«Тәрбие – тал бесіктен»

Алматы қаласы

«Тұран» университетінің курс 2 студенті

Жетписова Гульнуз

 

Тәрбие тал бесіктен басталады. Әке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, «Әке ұлағаты» мен «Ана тағылымын» көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой—өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан—жақты, білімді де білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасады.

Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, яғни, қоғамға, өзі—өсетін тіршілік ортасының мүшесі болады. Адам дүниеге келісімен өзі көріп отырған адамдардың іс—әрекетіне, қимылына, ас ішуіне, жүріс—тұрысына, сөйлеуіне, ойнауына, әңгімелесуіне таңдана қарап, өзі де сол көргендерді есту мақсатында әрекет жасайды. Осыған байланысты «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» — дейді халық. Сондықтан баланың ең әуелгі өсетін ортасы, отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Баланың көп уақыты отбасымен бірге өтеді. Сондықтан да, ата—ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап және қадағалап отыруы керек. Егер отбасында жақсы тәрбие алған болса, өскенде сол тәрбиенің ізімен баруы сөзсіз. Отбасындағы барлық адамдардың іс—әрекетіне, бала тәрбиесіне бірінші әсер ететін орта. Бала сол ортаға қарап өседі. Сол үшін балаға отбасындағы тәрбиені қоғамдық ортаға байланыстыра отырып берген адам ұтады. Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі. Ал психологиялық—педагогикалық тұрғыдан алғанда құндылықтар адамның жеке тұлға ретінде өз өміріне деген жауапкершілігін қалыптастыру, рухани әлемін байыту, әрбір адамның ерекшелігін түсіндіру, адамдар арасындағы жағымды қарым—қатынастардың маңыздылығын көрсету үшін қолданылады. Сондықтан әр ата—ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал. Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса, адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз де осы ойдың дұрыстығын меңзейді.

Тәрбиенің қиындықтары көп, сол қиындықтан қашпаған ата—ана ғана саналы тәрбие бере алады. Отбасындағы өзара қарым—қатынастың дұрыс болуы, бала тәрбиесінде әке мен шеше рөлінің өте маңызды екені белгілі. «Балаңа бес жасқа дейін патшаңдай қара» дегеннің терең мәні бар. Тәрбие баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл—кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие – тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі—өнеге көрсетуінде. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат—міндеттерімен байланысты болуы керек. Баланың жақсылығын да, жамандығын да, жемісі мен жеңісін де көретін ата-анасы! Қай заманда болсын, ата—ананың басты арманы – баласының инабатты, ізетті, еңбексүйгіш, ержүрек, адал, қайырымды болуы. Тәрбиенің түп тамыры – ұлтты қадірлеу, ұлттық әдет—ғұрыпты дамыту, ұлттық дәстүрді жандандыру, ұлтаралық достық қарым—қатынасты нығайтуға үйрету. Сабақ та, тәрбие де осы бағытта болса ғана баланы ортаға қарап тәрбиелеген боламыз, сонда ғана оның адамгершілігі қалыптасады. Адамды құрметтеуге тәрбиелеуіміз қажет.

Қазіргі мақсатымыз «Мәңгілік Елдің» ертеңгі болашағын ойлайтын азаматтарды тәрбиелеу. Халқымыздың ұлы ақыны Абай баланың өмірді танып—білуіне, оның бойында қалыптасар барлық қасиеттеріне бір жауапты адам ата—ана дей келе: «Балаға, көбінесе, үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Осылардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе сонысынан жұғады» деуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр.

Еліміз егемендік алып, өз мәртебесі биіктей түскен шақта ең алғашқы алға қояр міндеттің бірі – бала тәрбиесі – егеменді еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу. Ал сол жас ұрпаққа тәрбие беретін бүгінгі тәрбиеші – мамандар тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс—тәсілдерін іздестіріп, күнделікті жұмыс барысында жаңашыл бағыттар қарастырып, оны өздерінің іс—тәжірибесінде қолданып отырса, бала тәрбиесі алға басары сөзсіз.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *