бүйрек

Бүйрек
Ыдырау өнімдерін шығарудың негізгі мүшесі – бүйрек. Ағзадан зат алмасу соңғы
өнімдерінің 75%-ы бүйрек арқылы шығарады. Бүйрек құрсақ қуысында 1–2-бел
омыртқаның екі жағына орналасқан. Ол үрмебұршақ пішінді қызғылт-қоңыр түсті (86-
сурет). Оң жақтағы бүйрек сол жақтағы бүйректен сәл төменірек (1–1,5 см) орналасады.
Өйткені оң жақ бүйрекке үстіндегі бауырдың салмағы түседі. Бүйректің сыртқы жиегі
дөңес, ішкі жиегі ойыс. Ойыс жағы омыртқа жотасына қарай бағытталған. Ойыс жағында
бүйрек артерия тамырлары, бүйрек вена тамырлары, жүйке талшықтары мен несепағар
жолдары болады. Бүйректің бұл жері бүйрек қақпасы деп аталады.
Әрбір бүйректің салмағы шамамен 150 г. Бүйректің сыртын қалың май қабаты
қаптайды. Бүйрек қоңырқай түсті сырты қыртысты және іші бозғылт түсті милы заттан
түзілген.Бүйректің ойыс жағында шағын қуысы болады, оны бүйректің астаушасы дейді.
Бүйректің боз (милы) затында ұштары бүйрек астаушасына қарай бағытталған 15–20
пирамида орналасқан. Пирамидалардың қыртысты затқа қараған шеті жалпақ.
Пирамидалардың астаушаға қарай бағытталған шеті бүйрек емізікшелері деп аталады.
Ондағы ұсақ саңылаулар кіші тостағаншаларға ашылады. Әрбір бүйректегі кіші
тостағаншалардың саны 8–9. Олар өзара 2–3 үлкен тостағаншаға бірігеді. Үлкен
тостағаншалар бүйрек астаушасына ашылады. Бүйрек қақпасында бүйрек астаушасы
тікелей несепағармен байланысады.
Бүйректің құрылысы өте күрделі. Бүйректің құрылымдық және қызметтік бірлігі –
нефрон (грекше «nephros» – бүйрек) деп аталады . Әрбір бүйректе 1 млн-нан
астам нефрон болады. Нефронның өзі екі бөлімнен тұрады. Сыртынан қоршап жатқан
бөлімі – бүйрек денешігі деп аталады, ол қыртысты затта орналасқан. Екінші бөлімі – иір
өзекшелер, олар бүйректің иір-иір болып шумақталып, боз (милы) затында орналасқан.
Нефрон өзекшелері иректеліп әрі өзара қосылып жинағыш түтікшелерді құрайды. Олар
тікелей пирамидалармен байланысқан.
Бүйректе артерия қантамырлары 2 рет капилляр (ұсақ қантамырлар) шумағын
құрайды. Адам денесіндегі басқа мүшелерде ұсақ қантамырлар бір-ақ рет шумақ құрайды.
Бүйректің қызметі. 1. Қандағы тұз концентрациясы мен жасушалардан ағып өтетін
сұйықтықтардың осмостық қысымын реттейді. Дене сұйықтығындағы тұздың
концентрациясы жасуша ішіндегі концентрациясынан артық болса, су жасушадан шығып,
жасуша бүрісіп қалады. 2. Қан мен басқа да сұйықтықтың құрамын реттейді. 3. Бүйрек –
күрделі биологиялық сүзгі: ағзадағы артық су, тұз, дәрі заттарды шығарып, жетіспейтін
заттарды сүзіп алып қалады. 4. Бүйректе зәр (несеп) түзіледі. 5. Ағзаның ішкі ортасы
құрамының тұрақтылығын сақтайды. 6. Су мен тұздың мөлшерін реттейді.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.