Мектеп оқушысы оқуы керек 3 кітап

Қазіргі уақытта кітап сүйер қауымның саны артуда. Бүгінгі таңда кітапқа тек үлкендер қызықпайды, сонымен қатар жастар, яғни мектеп оқушылары, студенттердің едәуір бөлігі уақытың кітап оқумен өткізеді. Кітапты әрбір адам талғамына қарай таңдайды, оның жанрлары мен түрлері жан-жақты. Ал мектеп оқушысына мен қандай кітаптар ұсынар едім?

Дәлірек айтсақ, қазақ әдебиетінде  орасан зор маңызға ие Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты романы. Бұл романды білмейтін қазақ жоқ десем артық кетпеспін. Ұлы дана Абай атамыздың образы, заманы, оның нағыз халықтың қамқоршы екендігі жайлы суреттелген бұл роман үздік шығармалардың бірі. Төрт томнан тұратын бұл роман  Мұхтар Әуезовтің терең ақыл-білімімен, табиғатында бар өткірлігін аңғартады. Басты кейіпкер Абайдың балалық шағынан бастау алатын , сонау ақынның ақырғы сәттеріне дейін қамтылған, халқымыздың рухани, мәдени дәстүрі шығармада көрініс тапқан. Егер де, Абай өмір сүрген дәуірдің сипатын, халық тағдырын білгіңіз келсе, бұл романды міндетті түрде оқуға кеңес беремін.

Қамшының сабындай қысқа, небәрі 40 жыл ғана ғұмыр жазған, өмірін шығармашылыққа арнаған ,мен үшін әдебиетте ерекше орны  бар тұлға-  Джек Лондон. Арман мен жетістік туралы кітаптарының бірі – «Мартин Иден» автобиографиялық романы. Өз жолын, өз бақытын іздеу жолында   Мартин Иден талай сынақтарға кездеседі. Мүлдем басқа қоғамнан зайырлы ортаға тап болған Мартин Иденнің шығармашылық қабілеті оянып , Руфи Морздың келбетіне таң болып, оның жүрегін жаулағысы келеді. Оның алдындағы екі мақсат: жазушы атағы және сүйіктісімен бірге болу.Мартин Иденнің мақсаты орындалар ме екен?  Бар ғұмырын шығармашылыққа арнаған тұлғаның жолы сөзсіз адамды толғандырады. Оқу барысында бас кейіпкердің талпынысы сізді қапасыз таңғалдырмақ….

Ник Вуйчичтің: «Өздерін бақытсыз адам деп есептейтіндер – бақытқа жетуге сәл-ақ қалғанда шыдамай кетіп қалған адамдар» деген  сөздер бүгінмен ұштастырып тұрғандай. 2010 жылы жарық көрген «Шекарасыз өмір: бақытты өмірге бастайтын жол» атты кітабы көп адамдарды терең толғандыруда. Ник Вуйчич өмірге аяқ-қолы жоқ болып келген. Оның  шабыт беретін кітабы адамды өзіне сенуге, бақытты болуға ұмтылдырады. Бұл кітапты неліктен оқушы оқуға тиіс? Себебі, осы кітап арқылы өмірден  түңілмеу, барға қанағат етуді үйретіп қана қоймай, бақытты болудың жолдарын үйренуге болады.

Қорытындылай келе, қандай кітап болмасын , әр адамға беретін түйіні әр түрлі. Түсініп оқу арқылы ғана кітаптың пайдасын көре аламыз. Кітап оқуды оқушы міндетті түрде әдетке айналдыруы қажет, себебі, кітаптың берер пайдасы мол.

                                                                                                        Адам Аңсағаным Қуанышқызы

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *