Ғасыр ақыны

Поэзия әлемінде өз ойын көркемдікпен, асқан шеберлікпен бере білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл тек шабыты өте жоғары, өлең шығару дарыны бар үлкен талант иесінің қолынан ғана келеді. Сондай таланттардың бірі, поэзия әлемінің асқар шыңы – Мұқағали Мақатаев. Мұқағали – өмірінің соңына дейін қолынан жүйрік қаламы түспеген, қазақтың қара өлеңінің құдіретіне, терең сырына қаныққан ақын. Сөз құдіретінің мән-мағынасын терең түсініп, сөз маржанын бейнелі өрнекпен кестелейтін Мұқағалидай ақын кемде-кем.

       Қазақ поэзия әлеміне шетсіз-шексіз кеңістік пен көз сүрінген биіктік әкелген, құдіретті қарапайымдылықпен «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтарған» ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келді. Ақынның жастық шағы соғыс кезеңіне тұспа-тұс келгеннен кейін, Мұқағали өмірдің ащысын ерте татады. Мұқағали үйдің тұңғышы болғандықтан, қазақтың салты бойынша әжесі Тиынның қолында өседі. Мұқағалидың жалғыз қарындасы мен бір інісі ерте көз жұмады. Ақынның әкесі Сүлеймен қарапайым шаруа болып жұмыс істеген. 1941 жылы Мұқағалидың әкесі Калининград соғыс майданында қаза табады. Ақын, аудармашы Мұқағали Мақатаев лирика, поэзия жанрларында ғана емес, сондай-ақ драма, проза жанрларында да бірнеше шығармалар шығарған. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін Мұқағали мәдени қоғамға белсене араласа бастайды. Ақын газет-журнал саласында хатшыдан бастап, бөлім меңгерушісіне дейін адал еңбек етіп, жұмыс жасайды. Жағдайы түзелгеннен кейін, ақын аяқтай алмай қалған оқуын әрі қалай жалғастырады. Алматы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетінде, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде және Мәскеудегі М.Горький атындағы әлем әдебиеті инситутында білім алады.

Мұқағали шығармашылығын сонау бала кезінен бастаған. Ақынның поэзия әлеміндегі алғашқы өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала – Әкітай» және тағы басқалары «Советтік шекара» газетінде жарияланады. «Сәлем достар», «Қарлығашым», «Менің жүрегім», «Аққулар ұйықтағанда», «Өмір жылуы», «Өмір поэмасы», «Өмір өзені», «Жүрек лүпілі» мен «Шолпан» және басқа шығармалары қазақтың ұлттық поэзиясының алтын қорына енді.    Прозалық шығармалары «Екі қарлығаш» (1988) атты жинаққа енді. Ақынның шығармашылық мұрасының бір бөлігі — Қазақстанның әдеби қауымдастығы тарапынан жоғары баға алған керемет аудармалар. Классикалық мысалдарға, оның В.Витманның «Шөп жапырақтары» мен Дантенің «Божественный комедия» және орыс ақындары А.Пушкин, Н.Некрасов, А.Блоктың шығармаларынан аударған аудармалары жатады. Шеберлікпен қазақ тіліне аударылып, олар отандық поэзияның меншігіне айналды.

Дәл қазір Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев тірі болғанында, ол 89 жаста болатын еді. Бірақ өлім айтып келмейді, кеткен қайтып келмейді. Мұқағали Мақатаев небәрі 45 жасында, Алматы қаласында жан тапсырады. Оның шығармалары қазақ поэзиясының классикасына айналды. Нәзіктік пен шынайы лирикаға толы поэтикалық жолдар, халық сүйіп тыңдайтын әндер мен әуенге құрылған. 2000 жылы «Аманат» өлеңдер жинағы үшін «Қазақстан Республикасының әдебиет, өнер және сәулет саласындағы 2000 Мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 15 желтоқсандағы №1856 қаулысымен Мұқағали Мақатаевқа қайтыс болғаннан кейін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Қырға шығып, ырысқа кенелмеспін…

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім!

Қорытындылай келе, Мұқағали Мақатаев – қазақ халқының Әл-Фарабиден Абайға, Абайдан Мағжанға, Мағжаннан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жыр көшіндегі өзіндік орны бар бір туар талант иесі. Ақын поэзиясы талай жүрекке от берді. Оның өлеңдері бозбаланың жыры, бойжеткеннің сыры болды. Бар қазақтың жүрегіне жол тауып, ұлысымыздың «мәңгі өлмес рухани асыл мұрасына» айналды. Мұқағали өзінің жүрек жарды ойларымен жан сарайыңды ашып, ішкі дүниеңді дүр сілкіндіретін жыр күмбезін өз қолымен орнатып кетті.

 

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Абылайхан БАЙЖҰМА, 1 курс студенті

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *