Тіл мәртебесі — ел мерейі!

Астана қаласы, Көлік және коммуникация колледжі

Қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы:

Мукажанова Айжан Өркенқызы

 

Тіл қай елде, қай ұлтта болмасын қадірлі де, құдіретті. Ұлттың болмысын, ұлылығын, кісілік келбетін, биік парасатын танытуда тілден артық күш жоқ.

Өскелең ұрпақтың, әсіресе, өздеріңіз секілді жас өрендердің өз еліне, туған халқының тарихына деген қызығушылығы ана тіліне деген сүйіспеншіліктен басталуы тиіс.

Тұтас аумағына бірнеше мемлекет сыйып кететін ұлан-байтақ жеріміздің сан ғасырлық тарихы да, қазақ жерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай «Найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғай білген ата-бабаларымыздың ерлігі мен батырлығы да осы ана тіліміз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, ұлы мұраға айналды.
Бұл турасында қазақтың көрнекті қоғам қайраткері және жазушысы Жүсіпбек Аймауытов: “Ана тілі-халық болып жасағаннан бергі оның жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі”, – деген болатын.
Қазақстан Республикасының Президенті, Тұңғыш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады», дей келіп, «Тіл Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет», – деген ашық ұстаным айтты.
Иә, әрбір халықтың бақыт шекарасын айқындайтын өлшемдер бар десек, оның ең біріншісі – тілі, екіншісі – асыл діні, үшіншісі – ғасырларға созылған тарихы.
Патриоттық құндылық дегенiмiздің өзі – елi мен туған жерiн, Отанын сүю, мемлекеттiң тәуелсiздiгi мен бейбiтшiлiгiн, әлемдік тыныштықты сақтау үшiн күресу, өзінің ана тілін, ділін, салт – дәстүрін бүгінгі заман талабына сай ұлттық мүдде негізінде жетілдіру, қоғамдағы iзгiлiк қарым-қатынасты, табиғат пен адам арасындағы мейрiмдiлiктi, ұлтаралық мәдениеттi дамыту.
Ал қазақстандық патриотизм – қазақстанды мекендейтін барлық ұлт пен ұлыстардың, халықтардың Қазақстан мемлекетінің әлемдік биіктен көрінуі үшін білім, мәдениет, экономика, әлеуметтік тұрғыда дамуына жағдай жасай отырып, еліміздегі бейбітшілік, бірлік пен тәуелсіздікті сақтау үшін барлық күш жігерін жұмсауы.
Қазақстандық патриотизм – бүкіл қазақстандықтарды жасампаз еңбекке ша-қыру, береке-бірлікті, баянды ынтымақты орнықтыру.
Отансүйгіштік рух — тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Төл тарихы, мәдениеті мен өнері, экономикалық қуаты жоқ ел басқаларға да қызықсыз. Ал оларды кең таныту үшін алдымен өз қадір-қасиетіңді өзің жақсы білуің, мақтаныш ете алуың керек.
Әр адам ата-бабаларымыз негізін салып кеткен игі дәстүрлерді мақтан ете отырып, өз ұлтын терең сүю арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеуге тиіс.
Саналы азамат болып қоғамға пайда келтіру, білім мен тәрбие алу, ата-ананы сыйлау және қартайған шағында оларға қамқорлық жасау әрбір жасөспірімнің парызы болып саналады.
Ал ұлттық парыз – Отанға деген сүйіспеншілік, сыртқы жаулардан елін, жерін аман сақтап қалу, ата-баба дәстүріне өте сезімталдықпен қарау.
“Парыз – ақыл-ой, сезім, ерік-жігер, ар-ождан, абырой, әділдік, шындық, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді қамтиды…, және де
Парыздан мықты күш жоқ,
Парыздан берік сауыт жоқ,
Парыздан нәзік сезім жоқ,
Парыздан қатал қазы жоқ”, – дейді халық батыры Бауыржан Момышұлы.
Қымбатты жас өрен, қай заманда болмасын тарихтың қозғаушы күші сол дәуірді тудырған әйгілі тұлғалар.
Халқымыздың ұлы ақыны Абай “адамның адамшылығы-ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады”,-деген тұжырым жасайды. Ал отансүйгіштік рухтың өзі адам бойындағы рухани-адамгершілік сезімнен бастау алады.
Қазақстандық патриотизм – еліміз бен жеріміздіңің тәуелсіздігі, білім мен ғылымда, мәдениетте, спортта әлемдік сатылардың биік шыңынан көріне білу.
Қазақстандық патриотизм – әрбір азаматтың өз Отанының тағдырына, қауіпсіздігіне, болашағына деген жауапкершілігін сезінуі, мемлекеттік рәміздерге, мемлекеттік тілге құрметпен қарауы.

Міне, бүгінгі жас өрендер, сіздер, ата-бабадан келе жатқан дархандық пен бауырмалдықты, татулық пен мейірімділікті бойларыңызға сіңіре отырып, туған еліміз – Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне, туған тіліміз – қазақ тілінің өз мәртебесіне сай дамуына үлес қосады, еңбек етеді деген сенімдемін.

ҚР «Тілдер туралы» Заңында «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы – тілдлің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» делінген.
Тіл – ойдың тікелей шындығы, тіл – барша білімдердің қазынасы. Тілдің көмегімен өнер-білімді, ғылымды игереміз, өткен-кеткен тарихымызды саралап, сабақ аламыз. Тіл арқылы рухани байлығымызды меңгереміз, өзіміз танып қоймай, сол асыл қазыналарымызды әлемге танытамыз. Әлемді танимыз. Сондықтан да адам баласының байлығының бірі – сөз өнері. «Өнер алды – қызыл тіл» деген аталы сөздің астарында қаншама сыр бар?!
Әрбір елдің қуатты күші, байлық – бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өрісімен айқындалады. Ал мәдени өре, рухани талғам деген халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге тәуелді екені белгілі. Атадан балаға жеткен ұлы құбылыс ретінде тіліміз талай сыннан сүрінбей өтті, дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, өткір, таза, терең, күшті, кең тіл – ана тілімізден артық халқымыз үшін қасиетті ештеңе болмаған. Себебі, тіл – тарихымыз, тіл – мәдениетіміз, тіл – әдебиетіміз. Тауып айтылған бір ауыз сөзге бір қауым ел тоқтаған. Бұл – халықтың тіл өнеріне деген ыстық сүйіспеншілігінің белгісі. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған.
Тіліміздің қадір-қасиетіне үлкен мән берегн ғұлама адамдар пікіріне тоқталсақ: «Тілімізді жаман сөзден сақта, жақсы сөзге үйрет», — деп ежелгі дәуірде өмір сүрген М.Қашғари айтса, ал Ж.Баласағұни:

«Ақыл, білім тілмашы – тіл, бұл кепіл,

Жарық төгіп елжіретер тіл деп біл,

Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,

Қор қылар тіл, кететұғын бас болар,» — дейді. («Құтты білік».

Ауд.А.Егеубай. Қаз.әдебиеті оқулығы, 8-сынып. С.Мақпырұлы. Г.Құрманбай. А.Қыраубайқызы. 32-бет).

Сол өткен ғасырдың өзінде француз ғалымы Жорри де Манси: «Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең бай тілдердің бірі» деп тамсанса, орыстың әйгілі ғалымы В.В.Радлов: «Ең сауатсыз деген қазақтың өз тілін жете меңгергендігі сондай, ондайды біз Еуропада француздар мен орыстардан ғана байқаймыз. Егер олар әңгіме айта қалса, сөз оралымдары көркем де сүйкімді, тілі өткір, әрі майда, шешен де тапқыр» деп әділ бағасын беріпті. Ал, А.Байтұрсынов «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді.

«Адамға екі нәрсе тірек тегі:

Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», — деген Ж.Баласағұнидың сөзін қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың «Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін — ұлы» деген сөздерімен толықтыруға болады. Бұл мысалдан біз тіл мәселесінің қай кезеңде де келелі мәселе болғандығын, әлі де бола беретінін түсінгендейміз. Себебі ана тілінің, мемлекеттік тілдің жағдайы бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселеге айналаны қашан?! Тіл туралы қабылданған заңдарды да өмірдің өзі, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру қажеттігі және қоғамның рухани жаңаруы туғызған еді.

Тіл саясаты бүгінгі таңдағы ҚР-ғы ең өзекті, ең өткір мәселе болып отырғаны баршамызға аян. Әрине, тәуелсіз еліміздің болашағы өз тілімен ған алға қарыштары белгілі.

ҚР Білім Туралы заңында: «Білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады» (9-бап 1).

«Меншік нысандарына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін, сондай-ақ білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес орыс тілін және шет тілдерінің біреуін оқып-үйренуін қамтамасыз етуге тиіс» — делінген. (Білім туралы Заң 9-бап.2т.2007.27.07. Астана, Ақорда).

Тәуелсіз еліміздің керегесі кең, шаңырағы биік болып, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдеріне қосылу үшін білімді, ғылымды дамытуымыз қажет. Болашақ ұрпақтарымыз әлемдік білім деңгейінде де өзге елдермен терезесі тең, бәсекелестік дәрежеге жетуі керек. Бұл тұрғыдан зерделер болсақ, көреген А.Байтұрсынов «Білімсіз халық қанша бай болса да, байлығы басқа халықтың қолына көшеді» деп біліктілікпен айтып кеткен.

Білім арқылы адам өзінің дүниетанымдық ауқымын кеңейтіп толықтырады. Оның үстіне білімді күнделікті қолдана білмесе, ол ештеңеге жарамсыз бос дүние болып шығады. Нағыз шынайы білім әр адамның еңбегін жеңілдетеді, өміріне пайда келтіреді.

«Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы»,-делінген. (ҚР Тіл туралы Заңы 4-бап).

Білім беру ұйымдарындағы, әсіресе мектепте Тіл саясатын жүзеге асыру ұстаздар қауымының, соның ішінде тіл мамандарының ең басты парызы, міндеті.

ҚР 2030 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасында Елбасымыз Н. Назарбаев халқымыздың болашағы туралы тереңнен толғай отырып: «Мемлекетіміздің ең басты дүниесі тек қана табиғи байлық емес, сонымен қатар жасөспірім ұрпағы, өйткені, олар – біздің ұлтымыздың болашақ айнасы» деген болатын.

Олай болса, бүгінгі білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты – ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға даярлау.

Бүгінгі таңдағы білім беру саласындағы негізгі ұстанатын қағида – Нәтижеге бағытталған білім десек, дамыған 50 елдің қатарына қосылу барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімінің алдындағы мақсат та айқын.

Ол мақсат – тәуелсіз елдің жеткіншек ұланын өз ана тіліне үйрету, қазақ тілінде еркін сөйлей алатын, ұлтжанды, нағыз патриот – қазақ тәрбиелеу.

Онере де Бальзак: «Сөз – өнер атаулының ең қиыны мен күрделісі» деген екен. Ендеше ұрпақ тәрбиелеуде тілдің орнының ерекше екенін түсінетін ұстаздар қауымына жүктелер міндет те маңызды болмақ.

Тәрбие – жан-жақты ұғым десек, сол тәрбиенің бастауы тілдің шұрайлысынбаланың бойына халқымыздың сөз асылы – ауыз әдебиетінің бай үлгілерін: ертегі, мақал-мәтел, шешендік сөздерді дарыту арқылы сіңіре аламыз. Бұл тәрбие бала бесікте жатқанда айтылатын «Бесік жырынан» бастау алып, одан тәрбиеші, ұстаздар берген тәрбиемен, білімімен ұштасып жатаса, әрине құба-құп.

Бала тәрбиесінде оңай еш нәрсе де болмайды, соның ішінде ұлттық салт-сана, адами болмысы мен жеке басын қалыптастыруда тілдің орны ерекше. Адам ойы сөзбен берілетін болса, сөз тіл арқылы ғана жарыққа шығады.
«Ақынның көзі – аталы сөз» деп ұққан халқымыз сөйлей білуді үлкен өнер деп санаған. Оның айғағын «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Сөз сүйектен өтеді» т.с.с. даналық сөздерден байқауға болады.

Әйгілі өнер майталманы С. Қожамқұлов: «Жастарымыздың үлкен бір кемшілігі бар, ол мынау: сөйлесе кетсең, көпшілігі-ақ мүдіріп, аузына сөз түспей, білген сөзінің өзін бұзып айтып қиналады да қалады. Ана тілінде таза сөйлей алмайтын, сөйлемдерінің басы мен аяғы араласып, сөздері шұбар ала келетіні бірден байқалады. Бұның өзі, әрине тілін ұстартуға зер салмағандықтың салдары» деген екен. Өкінішке орай, жоғарыдағы кемшілікті бүгінгі таңда да көптеп кездестіруге болады. Ана тілін құрметтеуге, тіл тазалығы үшін күресуге, ұтымды да ұтқыр сөйлеп білуге, сөз мәдениетіне тәрбиелеуге тек тіл мамандары ғана жауапты деп санамай, не сыныпта өткізілетін тіл мерекесіндегі бірлі-жарымды шаралармен шектелмей, әр ұстаз мұғалім ретінде ғана емес, тәрбиеші ретінде оқушының дұрыс сөйлей білуіне, сөз әдебіне зер салып, назар аударып, бұрысын түзеп, тіл шұбарлауына жол бермей, иісі қазақ, ұлт жанашыры ретінде күресе білсе, нұр үстіне нұр емес пе? Біз тек сөзімізбен емес, ісімізбен де үлгі бола білуіміз керек. Әр сөзіміз мірдің оғындай өткір, тіліміз бай, шешен сөйлей білсек, оқушымен пікірлесіп, сырласып отырсақ, танымды деген мәселелер төңірегінде пікір алысу, пікірсайыстарды жиі өткізсек, бала да соған орай бейімделіп, тілдің мәнін, маңызын, еріксіз мойындар еді.

Ж.Баласағұни: «Ақылдың көркі – тіл, тілдің көркі — сөз» деп тауып айтқан. Тіл -сөйлеу, ойлау құралы, оның ежелден бері жеке адамның да, бүкіл қоғамның, қоғамдық ой-сананың дамып жетілуінде рөлі ұшан –теңіз. Қарым-қатынас құралы ретінде көрінуі де оның негізгі қызметі екендігі баланың санасында мектеп қабырғасында қалыптасып дамиды.

Қазіргі кезде қоғам дарынды, қабілетті адамды қажет етеді. Тәуелсіз елдің ертеңгі ұрпағы өз тілінің жанашыры ғана емес, кез-келген ортада, ғылымның қай саласын меңгерсе де ең алдымен өз ана тілінде ойлап, өз ана тілінде сөйлей алатын, пікір сайыстыра алатын өзіндік «мені» бар тұлға болуы керек.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет «әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізілген. (3-бап. Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері. Астана, Ақорда, 2007.27.07.)

Әр халық , әр адам өзінің тіршілігі үшін , қажет болса , ана тілінен өзге тілді өзі ізденіп, оқып үйренеді.

Олай болса, біздің алдымызда егемен елдің жан-жақты біліммен, тәрбиемен қаруланған, саналы, көкірегі ояу, көзі ашық, халқының бай ауыз әдебиетіненсусындаған, сайып келгенде намысын қорғай алатын, ана тілін құрметтейтін ұрпағын тәрбиелеу міндеті тұр.
«Өткірдің жүзі,
Кестенің ізі
Өрнегін сендей сала алмас», — деп дана Абай айтқандай, кестелеп өріп, өрнектеп, өлмейтін, өшпейтін ғажайыптар тудырғансұлу да бай, қонымды да толымды тілімізді тәрбие құралы ретінде де, сөйлеу құралы ретінде де орнымен қолданып, оны дамытуға, шәкірт бойына сіңіруге баршамыз өз үлесімізді қосайық!
Әдебиеттер:
1. ҚР Білім туралы заңы. 27.07.2007

  1. ҚР Тіл туралы заңы. 4-бап. 1997
    3. «Қазақстан мектебі» журналы. 2007 жыл. №11,12
    4. «Қазақ тілі мен әдебиеті» 2007 ж. №7,12
    5. «Ұлағат» №1. 2006

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *