Жеткіншектердің суицидалды мінез-құлқы түсінігінің мәні

Соңғы жылдары жеткіншектік жастағы суициалды мінез-құлық проблемасына ерекше көңіл бөлінуде. Себебі, соңғы жылдары жастардың арасында суицидалды әрекеттердің жиілігі артты. Ол жастардың суицидалды белсенділігінің үздіксіз өсуімен байланысты.

Өзіне-өзі қол жұмсау әрекет ретінде суицидалды мінез-құлықтың түпкілікті көрінісі болып табылмайды. Ол келесі құрамдас бөліктерден тұрады: суицидалды көріністер (ойлар, тұспалдар, пікірлер, ниеттер, сезімдер) және суицидалды әрекеттер. Бұдан шығатыны – аталған мінез-құлық ішкі де, сыртқы да жоспарларда орын алады [1, 18б.].

Қазіргі таңда осы феноменді зерделеумен айналысатын көптеген авторлардың мінез-құлықтың осы түрін туралы прогредиенттік (жағымсыз өткен кезде) үрдіс ретінде пікірлері басым. Егер қазіргі сәтте жеке тұлғада суицидалды мінез-құлықтың ішкі формалары болса, ол сыртқы белсенділікке өтудің қуатты алғышарты болып табылады.

Қарастырылып отырған мінез-құлықтың өз құрылымында бірқатар кезеңдер бар: суицидалды, суицидалды ниеттерді іске асыру, постсуицидалды (егер әрекет өлімге алып келмесе). Осы кезеңдердің өтуі өте ұзақ және қысқа болуы мүмкін.

Мысалы, мазасыздық-күмәнданғыш қасиеттері бар акцентуацияланған тұлғаларда бұл кезең ұзақ уақытқа созылуы мүмкін, ал қоздырғыш- импульстік белгілері бар адамдарда бұл кезең қысқа болады.

Суицидке қарсы мотивация маңызды қорғаныс механизмі болып табылады. Оның үстемдігі суицидалды ойлардан, сезімдерден белсенді іс-қимылдарға көшуді тежеуі мүмкін. Нәтижесінде суицидалды себептер кейінге ығыстырылады [2, 33б.]. Оның пайда болуын түсіндіретін негізгі тұжырымдамаларды 3 тәсілге: психопатологиялық, социологиялық және әлеуметтік-психологиялық тәсілдерге келтіруге болады. Психопатологиялық тәсілге сәйкес суицидалды мінез-құлық – психикалық аурудың симптомы; социологиялық тәсілге сәйкес – бұл мінез-құлық қоғамдағы әлеуметтік ахуалдың нәтижесі; әлеуметтік-психологиялық тәсілге сәйкес – жеке факторларға негізделген.

Ары қарай суицидалды мінез-құлық құрамындағы факторларды, атап айтқанда, суицидалды мінез-құлық нақты адамда қандай факторлардың болуына байланысты дамитынын анықтау қажет. Қазіргі заманғы суицидологияда жіктеме бар, соған сәйкес суицидалды тәуекелдің келесі факторларын ажыратады: биологиялық, әлеуметтік-орталықтық және психологиялық-психиатриялық.

Биологиялық факторларға: биологиялық туысқандардың өзіне-өзі қол жұмсаулары, мидың серотонинергетикалық құрылымының ақаулары жатқызылса; психологиялық-психиатриялық факторларға: психикалық аурудың болуы, тұлғаның психологиялық ерекшеліктері, суицидалды әрекеттер, сондай-ақ өзін-өзі зақымдайтын әрекеттер жатқызылады; әлеуметтік-орталықтық факторларды: бастан өткен өте жағымсыз оқиғалар, кәсіби, отбасылық салалардағы проблемалар, өзіне-өзі қол жұмсаулары құралдарының жеңіл қолжетімділігі құрайды [3, 29-32 б.]. Осындай ережелер, тұжырымдамалар мен гипотезалар саны көп болғанына қарамастан, өзіне-өзі қол жұмсаудың табиғатын түсіндіретін бірыңғай теория әлі күнге дейін жоқ. Себебі өзіне-өзі қол жұмсау сияқты құбылысты толығымен түсіну мүмкін емес. Кез келген өзіне-өзі қол жұмсаудың өзінің әлеуметтік және тұлғааралық себептері бар, олар белгілі бір жас кезеңінде ерекше өзектендіріледі. Бұл тұрғыда ең осал топтардың бірі – жеткіншектер болып табылады.

Жеткіншектік кезең – баланың жыныстық жетілуі мен психологиялық есеюінің қиын кезеңі. Бұл жасты көптеген көрнекті психологтар зерттеді. Жеткіншектік жасты алғаш рет жеткіншектік жас психологиясының «атасы» деп аталған С.Холл сипаттады. Ол психологияға дамудың дағдарыстық кезеңі ретінде жеткіншектік жас туралы түсінікті енгізді. С.Холл жеткіншектік жастағы дағдарыстық, негативтік құбылыстарды онтогенездегі осы кезеңнің ауысуымен, аралығымен байланыстырды. Ол даму процесінің биологиялық шарттылығы туралы ұғымды негізге алды. Сонымен бірге психологияда жеткіншектің ағзасындағы анатомиялық-физиологиялық өзгерістер оның психологиялық дамуының тікелей себебі ретінде қарастырыла алмайды деп танылған. Бұл өзгерістердің жанама маңызы бар, олар даму туралы әлеуметтік түсінік арқылы, есеюдің мәдени дәстүрлері арқылы, айналасындағылардың жеткіншекке қарым-қатынасы және оның өзін басқалармен салыстыру арқылы түсініледі [4, 8 ].

Л.С.Выготский баланың өзін енді бала емес болып сезінуі туралы түсінікті осы жастағы негізгі және өзіндік жаңалық деп есептеді.                  Т.В.Драгунова жеткіншектің бойында есейгендіктің дамуының келесі көріністерін атап өтеді: ересектердің сыртқы көріністеріне еліктеу; ересектердің қасиеттеріне бағдарлану; ересек – әрекет етудің үлгісі ретінде (әлеуметтік кемелділікті дамыту); интеллектуалды есею (бір нәрсені шын мәнінде білуге ұмтылу). Ересек болмаса да, ересек болып көріну мақсаты пайда болады [5, 35 б.].

Осы жастағы маңызды қажеттіліктердің бірі – бақылау мен қамқорлықтан құтылу қажеттілігі болып табылады. Сыртқы деңгейде даралануға ұмтылу негативизммен сипатталатын ең жақындарын жатсыну түрінде көрініс табады.

Эмансипацияға ұмтылудан басқа, жеткіншекке құрдастарымен қарым-қатынас жасау қажеттілігі тән. Осы кезеңде сырластық-тұлғалық қарым-қатынас жетекші қызмет болып табылады. Жеткіншектер достығы және бейресми топтарға бірігу пайда болады. Айқын, бірақ әдетте бір-бірін тез алмастыратын қызығушылықтар пайда болады. Л.С.Выготскийдің айтуынша, «жеткіншек тұлғасының құрылымында тұрақты, түпкілікті, қозғалмайтын ештеңе жоқ». Жеке тұлғаның тұрақсыздығы қарама-қайшы тілектер пен қылықтарды туындатады: жеткіншектер толғығымен құрдастарына ұқсауға ұмтылады және топта ерекшеленуге тырысады, құрдастарының арасында құрметке ие болуды қалайды және кемшіліктерімен мақтанады, адалдықты талап етеді және достарын ауыстырады [7, 46б.].

Жеткіншектің психикасында өзіне-өзі қол жұмсауға бейімдейтін қасиеттер бар. Жеткіншектердің өзіне-өзі қол жұмсауының маңызды себептерінің бірі – сенімділік пен өзін-өзі анықтаудың болмауы. Жеткіншектік суицидтің психологиялық мағынасы – көмек туралы айқайлап, өзінің азаптануына назар аударуға ұмтылу. Шын мәнінде өлуді қаламайды, өлім туралы түсінігі бұлыңғыр, инфантильді. Өлім – ол ұзақ ұйқы, қиындықтардан демалу, басқа әлемге түсу тәсілі, сондай-ақ жәбірлеушілерді жазалау құралы деп елестетеді. Ересектердің тарапынан қамқорлыққа үйренген жеткіншектер өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерін өзіндік, бірақ ересектердің бақылауындағы ойын ретінде қарастырады және ересектер оларға суицидті аяғына дейін жеткізуге рұқсат бермейді деп іштей сенеді.

А.Е.Личконың мәліметтері бойынша, мінез типтерінің бөлінуі суицидалды мінез-құлықтың түрлеріне байланысты. Демонстративтік суицидалды мінез-құлықта истероидты, истероидты-тұрақсыз және гипертимді — истероидты тип (50%) басым болды, 32% — эпилептоидтар және эпилептоидты-истероидты типті жеткіншектер болды. 18 % — ін барлық қалған типтегі жеткіншектер құрады, демонстративтік типте шизоидтар, циклоидтар мен сенситивті жекіншектер мүлдем кездеспеді. Суицидалды мінез-құлықтың аффективті типінде негізгі топты лабильді және лабильді – истероидты типті жеткіншектер (37 %), истероидты типтің басқа нұсқалары –

23%, сенситивті және конформды-тұрақсыз типтер — 18% және тек 4% — мінездің эпилептоидты типі құрады.

Шынайы  өзіне-өзі қол жұмсау сенситивті (63 %) және циклоидты (25 %) типтерге тән болды. Шизоидты типті жеткіншектерге жеткіншектік жастағы суицидалды мінез-құлықтың өте төмен айқындылығы тән.

Сонымен, жеткіншектік жаста өзіне-өзі қол жұмсау көп жағдайда аутодеструктивті мінез-құлықтық паттерлердің болуымен байланыстырылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Профилактика суицидального поведения среди детей, подростков и юношества (для родителей, педагогов). Методические рекомендации [Текст] / Сост. Тарасова Н.Н. – Петрозаводск: ГОУ РК «Центр диагностики и консультирования», 2010. 18б.
  2. 2. Бурмистрова Е.В. Психологическая помощь в кризисных ситуациях (предупреждение кризисных ситуаций в образовательной среде): Методические рекомендации для специалистов системы образования. – М.: МГППУ. 2006. 33б.
  3. Амбрумова А.Г., Тихоненко В.А. Диагностика суицидального поведения: Методические рекомендации. М., 1999. 29-32 б.
  4. 4. Банников Г.С., Вихристюк О.В., Галынкер И. Новый подход в диагностике су­ицидального поведения: обзор зарубежных источников // Консультативная психология и психотерапия. 2020. Т. 28. № 1. 8, 24 б. DOI: https://doi.org/10.17759/cpp.2020280102

5.Ускенбаева Д.А. Жеткіншектердің аутоагрессивтік мінез құлқы. Тараз. 2018. 35б.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *