«Бүгінгі «Жұлдыз» журналының мазмұндық, тақырыптық ерекшелігі»

«Жұлдыз» журналы— ғасырға жуықтап қалған, қазақ ақпарат кеңістігінде алар орны ерекше. Өзінің шыға бастағанына жүз жылға жуық уақыт болған бұл басылым, шын мәнінде, қалың оқырман қауымның жан серігіне айналды. Тарихқа көз жүгіртпес бұрын, журналдың ерекшелігіне тоқталсам, яғни 2018 жылдың №6 санынан бастап журналдың атауы латын қарпімен басылып, жаңа логотиппен жаңаша дизайнмен шыққан болатын. Бұл әрине, дизайн, логотип шеңберінде ғана тұрақтап қалмай, мазмұндық, тақырыптық тұрғыдан да әлі жаңара түседі деген сөз.

Аталмыш журналда сан жылдар қызмет атқарып, оның шаңырағын көтеріп, уығын қадасқан, алғашқы редакторы-Сәкен Сейфуллиннен бастау алған, көптеген қаламгерлердің жанкешті еңбегі журнал жылнамасында мәңгілікке жазылып қалады. «Жұлдыз» журналын ұлт руханиятының алтын көпірі етсек деген мақсатта қалтқысыз еңбек сіңірген аға буынның дәстүрі журналдың бүгінгі шығармашылық ұжымының ізденісінен лайықты жалғасын тауып келеді. Соның бірден-бір дәлелі- «Жұлдыз» журналы «Жылдың ең үздік журналы» аталымы бойынша «Үркер — 2020» ұлттық сыйлығын жеңіп алып, көзқарасты оқырманды тәнті етті.Осыған сәйкес, өткен жылдың, ақпан айындағы санында редакция журнал туралы «Жұлдыз» – ең үздік журнал»   атты мақаласын жариялаған болатын. Мақалада: «Жұлдыз» – Алаш жұртының сан ғасырлық даналығын бойына жинақтаған, таза ұлттық журнал. ХХІ ғасырға тиесілі тәуелсіз жаңа қазақ әдебиетінің бас ордасы, құтты ошағы, еліміздегі ең байырғы әдеби басылым – «Жұлдыз» журналының ұлттық руханиятымыздағы алатын орны ерекше. Ғасырға жуық уақыт бедерінде әдебиетіміздің классиктерінен бастап, жаңа талап жас таланттарымыздың үздік шығармалары «Жұлдыз» бетінде үздіксіз жарық көріп келеді» деген пікірлерімен өз басылымының биігін асқақтата түсті.

Журналдың тақырыптық нақышы да өзгеше. Ұлттық әдебиетіміздің толғаулы мәселелерімен қоса салт-дәстүріміздің озық үлгілерін насихаттау, Қазақ мемлекеттілігінің рухани әлемінің қадау-қадау толғаулы мәселелерін көтеру, жас ұрпақты елжандылық пен отаншылдыққа тәрбиелеу сияқты өзекті мәселелер журналистерді ізденістерге бастайтын тақырыптар болып қала бермек. Осы тұрғыдан келгенде журнал тарапынан жүргізіліп жатқан түрлі іс-шаралар, тың бастамалар оқырмандар тарапынан қолдауға ие болып келеді. Сондай ізденістердің нәтижесінде тұсауы кесілген мақалалар мен ой-толғамдар көпшіліктің көзайымына айналғаны сөзсіз. Айталық, Б.Шаханұлының «Арғымағын жау алған» (2015 жыл, №9) М.Мағауиннің «Әбіш екеуміз», Ж.Ахмадидің «Қазымбет қазы»(2016 жыл, №12) Ж.Аймауытовтың «Тау еліндегі оқиға», Т.Жандәулеттің «Алдансордың шұбар күні» (2015 жыл, №8) сынды материалдары рухани әлемдегі өзекті мәселелерді қозғауымен құнды. Осы жарияланымдардың қай-қайсысына да еліміздің түкпір-түкпірінен оқырмандар үн қосып, өздерінің ой-пікірлерімен бөліскендері сөзсіз. Демек, журналдың бұқарашылдық сипаты туралы әңгіме қозғағанда осы бір мысалдарды мақтанышпен айтуға болатыны ақиқат.

Журналдың даму, өсу жолы республика тарихындағы айтулы, маңызды кезеңдермен тығыз байланысты. Мәселен ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, елді индустрияландыру, қазақ халқының ілім-білімге ұмтылысы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ел басына түскен қабырға қайыстырар ауыртпалықтар, одан берідегі санамызда жаңғырған оқиғалар басылым беттерінен лайықты көрініс тапты. Ал журналдың 1991 жылдан бергі нөмірлерінде республикамыздың егемендік алғаннан кейінгі қадамдары, оны нығайту жолындағы мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің ой-толғаныстары, сыни пікірлер жиі жарияланып отырды. Қазақстанның бір байлығы халықтар достығы мен қоғамдық келісім идеясын жүзеге асыру болса, осы мақсатта журнал айрықша рөл атқарып келеді. Демек, бұл басылым өзінің о бастағы қоғамдық-саяси теориялық журнал деген мәртебесіне сай шығып отыр деген сөз. Осы журнал редакциясында  қазақ зиялы қауым өкілдерінің басқосуы жиі өтіп, онда қоғамдық өміріміздегі болып жатқан сан салалы мәселелер талқылау өзегіне айналады. Оның нәтижесі журнал беттерінде жарияланып, оқырмандар қазынасы болып келеді.

Басылым ғұмырлы болсын!!!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *