Тұрмыстық зорлық-зомбылық әдетке айналып бара ма?

Тұрмыстық зорлық-зомбылық әдетке айналып бара ма?

 Кейінгі бес жылда отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны екі есе өскені отбасындағы, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресте шешім қабылдағанда батыл болу керегін көрсетіп отыр.

 Отбасындағы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық ең жақын отбасы мүшелерімен қоса, қоғамға орасан зор зиян тигізеді. Дегенмен әлемде тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа әйелдер мен балалар әлдеқайда көп ұшырайды.

  2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы өз Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту туралы тапсырма берген болатын. Осы нұсқаулыққа сәйкес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі осындай құқық бұзушылықтарды декларациялаудан анықтауға көшуді көздейтін заңнамалық өзгерістерді әзірледі.

 Психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды немесе өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту.

 Сексуалдық зорлық-зомбылық дегеніміз адамның жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекеттің түрі. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер жасау болып саналады.

 Экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.

 Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау мақсатында ішкі істер органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға, сондай-ақ оларды Мамандандырылған дағдарыс орталығына жіберуге уәкілеттік берілген.

 Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық — зомбылықтың кез келген түрі әрбір сегізінші отбасында бар. Әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық болса, әрбір жетінші әйел – экономикалық, әрбір алтыншы әйел – физикалық, әрбір үшінші әйел – психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болады. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда отбасындағы кемсіту мен қорқыту қалыпты жағдайға айналды, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарына құлақ үйренді.

  Қоғам дертіне айналған бұл құбылыстың тамырына балта шабуға бола ма? Заңнамадағы соңғы өзгерістер бұл бағыттағы қылмыстардың алын алуға қалай ықпал етті? Көптің көкейіндегі бұл сұрақтарды мамандардың өзінен сұрап-білдік.

 «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ зорлық- зомбылық жайлы былай дейді:

 —  Бұл тақырып «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» газеттерінен бастап, «Қазақ газеттері» серіктестігіне кіретін басылымдарда ұдайы көтеріліп жүр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның шешімі, қазіргі күрделі ахуал бәрімізді толғандырып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәселе ушығып кеткен соң, ұстанымын ашық білдірді. «Отбасылық зорлық-зомбылық заңмен реттелуге тиіс және қоғам тарапынан төзбеушілік көзқарас болуы керек» екенін баса айтты. Мұны реттейтін үлкен күш – қоғам, оның институттары және Заң. Жалпы, отбасын мәдени феномен деп есептесек, әрбір ел сол құндылығын көзінің қарашығындай сақтап, ұлттың болашағы осымен өлшенетінін жете түйсінуі керек. Білім дәрістерінде бәрі идеалды негізде айтылады. Бірақ ұстаз алдында отырған шәкірттің жартысы – толық емес отбасынан немесе ата-анасы азаматтық некеде тұрғандар болуы мүмкін.

    «Ауруын жасырған өледі», дейді қазақ. Сондықтан біз алдымен нысанамызды бағдарлап алуымыз керек.Қоғамды дүр сілкіндірген соңғы оқиғаларды, әлеуметтік желідегі белгілі адамдардың отбасындағы жағдайларды халық көріп, естіп, бақылап отыр. Бұрын «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп көп ретте үндемей құтылатынбыз. Осылайша, мәселе жабулы күйінде қалатын. Енді жаңа заманға аяқ бастық. Барлық нәрсенің бағасын нақты беретіндей кезеңде тұрмыз. Сондықтан отбасындағы зорлық-зомбылықты шешудің жолын тағы бір ортаға салып, талқыласақ дейміз.

Жанна АСАНОВА:

 – Шыны керек, көтеріліп отырған мәселе соңғы оқиғалардан кейін тіпті қызу талқыланып жүр. Қазір қоғам мүшелері де зорлық-зомбылықтың кез келген түріне реакция беріп жатқанын көріп отырмыз. Әлеуметтік желіде де азаматтық үн қосып жатқандар бар. Қоғам белсенділері де мәселенің түйінін тарқатуға назар аудара бастады. Демек қазіргі болып жатқан оқиғалар қоғамды алаңдатып отыр. Бірақ бұл кеселмен бүгін ғана бетпе-бет келіп отырған жоқпыз. Отбасындағы зорлық-зомбылық бұрын да болған. Өкінішке қарай, бұл – қоғамда тереңнен тамыр жіберген індет. Мұны жасырудың қажеті жоқ. Қазір әлеуметтік желі пайда болғаннан кейін қоғамның бітеу жарасы ақпарат құралдары арқылы жарыққа шыға бастады. Қанша дегенмен дер кезінде емделмеген кесел әбден асқынып, тамырын терең жайып кетті. Енді не істеу керек? Қандай амал қарастыру қажет?

  Бұрын Қылмыстық кодекстегі кейбір бап жұмыс істемегендіктен, Әкімшілік кодекске өткізілген еді. Осы арқылы зорлық-зомбылық көрсетіп жатқан абьюзерлердің әрекетін анықтау және тергеу оңайға түсті. Бірақ Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 73-бабында көрсетілген денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірудің анықтамасы қылмыс жасаған адамды жазалауға емес, қылмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бапқа сәйкес жәбірленушінің басын жарып, миын шайқап, жағын сындырып, төрт тісін қағып алған адамды 15 тәулікке, ал бұл іс-әрекеті қайталанған жағдайда 25 тәулікке ғана қамауға алынады. Конституцияда ең құнды деп көрсетілген адамның өміріне қасақана зиян келтірсе де зорлық иесі түрмеге отырмайды. Сондықтан Мәжілісте қарастырылып жатқан Заң жобасында осы олқылықтардың орны толтырылады деп сенемін.

 «Отандық медиадағы әйел бейнесі: әлсіз, жәбірленуші, зәбір көруші»

  Біздің отандық медиа әйелдерді қалай бейнелейді? Осы сауал жайлы сарапшыларымыздың пікірі мынадай:

  Лейла Махмудованың пайымынша, БАҚ-та көбіне әйелдердің екі түрлі бейнесі көрсетіледі. «Біріншісі – қандай да бір зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер. Көп жағдайда олардың аты-жөні аталмауы, бет-жүзі көрсетілмеуі мүмкін. Тағы айту керек, медиада әйелдердің осынша зорлық көрсе де күресіп жүргені, басынан өткен қиын жағдайға қарамастан, қалыпты өмір сүруге деген талпынысы көрсетілмейді. Көбіне әйелдер әлсіз, жәбірленуші ретінде ғана көрініс тауып жүр. Ал екіншісіне келсек, мұнда әйелдер барлық жетістікке өзі қол жеткізген және оларды бүкіл жағынан идеал ретінде көрсетеді. Біздің қазақстандық БАҚ-та бірінші түрі басымырақ»,—деді қоғам белсендісі.

 Ал құқықтанушы Әйгерім Құсайынқызы отандық медиа әйелдерді «объективациялайды», яғни әйелді зат ретінде көрсетуге тырысатынын айтты. «Денесіне, түр-әлпетіне басты назар аудартады. Оның білімі, кәсібилігі ешкімді қызықтырмайды. Бұл журналистерде ғана емес, дизайнерлерде де бар проблема. Мәселен, көпбалалы ана жайлы материалға кимешек киген әйелдің суретін, ал феминист қыздар туралы мақалаға шашы қысқа, боянған, ашулы әйелдің суретін қолдануы мүмкін. Жарнамаларда да әйелдің денесін еркектерге ләззат сыйлауға міндетті машина ретінде көрсеткілері келеді»,-деп баға берді.

Оның сөзінше, жалпы мақаланы, суретті беру жағынан да журналистер анализ жасауы керек. «Мәселен, бүгін он мақала шығып, оның бесеуі әйелдер туралы болса, әйел қалай суреттелді, ақпарат бейтарап берілді ме, әлде журналист сол әйелге қатысты субьективті пікірін қосты ма, міне, осының барлығына сараптама жасалуы қажет»,-деп түйіндеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.«Казинформ» сайты

2.«Gov. kz»

3.«Egemen kazakstan» газеті

Болатбек Айзат

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *