Балаларға арналған ұлттық ойындардың маңызы

Балаларға арналған ұлттық ойындардың маңызы

 

Балаларға рухани-адамгершілік тәрбие берудегі ұлттық ойындардың маңызы. Дана халқымыз, данышпан халқымыз бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Елдің, халықтың болашағы бала тәрбиесін өте маңызды екенін түсіне отыра, балаға жан-жақты рухани жан-дүниесі таза болсын деп адамдыққа үйреткен. Жас бала жас шыбық секілді, қалай исең солай майысады, қалай айтсаң солай көнеді.

Бала мен жеткіншекті ойнатып қана қоймай, бойына ұқыптылық, адамгершілік, татулық, намысшылдық, ептілік, шапшаңдық және т.б. секілді адами қасиеттерді сіңіретін негізгі құрал – ұлттық ойындар. Сонау ерте замандардан бері талай батырларымыз, ақын-жырауларымыз, бозбала-бойжеткендеріміз сол ойындарымызды ойнап, халық даналығынан сусындап келді емес пе?!

Ұлттық ойындар: айгөлек, ақсерек-көксерек, ақсүйек, алакүшік алтыбақан, ақшамшық, арқан аттау, арқан тартпақ, асық, аттамақ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, епті жігіт, дауыстап атыңды айтам, қыз қуу, күміс ілу, тепе-теңдік, тобық, тұтқын алу, шалма, соқыр теке, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, түйілген орамал, бес асық, сұрақ-жауап, жасырынбақ, орын тап, тақия тастау, ұшты-ұшты, т.б. түрлері өте көп. Соңғы кезде қалыптасқан ойындар: әріп таңдау, нөмір, пароль, пошта, сымсыз телефон, сыңарын табу. Сондай-ақ қазақтың ұлттық ойындарының ішінде «қуырмаш» тәрізді жас сәбилерге арналған да ойындар бар.

«Ақсерек-көксерек» ойыны. Ептілікті қажет ететін қызықты ойындардың бірі. Ойынның шарты бойынша балалар екі топқа бөлініп, араларын жиырма қадамдай ашып, тізіліп, қол ұстасып тұрады. Бірінші топ:

Ақсерек, көксерек,

Шауып алдым бәйтерек.

Ақсерек, көксерек,

Бізден сізге кім керек? – деп хормен сұрайды. Келесі топ жауап береді:

Ақсерек, көксерек,

Сізден бізге … (баланың аты) керек.

Аты аталған бала жүгірген күйі қарсы топтың ұстасып тұрған қолдарын үзіп өтуі керек. Үзсе, сол топтың бір баласын өзімен ала келеді, ал үзе алмаса, сол топта қала береді. Қай топта бала көп болса, сол топ жеңеді. Балалар ептілікке, бірлікке, тобы үшін намыстанып, жеңіске талпынуға үйренеді. Дене тәрбиесі, сергіту сәттерінде пайаланылады. Кейде сабақтарымда бұл ойынның сәл өзгертілген түрі пайдаланамын. Дәл солай екі топқа бөлінеді. Бірінші топ сөздерін айтады. Аты аталған бала сол топтың сұрақтарына жауап беруі не тапсырмаларын орындауы тиіс. Орындай алмаса, сол топқа өтеді не өнерін көрсетеді . Бала тапсырманы қызыға орындайды.

«Ақшамшық» (немесе «Сақина салу»). Ерте заманнын келе жатқан дәстүрлі, әдемі ойын. Ережесі бойынша балалар дөңгелене отырады, алақандарын қабыстырып алға созады. Ойынды жүргізушінің алақанындағы сақинаны кімге салса да, өз еркі. Барлығына салып шығысымен: «Тұр, сақинам, тұр!» — деп дауыстайды. Сол сәт сақина тасталған бала «Сақина менде!» — деп атып тұруы тиіс. Оны көршілері ұстап қалса, жұрт алдында өнерін көрсетеді. Жылдамдықты, ептілікті баулитын, өнерлерін жұрт алдында көрсете алуға үйрететін бұл ойынды балалар, әсіресе қызыға ойнайды.

 «Соқыртеке». Ойыншылар дөңгелене тұрады. Ортаға орамалмен көзі байланған баланы – «Соқыртекені» шығарады. Шеңбер бойы тұрған балалар «соқыртекені» түрткілейді. Сол кезде ол түрткен ойыншыны ұстап алып, атын айтуы тиіс. Тыныш тұрғанды да ұстап алуына болады. Ұсталынып қалған бала «соқыртекеге» айналып, ойын жалғаса береді. Осы ойынды балалар көбірек ойнауға тырысады. Балаларға қызықты, ал бізге, педагогтарға, ұтымдысы – дене қимыл-қозғалыс ойыны, сондай-ақ дыбыстарға мән беруге, қимылдарды сезінуге, яғни сенсорлық дағдыларын қалыптастыруға көмек береді.

 «Ұшты-ұшты!» ойыны. Ойын бастаушы бала оған қатысушыларды жаңылыстыру үшін тез-тез ұшатын, ұшпайтын заттарды араластырып айтады. Шарт бойынша ойнаушылар ұшатын заттарға ғана қолын көтеруге тиісті. Олар ұшпайтын затқа қолын көтеріп қалса, айыбына өз өнерін көрсетеді (немесе сабақтың ерекшелігіне байланысты сұрақтарға жауап береді). Ойын бастаушы негізінен адамдарды былайша жаңылыстырады:

— Ұшты, ұшты – қарға ұшты! (ұшады)

— Ұшты, ұшты – балға ұшты! (ұшпайды)

— Ұшты, ұшты – тырна ұшты! (ұшады)

— Ұшты, ұшты – тырма ұшты! (ұшпайды). Біріншіден, балаларға қызық, екіншіден, есте сақтау, мұқият болу қабілеттерін дамытады, өнерлі болуға баулиды.

 «Тақия тастау». Ойынға бірнеше бала қатысады. Балалар шеңбер жасап отырады. Жүргізуші шеңбердің сыртын айнала жүгіріп, бір баланың артына білдіртпей тастап кетеді. Сезіп қойған бала жүргізушіні қуып жетуі керек. Ал жүргізуші бала қуған баланың орнына келіп отыра қалуға тырысады. Жүргізушіге жете алмаған бала айыбын төлейді, өнер көрсетеді. Өте қызықты әрі жан-жақты ойын. Себебі, бұл ойын дене бітімін тәрбиелеуге көмектеседі, шапшаңдық, мұқияттылық және ең ұтымдысы баланың өнерін жан-жақты дамытуға көмек береді.

Асықпен ойналатын ойындардың түрі сан алуан. Сабақтың элементі ретінде де     қолдануға болады. Балаларға шапшаң, епті болуды баулиды, сонымен қатар асық табиғи зат болғандықтан, бала денсаулығына еш зиянын тигізбейді

Ойынның қай түрін болса да қолдануға болады. Әр сабақтың ерекшелігіне, тақырыбына сәйкес ойын түрлерін алмастырып пайдаланған жөн деп есептеймін. Балалар пайдасынан зияны көбірек тиетін қазіргі ойыншықтармен ойнағаннан гөрі, оларға әдемі адами қасиеттерді үйрететін осй ойындарды үйреткен жөн. Сондай-ақ балалар ұлттық ойындар арқылы ата-бабасының тұрмыс-салтынан да хабардар болады, бойына сіңіріп өседі.

«Қан талапай» Ойын бастаушы бір топ асықты сырмақ үстіне шашып жібереді. Сол кезде ойынды қоршап отырған балалар жапа тармағай таласып асықтарды те арада жинап алу керек. Кім көп асық жинаса сол жеңімпаз.

«Мерген» Асықтарды бір қатарға тізіп қойып, алыс қашықтығы 1 немесе 2 метр жерден атып түсірк керек.

«Бес асық» Балалардың  қолдарына ыңғайлы болу  үшін қозы асықтары алынады. Бұл ойынды топпен немесе екі бала жарысу арқылы ойнауға болады. Ойын ережесі

1.Бес асықты әуеге лақтырып алақанға шашпай жинап алу.

  1. Асықты әуеге лақтырып алақан сыртымен тосып алу.
  2. Бас бармақ пен сұқ саусақтан доға жасап бір асықтықты жоғары лактыру сәтінде екінші асықты доғаға кіргізу.
  3. Бір асықты әуеге лақтырып, қалған төрт асықты жерден тез арада жинап алу.
  4. асықтарды бір алақаннан екінші алақанға кезектесіп лақтыру арқылы тосып алу.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *