Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам дерті

Қазіргі күні Қазақстанда отбасы институтының беделін арттыру, нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде аз қамтылған, көпбалалы, қиын жағдайға тап болған отбасыларға жәрдемдесетін орталықтардың көптігіне қарамастан, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың саны азаймай тұр. Еліміздегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Отбасындағы жанжалдан басталып зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қылмыстық статистика бойынша соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқан.

Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өскен. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтан әйелдерден бөлек, балаларға да күш көрсету тыйылмай тұр. Бұл туралы ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы біріккен зерттеулерде ересектердің 75 пайызы балаларды  тәрбиелеу мақсатында таяқтайтыны жазылған. Елімізде 14 жасқа дейінгі балалар әрбір екінші отбасыда не балабақшада зәбір көреді, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан не болмаса мектеп мұғалімдерінен кемсітуге не зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны анықталған. Негізінен зорлық-зомбылықтың ең көп көрсеткіші балалар үйі мен арнайы интернат мекемелерінде кездесетіні байқалған

Осы ретте әйелдер мен балалардың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық көруіне қарсы елімізде көптеген шаралар қолға алынған болатын.

Ел Президенті был­тыр­ғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұр­мыстық зорлық-зомбылық үшін жа­за­ны қатаңдатуды тапсырды. Бұл туралы Мәжілісте де арнайы жиын өткізіліп, «Отбасылық-тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қар­сы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланған. Нәтижесінде, «отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы заңға сәйкес, зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бөлінген. Яғни, әрбір жәбірленуші қол жұмсау әрекетінің алдын алып, құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Бірақ көпшілік зорлық-зомбылық құрбандары әртүрлі жағдайларға байланысты полицияғя шағым-арыз түсірмей жатады. Сондықтан көптеген жәбірлеушілер жазаға ілікпейді. Жалпы, Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық көрсетілген.

«Дүние жүзінің көптеген елін алаңдатып отырған әлеуметтік жағдаймен күресте арнайы қызметтер құрылған. Мұндай кезде кәсіби мамандар ғана зардап шегушіге көмектесе алады», деп атап өткен Childline Thailand Foundation (Бангкок, Тайланд) атқарушы директоры Илья Смирновтың айтуынша, деректер бірден кәсіби ортаға жетпей жатады. Олардың көпшілігі басынан өткен ауыр жағдайды жасырып қалады, тіптен қоғам болып үнсіздік таныту жағдайдың ушығуына соқтыруда. «Ал мұндай жағдайда не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздей отырып, көптеген зерттеу нәтижесі қоғам дертін тоқтатуға болатынын көрсетіп отыр. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамға ортақ мәселе болғандықтан, зардап шеккендерге қоғам болып қолдау көрсету қажет.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *