Торғай өңірінде музыка өнерінің қалыптасуы

Торғай өңірінде музыка өнерінің қалыптасуы

Ы.Алтынсарин атындағы
педагогикалық институты
Оқытушы
Абдрахманова Роза
Султангалиевна

Ежелгі Торғай өңірі туралы сөз болғанда, ең алдымен, еске осы араның төл перзенті, халқымыздың аяулы, ақыны Сырбай Мәуленовтың:
Қызғанбандар, ақындар,
Мақтауға оны қақым бар.
Мен туған жер кішкене,
Торғай деген аты бар, — деп басталатын өлең шумақтары оралады. Арынды ақын «Мен туған жер кішкене» десе де, Торғай, үйренішті теңеумен айтқанда, кәрі құрлық Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кететін, ешкімнің тақиясына тар келмейтін байтақ аймақ. Жағырапиялық тұрғыдан алғанда, «Торғай үстірті», «Торғай қақпасы» немесе «Торғай қолаты» деген шартты атаулар әркімге жақсы тыныс. «Үлкен энциклопедиялық сөздікте» Торғай қақпасы жайлы: «батысы — Оңтүстік Оралмен, солтүстігі — Батыс Сібір жазығымен, шығысы -қазақтың ұсақ шоқылы өлкесімен (Сарыарқа), оңтүстігі — Тұран ойпатымен ұштасады» деген анықтама беріліпті.
Торғай даласында мәдениеттің дамуы XIX ғасырдың орта кезінде жаңаша бастау алды. Оған ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің келуі тікелей себепші болған. Торғай өңірінің халқы өнерге бейім, елде ән салып, күй тартатын өнер адамдарын әркез ерекше құрметтеген. Ал, жалпы бұл өнерде қатар отырған екі адамның біреуі домбыра тартып, ән сала білген. Олар ән мен жырды жан азығы деп сезінеді. Торғай халқының музыкалық ұлттық аспаптарына негізінен домбыра, қобыз және сыбызғыны жатқызуға болады.
Торғай өңірі ақындардың, әншілер мен күйшілердің, жыршылардың туын тіккен қасиетті жер, дарындар дариясы, өнер қонған өлке.
«Өскен елдің, өркен жайған елдің мерейін тасытар тұс — өнер қуған ұл-қызы десек, бұл орайда Торғай бағы жанған мекендердің бірі еді», — деп А.Байтұрсынов атамыз айтып кеткен екен. Торғайдан шыққан жыршы — жыраулардың қай — қайсысы да орындаушылық шеберлігімен танылған жандар. Солардың ішінде бұрын баяндалған Ахметхан Әбіқайұлы тым ерекшеленетін. Қазақтың халық әндерін орындаған кезде тыңдаған адам елігіп кетуші еді. «Ағаш аяқты», «Елигайды» мұндай шебер айтатын адамды өзім кездестірген емеспін. Оған қоса, жарықтық, ұмыт қалып бара жатқан қазақ әндері мен күйлерін қайта тірілтіп отыратын. Кейінгі ұрпаққа Торғай қазақтарының күйі ретінде жеткен «Айдабылпымның» алғашқы орындаушысы осы кісі болатын. Жұрт Нұрханның ақындығынан, Ахметханның әншілігі басым деуші еді. Бір — бірімен егіз қозыдай тел аталатын, тіршілікте адам қызығарлық татулық пен достықтың үлгісін көрсетіп өткен қос тұлғаны бәсекеге салған дұрыс болмас. Нұрекең күй де шығарған адам. Оның «Жеңіс» және «Июнь жарлығы» атты сазды туындылары ел арасында кеңінен тараған. Туған өлкемізде өнердің кәсіби деңгейде жетілуіне 1936 жылы Нұрхан Ахметбековтың басшылығымен құрылған колхоз — совхоз театрының ерекше орны болды. Мұндай өнер ордасы ол кезде Қазақстанда бірде — екілі ғана болатын.
Қазақ мәдениеті мен өнерінде Торғай аталатын ұланғайыр өлкенің үлесін сараптап шығу оңайға да түспес. Асылы, өз өңірімізден шыққан биік тұлғалар жайлы қысқаша мағлұматпен шектелген жөн болар. Саз өнерінде Торғайдан ең биікке көтерілген адам Бақытжан аға болса, қазақ кескіндемесінде біздің жерлесіміз Молдахмет Кенбаевтың есімі Орал Таңсықбаев, Әбілхан Қастеев сынды кісілердің ізін жалғаушы, Қанапия Телжанов, Айша Ғалымбаева және Сабыр Мәмбеев сынды тұстастарымен қатар аталады. Қазақ көркемсурет өнерін халықаралық деңгейге жеткізген мұндай суреткерлер санаулы. Жастай жетім қалған Молдахаң балалар үйінде тәрбиеленеді. Содан сәл қатыгездігі де байқалса керек, әлде жұмыс басты болды ма елге көп жұғыспай кеткен. Дегенмен, ол кісінің шығармашылығында Торғай тақырыбы ерекше орын алады. Оның «Жангелдин отряды» атты полотносы Мәскеудің және шет елдердің біразының көрмесінде қойылыпты. Ағамыз Театр — көркемсурет институтының кафедра меңгерушісі әрі профессоры ретінде соңынан жүздеген шәкірттер ерткен. Бақи ғұмырға аттанған талантты жерлесіміздің есімі торғайлықтардың жүрегінде мәңгі сақталады.
Халық әртісі Құрметті атағын алғандардың арасында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі әрі консерватория профессоры Айсұлу Байқадамова және сыртта өскен, Атырау облыстық қазақ музыкалық драма театрының жетекші актері Алма Ахметова сынды кісілер бар. Елге жиі ат ізін салатын опера әншісі, Республиканың еңбек сіңірген әртісі қазақтан шыққан тұңғыш бас дауысты орындаушы Абай Байтоғаев әлемнің біраз қалаларында өнер көрсетіп, мәдениеті жоғары тыңдаушы қауымнан тиісті бағасын алыпты. Осы театрдың тағы бір әншісі жерлесіміз Бақыт Қошмұхамбетов те қырық жылдан бері қазақ сахнасынан түспей келді.
Эстрадалық сахналарда жұртты ұйытып жүрген торғайлықтарды тәуелсіз мемлекетіміздің түкпір — түкпірінен кезіктіруге болады. Мерзімдік басылымнан оқыған Мұхтар Шахановтың «Өзі туған топырағында көзі тірісінде ешкім пайғамбар танылмақ емес. Бұл — адамаралық ортақ осалдық. Кейде маған осы мінез бізде елге қарағанда қатты дамыған сияқты көрінеді» деген пікірінің жаны бар. Себебі, көп нәрсе адамның өзіне, ұстамы мен күтіміне байланысты. Сонда да болса, өнер иелерінің бойларындағы нәзік сезімге көлеңке түсірмеуге абай болу қажет секілді.
Осы тұрғыда, сөз жоқ, дарынды да қабілетті жерлестеріміз Сейітбек Ордабаев және Жақсылық Қажиахметовтерді айтуға болады. Сейітбек — нағыз күміс көмей әнші болатын. Біреулерге оған қошемет аз жасалды ма деген үғым да туу мүмкін. Әлбетте, оның өнеріне қол соқтық, бірақ тұрмыс тауқыметін жеңілдетуге жәрдемдесу ешқайсымыздың ойымызға келмеді. Күнделікті тірлікке өзінің де бейімі аз жан тез мәңгіреп кетті. Содан кейін қашуға айналдық. Сөйтіп жүргенде бақиға аттанды. Режиссер жігіт Жақсылық Қажиахметов те осындай тағдырға душар болды. Оның кезінде Торғай халық театры тіпті күрделі классикалық туындыларды сахнаға шығарған еді. Сол кездегі, басшылық, шын дарынның бағасын беруден гөрі ол туралы күңкіл сөздерге көбірек құлақ асты. Осындай келеңсіз жайларға жол бермегенде ғана алда Торғай өнерінің туын бұрынғысынша жоғар көтере беретініміз анық. Әр азамат осы қағиданы берік ұстанса екен.
1993 жылдың күзінде Торғай облыстық филармониясының әншісі Ғазиза Жұмакеноваға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Жұрттың көптен күткен қуанышы еді бүл.
Бұрын облыстық филармония жанында «Шертер» аталатын бір ғана ансамбль болса, соңғы кезде оған «Торғай толқындары» жаңа ұжым қосылды. Әйтсе де, олардың үлкен сахнаға шығуына түрлі қиындықтар туғаны анық. Жастардың тума дарыны сезіліп тұрса да, «Шертердің» әккі тарландары бұларға жол бергісі жоқ. Жауапты сапарларға өздері аттанып кете барады. «Торғай толқындарының» үлкен өнерге жолдама алуы үшін нақты қамқорлық қажет еді. Сондықтан да тағы да Ғазиза бастаған жас өнерпаздарға қаржылай көмек көрсетіліп, Алматыда концерт қоюға мүмкіндік берілді. Бұл сапар жайлы республикалық барлық басылымдар дерлік жазды.
Сөз кезегінде «Шертердің» байырғы әншісі Отаркүл Мұқатаева, «Торғай толқынының» күйшілері Әбжан Сәрсенбаев пен Мысыр Кенжебековтің саз әлеміне Торғайдан жолдама алғанын, жергілікті сахнада тәрбиеленгенін айтуға болады.
Шын дарынның құдіретін ашуға мұнан артық баға да табыла қоймас. Сол айтқандай, 1960 жылы Болат Хамзин Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітіріп келген соң Торғайдағы өнердің қай түрі де жанданып сала берді. Бұрын концерттік бағдарламалар көбіне жұтаң: домбырамен ән салу, күй тарту және хор номерлерінен құралатын еді. Оркестрлік шешім, полифония дегендер, тіпті нота сауаты ешкімнің қаперіне енбейтін. Жеке ән орындаушылары аккордеонмен сүймелдейтіндер табыла бермейтіндіктен, Оркен Алматов ағамыз мандолина шертіп тұрушы еді. Әйтеуір, өнерге ғашық жұрт соған да жиналатын.Б.Хамзиннің шығарған «Торғай қызы», «Орамал», «Қайдасың, Шолпаным-жүлдызым» және басқа әндері көркемөнерпаздардың күнделікті игілігіне айналды. Аудан жұртшылығы той — томалақтарын, қызық — қуаныштарын Болаттың әнімен өткізетін болды.
«Алдыңғы арба қайда жүрса, соңғысы сонда жүреді» демекші, оның ұлағаты басқаға да үлгі болып, жолын қуған шәкірттері ондап саналатын болды. Солардың ішіне Тыныштық Әлденов, Жақсылық Қазымбеков, Ақшагүл Мұқанова, Қоныс Естұратов, Мәрияш Мұқанова, Абай Әмірханов музыкалық жоғары орындарын бітірсе, Бақытжан Сәуекенов, Ләззат Хамзина, Бағлан Ахметова, Түлкібай Ырысмағамбетов арнаулы білім алды. Бірте — бірте Торғайда балалардың саз мектебін ашудың қажеттігі туындап, ақыры оған да қол жетті.
Таланттар талантты алыстан таниды демекші, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Роза Бағланова, Шара Жиенқұлова сынды сахна жұлдыздары сияқты Торғай жерініңде әнші-сазгерлері еліне сыйлы, қадірлі. Жастардың ақ бұлақтай көзін ашып, өздерінің тамаша қабілетімен соңынан ерте білген, өнермен өрнектеп, еліне қызмет жасап жүрген таланттар әлі де бар.Торғай өңірінің әнші композиторларының шегі жоқ десек, қате айтпаймыз. Әлі де зерттелуді қажет ететін өнерпаздарымыз туралы деректер жинап, құрастыру әрбір осы жерде туған азаматтың міндеті болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1Торғай газеті. 26 сәуір 2002
2.Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. –А.,1973
3.Байқадамова Б. Композиторы Казахстана. №2 — А., 1982
4.Жәнібеков Ө. «Тағдыр тағылымы».- А., «Рауан», 1996
5.Сариева Ы. «Текті Торғай». – А., «Өлке», 2000

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *