“Қоңырқаз” құпиясы

   Миф – адамзат сенімінің негізгі көрінісі. Мүмкін емес шындықтың өміршеңдігі іспеттес. Әрі астарлы ойды айқын жеткізуде орны бөлек. Миф – бағзы заман аңыздары болғанымен, қазірге дейін өз күшін жоғалтпаған ұғым.

   Қазақ әдебиетінің дамуы мен жан-жақты жетілуіне ықпал етуші ақын-жазушылар шығармалары халық арасына кеңінен таралуда. Айгүл Кемелбаеваның “Қоңырқаз” туындысы – қазіргі қазақ әдебиетінің күйін, мүмкіндік пен артықшылығын паш ететін бірден бір туынды. Тәрбиелік мәні аса жоғары.

   Автордың миф кейіпкерін деталь ретінде ғана ұсынып, шығармаға өміршеңдік беруі – нағыз жетістік. “Сәби періштелер” сырын кішкентай қыздың ғана ұғынып, өз ерекшелігін түйсіне алуы, бұл дүниеден байыз таппай, жан қалауына ұмтылуы шағын ғана әңгіменің желісін шарықтата түседі. Хорланның физикалық халі шындыққа жат, дегенмен оқиғалар тізбегі мифологиялық кейіпкерлерді есепке алғанда аса нанымды кескінделген.

   «Тәрбие» ұғымы аталмыш шығарманың өн бойында астасып жатыр. Қаршығаның ауылына оралып, некесіз баланы дүниеге алып келуі, обал мен сауаптап жұрдай күйге жетуі – осы туындының негізі, баса көңіл аударатын тұсы. Қаз жұмыртқаларын ұрлап ішкеннен қарғысқа ұшырауы оқырманды ойлантары анық. Өзімен қоса қызына қиындық туындатқаны әлеуметтік оқиғаның бір пұшпағы. Ал үйді айнала мұңлы дауыспен ұшып өткен бір топ қазға қарап, жамандықтың нышанын аңғаруға болады. Бұл – сенім. Мифтің сарқыншағы деуге толық негіз бар. Жаратқанға жалбарыну, сенім арту да осы қатарды толықтырады.

   Бейкүнә қыздың Көкке көтерілер сәті оқырманды толқытып һәм тыныштандыратындай. Себебіне келсек, автор жаны кіршіксіз таза «қанатты қыздың» ақ парақтай көңіліне кірбің түсірмей, мейірімсіз қоғамнан құтқаруға тырысқаны байқалады.

   Шығарма оқырманды қайран қалдырып, өзгеше сезімге бөлейді. Өмірлік кеңестер, түсінген адамға, ұмытылмастан жаңғыра береді.

   Айгүл Кемелбаева шығармашылығында тәрбие мен танымның қатар өрілуі – қазіргі қазақ әдебиетіндегі көрініс. Ізденіс пен ұмтылыстың жемісі.

 

Төлегенова Айнұр Талғатқызы

ҚазҰПУ студенті

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *