Білім сапасының көрсеткіші – пән мұғалімінің құзыреттілік көрсеткіші

« №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі» КММ

Директордың оқу жұмысы жөнінде орынбасары, математика пәні мұғалімі,

Дюсенова Шамшибану Аманжоловна.

Білім беру сапасы – қоғамдағы білім беру үрдісінің жағдайын, нәтижесін, сондай-ақ  жеке тұлғаның кәсіптілігінің қалыптасуын және даму болашағының қажеттілігін анықтайтын әлеуметтік категория. Білім беру сапасы білім беру мекемелеріндегі жастарды оқыту мен тәрбиелеу қызметтерінің әр түрлі көрсеткіштерінің жиынтығы, яғни білім беру мазмұны, оқыту формасы мен әдістері, материалдық техникалық базалары, т.б. бойынша анықталады.

Білім сапасы мұғалімдер қызметінің сапасына тікелей байланысты. Мұғалім жайлы Ахмет Байтұрсынов былай деген: … «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі білімді, педагогикадан, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім». Демек білім сапасын көтерудің негізгі тетігі — ұстаз, сондай-ақ, оның теориялық білімі мен кәсіби шеберлігі, шығармашылық қызметі.

Жаңа ғасырдағы мектеп алдындағы міндет – егеменді еліміздің жас ұрпағын жан-жақты дамыта отырып тәрбиелеу. «Елімізді 2030 жылы барысқа айналдыратын күш – мектеп партасында отырған оқушылар мен 15-20 жас аралығындағы жастар» деп Елбасымыз бекер айтқан жоқ. Өйткені Қазақстанның бүгіні мен ертеңі жас ұрпақтың еншісінде.  Ал жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейін жоғары етіп қалыптастырудың бірден бір жолы – оқушыға білімді терең игертудің тиімді әдіс – тәсілдерін іздестіру, шығармашылыққа жетелеу.  Бұл ретте мұғалімнің терең біліктілігі қажет.  Біліктілік – бұл білімдегі, тәжірибедегі, берілген білімді меңгертудегі бейімділік, құндылықты бейнелейтін жалпы қабілеттілік.

 

Мұғалім  шығармашылығы  мынадан  байқалады:
1. Алынған көрсеткіштерге талдау жасау;
2. Кезіккен проблемаларды, ситуацияларды сезіну;
3. Нәтижеге жету жолында педагогикалық өзара әрекет жүйесін құру;
4. Өз қызметінде бағдарланған міндеттерді шешуді тұрақты түрде кері байланыс арқылы жүзеге асыру.

 

Ал, мұның барлығы мұғалімнің кәсіптілігіне байланысты болмақ. Ол біріншіден, өзінің еңбегінің нәтижесін өлшеу біліктілігі мен қызметінде сапалы көрсеткішке жетуі. Екіншіден, практикалық қызметте педагогтің сапалық көрсеткішін зерттеу біліктілігі. Бұл шебер-педагогтің, шығармашыл педагогтің өз қызметіне, оның нәтижесіне талдау жасай білу біліктілігін көрсетеді.

Әр педагог өз жұмысына талдау жасауда:

Неге жеттім? Қандай кедергі болды? Ұтымды тұстар қандай? Әлсіз тұстар қандай? сұрақтарын басшылыққа алуы тиіс.

 

 

 

 

Педагогтің өз еңбегіне, сапалы көрсеткішіне зерттеу және талдау жасау біліктілігіне қарай шығармашылық – құзыреттілік мынандай деңгейлерге бөлінеді:

Мазмұндық: Педагог басқаның тәжірибесін ескере отырып, нәтижеге жету жолындағы педагогикалық міндеттерді шешеді, нақты ситуацияларды шешудің тиімділігін талдауды біледі. Бұл педагогикалық шығармашылықтың төменгі деңгейі болып табылады.

Болжамдық: педагог өзіне белгілі ақпараттан оқушылардың потенционалдық мүмкіндіктері мен өзіндік жеке қасиеттерін ескере отырып, өзара әрекет әдістерін, құралдарын, тәсілдерін іріктеп, өзгертіп пайдалана біледі. Бұл деңгейде пәнаралық байланыс, саралап оқыту, білім, білік дағдыларын меңгерту жұмыстары жүреді. Бірақ әлі де болса оқушының жеке басын дамытуды ұтымды болжау жағдайы жетіспейді.

Өнімділік: Педагогтің құрастырушылық–болжамдық қабілеті байқалады,  яғни жаңашылдық, педагогикалық үрдісті мақсатты, ұйымдастыру, педагогикалық міндеттерді шешудің қалыптан тыс түрлерін қолдану, т.б.  Бұл екінші деңгей.

Зерттеушілік: Педагог өзінің ізденісінің тұжырымдамалық негізін анықтай біледі, оларды еркін қисындырады. Оның нәтижесін зерттеу негізінде өзінің жүйесін дайындайды. Бұл деңгейде педагог шығармашылықтың жоғары категориясына жақын. Бұл педагог өзінің тәжірибесін жинақтай біледі. Егер оны әріптестері мойындаса, оның идеясы басқа мұғалімдердің жұмысында тиімді нәтиже беруі мүмкін. Бұл педагогикалық шығармашылықтың «жоғары» деңгейі.

Креативтілік: Педагог жоғары міндеттерді ұсыну және оларды шешудің әдістерін негіздеу қабілеттерін көрсетеді. Мұндай қызмет нәтижесінде өмірлік шығармашыл инновациялық тұлға қалыптасады. Бұл деңгейде педагог қызметінде өзара әрекет жасау әдісі орын алады. Принцип бойынша бұл әдістерді оның оқушылары да меңгереді. Олар тұрақты жағдайда өз мүмкіндіктері бойынша өзіне – өзі  іштей жарысқа түсу үрдісінде нәтижеге жетуге тырысады.

Мұғалім сабағына қатысу және талдау жасау, бағыт – бағдар беру мектеп басшыларының қызметінің негізгі және маңызды кезеңі болуы тиіс. Ол үшін бұл жұмысқа уақытты аямау керек, өйткені сол арқылы мұғалім еңбегінің сапасы және нәтижесі анықталады.

Оқыту сапасының негізгі критерийлері оқыту үрдісінің нәтижесі мен оқушылардың білім, білік дағдысының сапасы болып табылады. Ал, мұның барлығы мұғалім кәсіптілігіне тікелей байланысты екендігін шексіз қайталап айта беруге болады. Өйткені сапалы, білімді, шығармашыл оқушы ( кіші ғылым академиясы жанында ұйымдастырылатын ғылыми жұмыстар жоба жарыстары жүлдегерлері мен пәндік олимпиада, «Дарын» бағдарламасы бойынша өткізілетін байқау, жарыстарының жеңімпаздары және т.б.) шығармашылықпен жұмыс жүргізетін мұғалім еңбегінің жемісі.

 

 

 

 

Мектептегі білім сапасына қойылатын талаптар:

Мектептегі білім сапасына қойылатын талаптар бірнеше саланы қамтиды: оқу және тәрбие процесі, ғылыми-әдістемелік қызмет және қажетті жалпы және психологиялық жағдайлар.

І. Оқу процесі

  •  оқу жоспарының орындалуы;
  •  оқушының білім, білік деңгейлері;
  •  мұғалім жұмысының нәтижесі;
  •  дарынды оқушылармен жеке жұмыс;
  •  сабақтан тыс пәндік іс — әрекеттің сапасы;
  •  оқушылардың өз бетімен дамуындағы танымдық іс — әрекеттері.

ІІ. Тәрбие процесі

  •  оқушылардың тәрбиелік деңгейлері;
  •  оқушылардың қоғамдық белсенділігін арттыру;
  •  сынып жетекшілерінің жұмыс сапасы;
  •  тәрбие процесіндегі ата-ана ролі;
  •  жалпы мектептік іс шаралардың сапасы;
  •  оқушылардың денсаулығы және дене шынықтыру пәніне көңіл бөлгізу.

ІІІ. Әдістемелік жұмыстар

  •  әр мұғалімнің әдістемелік жұмыс деңгейі;
  •  әр сынып жетекшілерінің әдістемелік жұмыс барысы;
  •  педагогтың іс – тәжірибесін тарату механизмі;
  • педагогикалық кәсіби шеберліктерін көтеру.

ІV. Ғылыми және әдістемелік іс-әрекеттер

  •  бұл іс — әрекеттің мектептің өркендеу потенциалына сәйкестігі;
  •  жаңа енгізілген жаңалықтың ғылыми негізділігі, оның нәтижесі;
  •  педагогикалық ғылыми білімнің деңгейі;
  •  оқушылардың ғылыми-зерттеушілік іс-әрекеттері.
  1. V. Психологиялық жағдай
  • мұғалімдердің және жеке оқушылардың психологиялық үйлесімдік көрсеткіші ;
  • қандай да бір жаңа құрылымды енгізгенде, қандай да бір проблеманы шешкенде оған ұжымның психологиялық дайындығы.

VІ. Оқу-тәрбие процесін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету

  •  еңбекті қорғау;
  •  санитарлық-гигиеналық жағдай;
  •  оқу және әдістемелік әдебиеттерді көбейту;
  •  оқу техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету.

 

Білім беру сапасын басқару процесіне қойылатын талаптар

Білім беру сапасын басқару процесі үш негізгі бағытты қамтиды: мұғалімдермен жұмыс, жалпы жұмысты ұйымдастыру және білім беру сапасына ұжымдық басқаруды ұйымдастыру

І. Мұғалімдермен жұмыс

  •  өзіндік білімін көтеру жоспары бойынша жұмыс ұйымдастыру;
  •  мұғалімнің оқу-тәрбие үрдісіндегі жұмысын зерттеуіне әдістемелік көмек беру;
  •  инновациялық технологияны үрдіске енгізу;
  •  білімін жетілдіру курсына жіберу;
  •  әр түрлі байқаулар өткізу;
  •  аттестация;
  •  мұғалімнің өз жұмысының сапасына, нәтижелігіне дұрыс көзқарас қалыптастыру, жауапкершілігін арттыру;
  •  пед. кеңесте, әдістемелік кеңесте, педконсилиумда білім сапасы туралы талдау, ұсыныстар беру.

ІІ. «Сапа» бағдарламасы бойынша жұмысты ұйымдастыру шаралары

Әр мұғалім өз пәні бойынша білім сапасын арттыру жұмысының жоспарын өткізу;

Жоспарды талдау;

Оқушылардың білім және оқыту сапасын жайлы мұғалімдердің есебін алу (тоқсанына бір рет);

Әр тарау бойынша тест алу;

Сынып жетекшілерінің білім сапасын көтеру жұмыстарын ұйымдастыру шаралары;

Ата – аналармен жұмыс ( білім сапасына сәйкес);

Сапа бағдарламасының орындалуын моральдық және материалдық жағынан ынталандыру шаралары.

ІІІ. Білім сапасына ұжымдық басқаруды ұйымдастыруы, нәтижелі жұмысына жағдай жасау

Жұмысқа ынтасын арттыру.

Жұмыс нәтижесі бойынша қолдау көрсету.

Оқушымен жеке жұмыс жоспарының мақсатына жетуін қадағалау.

Белсенді қатысуын жүзеге асыру.

Нәтижелі жұмысына жағдай жасау

Мектептегі білім сапасын бағалаудың қазіргі жүйесінен әлдеқайда объективті және тиімді жүйені әзірлеу керек. Біздің мектептерде әлі күнге дейін «оқыту сапасы» дегенді «4» пен «5-ке» оқитын оқушылар санының пайыздық қатынасы деп түсінетін ескі ұғым бар.  Әлемдік практикада білім сапасы нақты критерийлерге сәйкес: Білім – түсіну – қолдану – жүйелеу және жалпылау  мақсаттары бойынша бағаланады.
Қазіргі оқулықтарда жоғарыда айтылған мақсаттарды дамытуға  ықпал ететін деңгейлік тапсырмалар жүйесі жоқ.  Сондықтан, оқушылардың ҰБТ-да логикалық есептерді шығара алмауы таң қалдырмайды. PISA зерттеулерінің нәтижесі бойынша оқушыларымыздың 65 елдің арасында 58-ші орынға ие болуы да осыған байланысты.  Деңгейлік тапсырмалар жүйесінің болуы  оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың басты шарты болып табылады.
Білім берудің сапасы – білім сапасын жаңа деңгейге көтеру үшін жаңа технологиялар арқылы жұмыс жасау керек. Сапаны жақсарту білім мазмұнын зерттеу арқылы жүзеге асатын болса, білім мазмұнына өзгерістер енгізу арқылы білім сапасын жақсартуға зор мүмкіндік аламыз.

Түпкі нәтижеге бағытталған білім беру сапасын басқару процесі мектепішілік басқаруды өзгерту үшін не береді?

1) басқару процесі психологиялық жағынан жаңарып, өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа апарады.

2) вертикаль жоғарыдан төмен қарай басқарудан қауымдастыққа негізделген көлденең басқаруға көшуге мүмкіндік туады.

3) әр тұлғаның әлеуетін толық пайдалана отырып, ұжым жұмысын үйлестіруге жағдай жасайды;

4) жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды игеру арқылы ұжымның жалпы мәдениетін көтеруге мүмкіндік жасайды.

 

 

 

Вам может также понравиться...

комментария 3

  1. Айнур:

    Ісіңіз алға бассын

  2. Шамшибану Аманжоловна, мақалаңызға рақмет! Өте жақсы, ауқымды мақала. Өзіме көп ақпарат алдым.

  3. Дариға:

    Пайдалы мағлұмат екен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *