Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру Ел болашағы

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын биылғы Жолдауының заңды жалғасы іспетті. Елбасымыз өз сөзінде: «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық.
Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз.
Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» — деген болатын.
Шын мәнінде, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде, Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал.
Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету деген сөз. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, мына өзгермелі дүниеде сол құнды­лықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру деген сөз.
Елбасының бұл мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы деуге болады. Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын халық назарына ұсынып отыр.
Мақалада біздің еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз, бұқаралық санамызды қалай өзгерту керектігін Елбасымыз тайға таңба басқандай даралап, саралап түсіндіріп берді. Табысқа жетудің негізгі кілті ол-құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен жоғары биікке қоятын ұлт қана жететіндігін айтты. Сондай-ақ, Елбасы өз мақаласында қазіргі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтты.
Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету. «Рухани жаңғыру» — еліміздегі білім берудің бүтіндей жүйесінің, оның ішінде жоғары мектеп үшін айрықша «мүмкіндіктер кеңістігіне» айналуда. Бұл маңызды құжат жоғары мектептің тәрбие және идеологиялық жұмыстарын жүйелеуге кең мүмкіндіктер ашады.
Қорыта келгенде, Қазақ Елінің жастары білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылулары керек. Себебі, жаңа дәуірде тек бәсекеге қабілетті, аса білімді, сауатты адамдар ғана табысқа жетеді. Ел жастарында осындай қасиеттер болса, кез-келген мемлекеттің болашағы жарқын болары анық. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылайша Қазақ Елінің болашағын білікті жастармен байланыстарын ерекше атап өткен болатын.

2-курс магистранты Ә.Ж. Жанболатова
Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-нің
аға оқытушысы Ж.М. Арынов

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *