«Тәлімгер-мәңгілік мамандық!»

«Тәлімгер-мәңгілік мамандық!»

 

Бүгінгі таңда балаларды өзіндік қызығушылығы мен қоғамдық қажеттіліктен туындаған өзінің жеке шығармашылығы және көшбасшылық мүмкіндіктерін қазіргі өмір кеңестігінде іске асыру бойынша белсенді қызметке тарту маңызды болып отыр. Балалар қоғамдық ұйымдарының қызметі жас ұрпақтың қоғамдағы орнын белгілеу және мүмкіндіктерін іске асыру, жеке басын әлеуметтендіру жөніндегі маңызды институт болып табылады.

Аға тәлімгер – балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшісі, көпшілік іс-шараларды ұйымдастырушы, лауазымдылық міндеттері бар педагог. «Тәлімгер» сөзі «жолбасшы» сөзінен шыққан. Таныс емес бағыттармен жүргенде жол сілтеп отырған адамды жолбасшы деп атаған. Осылайша жолбасшы өз қамқорлығындағыларды балалық өмірдің бейтаныс жолдарымен жетелейді. Сондықтан мектеп Тәлімгерлерін балалар бірлестіктерімен жұмыс жасайтын жолбасшы деуге болады.

Балалар ұйымы – бұл әлеуметтік мақсатты жүзеге асыру үшін құрылатын, өзіне тән ережелері мен қағидалары бар, мүшелік саны мен құрылымы Жарғыда немесе басқа құжатта бекітілген өзі әрекет ететін және өзін-өзі басқаратын қоғамдық бірлестік. Ол оқушылармен жүргізілетін барлық тәрбие жұмысының орталығы болып табылады. Бұл жерде олардың әрқайсысы балаларға жақын әрі түсінікті қызметтің ұйымдастырушысы, бастамашысы, белсенді қатысушысы бола алатын балалар мен ересектердің ерікті ынтымақтастығы ретінде қарастыруға болады.

Қарағанды облысы, Балқаш қаласының қалалық «Ағыбай батыр атындағы оқушылар сарайы» КМҚК-ны және қала мектептерінің Аға тәлімгерімен бірлесіп, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен тәрбиелеу ісіндегі маңызды міндеттерді жүзеге асыруда мына бағыттарға сүйенеді: қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие, құқықтық тәрбие, рухани-адамгершілік тәрбие,  ұлттық тәрбие, отбасы тәрбиесі, еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие, көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие, зияткерлік тәрбиесі, ақпараттық мәдениет тәрбиесі, дене тәрбиесі, салауатты өмір салты.

Балалар қоғамдық қозғалысының педагогикалық қолдауы бойынша нақтылы жүйесі құрылған. Қалалық Оқушылар сарайының базасында оқушыларды тәрбиелеу мен әлеуметтендірудің құралы болып табылатын балалар қозғалысының жұмысын үйлестіруші орталық қалыптасқан. Орталық ұйым қызметінің үйлестірушілері мен Балқаш қаласының білім беру ұйымдарының Аға тәлімгерлерімен бірлесіп жұмыс атқарады.

Ұйымдастырылатын шаралардың негізгі мақсаты әлеуметтік жұмыс, мәдени, жауапкершілікті арттыруға негізделген. Ұйым құрамындағы әрбір оқушы өз бағытының үздігі. Жұмыс жасау барысында  оқушылардың мүдделері қорғалып, ойлары ескеріледі. Мектептің көшбасшылары  мектеп өміріне белсенді қатысады, сценарийлер жасайды, атаулы күндерге стендтер ресімдейді, түрлі тақырыптар бойынша дөңгелек үстелдер өткізіп, өз ойларын еркін жеткізеді.

Сондай-ақ, балалар облыстық, қалалық және мектеп байқауларына қатысады. Атап айтатын болсақ, мектеп парламенті мүшелері арасында Республикалық «Жетістік портфолиосы» атты қашықтық байқауында қаламыздан 12 білім алушы қатысып, жүлделі 1,2,3 орындарды иеленді.  Қарағанды облысының білім беру ұйымдарының «Ту ұстаушы» топтарының арасында XI байқау -сайысының облыстық финалдық кезеңінің қорытындысы бойынша Балқаш қаласының А.Ермеков атындағы мектеп-лицейі үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі 3-орынға ие болды. Республикалық Ұлттық пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңінде Балқаш қаласының пікірсайысшылары қатысып,  қазақ лигасы -3 орын, орыс лигасы-1 орын, ағылшын лигасы-3  жүлделі орындарды иеленді. Сонымен қатар  қаламыздың мектеп парламентінің мүшелері мұғалімдер күніне орай Республикалық «Дублер күні» өзін-өзі басқару күнін өткізіп, белсене қатысқан оқушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Тәлімгер — баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын көкке ұсындырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік –саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім-тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі. Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу-тәлімгердің басты міндеті.

Самалы бол Отанның салқындаған,

Сандуғаш бол, сайратсын  алтын далаң.

Семсері бол Отанның қынабында,

Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған — деп, Мұқағали Мақатаев айтқандай қорыта келгенде айтарым, қазіргі заман тәлімгері — заман талабына сай, жан-жақты, білім мен тәрбиені ұштастыра білген, жаңа технологиялармен қаруланған бала жанының бағбаны.

 

 

 

Қалиақпар Назым Орынбасарқызы

«Ағыбай батыр атындағы оқушылар сарайы» КМҚК

Қалалық «Мектеп Парламентінің» үйлестірушісі

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *