Қазақ жастарының шетелге қоныс аударуының себебі неде?

Көршілес елдерде түрлі технологиялар, жаңа мамандықтар мен жасанды интелекттің даму деңгейі өте жоғары болып отыр. Қазақстанмен салыстырғанда, шетелдерде баспана мәселесі оңай шешіледі. Мамандық бойынша жұмысқа орналасу да қиынға соқпайды. Жалақы жағынан біздің елдегідей таршылық көрмейді. Жалақының көлемі баспана, азық-түлік деген сияқты шығындарын толық қамтиды.

Қазіргі өскелең ұрпақ бұрынғыдай емес. Олардың көзқарасы, ойлау деңгейі, іс-әрекеттері мүлдем бөлек. Шетелдік фильмдерді көріп  немесе кітаптарын оқып, өмірге көзқарастарын өзгертеді. Шетел азаматтары секілді өмір сүргісі келеді. Себебі шетелде білім алу деңгейі де жоғары әрі сапалы. Сондықтан мектеп қабырғасын аяқтағаннан кейін шетелде білім алуға асығады. Мектеп оқушылары ғана емес, бакалаврдан кейін магистратура, докторантурада сыртта оқуды таңдаған қыз-жігіттеріміз де аз емес. Жыл басынан бері елімізден 15 мыңнан аса жастар білім алу мақсатында шетел асып кеткен. Таңдаған мамандықтарына зер салсаң, бағдарламалаушы, IT-мамандары мен дәрігерлер көш бастап тұр.  Статистикалық деректерге сүйенсек, елдегі 29 жасқа дейінгі жастардың 45 пайызы шетелге құмар көрінеді. Оқу десеңіз оқуға, жұмыс десеңіз, жұмысқа да құлшынып тұр. Осы орайда жастарымыздың елден кетуіне не себеп болып отыр деген сауал туындайды.

«Қазақстандықтардың шетелге кету себебін саяси, әлеуметтік және экономикалық факторларға байланысты анықтауға болады. Саяси факторға сөз еркіндігі, сөз бостандығының жоқтығы, мемлекет жүйесіндегі жастардың өзін-өзі дамытуға кедергілер болатыны, жұмыс бағытындағы аз жалақы алу себебі жатады. Көбінесе жастардың шетелге көшуі саяси факторға байланысты екендігі айқын. Орта жастағы адамдарды алатын болсақ, көбіне тұрмыс жағдайын реттеу үшін қоныс аударады», – дейді әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова. Оның пікірінше, Қазақстанда өз ісін жақсы  игерген мамандар лайықты жалақыны талап етеді. Ал жұмыс берушілер болса, көп мөлшердегі жалақымен қызметкерлерді қамтамасыз ете алмайды.  Сондықтан жастардың шетелге қоныс аударуы басым болып тұр.

Салтанат Оразбекованың бұл жөнінде  «Мемлекет тарапынан жастарға көп мотивация берілу керек. Олардың әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешу маңызды болмақ. Бірінші кезекте баспана мәселесін шешу қажет. Жұмысқа орналасқан кезде оларға пәтер берілсе немесе баспана алуға үлкен жеңілдік жасалса, жастардың көбі өз елінде қалар еді. Екіншіден, жұмысқа қабылдау тәртібі бойынша өзгерту керек. Олардың жемқорлықпен емес, білім деңгейіне, квалификациясына байланысты қабылдаса, ол да үлкен жігер береді. Үшінші, жастардың әлеуметтік дамуына да  жағдай жасалса жақсы болар еді. Қазіргі таңда мемлекеттің де, үлкендердің де болашақ жастарға сенімділігі аз. Осындай стереотипті өзгертетін болсақ, адал қызмет ету потенциалын қолдасақ жастар шетел аспай, өз еліне еңбек етеді. Мемлекет мотивация бермесе, олар өзге елді дамытып, табыс табуға үйір болады», — дейді.

Әрине кез келген адам өзінің жақсы өмір сүріп, үлде мен бүлдеге оранғанын қалайды. Бірақ елімізде ондай мүмкіндікке қол жеткізіп жатқандар өте аз. Қазақстан — бай елді мекен. Егер расында бай мемлекеттердің қатарында болсақ, жастар шетелге бас сауғаламайтын болды. Жайлы өмір іздеген халық өз шаңырағында отырар еді. Шетелге барған жастардың бағы жанып, жақсы өмір сүріп жатыр деп те айта алмаймыз. Оның да өзінің қиыншылығы болады. Барлығы керісінше болуы мүмкін. Ол жаққа жайлы өмір іздеп барып, тек денесі ғана келіп жатқандар да бар.

 

Толғанай Үмбетәлиева, саясаттанушы:
– «Бесіктен белі жаңа шыққан жас өркендеріміз шетел асқанда арғы жағын ойланбай тұр. Бәлен жерде бақыр бар деп белін бекем буып, түйіншегін түйіп тартып отырады. Мұндағы басты мәселе сенің мәртебең шетелге барғандағы мақсатыңа қарай өзгеретін болады. Егер сен сол жақта қалуға бекінсең онда мұлдем басқаша жағдай. Әр нәрсенің байыбына барып, оң мен терісін айқындап бару керек. Ал барған жерде жұмаққа бөленіп, байып кетем деген ойдан арылу қажет»,-дейді. Көпшілік жастар бізді онда құшақ жая қарсы алып, жалақысы жақсы, мәртебесі жоғары жұмыс береді деген аңғал сенімде болады. Мүлде олай емес. Шетелде де біздегі сияқты өзіңді көрсетіп, қоғамдағы орныңды жеңіп алу үшін күресу әрі дәлелдеу қажет. Ал мұндай күрделі істі өз еліңде істей алмай тұрып, тілі мен діні бөлек шетелде жүзеге асырамын деу құр далбаса дер едім… Көңілге қаяу салар өзекті жайдың бірі шетелден жұмыс іздеуші жастарымыз құлдықтың құрбанына айналып жатқаны. Әсіресе, ауыр еңбекке салынып, жыныстық қызметке жегіліп кейін қайтпай қалатындар да жетіп артылады. Әрине мұндай «эмигранттардың» санын ешкім тап басып айта алмайды. Көп жағдайда жабулы қазан жабулы күйінде қалып қояды. Құқық қорғаушыларына тапсырылмаған істер шетел асырылған жастарымызға қатысты қылмыстық істердің ашылмай қалуына түрткі болады.

 

         Ирина Медникова, Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің бас директоры:
– «Біздің жастарымыздың 23,7 пайызы Ресейге немесе жақын шетелдерге әсіресе ТМД елдеріне кетуге ұмтылады. Ал алыс шетелге шығып, сонда тұруға ықылас танытқандар қатары жастарымыздың 13,8 пайызына жетіп жығылған. Оның ішінде біздің зерттеулерімізге сәйкес Түркия, Канада, Германия және Қытай елдері көптеп таңдалады. Бірақ олардың көпшілігі баруын барғанымен кейін бармағын шайнап қайтып жатқандары баршылық. Тіпті, жезөкшелікке салғандар ақшасын тартып алып, жұмысқа жегіп қойғандар да өкінішке қарай болып жатыр…», — деді.
Иә, талаптанып шетел асқан жастарымыздың тақырға отырғаны еліміз үшін аса қатерлі екені айтпаса да түсінікті. Мұндай істің тамырына балта шауып жастардың өнер мен білім игеріп қайтуы ғана ел үшін аса маңызды екендігі айқын. Яғни жастарды шетелге құмартатын тағы бір себеп «Болашақ» бағдарламасы екені анық. Бүгінде мыңдаған жастар білім алып қайтқан бағдарлама қазақтың көкейіндегісін тап басып жатқаны да шындық. Алайда мемлекеттің қаражатын алып елге қайтпай қалатындардың саны артып барады. Тіпті сол елдің экономикасының дамуына өз үлестерін қосып еңбек етіп жатқандар да табылыпты. Статистикалық деректерге  сенсек, осы уақытқа дейін бағдарламаның арқасында шетелде білімін жетілдірген қазақстандықтардың саны 10 мыңнан асып жығылыпты. Дегенмен «Болашақ» бағдарламасымен барған жастардың 300-ден астамы сол елде қалып қойып, оларға жұмсалған 1,34 миллиард теңге желге ұшқан. Яғни, былайша айтқанда, осынша талантты жастарымыз шетелдің шекпенін көтеріп жүр. Ақылдың ағуы деп осыны да айтуға болатын шығар.

Отандастарымыз шетелге кетуге сонша құмар. Әрине, бұл әр адамның жеке мәселесі. «Өзге елде ұлтан болғанша, өз еліңде сұлтан болған» жақсы емес пе?!

 

Болат Айғаным

ҚазҰУ,  журналистика факультеті, 2-курс

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *