Зайырлылық қазақ қоғамының рухани дамуының кепілі
Сайлауұлы Дауылбай
Қазақ Ұлттық университетінің 1-курс магистранты.
https://www.kaznu.kz/kz
Ғылыми жетекші: доцент м.а,PHD Мұқан Нұрзат
Бірінші кезекте зайыр сөзіне тілдік және терминологиялық тұрғыда анықтама берсек. Зайыр сөзі қайдан, қандай тілден шықты және қандай мақсатта қолданылады. Жалпы қандай ғылым саласы болмасын терминологияны дұрыс түсініп, оны өз орынына сай қолдану керек. Қоғамда кездесетін көптеген түйткілді мәселелердің бірқатары осы терминдік сөздерді басқаша түсініп алғаннан да ортаға шығып жатады. Мысал ретінде «жиһад», «халифат», «сәлаф» деген сияқты басқада сөздерді қоғам әртүрлі қабылдап, соңы дау-дамайға апарып соғып жататыны белгілі.
Зайыр сөзінің тілдік мағынасы Қазақ тіліндегі көнерген аталымдар лұғаты атты еңбекте былай келген. Зайыр –1) ашық,анық,ақиқат,көрнекті,көзге түсетін,белгілі,күмәнсіз; 2) сыртқы, сырт түр, келбет. Араб тіліндегі заһирун (ظاهر) – жарқын, анық, айқын,тамаша,көркем деген сөз. Әрі батыр, әрі бек Көрсеткен жауға зайырды (Нұртуған). Мен демогогиядан аулақпын, – дейді Жомарт, – Мүмкіндік зайыр көрініп тұр (Ғ Мұстафин). Білмесеңіз Тарғынның Білдіретін зайырын («Ер Тарғын») [1,72-73 б].
Жоғарыда өткен зайырды деген сөз қәзіргі ашық, жарқын сөзімен еш қатысы жоқ және осықұрамда мағынасы бұрынғы мағынасынан алшақтап, көмескіленген, түп-негіз мағынасы – ақындар өмір сүрген тұста көрнекті, көрсетерлік, мақтанарлық деген мәнді білдірген. Кейіннен зайыр – мағыналық дамуға түскен: анық, тәуелсіз, күмәнсіз деген мағынада жұмсалған. Қазақ тілінің сөздігінде «зайыр», «зайыры» және «зайырлы» сөздерінің мағынасы айтылған: І Зайыр – анық, айқын, ашық; ІІ Зайыры – сірә, тегінде; ІІІ Зайырлы − білгір, білімдар.
Н. Оңдасыновтың «Арабша-қазақша сөздігінде» зайыр сөзінің екі түрлі мағынасын түсіндіреді: І Зайыр – анық ашық, күмәнсіз, жарық, жылтыр, көрнекті, көзге түсетін; ІІ Зайыр – cыртқы, сырт, түр, келбет [110 б].
Тағы бір кітап «Қазақ тілінің Кірме Сөздер сөздігі» атты еңбекте де зайыр сөзіне анықтама берген. Зайыр [ар. заһир ظاهر ] – нақты, ашық, айқын. Қазақ тілінде «зайырлы мемлекет (ел, қоғам)» тіркесінің құрамында келіп, «болашағы жарқын (айқын) мемлекет» деген мағынада қолданылады, сонымен қатар билік шешімдерді діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттелетін мемлекет деген ұғымды да білдіреді[ 2,181 б].
Шынында да мұндағы зайыр сөзі қазір жоғарыда келтірілген шығармалардағы мағынасында қолданылғандай еркін қолданылмайды. Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болғалы кешегі көнерген аталым қолданысқа қайта ене бастады. Қазіргі тілімізде зайыр сөзі бұрынғы тар мағынасында емес, зайыр зат есіміне -лы, сын есім тудыратын жұрнақ жалғанған түрінда (формасында) кең мағынада қолданыс табуда. Мысалы, зайырлы мемлекет, зайырлы ел т.б. Бұл жерде «жарқын мемлекет, тәуелсіз мемлекет» деген мағынаны білдіреді. Зайыр сөзінің мағыналық өрісі: анық, күмәнсіз, дәл, нақты, ашық деген синонимдік қатар түзеді. Зайыр сөзінің өзек семасы анық деген сөздің негізінде пайда болған [3,37 б].
Бізге айқын болған нәрсе ол, зайыр сөзінің араб тілінен қазақ тіліне еніп, үндестік заңдарына сәйкес бір әріп түсіп қалған. Араб тіліндегі жұмсақ һә (ه) әріпі шегеріліп қалған болуы мүмкін. Оның орнына һә әріпінің астында тұратын кәсра белгісі (и дыбысын білдіретін белгі) қалған сияқты. Сонда ашықтап жазғанда «заһиыр» деген сөз шығып, тілдік ережелерге сай һә әріпі шегеріліп «Зайыр» деп қысқарып қалса керек.
Терминдік мағынада зайырлылық түсінігінің ауқымы кең. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттік барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді [4,21-22 б].
Зайырлылық сөзінің тілдік және терминдік мағыналары түсінікті болды. Ендігі кезекте зайырлылық саясатын ұстану елімізге қаншалықты рухани пайдасын тигізеді деген сөзге тоқталсақ. Жалпы бүгінде әлемдегі мемлекеттердің көпшілігі зайырлы елдер. Гарвардта 2001 жылғы жүргізіліп, 2005 жылы есебі жарық көрген зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша, әлемде 75 ел мемлекеттік дінге ие. Заңдық негізде олардың кейбірі Иранға, Дания және Израильге тән. Ал 113 мемлекет ресми түрде мемлекеттік дінге ие емес, яғни зайырлы елдер. Бұлардың бірқатары, Франция, Америка Құрама Штаттары, Түркия, Индия, т.б.
Осы 113 мемлекеттің қатарында Қазақстан да бар. Біздің еліміз бұл бағытты тәуелсіздік алған сәттен бастап қабылдаған. Мемлекет пен дін бөлек. Ешқандай дінге басымдылық берілмейді. Бірақ дін мен мелекет бөлек деген сөз дін мен қоғам бөлек деген түсінік шықпауы керек. Өйткені мемлекетті құрайтын ол қоғам. Қоғамның ішінде дін ұстанатын және ұстанбайтын адамдар да болуы мүмкін. Сондықтан адамзат баласының руханиятын нығайтатын күшті құралдың бірі ол дін.
Біз зайырлы ел дегенде дінсіз адамдар немесе белгілі бір дәрежеде дінге қарсы шығатын халық өмір сүреді деп түсінбеуіміз керек. Керісінше болашағы айқын, елде қалыптасқан жағдайларға байланысты халықтың сұранысына көзделген шешімдер қабылданған деп айтуымыз керек. X ғасырда билік құрған Қарахан мемлекеті сияқты ислам дінін мемлекеттік дін деп бекіте алмаймыз. Өйткені қазіргі таңда қазақ жерінде 130 дан астам ұлттар мен 18 конфессия өкілдері өмір сүріп жатыр.
Қазақ елі зайырлы бағытты ұстанумен қатар рухани даму жағында шет қалдырған емес. Дінді мүлдем шетке сырып тастаған жоқ. Дін және салт-дәстүр, әдет-ғұрып тағыда басқа рухани дамуға байланысты мәселелер арқылы Қазақстан азаматтарының рухани байлығын арттыруда. Ешқандай адамға заң жүзінде сен осы дінді ұстан деп зорлық-зомбылық көрсетілмейді. Әрқандай адамның сенім бостандығы, қалау еркі бар. Әркім өз білгенінше Құдайына жалбарынып жатыр. Немесе сен міндетті түрде осы тілде сөйлеуің керек, осы дәстүрді қалтқысыз ұстануың керек деген міндеттемелерде жоқ. Мұның бәрі зайырлы ұғымының аясында өрбіп жатқан әрекеттер.
Қазақ елінің рухани дәрежесі ежелден бері жоғары дәрежеде болған. Ата-бабаларымыз дәстүрлі ислам дінін ұстаумен қатар қазақы салт -дәстүр, өнер, ұлттық спорт бәрін бір-біріне ұштастыра отырып руханияттарын мызғымастай етіп қалыптастыра білген. Қазақы ән-күй, жыр-дастандар, аңыз-әпсаналар, қара сөздер, мақал-мәтелдер, киім киістері, басындағы баспаналары, ішкен тамақтары баршасы руханияттарына ерекше әсер еткен. Раухани байлықты жетілдіретін қазіргідей арнайы бір жоспарланып жасалған жобалар болмаған. Дала заңы бойынша әр қайсысы өзінің ретімен орын алып отырған.
Осы руханияттың әубаста жақсы қалыптасуы себепті, бүгінгі күнімізге де өз әсерін тигізіп өткендердің салып кеткен сара жолымен әлі бағыт алып барамыз десекте болады. Әрине өткен ұрпақпен салыстырғанда рухани дәреже тұрғысынан қазіргі ұрпақтың рухани деңгейі сай келмеуі мүмкін. Өйткені 21 ғасыр жақандану дәуірі болғандықтан рухани байлықтан қарағанда, материалдық құндылық алға шығып кеткені өтірік емес ол шындық. Мұндай әлемдік өзгеріс кезкелген халыққа өзіндік әсерін тигізеді. Сондықтан елімізде ұлттық код арқылы рухани байлықты сақтап қалумен ары қарай дамыта түсіу жұмыстары мемлекеттік деңгейде атқарылуда. Елбасы Н.Ә Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасыда еліміздің рухани дамуына үлкен үлесін қосты.
Тағы бір айта кетерлік нәрсе, 2003 жылы бастау алған «Дүние жүзілік және дәстүрлі діндер съезі – дінаралық сұқпаттың Қазақстандық үлгісі» атты үлкен жоба да руханиятқа қосқан үлесі зор деп айта аламыз.
Қазақстан – дүние жүзіндегі мұсылмандар, провославиеліктер, котоликтер, протестанттар, буддистер, иудейлер сияқты басқада конфессиялар тату тұрып жатқан жалғыз жер деп айтуға болады. Мұның баршасына мүмкіндік беретін әрине ол зайырлы ұстаным екені белгілі. Зайырлылықтың түсінігін бір-екі парақпен толық ашып беріу ол мүмккін емес. Зайырлылық ұстанымның оңтайлы екенін бүгінде әлем танып білді деуге болады. Керісінше осы бағдарды ұстамаған елдердің руханияты, экономикасы, мәдениеті, саясаты ушығып кері кетуде.
Әрқашан көппен бірге жүріу ол өмірдің заңдылығы десекте болады. Бұл жерде көппен жүріп адас деген мағынанны түсінбеуіміз керек. Көптің ығына жығылу деп айтсақ болар. Яғни зайырлы елдердің сапында болу біздің қоғамымызға тиімді болса керекті. Зайырлы ел – қайырлы ел, мекен деген тіркестер осыны айшықтай түсетіндей.
Пайдаланылған әдебиттер:
1.Өтемісова Г.Ж. Қазақ тіліндегі көнерген аталымдар лұғаты. –Алматы,2012ж. -192бет.
2.Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі /Құрастырғандар: Ш Құрманбайұлы,С Исақова,Б Мизамхан,Г Әлімбек,Г Мамырбекова,Д Боранбаев. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры,2019. –596 б.
3.Өтемісова Г.Ж. Көнерген аталымдар сөлейді (Ерімбет пен Нұртуған шығармалары бойынша).Ғылыми монография. – Алматы,2018. –270 б.
4.Шалабаев Қ.К. Зайырлы мемлекеттегі дін мен дәстүр сабақтастығы. –Алматы,2020. –148 б.
Kaznu.kz
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718