Бастауыш сынып оқушыларының психологиясын дамыту

Бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктері

Бастауыш мектеп – өскелең ұрпаққа білім берудің бастамасы. Қазіргі қоғам талаптарының өзгеруіне байланысты, еліміздің көркейіп-өрендеуіне,ел талап-тілектерінің бетбұрыстарына байланысты жаңа ұрпақтың психологиясы да айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, оны неғұрлым өмір талабына қарай өзгерту міндеттері қойылды.

Еліміздің егемендігі мен тіліміздің тәуелсіздігі де өскелең ұрпаққа жаңа талаптар қояды. Бала психологиясын жан- жақты зерттеп, оны терең білу, оның даралық ерекшеліктерімен үнемі санасып отыру мектеп пен мұғалімдерге жауапты да құрметті міндеттер жүктейді.

Бастауыш мектеп кезеңіне 7-10 жас аралығындағы балалар жатады. Бұл кезеңде баланың денесі едәуір дамып, бұлшықеттері мен шеміршектері, сүйектері нығайып, табаны сүйектенеді, омыртқасы, барлық мойын, арқа бел бүгілістері дамиды. Мидың маңдай бөліктерінің жетілуі баланың психикалық іс-әрекеті мен жүйкесінің қалыптасуына үлкен рөл атқарады.

Жекелеген психикалық үрдістердің қарқынды дамуы баланың бастауыш мектеп шағында жүзеге асады. Бұл кезде балада қабылдау қабілеті жетіледі. Көру мен есту қабілеті дамып, түстерді айқын ажырата алады. Қабылдаған заттардың қасиеттері мен сапаларын меңгереді. Қоғам өміріндегі жаңа негіздерге бақылампаздығы артып, қабылдауын басқарып, оны қажетті мақсатқа бағыттай алады.

Бастауыш мектеп кезеңінде негізгі іс-әрекет оқу болғандықтан, баланың барлық психикалық үрдісіне өзгеріс енеді. Іс-әрекетке белсенділігін көрсете отырып, ақыл-ой еңбегін зейін арқылы жүзеге асырады.

Оқу іс-әрекеті балаға өзінің есте сақтау үрдісін басқаруды талап етеді. Мектептегі оқу үрдісінің талаптары мен өзіне тән мазмұны бұл үрдісті едәуір дамытады, есте сақтау мықтылығы  беки түседі. Есте сақтау деңгейі – есте сақталатын материалдың мазмұнына, іс-әрекет сипатына, материалды есте сақтау және қайта жаңғырту тәсілдері мен әдістерін меңгеру деңгейіне байланысты болады.

Бастауыш мектеп кезеңінде сөздік материалды есте сақтау мүмкіншілігі бірден жоғарылайды, меңгерілетін оқу материалы үнемі оқушыдан елестету үрдісін талап етіп отырады. Есте сақтау мен елестету баланың күш-жігерді керек ететін мотивтерге байланысты өзгеріп отырады.

Оқу үрдісінде ой операциялары да іске асады. Елестету бойынша заттарды дұрыс әрі оңай салыстыра алады. Логикалық ойлауының даму ерекшелігіне ой қорытындысын жасай алу, себеп-салдарды анықтау, түсінік беру деген сияқты түрлері анық көріне бастайды.Оқушыларда жоғары дәрежеде, жүйелі түрде нәтижелі ақыл-ой әрекеті дамып жетіледі. Бұл өзін қоршаған орта туралы, қоғамға еніп жатқан жаңа техника туралы, танымдық қатынастарды меңгере алуынан көрінеді. Осы арқылы баланың ақылы және оның танымдық қызығушылықтары қалыптасады. Сонымен қатар бастауыш мектеп жасындағы балалардың тіл дамуы – ана тілін терең  әрі ұлттық ерекшелікте  меңгерілгендігі байқалады. Оқушы енді өз ойын, өз қалауын, өз сезімін ана тіліндегі сөз байлығын қолдана отырып, грамматикалық түрде өте дәйекті тұрғыда түсіндіре алады.

Тіл – ойдың жемісі. Бала тілінің таза, ойының жеткілікті болуына баса назар аудару қажет.  Л.С.Выгодскийдің пікірінше, мектепте оқытудың басталуымен ойлау баланың саналы әрекетінің орталығына ығысады. Ғылыми білімді меңгеру барысында жүзеге асатын сөздік-логикалық, пайымдап ойлаудың дамуы басқа да танымдық процестерді құрайды.

Ғұлама ғалым Х.Досмұхамедұлы тіл, сөйлеу – адам психологиясының басты белгілерінің бірі екендігін айтады. «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баланың тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл» -дейді.

Баланың алғаш мектеп табалдырығын аттауы – оның бойында күрделі сезімдер туғызады. Бұл балалар арасындағы, әрі үйдегі, әрі мектептегі жаңа талаптарға негізделеді. Бұл жастағылардың негізгі әрекеті ойын болса, оқуға кіргеннен кейін оқу психикалық дамуын билейтін болады. Осыған орай бала психикасы елеулі өзгерістерге  ұшырайды. Мұның себебі, ойынға қарағанда оқу талабының бала үшін қиындығында . Әуелгі уақытта мектептегі жаңа жағдайға бала әлі бейімделе алмағандықтан, оқу үстінде мынандай қиындықтарға кезігеді:

1-ші: баланың мектеп жағдайына бейімделуі;

2-ші: мұғаліммен, құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасы;

3-ші: 1-сынып оқушыларына берілетін тапсырмалар тым жеңіл болып, баланың оқуға деген қызығушылығы жоғалып кетуі мүмкін. Алайда, барлық қиындықтар бала психикасы дамуына байланысты шешіледі, жаман-жақсыны ажырата бастайды. Мектепке алғаш келген оқушының негізгі таным процестері мектепке кіргеннен кейін едәуір өзгерістерге ұшырайды. Бұл кезеңде балаға мұғалім мен ата-ана тарапынан көп көмек қажет болып табылады.

Өкінішке орай, жақсы оқуға мүмкіншілігі толық жететін оқушыны, оның кейбір ақыл-ой енжарлығына қарап, қабілетсіз деп есептейтін жағдайлар да кездеседі. Бұл баланың оқуға қызығушылығының жоқтығынан, ақыл-ой жұмсаудан қашу ниетінен, онда қалыптасқан сенімнен, яғни ілім – баланың қабілеті жетпейтін, өте қиын нәрсе дегеннен келіп пайда болады. Мұндай балаларға қозғау салып, оны белсенділікке бастап, бейімділік көрсеткен нәрселерінен мағлұматтар беріп қызықтыру қажет. Оған қосымша қызықтыратын материалдар беріп, білім алудың қуанышын бастан кешіруге (мысалы, бұрын оған қиын болған есепті дұрыс шығару кезі) жағдай туғызған пайдалы. Бұл мектеп оқушысының өз күшіне деген сенімін туғызады, сөйтіп басқалардан қалыспай тәуір оқи алатындығына көзін жеткізеді.

Мұғалімнің ойлы, қабілетті балаларға төнген қауіпті де ұмытуына болмайды. Олар оқуды жеңіл меңгереді, сондықтан да олар еңбектенуге дағдыланбаған және қажетті ықыласы жоқ болады.  Ақыл-ой  күшін жұмсаудың  болмауы мынандай жағдайға әкелуі мүмкін: мұндай балалардың бірте-бірте қабілеттіліктері жойылады, талантты мектеп оқушысынан еңбекке жарамсыз, орта, тіпті нашар жұмыскерлерге де айналып кетеді.

Бастауыш сынып оқушылары көпке дейін тапсырманы қалай орындаудың тәсілдерін білмейді. Олар берілген тапсырманы жаттап алғысы келіп тұрады. Осылай болуы олардың жаттауға икемділігінің молдығынан емес, оқуға әлі төселмегендігінен, қалай жұмыс істеуге ешкім оны үйретпегендігінен  кездеседі.  М.М. Мұқанов өзінің «Жас және педагогикалық психология» атты еңбегінде бастауыш мектепте тапсырманың балаларға екі түрлі жолмен берілетіндігін көрсетті: біріншіден, берілген тапсырманы орындау үшін жауапты бала өздігінен іздестіреді. Екіншіден, тапсырма жауап іздестіру ретінде берілмейді. Оны орындау үшін соның үлгісі беріледі,мысалы, тақпақты жаттау үшін соның тексті беріледі.

Қазіргі балалар психологиясының негізгі мәселелерінің бірі – бастауыш сынып оқушыларының психикасын дамыту болып табылады. Бала психикасының дамуын зерттеудің міндеттері төмендегідей болып келеді:

  • Проблемалы жағдайларды шешуді талап ететін тапсырмаларды жасау.
  • Оқытуға дейінгі сақталу принципінің деңгуейін анықтау.
  • Көрнекті көріністің алдында заттарды бағалау мен сөздік ой-пікірлердің байланысын зерттеу.

Әл-Фараби өз еңбектерінде осы пікірді былай деп қолдайды. «Қандайда бір ғылым болмасын көңілге дербес ерекше мәндерді ұғыну арқылы ұялайды. Бізге осы ерекше мәндердің кейбіреулерін ғана жеткілікті, ал қалған көпшілігін сезінудің өзі тиімді». Осы жағдайда біздің сезіміміз қабылдап, ұғынуымыз жинақталғаннан кейін ғана барып, біздің санамыз өзіне тән рольді атқара бастайды. Бастауыш мектептегі оқыту процесінде мұғалім баланың танымдық іс-әрекетін дамытуға әусер ете отырып, біріккен іс-әрекет барысында олардың ойлауы күрделеніп, есте сақтауы мен зейіні тұрақталып шоғырланады.

К.Д. Ушинский: «… ең кіші сыныптан бастап оқушылардың жасына қолайлы өзінің жинақталған көзқарасы болуы керек… Әрбір жыл сайын бұл көзқарастың тереңдетілуі, кеңеюі, толықтырылуы тиіс»,-деп жазған. Яғни, оқушының танымдық әрекеті оның дамуындағы басты шарт болатынын анықтады. Педагогикалық-психологиялық әдебиеттерде білімнің рольі, білімнің сенімге айналуы, оқу-танымдық міндеттерді шешуге қажетті оқушылар көзпқарасының мәні, жас ерекшелік және орта әсері оқушылардың танымдық әрекетін қалыптастыруға қажетті және жеткілікті шарттар ретінде беріледі.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *