Қазақтың маңдайына біткен Шолпан жұлдызы

Қазақтың маңдайына біткен Шолпан жұлдызы
Биыл Алаш қайраткері, елі үшін жанын құрбан еткен асылымыз- Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толмақ. Рухты жырларымен халықты жігерлендіріп, елді татулыққа шақырған Мағжан атамыздың есімі мәңгілікке ұрпақ есінде жаңғырмақ.
Мағжан Жұмабаев қазақтың бірлігі мен Алаштың азаттығы үшін күрескен танымал тұлға. Оның күрескерлік өмірі мен шығармашылығы Кеңес кезінде кісенде болды.
Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы. Азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан.
Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 жылдары Қызылжардағы №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.
Мағжан бала кезінде ұшып-қонып бір жерде отыра алмайтын тас қайнаттың өзі болған. Қасында отыратын кісі табылмай қалса, шешесі кереуеттің аяғына байлап кетеді екен. Естияр шағында күрт өзгереді. Ойға батып, тұнжырап жүретінді шығарады. Шелек әкел деп үлкендердің бірі жұмсаса, елек әкеледі екен. Айтылған сөзге көңіл бөлмейді. Балалармен ойнап кетуді ерте қойған. Жеке тұрып қалады. Сол үшін апасы Күләндәм Мағжанды «Марғау» атандырып жіберіпті.
1910-1913 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ. Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Бейімбет Майлинмен танысады.
Ибрагимовтің көмегімен 19 жасында Қазан қаласында «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағын басып шығарады. Бұл 1912 жылы болған еді. Содан бастап Жұмабаевтың есімі Омбы, Петропавл, Семей қалаларындағы әдеби қауымға мәшһүр болады. Жазғандары жұрт аузына ілігіп, жастардың піріне айналады.
«Садақ» журналын шығаруға атсалысады, басылымға өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды.
«Бірлік» ұйымының жұмысына белсене араласып, «Балапан» қолжазба журналын шығаруға көмектеседі. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, «Қазақ» газетіне өлеңдерін жариялайды. «Алаш» партиясының Ақмола облысы комитетінің мүшесі болды. «Үш жүз» партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айдай абақтыда отырып шығады.
1919-1923 жылдары Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінде, «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақжол» газетінде қызмет істеп жүріп, халықты ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс «Батыр Баян» поэмасын жазып, жарыққа шығарады.
1923-1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде, оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады.
1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Мағжанның жыр жинақтарын талқыға салды. Мәскеуде оқыған қазақ жастары оған «ескілікті жырлаушы ақын, керітартпа, көнені көксеуші ақын, заманмен бірге алға жылжуды қаламайды» деп ат қойып, айдар тақты. Сөйтіп ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды.
Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты өлең жазбаса да, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен Жұмабаев қатаң сынға алынды.
Ақын 1927-1929 жылдары аралығында Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызмет атқарады. Петропавлдағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты бұл қызметтен босатады.
Мағжан Жұмабаев қай жерде жүрсе де, оған шығармашылық одақ құру туралы ой маза бермейді. Ол КСРО Жазушылар одағы сияқты ұйым құруды көптен армандап жүретін. Оған өзінше «Алқа» деп ат та қойған. Ұйымның жобасын Қазақстанның әр түкпірінде тұратын әдебиетші қауымға пошта арқылы жіберіп те үлгерген. Алайда ақынның осы арман-мұраты ақырында оның түбіне жетті.
Халқы үшін жанын құрбан еткен арысымызға арнап, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2013 жылғы 28 мамырдан бастап нейзильбер қоспасынан жасалған номиналдық құны 50 теңгелік Мағжан Жұмабаевтың суреті салынған теңгелер шығарыла бастады. Диаметрі — 31 мм., массасы — 11,17 грамм, таралымы — 100 000 дана.
Номиналы 50 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлем­нің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Мағжан Жұмабаевтың жүрген жолы, жасаған қызметі әрқашанда қазақ тарихындағы маңызын ғана айқындап қоймайды, сондай-ақ, ең бастысы ұлттың ойлау жүйесіне әсер ету арқылы сіңірген еңбегі екендігін көре аламыз.

Жетекшісі: Фатима ҚОЗЫБАҚОВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультетінің 1-курс студенті Жақсылықова Сымбат

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *