зАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ҚОҒАМ ТАЛАБЫ

ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ҚОҒАМ ТАЛАБЫ

 

Білім беру үрдісі үздіксіз жүргізілетін құбылыс. Заман дамыған сайын оның аясы да кеңейіп, мол мүмкіндіктерге жол ашылуда. Қазіргі таңда тың технологиялар өмірімізге терең енгені соншалық, оның дамуы көз ілеспес жылдамдықпен жетіліп келеді. Мұның бәрі сапалы білім, саналы тұлғалардың арқасында деп білемін. Осыдан он жыл артқа шегінер болсақ,  инновациялық технологиялар өмірімізде болғанымен, оның қолданылу аясы қазіргідей кең ауқымды құраған жоқ болатын. Мен өзім информатика саласының мұғалімі ретінде, оқушылардың да, мектеп ұстаздарының да, қолданыстағы технологиялардың да қаншалықты қарқынмен қарыштап, қолданысқа кең көлемде енгенін айқын аңғудамын.

Заман талабына сай жаңашыл үлгіде білім беру ол қоғам дамуының одан әрі ілгерілеуіне де өз септігін тигізеді. Олай дейтін себебіміз, ұлт ұландарын тәрбиелеу мектеп қабырғасында бастау алады. Бүгінгі таңда барлық сала технологиямен тығыз байланысқан. Кез – келген өндіріс орыны, зауыт бөлімдері,кәсіпорын, атақты фирмалар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, банк жүйесі, барлығы дерлік цифрландыруға көшкен. Тіпті, жалақыны шешу үшін де, темірдің көмегіне жүгінеміз. Ал, оны білім саласында да ұтымды пайдалану ұстаздар мен оқушылардың шеберлігін одан әрі шыңдауға септігін тигізбек.

Инновациялық технологиялардың көмегі қашықтан оқу барысында да айқын басымдығын көрсете алды. Әлем бойынша дүрбелеңге салған короновирустық инфекцияның кесірі, білім беру саласын да айналып өтпеді. Пандемия тез арада шешім қабылдауға талап етіп, ең алдымен халықтың денсаулығы алғашқы орынға шығарылды. Осылайша, аз уақытта технологиялар көмегімен қашықтан оқуға кірісіп кеттік. Осы орайда, шәкірттеріме берген білімнің қаншалықты жүйелі жүргізілгеніне көзім жетті. Оқу дәстүрі өзгергенімен, машық бұрыннан қалыптасқандықтан, оқушыларым еш саспастан өз мүмкіндіктерін молынан пайдалана алды. Ол тек менің сабағымда ғана септігін тигізіп қана қоймай, барлық пәндерді бағдарламадан қалмай игеруге ықпал етті. Дәл осы сәт те заманауи білім берудің талабын айқындап, технологиялардың білім беру саласында қаншалықты маңызды екендігін тағы бір дәлелдеп өтті. Бүгінгі таңда түрлі бағдарламалар, қажетті қосымшалар қатары жетіп артылады. Оны сабақ беру барысында ұтымды пайдалана алудың өзі үлкен өнер.

Мен информатика пәні ұстазы ретінде оқушылардың машығын дамыту барысында түрлі әдіс –тәсілдерді қолданғанды жөн көремін. Ол тек негізгі бағдарлама аясын ғана қамтып қоймайды, сонымен қатар жан –жақты зерттеу жүргізу саласын да естен шығарған емес. Күрделі бағдарламалардың тілін түсіну арқылы, көптеген технологияларда еркін жұмыс жасау мүмкіндігіне кез – келген оқушы бейімделе алады. Оған қоса, қазіргі балалар инновациялық ілімді тез игеріп әкету қабілетіне ие. Олар жаңашылдықты дереу қабылдап, техниканың тілін терең түсіне алады. Бұл әрине, болашақта жан – жақты бейімделген, өзіне сенімді, ең бастысы сауатты тұлғалардың қалыптасуына негіз болмақ.

Жалпы, информатика пәнінде заманауи білім берудің артықшылықтары:

  • Сауатты ұрпақ қалыптастырады;
  • Жаңашылдықты игеруге ықпал етеді;
  • Өз-өзіне деген сенімділік қалыптастырады;
  • Озық елдердің тәжірибесін түсінуге мол мүмкіндіктер ашады;
  • Өзге тілде ақпарат алуға көмектеседі;
  • Кез-келген бағдарламаны игеріп әкету мүмкіндігіне ие болады;
  • Жан-жақты жетілген тұлға өсіп жетіледі.

Бұл машықтардың бәрін игерту барысында ұстаздардың шеберлігі ең алғашқы орынға қойылған. Егер мұғалім мұның бәріне мән беріп қарамайтын болса, бұрыңғы салған ізбен жүріп, өзін жетілдіруге талпынбаса, тиісінше шәкірттер де сол соқпақпен жүріп, ешқандай ауқымды өзгерістер орын алмайтыны анық. Сондықтан, «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, әр педагог өзінің шеберлігін шыңдап, ең алғашқы кезекте оқушыларды үйретуді мақсат тұтпай, өзін жетілдіруді мақсат еткен жөн. Ол үшін үкімет тарапынан барлық жағдай жасалған. Бүгінде ұстаздық жолдың жілігін шағып, майын ішкен майталман мұғалімдерге де, жаңашылдықтың жаршысы бола білген, жас мамандарға да арналған түрлі тәжірибе алмасу алаңдары құрылып, біліктілікті дамыту барысы бір жолға қойылған. Олардың сандық қабілеттерін жетілдіріп, заманауи білім беру барысын тереңірек игерілуі мықтап қолға алынуда. Мұндай сабақтарды өз басым ешқашан қалт жіберген емеспін. Себебі, «Оқу инемен құдық қазғандай» дегендей, адам ешқашан білім алудан жалықпаған дұрыс, оған қоса заман ағымы дамыған сайын өзгерістер өте көп орын алып, өзінің өзектілігін байқатуда.Мен өз саламды жүрек қалауымен таңдап, шәкірт тәрбиелеу барысын өмірлік мақсатыма айналдыра білген жанмын. Олай болса, бүгінгі таңда ең маңызды пәндердің біріне айналған информатика сабағын жан – жақты игерту барысында бар жанымды салып еңбек ете бермекпін. Ұлы Абай атамыз:

«Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас

Үйретуден балаға», деп мерейлі мамандықтың қаншалықты маңызға ие екендігін айтып кеткен болатын. Біздің сіңірген еңбегіміз болашақтың айнасы. Бүгінгі мектеп партасында отырған бүлдіршіндер болашақта ел тізгінін ұстайтын ұлы тұлғаларға айналары анық. Олай болса, жан – жақты жетілген, заман талабына сай технологияларды меңгерген, бойларында білімнің оты ұшқындап тұрған ұлт ұландарын тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз. Келешегінен көп үміт күттіретін, болашақтары біліммен біте қайнасып, ел дамуына елеулі үлес қосатын, саналы шәкірттеріміз көп болсын!

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.