Инклюзивті білім беретін мектептерде психологтың психологиялық түзету-дамыту сабақтарының мазмұны

Самбетбаева Бағила Болатбайқызы

Инклюзивтік білім беру дегеніміз — барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы ресми деректер бойынша Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың  2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілді.

Астана қаласы №65 мектепте 84 ерекше қажеттілігі бар оқушы 45 инклюзивті сыныптарда білім алады. Оқушылардың басым көпшілігі БЦП диагнозымен туылған балалар және құлағы нашар еститін оқушылар. Бұнымен қатар балалардың қосымша психологиялық дамуы тежелген, дизартрия, жалпы сөйлеуі бұзылған деген сияқты қосымша диагноздары бар. Аталған оқушыларға мектепте психологиялық қолдау қызметі ұйымдастырылған. Онда ППҚ қызметінің барлық бағыттарына жетекшілік ететін қызмет координаторы, мұғалім-дефектолог, логопед, психолог және ЕДШ маманы жұмыс атқарады. Психологиялық- педагогикалық қолдау (ППҚ) көрсету қызметінің әр маманы өз бағыттары бойынша жұмыс істейді. Бұл біріккен ППҚ қызметінің басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету. Оның ішінде психологтың балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуі мынадай бағыттарда іске асырылады:

Диагностикалық бағыт:

Баламен жұмыстың бағыттарын айқындау мен бала дамуындағы ауытқулардың алдын алу үшін қыркүйек айында психологиялық диагностика жұмыстары жүргізіледі. Оның мақсаты: баланың жақын даму аймағы мен актуалды даму аймағын, оқу барысындағы қиыншылықтардың себептері мен механизмдерін анықтау. Бұл диагностиканың қорытындысы психологиялық тексеру хаттамасында, балаға психологиялық анықтама бергенде тіркеледі.

Оқу жылының ортасында яғни екінші жарты жылдықтың басында оқушыларға екінші рет диагностика жүргізіледі. Бұл диагностика баламен жүргізілген түзете-дамыту жұмысының баланың оқу танымдық қызметіне тигізген әсерінің тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді. Түзете-дамытудың бағдарламасының игеру деңгейінің нәтижесін бағалағанда баланың білім- білік дағдылары игеруге қажет танымдық қабілетінің қаншалықты қалыптасқандығына ғана емес, баланың игерген білімін берілген мәселеде өз бетімен қаншалықты қолдана алатынына көңіл бөлінеді.

Психолог диагностиканы төмендегі бағыттар бойынша жүргізеді: 

  • Жалпы және ұсақ моторикасының дамуын диагностикалау
  • Оқушының мектепке дайындығын анықтау. (1 сыныптар үшін)
  • Оқушылардың оқу мотивациясын тексеру
  • Оқушылардың танымдық қабілеттерін анықтау (зейін, ойлау, логикалық ойлау, есте сақтау, қабылдау деңгейі)
  • Сөйлеу ерекшеліктері;
  • Өзін-өзі бағалауы;
  • Ерік-жігері;
  • Қарым-қатынасқа түсу қабілеті;

ІІ. Түзету-дамыту бағыты

Түзету-дамыту жұмыстары мынадай бағыттарда жүзеге асады.

— Ұсақ моториканы дамытуға арналған жаттығулар мен ойындар;
— Сенсорлы қабылдауды дамыту; (уақыт кеңістігін, пішін мен көлем, түстерді қабылдауы);
-салыстыру, талдау, жинақтау, қорытындылау, жалпы ойлау операцияларын қалыптастыру;
— зейіннің тұрақтылығын және шоғырлануын дамыту;
— көру, есту арқылы есте сақтауын дамыту;
— психомоторлық дамуды жүзеге асыру мен сөйлеу тілін, сөздік қорын арттыру.

Алынған диагностика нәтижесі бойынша балаға жүргізілетін түзету-дамыту жұмысының бағыты анықталып, бағдарлама түзіледі. Бағдарламада баланың жеке бас ерекшеліктері мен қабілеттері ескеріліп сабақ жоспары жасалады. Түзету-дамыту сабақтары оқушының сабақтан бос уақытында өтіледі. Түзету-дамыту сабақтарының ұзақтығы 20-35 минут (оқушының зейін тұрақтылығына және төзімділігіне байланысты).

ІІІ. Психологиялық кеңес беру.
— баланың жас, жеке, типтік ерекшеліктерін ескере отырып ата-аналарға, ұстаздарға бірқатар ұсыныстарды даярлау;
— Оқушымен тікелей жұмыс жасайтын педагогтармен әңгімелесу;
— баламен жүргізілген жұмыстың жалпы қорытындысымен ата-аналарды таныстыру;
— ата-аналарға баланың тәрбиесіндегі қиыншылықтары туралы нақты ұсыныстар даярлау;
— ата-аналарға баланың психофизикалық мүмкіндіктеріне сай баланы оқыту мен оны дамытудың маңыздылығын түсіндіру;
-ППҚ қызмет мамандарымен тығыз қарым-қатынаста болу. Баланың жеке бас ерекшеліктері жайлы пікір алмасу.

  1. Әлеуметтік-бейімдеу бағыты.

— оқушының мектеп өміріне, қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету;
— баланы қоғамдық жұмыстарға, мерекелік немесе басқа да іс-шараларға араластырып, жауапкершілігін арттыру;
-баланы әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлауға үйрету;
-мектепте өзін еркін сезінуге, өзін-өзі басқара білуге, өзі өмір сүретін ортаны толық бағдарлай білуге үйрету.

  1. Әдістемелік-ұйымдастырушылық бағыт.

Бұл бағыт психологтың баланың даму деңгейінің картасын толтыру, ісшараларға дайындық, баланың жеке құжаттарын толтыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мұнда ұстаздар мен ата-аналарға арналған әдістемелік құралдарды жасау, өз білімін жетілдіру курстарына қатысу және тб жұмыстар кіреді.

Қорытындылай келе педагог-психолог ППҚ маманы ретінде оқушының мектепке, оқу процесіне бейімделуіне, әлеуметтік ортаға сіңісуіне қолдау көрсетеді. Ал, психологиялық түзете-дамыту сабақтары оқушының танымдық қабілеттерін дамытуға, оның сөздік қорын молайтуға және сыныптастарымен, мұғалімдермен қарым-қатынасқа түсу қабілетін дамытуға септігін тигізеді.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2010 ж.
  2. Проект Концепции развития инклюзивного образования в Республике Казахстан на 2005-2010г.
  3. Г.Д. Хакимжанова, А.А.Айдарбекова,  «Обучение и воспитание детей с особыми образовательными потребностями в условиях массовой школы», Алматы, 2001ж. 8-10бет.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *