танысу арқылы ең маңызды деп танылатын өмірлік мәселелерді құрылымдап үйренеді. Олар, өз кезегінде, күнделікті өмір сүру үшін қажетті білімдер қатарына жатқызылады. Жас оқырмандар ертегі кейіпкерлерімен танысқаннан кейін қиял, фантазия әлемін елестете бастайды. Олар ойын барысында ертегі кейіпкерлерін сомдап, өздерін түрлі-түрлі  рөлдерде байқап көреді. Ертегілер балалардың таныс болатын алғашқы мәдени мұрасы екенін ескере отырып, біздің ойымызша, ертегі сюжетіндегі терең құрылымдар жас оқырмандардың түп санасына әсер ету арқылы белгілі бір ұлтқа тән қажетті ғалам бейнесін қалыптастыруға негіз болатын мәденитанымдық аспектілерден тұратындығын пайымдауы.

Халық қиял-ғажайып ертегілерінің терең құрылымдарындағы ақпарат мәдени құндылықтар әлеміне жол ашады. Ойын барысында балалар өз ұлтының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарына бейімделе бастайды. Олар өздері аңғармастан, интуитивтік түрде терең құрылымдардың бірегей тілін меңгеріп, одан кейін оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Воробьёв, Н. Н. Социальная психология массовой коммуникации / Н. Н. Воробьёв. — М. : Аспект Пресс, 2008 — 191 с.
  2. Маслова, Ю. К. Методы обучения в современной общеобразовательной школе / Ю. К. Маслова. — М., 1985. — 208 с.
  3. Пропп В.Я. Русская сказка. М.: Издательство: Лабиринт, 2000. – 416 с.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *