“Қазақстан” газеті және Ғұмар Қарашев

                   «Қазақстан»  газеті және Ғұмар Қарашев

   Ғұмар Қарашев — қоғам қайраткері, ақын және халқын білімге шақырған ұлы тұлға. Ол араб, түрік, татар, парсы, башқұрт тілдерін жақсы білген. Дін саласынан да сауатты болған еді. Ғұмар Қарашев қарапайым халықтың жай — күйін басылым беттеріне бейнелеген қаламгер болды. Баспасөз және ұлт жанашыры «Қазақстан», «Достық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналының тарихында елеулі қызмет атқарды.

Ғұмар ақын тарих, философия, әдебиет салаларымен қызығып, өзін осы бағытта дамытуға тырысқан. Басылым беттеріне де жазған еңбектері осы бағыттарда болған. 1907 жылдан бастап татар, қазақ тілдерінде жарық көретін газет — журналдарда мақалаларын жариялап тұрды. Ғұмар Қарашев өз ұлтының әлеуметтік өміріне араласып, ел мұратын көздейтін істермен айналысқан. Әсіресе, «Қазақстан» газеті осы адамның есімімен іспеттес келеді. Себебі, бұл газеттің жұмысын алға қоюда белсенді қызмет еткендердің бірі — Ғұмар Қарашев еді.

   «Қазақстан» газетін — алғашқыда Орда қаласында, кейін Оралда жарық көріп жүрді. 1911 — 1913 жылдар арасында оқырмандарын ішіндегі мақалаларымен қуантып отырды. Бұл газетті тәуелсіз қазақ баспасөзінің алғашқы бәйшешегі десе де болады. Мәселен, Ташкенттегі «Түркістан уәләятының газеті», Омбыдағы «Дала уәләятының газеті» патшалық Ресейдің саясатын жүргізу үшін шығарылған болатыны шын. Торицкідегі «Қазақ газеті» мен Петербургтегі «Серке» газеті бір ғана санынан кейін жабылып қалған еді. Ал сол уақытта «Қазақстан» газеті тұрақты шығарылса керек. Ғұмар Қарашев баспасөздің қараңғы қазақтың сауатсыздығын, өмірге деген көзқарасын өзгертетінін жақсы білді. Осы мақсатпен газеттің даму жолында күні — түні еңбек етті. «Газет деген не зат?», «Газет не үшін керек?» атты мақалалары бойынша Ғұмардың халқына деген жанашырлығын, ниетін айқын байқауға болады.

   «Қазақстан» газетінің алғашқы санындағы мақаласында ол адам осындай дүниені жазады: “Қайғыны, шаттықты бірге, ортақ көрмеген соң бізде ынтымақ жоқ. Ынтымақ болмаған соң күш-қуат та жоқ. Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет! Сол себепті газет біздің байлығымыз! Газет біздің достар алдында көркіміз! Дұшпандарға қарсы құралымыз! Газет біздің білгенімізді көрсететін ұстазымыз! Газет біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз! Біз қазақ балаларын бұның қадірін біліп, ортамызда жанған бір шамның сөнбеуіне тілекші болу, аз ақшаны аямай жазылып, алып оқу парыз”. Ғұмардың баспасөз туралы осы ойы өте дұрыс деп білемін. Газет және журнал — ақпарат пен жаңалықтың көзі, әдебиет пен білімнің шырағы.

Абдрахманова Айгерім

ҚазҰУ, журналистика 1 курс студенті

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *