АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ДЕМЕУШІСІ, МЕЦЕНАТ – ӘБДІРАХМАН ЖҮСІПҰЛЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ МЕН ПАРТИЯҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

Аннотация. Беріліп отырған мақалада Алаш партиясының құрылған уақытынан бастап, Алаш қозғалысына қолдауын көрсетіп, қуғын сүргіннің құрбанына айналған демеуші меценат туралы баяндалады. Алаш қозғалысын қолдаған Сібір сауда банкінің акционер миллионері, Семей қаласының жергілікті меценаты Әбдірахман Жүсіповтің өмірі әлі де зерттеушілердің назарының өзекті мәселесіне айналуда. Бұл мақалада аты аталмай кеткен,  ұмытылып бара жатқан есімдер аталады, сол демеушілердің тізіміндегі бірі – Семейлік кәсіпкер Әбдірахман Жүсіпұлы.

Кілт сөздер: Меценат, Алаш қозғалысы, Алаш орда, көпес, кәсіпкерлік,

 

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Сұлтан Хан Аққұлы [1] Алаштың меценаттары туралы алғашқы мәліметтерді терең зерттеп, бұл тақырыпты халық алдында бірнеше рет көтерді. Алаш қозғалысын қолдаған ауқатты адамдар мен табысты кәсіпкерлері туралы көптеген ақпаратты Ерлан Сыдықов [2], Мұрат Кенемолдиннің [3]еңбектерінен табуға болады. Алаш баспасөзінің құрылуына қаражат берген, әскерін қамтамасыз еткен, Алаш үкіметіне Семей қаласында өз үйінде жиналыстар өткізуге мүмкіндік берген Қаражан Үкібаевтың тағдыры туралы құнды құжаттарды қазып алған Болатбек Насеновтың [4] үлкен еңбегін атап өтуге болады. Алаш қозғалысын қолдаған Сібір сауда банкінің акционер миллионері, Семей қаласының жергілікті меценаты Әбдірахман Жүсіповтің өмірі әлі де зерттеушілердің назарының өзекті мәселесіне айналуда.

 

  1. Ә. Жүсіпұлының Алаш тарихындағы рөлін зерттеудің маңызы

Біздің бабаларымыздың санасында жақындарына ізгілік көрсету қажеттілігі туралы ұғым сонау ерте заманда-ақ қалыптасты әрі бұл әрбір қазақтың бауырмалдық, туыстық міндетіне айналды. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда капиталистік қарым-қатынастар дамып, кәсіпкерлік өркен жая бастады. Сөйтіп, кәсіпкерліктің, сауданың, «классикалық» капиталистік қарым-қатынастың дамуымен қатар қайырымдылық та дами бастады. Ендігі жерде қайырымдылық түрлері бір жолғыдан жүйелі түрге ауысты. Әрі оның көлемі де молайып, білімнің, мәдениеттің, өнердің қамын ойлаған көптеген меценаттар шықты. Қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың арасында төменде аттары аталған азаматтар алдыңғы қатардан көріне білді. Мәселен, Шығыс өңірінде  Мұсатай Молдабайұлы, Әбдірахман Жүсіпұлы, Ике Әділұлы, Александр Ерыкалов, Жұмеке Оразалыұлы т.б. Ал Алаш өкіметінің баспасөзі, ресми бұқаралық ақпарат құралдарына  қолдау көрсеткен Олжашы батырдың және қобызшы болған Көзберген бақсының шөбересі,  Жүсіптің баласы Әбдірахман еді. Әбдірахман Жүсіпұлы өз кезінің саудамен айналысқан табысты кәсіпкері, патша тұсындағы Ресейдің көптеген банктерінің салымшысы, облигацияларының иегері болды.

Ресей империясы кезінде Семей үлкен облыстың әкімшілік орталығы болған, Семей қаласына қазіргі Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен және Қарағанды облысының бір шетімен шектескен. Сонымен бірге қала ірі сауда жолының бойында орналасқан және Ресей мен Қытай, Сібір және Орталық Азия арасындағы маңызды орталығы және сауда оазисі болып саналды. Ертіс өзенінің бойымен тауарлар  кемелермен тасымалданды, мұнымен көпестер Плещеев пен ағайынды Мусиндер айналысты. Ал қалаға кіре берісте, Жаңа Семей жолында Ертіске жетпей, тауарлары бар керуендер кедендік баждарды төлеп, кеденде тексеруден өтуі тиіс еді. Ұзақ жолдан шаршаған саудагерлер, түйелер мен жылқылар тоқтап, демалатын болатын.

Әбдірахман Жүсіпұлы патшалық Ресейдің бірнеше банктерінің табысты салымшысы, саудагері және облигацияларын ұстаушысы болды.

Әбдірахман үйінде Алаштың тілі, көзі және құлағы болып саналатын «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналы басылатын «Жәрдем » баспаханасы орналасқан (газет пен журналдың демеушісі Семей қаласындағы баспахана мен баспаға үлкен үлес қосқан Қаражан болған). [12] Сонымен қатар, Қаражан, Мұхаметхан, Ерыкалов үйлерінде мемлекеттік маңызы бар мәселелер талқыланған жиналыстар өткізілді. Әбдірахман үйі екі қабатты, он бөлмелі, қызыл кірпіштен жасалған. Оның мекен жайы қазіргі Өтепбаев көшесі, 50 үйге сәйкес келеді. Бұрын бұл көше Свободная деп аталды. «Мұхит» базары мен Ертіс өзені арасында тоғыз қабатты жеке үйлер мен жаңа ғимараттардың орнында тұрды.

  1. Алаш үкіметінің басқарма ғимараттары

1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінің қаулысымен Семей қаласы Алаш автономиялық облысының астанасы болып жарияланды.

Дәлірек айтсақ, Алаш өкіметінің ғимараттары Ертістің сол жағалауындағы Жаңа Семейде орналасқан. Сол кезде жаңа Семей орыс тілінде Заречная Слобода деп аталды, ал жергілікті тұрғындар тарихи оқиғаларға байланысты оны Алаш қаласы деп атады. Осы уақытта Тарақты, Тінібай және Жоламан қалаларынан Жаңа Семей құрылды. Көкен ауданынан келген Тінібай қажы қаланың дамуына өз үлесін осы кезде қосқан болатын. [2]

Жаңа Семей жерінде Алаш өкіметінің жалғыз куәгері — Тінібай мешіті. Осы мешіттің жанында салынған Мұхаметхан, Қаражан және Әбдірахман үйлері Алаш ордасының жүрегі болды, ал бұл үйлердің иелері, сол кездегі саудагерлер, меценаттар Алаштың тірегі болды. [5] 1836 жылы екінші гильдияның саудагері салған бір мұнаралы ағаш мешіт әлі күнге дейін сақталған. Өкінішке орай, бүгінгі таңда Тінібай мешіті-  Жаңа Семей қаласындағы Алаш үкіметі орналасқан ауданнан қалған жалғыз мұра. Ал Ертістің сол жағалауында Алаш қаласында орналасқан өкіметтік ғимараттарды Алаш ордасы қалдырған мұраны сақтауға ниеті мен ойы бұрынғы билікте болмады.

Алаш ордасының үкіметтік ғимараттары көпестердің үйлерінде жиі орналасқан. Мысалы, Алаш үкіметінің отырыстары Әбдірахман Жүсіповтың үйінде өтті. Ол сондай-ақ үкіметтік ғимарат және кеңсе ретінде пайдаланылды.[2]

  1. Ә. Жүсіпұлының Алаш орда үкіметімен байланысы

1917 жылы наурызда Әбдірахман Жүсіпов Семей облысында өткен құрылтайына қатысты. Облыстық съездерден кейін Алаштың туын көтерген екі жалпықазақ съезі өтті. Ақын Сәбит Дөнентайұлы «Біз ат жарысына, Алаш деп бәгеге ат қосамыз» деп жазғандай, Әбдірахман Алаш туын көтеруге ықпал еткен, Алаш зиялыларының мемлекет құру туралы идеяларын қолдап, жылулық беріп, қаражат берген ауқатты меценаттардың қатарында болды.[9] Бүгінде сол бір қайырымды жандарды, олардың ізгі істерін көпшілік біле де бермейді. Тіпті, ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы ұлттық тарихымызды зерттеп жүрген ғалымдардың өздері алғашқы меценаттардың есімдерін жете білмейді. Өйткені, Қазақстанның қайырымдылық жасау тұрғысындағы тарихын зерттеумен ешкім нақтылы айналыспайды. Сондықтан да, қайырымдылықтың философиялық һәм идеялық негізінде не жатыр деген басты сұрақтың жауабы жоқ.

Әбдірахман  Жүсіпұлы Қазан төңкерісінен кейін қайтыс болып, Абыралы елінің Қаратұмсық ауылында жерленген.  Жер аудару, айдау, тәркілеу, ұжымдастыру, кәмпеске, бай мен халық жауларынык көзін жою науқандарын, ашаршылық нәубетін көрмей кетті.   Оның балалары — Мұхамади, Ахмади НКВД ішкі істер халық комиссары болған Ежовтың, Қазақстанды басқарған Голощекинның, Абыралының облыстық ГПУ бас саяси басқармасының комиссары Кайгородцевтың қаһарын көріп, абақтыда болып, туған ауылдарынан алыс жақтарға көшіп кетуге мәжбүр болған. [12]

  1. Ә. Жүсіпұлының ХХ ғасырдың басындағы Семей қаласында көпес ретінде рөлі

Әбдірахман Жүсіпұлы алғашқы телефон қолданушылардың бірі болды. Елден келген қонақтардың бірі Әбдірахманның үйіндегі телефонды көріп: «Апырмай, атасын жынмен, баласын сыммен сөйлестірген Алланың құдіреті» — дегенn екен. Әбдірахман Жүсіпұлы Қазанда «Өңдірбай-Халфе» әңгімесін басып жариялады. [1] Кәсіпкердің поэтикалық таланты болды, өлеңдердің үзінділері сақталып қалған. Өкінішке орай, меценаттың үйінің мұнарасы сақталса да, бүкіл үй бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Әбдірахман Жүсіпұлы тәркілеудің адлында қайтыс болды. Қайгородцев бастаған Семей облысы  Абралы ауданының ОГПУ бөлімшесі балаларын қудалаған кезде, Әбдірахман өзі жазған өлеңдер жинағын (Қызыл кітапшасы), отбасылық фотосуреттерді тәркіледі. Ол оларды жойды ма, әлде мұрағатқа жасырды ма, белгісіз. Егер бар болса – оларды табу біздің және болашақ зерттеушілерінің ісі.

Әбдірахманның арғы атасы Олжашы батыр болған. Олжашы Есім ханның қолбасшысы болды және Қатаған қырғынына, Есім ханға қарсы қастандық жасамақ болған Тұрсын ханды құлатуға, 1628 жылы Түркістанды азат етуге және Ташкентті басып алуға қатысты. Есім ханды «хан Тұрсынды ант ұрсын» ұранымен қолдаған батырлар тобының жетекшісі болған Олжашы (оның ішінде Шакшак батыр, Шаншар Абыз, Жиембет жырау, Марғаска және Тобықты Сары- Әлі батырлар) XVII ғасырдың батырларының басында тұрған  Қарасай, Жалантөс, Алатау сияқты есіл ерлердің қатарында қазақтың хас батыры деп атанған. [12]

Оның ұрпағы, Әбдірахманның бергі атасы – Көзберген бақсы. Көзберген емші, шипагер, балгер, даланың дәстүрлі медицинасының жетік меңгерген тұлға, бақсылардың соңғы тұяғы еді. Қорқыттан мұра боп қалған қобызды тартқан Көзберген өз заманының Қойлыбайы еді. Ықылас, Тілеп қобызшылар бірінші кезекте сазгерлер болса, Көзберген қобызшы тәуіп-дәрігер, шипагер, бақсы болған. Гипноздың құдіретін біліп, трансқа түсіп, қобызын мистикалық аспап ретінде көріп, Көзберген бақсы Шоқан Уәлихановтың жазған даладағы шаманизм қалдықтары туралы мақаласының кейіпкеріндей еді. Арғықазақ, көк түрік аталардан қалған тәңіршіл, бақсылық рәсімдерінің элементтерін емдеу, дәстүрлі медицинаның мақсатында пайдаланған Көзберген Бабыр Байқонақ, Құрманбай абыз, Құртқа тәуіп сияқты әйгілі шипагер еді. [6]

Қозбергеннің немересі Жүсіп өз кезегінде атасының өсиеттерін орындамай, сиқырлы рәсімдер жасамаған, шариғат жолымен жүрген, Исламның бес парызын толық атқарған, дұға етуді және ораза ұстауды тоқтатпаған, қажылыққа барған тақуа адам болған. Бір әулеттің тарихы Қазақ елінің тарихымен байланысты, ол елдегі дін мен дәстүрдің жанжалсыз қатар өмір сүруін, адамдардың сенімдерінің өзгеруін анықтаған. Жүсіп қажы Құнанбай, Өңдірбай халфе, Ботақан мен Ноқа қажыларының жолымен жүріп, қажылық жасаған деседі.

Әкесі Жүсіп қажы қайтыс болғанда: «Қажекем, менің қорғаным, кім болар енді қор малым? Ажалға себеп сол болған, өтірік дәрігер бір залым», деп жоқтаған Әбдірахман содан бері ауылдан гөрі қалада көп уақыт өткізіп, ауылдағы жұмысын туысы Тұрсынбайға сеніп тапсырды. [1]

Сол кезде қазақ қарбызды көрсе де жемесе, ал лимонның түрін көрмей, дәмін  білмесе, Әбдірахман Семейдегі үйінде лимон қосып шай ішетін еді. Дастарқанның басында жазғы күні әрдайым елден келген туыс-қонақтарын таңқалдыратын қарбыз тұратын. Қаражанның күшімен Семейде телефон жүйесі орнатылғанда, бірінші телефон абоненттерінің арасында Әбдірахман болды.

Алаш үкіметіне қолдауын көрсеткен демеуші меценаттарын есімдерін ұмытпай, Алаштың ардақты да абыройлы азаматтары ретінде тұтып еске алу керек. Сол меценаттардың  арасында Жүсіпұлы Әбдірахманның атын да ұмытпаған жөн.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Сұлтан Хан Жүсіп (Аққұлы). — Толықтырылған үшінші басылым. — Астана : Алашорда Қоғамдық қоры, 2018. — 632 б.
  2. Сыдыков Е. Алаш қаласының тарихы. Зерттеу // Семей, 2010, — 154 бет
  3. Кенемолдин М. Алаш қаласы // Абай. — 2014. — № 5. — Б. 26-33
  4. Нәсенов Б. 9 бөлім: 14 кітап. Абыралы көтерілісі. Алматы-Новосибирск, 2005. 835 б.
  5. Кенемолдин М. Қаражан Үкібаев кім? // Абай. — 2010. — № 4. — Б. 23-26
  6. Кенемолдин М. Семей земствосы және ұлт зиялылары // Абай. — 2007. — № 2. — Б. 94-96
  7. Нәсенов Б. «Абыралы қанды жылдары (1905 – 1945)». Екінші бөлім. Құжаттар жинағы. Алматы – Новосибирск. 2006 ж. 644 б.
  8. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы (Көмекші оқу құралы). // Алматы, «Санат», 1995.—368 бет.
  9. Сағындықұлы Е. Семей өңірінің тарихи деректері. // Алматы. 1996
  10. Төлебаев Т. Қалалар тарихы: жаңа деректер тың көзқарас // 7 дней. 2002. 24 мамыр
  11. М. Мырзахметов. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы. Алматы – 2011.
  12. А. Дайырбек. Алаш астанасы: үкімет ғимараттары // Егемен Қазақстан, Қазақ үні газеті №6 (772), 12 ақпан, 2018
  13. Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. // Алматы: Сардар, 2014, 528 бет.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *