Ғалымдар мен хадис бұрмалаушы қиссашылардың арақатынасы

Қабиденов Жандос

Қазақ Ұлттық университетінің 1-курс магистранты.

https://www.kaznu.kz/kz

Ғылыми жетекші: Жамашев А. Ш

Ғұламалар өтірікші қиссашыларға қарсы шығып, олардың өтіріктерін жұрттың алдында ашықтап көрсеткен. Солардың бірі ретінде әл-Әғмәшті (һ. 148 ж. д.с) айтсақ болады. Бір күні ол мешітке кіріп, белгісіз бір қиссашының былай айтып жатқанын көрді: «Бізге бұл хадисті әл-Әғмәш, ал ол Әбу Исхақтан, ол Әбу Уаильден жеткізді». Бұны естіген әл-Әғмәш ілім алқасының ортасына кіріп, қолтығының түктерін жұла бастады. Сол кезде оған қиссашы наразы болып былай деді: «Біз ілім алқасындамыз. Ал сен болсаң, осындай қылық танытып отырсың. Қалай ғана ұялмайсың?!». Оған әл-Әғмәш былай жауап берді: «Мен ішінде тұрған нәрсе сен ішінде тұрған нәрседен жақсырақ». Бұны қиссашы түсінбей: «Қалай сонда?» деп сұрады. Сол кезде әл-Әғмәш былай түсіндірді: «Мен сүннеттің ішіндемін (яғни менің бұл ісім – сүннет), ал сен өтіріктің ішінде тұрсың. Жаңағы «әл-Әғмәш» деп тұрғаның – менмін. Сенің ойдан құрастырып айтып отырған хадисіңді мен саған ешқашан айтқан емеспін».

Язид ибн Һаруннан кей уақыттары қиссашылар жайлы сұралғанда, олардың жалған әрекеттерін әшкере қылып, өтіріктерін ескертіп отырған. Мысал ретінде мына оқиғаны айтсақ болады: «Бір қиссашы адамдардан бір затты сұрағанда, олар бермей қойыпты. Сол кезде ол: «Бізге Язид ибн Һарун, ол Шәриктен, ал ол Муғирадан, Муғира болса Ибраһимнен мына хадисті жеткізген: «Бір адам басқалардан үш рет бір нәрсені сұрап, олар ол затты сұраған адамға бермесе,  оларға үш рет тәкбір түсіре беріңдер» деген жалған хадисті айтып, жаңағы затты бермей қойған адамдарға тәкбір түсіре бастады». Осы хадис жайлы Язид ибн Һаруннан сұрағанда, ол: «Өте сұмпайы өтірік екен. Мен мынандай хадисті еш естіген емеспін», – деп жауап берді».

Кейбір жалған қиссашылар Язид ибн Һарунның көзінше жалған хадистерін айта беретін болған, оған мысал ретінде «Бізге Язид ибн Һарун, ол Зи’бтен, ал ол Әбу Зи’бтен хадис жеткізген» деген сөздерді айтсақ болады. Сол кезде Язид ибн Һарун күліп жіберді. Кейін адамдар мәжілістен тұрып бара жатқанда, олардың кейбірі қиссашыға: «Бәлеге қалғыр! Ол риуаятшының аты Зи’б емес, Мұхаммед ибн Абдуррахман ғой!» деп айтқанда, ол былай жауап берді: «Егер оның әкесінің есімі «Әбу Зи’б» (қазақша: «қасқырдың әкесі») болса, онда оның есімі «Зи’б» (қазақша: «қасқыр») болғаннан басқа жол жоқ».

Бір қиссашы «ар-Расафа» мешітінде отырып, Ахмад ибн Ханбал мен Яхья ибн Мәғиннен риуаят етілген деп 20 беттен тұратын жалған хадистерді айтты. Бұның барлығын естіп тұрған Ахмад ибн Ханбал мен Яхья ибн Мәғин дәріс біткен соң, жаңағы қиссашыға өздерін таныстырып, ендігіден былай ол екеуінің атынан жалған хадис таратпауын хабарлайды. Сол кезде қиссашы еш қаймықпай: «Яхья ибн Мәғинді бір ғана уақыт біліп тұрсам да, оның ақымақ екеніне көз жеткіздім. Сендерден басқа Яхья мен Ахмад есімді адамдар жоқ па еді?! Мен мына Ахмадтан басқа 70 Ахмад ибн Ханбал есімді адамнан риуаят еткенмін!», – деп, бұрылып кетіп қалды.

Уақыттар өте келе, саяси-идеологиялық себепті жалған хадистер шығарған қиссашылардың алдын алу үшін ғұламалар еңбектер жазып, өтірікші рауилердің алдын алған.

kaznu.kz

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *