«Халқым» деп тер төккендер «Халық жауы» аталып қан төкті.

1937-1938 жылы басталған тарихта «Қызыл қырғын» деген атаумен қалған қырғынның алғашқы оты 1937 жылы Мәскеуде өткен БК(б)П ОК-де И.В. Сталин мен оның жақталастарының «халық жаулары және олардың құйыршықтарын түп-тамырымен жою» нұсқауынан басталды. Нәтижесінде, зерттеушілер мәліметіне сүйенсек, 103 мың адам тұтқындалып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген. Атылғандардың қатарында Қазақстанның ғылым, мәдениет және саясат саласындағы зиялылары болған.
1936-1938 жылдары Қазақстанда 25833 адам партиядан қуылып, олардың 8544-не «халық жауы», «халық жауының сыбайласы» және т.б жалған айып тағылды. Сол кездегі қазақ халқының ұйытқысы болған Алаш партиясының қайраткерлерінің түгелге жуығы қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсық құдалау көруге мәжбүр болды. Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов сынды қазақ зиялыларының әйелдері мен қыздары АЛЖИР лагерінде азап шекті. Репрессияға ұшырағандардың туыстарына жұмысқа орналасу, мектепке бару қиын болды — олар қайда барса да, олардың артынан «әкесі Отанын сатқан» деген сөздер жүрді. Осы жылдар бойы заңсыз қуғын-сүргінге ұшырағандардың балалары мен немерелері әділеттілік іздеді. Тек кейіннен ғана көпшілік аталары мен әкелерінің ащы тағдыры туралы білді.
1937-1938 жж. Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Ходжанов, У.Құлымбетов, О.Исаев, О.Жандосов, А.Досов, А.Асылбеков, Т.Жүргенов, С.Сафарбековтер «ұлттық фашизм» және тыңшылық жасады деп айыпталды. Мәдениет пен ғылымның ең көрнекті қайраткерлері де қуғын-сүргінге ұшырады – Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбайұлы, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, Ж.Шанин, К.Кемеңгеров және тағы да басқалары. Оларға тағылған айып сандырақ болды, атап айтқанда, олар ауылшаруашылық дағдарысында, 1920-1930 жылдардағы көтерілістерде, Жапония барлау қызметімен байланыста, Қазақстанды бөліп алуға әрекет жасауда қатысы бар деп айыпталды.
Тұтқындарды темір торларда ұстады. Күн сайын саяси тұтқындарды бір-бірлеп «картоп қазуға» апарып отырды. Барлығы «далалық жұмыстардан» кейін ешкім оралмайтынын білді. «Картоп қазу» өлім жазасын білдірді. Оларды ұзақ уақыт бойы пікірлес адамдар ұйымының пайда болуынан қорқып, бір жерде ұстамады. Қазақстан территориясы үлкен лагерге айналды, республикада Дальний, Степлаг, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазғанлаг, Петропавловский, арнайы лагерь Кеңгір, Өскемен лагерлері құрылды. Олардың ішіндегі ең үлкені Карлаг — Қарағанды арнайы режимдегі лагері болды.
1937-1938 жыдардағы «Үлкен террордың» Сталиннің жеке дара билігін нығайту үшін ғана жасалғаны туралы оның сенімді серіктерінің бірі Л.Каганович 1980-ші жылдардың аяғында: «Олардың (репрессияға ұшырағандардың) бәрі де өкімет мүшелері болды ғой. Сондықтан олар қауіпті және оларды еркіндікте қалдыруға болмайтын» – деген сөзін айтты.
Міне, қазақ халқы өз басынан осындай опасыздықты кешірген. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу жылы, ал 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Бүгінгі таңда, 31 мамыр күні жыл сайын Республика бойынша әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, ас беріледі.
Жазықсыз қуғын-сүргін құрбандарына адал есімін қайтару үшін 70 жылдан астам уақыт қажет болды. Сол жылдардағы жаппай қуғын-сүргін туралы көптеген кітаптар жазылды, лагерь тозағынан өткен адамдардың естеліктері жарық көрді. Бірақ әлі күнге дейін зерттеушілер жаңа есімдерді атауда… Демек, бұл тарих парағы әлі жабылған жоқ.

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д.
А.Махсат, 1-курс студенті.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *