Тәуелсіздік тәңір тартуы

      Жәнібек пен Керейден бастау алған бектілігіміз бен тектілігіміз, әр қазақтың қанынан, жүрегінің жанынан орын алған, ар мен намыстан тұратын, жұдырықтай жұмыр жүрегіміз имандылықтың тұрағы. Батыр-бабаларымыздың әр соққан сойылы, шапқан қылышы, түйреген найзасы, тәуелсіздігімізге бір қадам болса да жақындатқаны ақиқат. Арыстандай азулы, ержүрек ерлеріміз ертеңгі ұрпақ үшін елеңдеп, есесін еш жауымызға бермегені шындық.

     1991 жыл. 1-желтоқсан. Қазақ жұртының жылдар бойы аңсаған арманы орындалды. Бұл күн – тәу етер тәуелсіздігімізді алған күн. Бұл күн – тұңғыш президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың таққа отырған күні. Қазақ елінің Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқан алғашқы бастауы.

     Біз тәуелсіз, бейбіт, ашық аспан астында дүниеге келген жас ұрпақпыз. Қазіргі таңда дамыған, озық мемлекетте білім алып жатырмыз. «Болашақ жастардың қолында» деп олардың білім алуы, жұмыс жасауы үшін біздердей жас ұрпақтың дамуына елімізде көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл әрине ең алдымен Елбасымыздың арқасы.

   Біз бақытты елміз. Президентіміздің сіңірген еңбегі мен көшбасшылық қасиетінің арқасында мемлекетіміз халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. Дамыған елудің қатарына кіріп, отыздың озығы болуға талпынудамыз. Қазіргі таңда өз алдына мақсат-мүддесі, діні, ділі, ұлттық рәміздері мен теңгесі бар зайырлы мемлекетпіз.

    Сондай-ақ желбіреген көк туымыздың астында көптеген ұлт өкілдері мекен етеді. Олардың әрқайсысы қазақ елі үшін бауыр, әрі туыс. Әрбіріміздің тілеуіміз де, мақсатымыз да бір. Ол – мәңгілік бейбітшілік. Қазағымның қара шаңырағы өзінің әрбір тұрғынын осы бейбітшілігімен бақытты етіп келеді.

       Егеменді ел болу оңай іс емес. Біз тарихтағы – ең бақытты ұрпақпыз. Көк байрақтың астында көгерген, азат елдің айбынды жастарымыз. Тәңіріміз тарту еткен тәуелсіздігімізді, тілімізді, дінімізді, «қазақ» дейтін атауымызды сақтап қалу, оны көркейту, дамыту мына біздер, яғни, жастардың қолында.

Тұрдахынбай Әсем Мұратқызы

Қайнарбай Айханым Қайратқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

«Журналистика» факультеті

«Баспа ісі» мамандығының  2-курс студенттері

Жетекші: кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, оқытушы Назкен Жансерікқызы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *