Қоғамдағы зорлық-зомбылық үшін кім жауапты?

Қасымхан Гаухар Жомартқызы

 

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан күрделі мәселе. Ол әртүрлі формада болуы мүмкін. Отбасы мүшелері арасындағы физикалық, эмоционалдық немесе жыныстық зорлық-зомбылық. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға бағытталған заңнама бар, бірақ бұл мәселе әлі де өзекті болып қала береді.Соңғы жылдары Қазақстанда бұл мәселемен күресу шаралары қолға алынды. Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құқық қорғау органдары мен зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін мамандарды оқыту және зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтары жұмыс істейді. Дегенмен заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралармен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамдық пікір мен халықтың көзқарасын өзгерту маңызды.

 

      Отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты елімізде қандай шаралар қабылданып жатқанын БҰҰ-ның еліміздегі әйелдер өкілдігінің басшысы Дина Амришева: -«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 115 мыңнан астам арыз түскен. Өткен жылдың өзінде полицияға 50 мыңнан астам әйел жүгінген. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, соңғы 4,5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 869 адам қаза тауып, 2086 адам ауыр дене жарақатын алған. Бұл зорлық-зомбылықпен күресте неғұрлым батыл шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді»,—дейді.

 

      Сонымен қатар Дина Амришева гендерлік зорлық-зомбылық барлық елдер үшін өзекті жаһандық проблема екенін айтады.

 

     UN Women жаһандық веб-сайтында жарияланған «Гендерлік сауалнама 2023» бойынша жыл сайын 245 млн. әйел мен қыз өздерінің жақын адамдарынан физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын көрсеткен.

 

       Гендерлік зорлық-зомбылық дегеніміз бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдар үшін ұзақ мерзімді салдарға алып келетін адам құқықтары мен бостандықтарын өрескел бұзушылық. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, бүгін әлемде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 1,3 миллиард адам зардап шеккен және әрбір үшінші әйел өз өмірінде физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа тап болады.

 

      Соңғы кездері сарапшылар Қылмыстық Кодекске «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» деген жеке бап енгізуді ұсынады.

 

     Өнертану докторы, профессор Молдияр Ергебеков: – «Бұл мәселені зерттегенде әлеуметтанушы ретінде мына нәрсені байқадым. Тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе отбасындағы әйелдер мен балаларға бағытталған зорлық-зомбылықтың түбінде жатқан негізгі проблемалардың бірі – қазақ қоғамының отарлануы. Бұрынғы дастандардан, жазылған еңбектерден «әйелдерді, балаларды ұрыңдар» дегенді таппайсыз. Көптеген өзгеріс енген «Қорқыт ата» кітабында әйел мен еркек тең екен, отбасында ер адам мен әйел адамның ортақтаса мәселелерді шеше алғанын көресіз. Патриархал көзқараспен жазылса да, өжет әйел, еркін әйел бейнесін көресіз»,— дейді.

 

      Зиянды гендерлік стереотиптер, ер мен әйел арасындағы теңсіздік және патриархалдық құрылымдар зорлық-зомбылыққа өз ықпалын тигізеді. Біздің бәріміздің гендерлік, нәсілдік, этникалық тегі мен ұлтымыз, дін тағы басқа мәртебеге қарамастан, тең қарым-қатынас орнатуға құқығымыз бар. Қоғамдағы агрессорлармен және оларды қабылдайтын психологтармен де жұмыс істеу керек. Әйелді бас салып кінәламайтын, «өзің тілеп алдың» демейтін психологтарды көбейтуіміз қажет. Полициямен, қоғаммен, ұстаздармен, медиамен жұмыс істеу керек. Медиа зорлық-зомбылықтың  астарында жатқан психологиялық, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси себептерді зерттемейді.

 

      Заңгер, белсенді Әйгерім Құсайынқызы: – «2009 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы Заң қабылданды. ЕҚЫҰ 2010 жылы Астанада саммит өткізетін кезде «Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша бөлек Заң қабылдамағанша біз сіздерде саммит өткізбейміз» деген талап қойды. Осындай талаппен қабылданған заңда шикіліктер өте көп және Қазақстанда әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғамай отыр деп нақты айта аламын. Солтүстік Америка мен Батыс Еуропа мемлекеттерінде әйелді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын бірнеше заң бар: жұмыс орнындағы жыныстық харассмент, балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелді және баланы қысымнан қорғайтын заңдар бар. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2022 жылы әйелдерге қатысты 61 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген»,—дейді.

 

     Физикалық және моральдық зорлық-зомбылық — әйелдер мен қыздарға қатысты оның жалғыз түрі емес. Психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылық та қатты әсер етеді. БҰҰ Бас хатшысы Антони Гутерриш өзінің «Адам құқықтары саласындағы іс-қимылдарға үндеуі» сөзінде атап өткендей, біз гендерлік зорлық-зомбылықты қазір жоюымыз қажет. Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылық және балаларға қатысты  физикалық зорлық  қылмыстары үшін жазаларды қатаңдату барысында. Сонымен қатар елімізде гендерлік зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге бағытталған жүйелі шаралар қабылданады.

 

      Кәсіби отбасылық психолог Ержан Мырзабаев: – «Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік және экономикалық жағдайы төмен, жұмыссыз, нашар отбасыларында болады деген стереотип бар еді. Бірақ соңғы жаңалықтардан жоғары лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлердің, халықты қорғайтын полиция қызметкерлерінің де осындай зорлық-зомбылыққа баруы әбден мүмкін екенін көріп отырмыз. Кез келген адам агрессор болуы мүмкін. Таяқ жеген, зорлық көрген жәберленушінің мәселесі үйдегі зорлық-зомбылық тоқтағанда ғана шешіледі. Сондықтан агрессор психологпен жұмыс істеуі керек дегенді заңнамаға енгізу қажет»,—дейді.

 

      Зорлық-зомбылық әйелдер мен қыздарды теңдік пен қауіпсіз өмір сүру құқығынан айырады, адамның қадір-қасиетін төмендетеді және негізгі бостандықты жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейді. Зорлық-зомбылық гендерлік дискриминацияның түрі ретінде, ең алдымен, ерлер мен әйелдер арасындағы теңсіздікке негізделген. Зорлық-зомбылықтың таралуы туралы болжам алаңдаушылық туғызады. Оның үстіне, ресми статистика орын алған зорлық-зомбылықтың барлық фактілерін қамтымайды. Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық белгілі бір әлеуметтік немесе экономикалық сипаттамалармен шектелмейді.  Кез-келген әйелдің немесе қыздың өмірінде қара дақтардың ізі қалуы мүмкін.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *