Ағылшын сабағында қолданатын әдіс-тәсілдер

Ағылшын сабағында қолданатын әдіс-тәсілдер

 

The limits of my language mean

the limits of my world.

Ludwig Wittgenstein

          Бүгінгі күні тілдік пәндерді оқытуда қолданатын тәсілдер өте көп. Дегенмен де сабақтың өту бағыты мұғалімнің пәнді терең меңгергені мен практиканы соған орай ұштастыра білгеніне тікелей байланысты болады. Баланың пәнге деген қызығушылығын аттыру үшін мұғалім көп ізденеді. Кейбір тәсілдер сабақтың тақырыбын студентке жеткізуде жарамсыз болуы әбден мүмкін.

          Ағылшын тілін оқыту басқа тілдерді оқыту секілді төрт дағдыны қатар алып дамытады: айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым. Тілдік пәндерді оқытудың қалыптасқан жүйесі осы төрт дағдыға бағытталады. Төрт тілдік дағды бала бойында қатар дамыса, баланың тілді меңгеру сатысы жоғарылады деген сөз. Егер бала бір дағды бойынша төмен деңгейде келе жатса, түрлі педагогикалық әдіс-тәсілдерді пайдалануға болады.

          Ағылшын тілін білу студенттерге қандай мүмкіндіктер сыйлайды? Ағылшын тілі – әлем халықтары байланысқа түсетін ғылым мен білімнің тілі, көптеген адамдардың лексиконы осы тілдің негізінде құрылған. Ағылшын тілін білу өте жақсы мүмкіндіктер сыйлайды, жаңа ортада болумен қатар жаңа білімді игеру мүмкіндігіне жол ашады. Студент балаларға тілдің мүмкіндіктерін нақтылай отырып, пәндік тақырыптарды ұтымды өткізуге әдіс-тәсіл түрлері жетерлік. Ағылшын тілін білу студент бойындағы hard skills-ті дамытады. Қазіргі таңда ағылшын тілін білу арқылы сіз өзге бәсекелестеріңізден бір саты жоғары тұрасыз. Шетелдік сайттардан керекті ақпараттарды алуға, контент жасауға, шетелдік тұтынушылармен араласуға мүмкіндік береді.

            Ағылшын тілін толық меңгеріп шығу үшін «Flipped learning» («Төңкерілген сабақ») оқыту жүйесін (тәсілін) тиімді пайдалануға болады. Ағылшын сабағындағы күрделі тақырыптарды осы әдіс арқылы терең меңгеруге болады. Ол үшін төңкерілген сабақтың ауқымында қарастырылатын тақырып студенттерге алдын-ала дайындықпен келетін тапсырмалар ретінде үй тапсырмасы ретінде өздігімен зерттеуге беріледі. Тапсырманың екінысанда берілгені абзал. Біріншісі – ауызша: «Мына параграфты (немесе материалды, не мәселені, не проблеманы, не мақаланы) оқып (немесе танысып, зерттеп, қарастырып), мына сұрақтарға жауап беріңіздер (немесе «Мына мәселердің қалай шешілетініне назар аударыңыздар», «Шешілетін үш жолын көрсетіңіздер») деген сыңайда болады.

          Екінші тапсырма – жазбаша. Мәселен, «Осы параграф (мәселе, тақырып, сұрақ, материал, т.б.) бойынша кесте (немесе диаграмма, гистограмма, кластер, менталды карта, т.б.) құрастырып келіңіздер» деп ұсынамыз. Немесе «Осы мәселе жайында мына үш сұраққа жазбаша жауап жазып келіңіздер», не эссе жазу, жаттығу орындау, есеп шығару немесе құрастыру секілді жазу тапсырмаларын орындауды тапсырамыз.

«Жазу – дәлел» демекші, студенттердің жазба тапсырмалары олардың үйге берілген тақырыпты қандай деңгейде игергендігінің айғағы болады. Олардың материалды білгендігін, түсінгендігін, талдай алатындығын, рефлексия жасай алатындығын олардың өз қолымен жазғандарынан көре де, өлшей де, бағалай да аламыз. Егер де сабақта мұғалім «Балалар, үй берілген тапсырманы орындадыңыздар ма?» деп сұрағанда, студенттер жамырай «Иә!» деп жауап берсе, ұстаз олардың бұл жауабын ауызша қалай тексере алады? 20-30 баладан тұратын топта үй тапсырмасын қанша студенттен сұрай алар екен? Мүмкін ең жақсы жағдайда оншақты студенттерден болар. Ал қалғандарының не білгені, олардың білімін қай бағытта және қалай дамыту керектігі назардан тыс қала ма? Ал жазу жұмысынан әр студенттің тапсырманы қалай орындап, үйге ұсынылған тақырыпты қалай меңгергенін анықтауға болады. «Жазу – дәлел» деген осы болар. Бұған қоса мұғалім үйге студенттерге өзінің осы тақырып бойынша оқыған шағын лекциясын да беріп жібереді. Ол үшін мұғалім камераға не ұялы телефонға 8-10 минуттық өз сабағын түсіреді. Жолай ол дәрісінің негізгі ұғымдарын тақтаға жазып немесе презентациялық слайд көрсете отырып түсіндіреді. Осыдан соң мұғалім лекциясын студенттерге What’sApp арқылы жіберуіне болады. Студенттер осылайша үйге берілген жаңа тақырыпты игеру барысында бірнеше ресурсты (материалдарды, мәтіндерді) қолданады, олардың ішіне, мәселен, оқулық №1, оқулық №2, мұғалімнің видеосабағы, мұғалімнің сілтеме жасаған интернет сайты, т.б.

 «Flipped learning»-нің ағылшын тілін оқытуда қолдану кезіндегі артықшылығы – уақыттан ұту немесе уақытты тиімді пайдалана алу қабілеті. Сонымен қоса тілді өздігімен меңгере отырып, студент жоғарыда аталған тілдік төрт дағдысын да қалыстастыра алады. Қазіргі уақытта көптеген ұстаздар осы тәсілді қолдана отырып, тілді меңгертуде жоғары нәтижелерге жетіп жүр. Демек, бұл тәсіл арқылы сапалы білімді қамтамасыз ете аламыз деген сөз.

          Ағылшын тілінде сәтті қолданылып жүрген тәсілдердің бірі — Learn by Doing немесе әрекет арқылы оқыту. Әрекет арқылы оқыту американдық философ Джон Дьюи түсіндірген білім беру теориясына жатады. Бұл оқуға ыңғайлы әдіс, яғни студенттер бейімделу және үйрену үшін қоршаған ортамен өзара әрекеттесуі керек. Дьюи бұл идеяны Чикаго университетінің зертханалық мектебін құру арқылы жүзеге асырды.  Оның көзқарастары прогрессивті білім беру тәжірибесін құруда маңызды болды. Мысалы, оқудағы бұл «теорияны» Ричард Дюфур қабылдады және кәсіби оқыту қоғамдастығын дамытуға қолданылды. Қарапайым тілмен айтқанда күнделікті өмірде айтылым және тыңдалым дағдыларын дамыту арқылы ағылшын тілін меңгеріп шығу деген сөз. Қазақ балалары үшін әдетте ағылшын тілді орта табу қиынға түседі. Сол үшін тілді оқу барысында жергілікті speaking club-тарға қосылып қою да артық етпейді. Көптеген адамдар тілдік орта табу арқылы өз білімдерін жетілдіріп жүр. Бұл тәсілді де ағылшын сабақтарында қолдануға болады. Сабақ барысында барынша сол тілде сөйлесу тілдік деңгейді арттырары сөзсіз.

          Ағылшын сабағындағы тілдік дағдыларынды дамытуға арналған тиімді тәсіл — Learning with cases. Бұл тәсілдің қазақшасы – оқиғаларға негізделген оқу. Оны кейстер арқылы оқыту деп те атап жүр. Кейстермен оқыту — бұл жан-жақты және практикалық әдіc. Оның анық және қарапайым, кезең-кезеңімен жұмыс жасауы жеке дайындықты, шағын топтардағы талқылау мен сыныптағы үлгерімді арттырады. Мысалы, айтылым дағдысын дамыту барысында берілген мәтіндегі оқиғалар жүйесін өзінің жеке басындағы оқиғалармен ұштастыра отырып, сөйлеуге негізделеді. Студент жеке бір кейсті ала отырып, талдайды. Сосын топтық талдауға түседі, одан кейін бүкіл группаммен талқылайды. Бұл тәсілдің артықшылығы студент өзінің топ алдында жұмыс жасау қабілетін шыңдайды, топпен жұмыс жасауға бейміделеді, уақытқа бағынады. Берілген дедлайн ішінде тапсырмаларды орындап шығуға дағдыланады. Осы қабілеттерді меңгеру арқылы тек тілдік қарымы дамып қана қоймайды, ортамен жұмыс жасау қасиеті артады.

          Ағылшын тілін оқытуда Мел Зильберман ұсынған әрекеттің алты түрі көп көмектеседі. Олар: тыңдау, көру, сұрау, талқылау, жасау, үйрету. Осы алты әрекет қандай пәнді үйрену кезінде де көмекке келеді. Орындалуы қарапайым болғанымен, білім алушылар әдетте кейбір әрекеттерді жасауды ынта білдіре бермейді. Соның салдарынан тапсырма дұрыс емес орындалуы әбден мүмкін.

          Қазіргі заман талабына сай тілді оқыту үшін подкаст, комикс тәсілдерін де тиімді пайдалануға болады. Бұл тәсілдер студент бойында тек тілді дамытып қана қоймайды, шығармашылық қасиетін шыңдайды. Берілген тақырып аясында подкаст, комикс дайындау арқылы жаңа технологияларды пайдаланады, түрлі ресурстармен жұмыс жасайды.

          Қорыта келгенде, ағылшын сабақтарында тілдік дағдыларды дамыту үшін түрлі оқыту жүйелері мен әдіс-тәсілдерді ашып қолдануға болады. Тек баланың жасы мен тақырыптың ерекшеліктері басты назарда болғаны жөн. Студенттің жас деңгейіне байланысты олардың қызығушылықтары да әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан жоғарыда аталған әдіс-тәсілдер студенттің пәнді аса жоғары қызығушылықпен оқуына мүмкіндік жасайды.

Маңғыстау облысы,Жаңаөзен қаласы

Жаңаөзен қызмет көрсету және

жаңа технологияларколледжі

Ағылшын пәні мұғалімі

Жексенбаева Нұржамал

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *