Сана толысуы мен өркениет дамуының сабақтастығы.

 

    Адам баласына берілген ең үлкен нығмет пен басқа тіршілік иелерінен бізді бөліп, эволюцияның жоғарғы сатысында ұстап тұрған дағдымыз ол — санамыз. Санамыздың дамып, толысуының арқасында біз осы күнге жетіп, дамыған өркениетті заманда өмір сүріп жатырғанымыз мәлім. Алайда, тағы бір жағынан қарасақ, менде журналист ретінде мынадай ой туындайды: “Осы санамыздың дамуына бізге бірден-бір себеп болған сол өркениеттің дамуы емес пе?”. Менің айтқым келіп отырған тұжырымдамам — сананың толысуы мен өркениеттің жалпы дамуы өте тығыз байланысты. Бір-бірін тудыратын, толықтыратын жеке факторлер болып табылады. 

    Ежелгі әлемнің негізгі өркениеттері жер бетіндегі ландшафт туындаған табиғи апаттар мен күрделіліктерге қарсы күресте жалғасып келе жатқан жағдайда дами бастады. Тарих көрсеткендей, адамдар әрдайым жеңіске жете бермейді. Кейбір халықтардың өркениетке  жету жолында жер бетіне шашырап, өз-өздерін жоғалтқан мысалдар да жоқ емес. 

    Ал қазір, мынау қас қағым сәтте астан кестеңі шығып, әр түрлі ақпараттардың астында көміліп қалатын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Есіңді жоғалтпайын, провокацияға берілмеймін десең — өзіңнің санаңмен, өзіңнің ақылыңмен қолдана білуің керек деп ойлаймын. 

    Сана болмаса, адам болмысының рухани өрісі болмайтыны анық. Ол адам баласының дүние есігін ашқаннан бастап жинақтайтын тәжірибесіне, өскен ортасынан алатын тәрбие мен білімге арқау болады. Мәселен компьютер, бұл адам қолынан жасалған техниканың бір түрі, оның программасы іске қосылғанша алған компьютер ештемеге жарамайды. Сол сияқты, адамда сана болмаса, адам танымының өзегі сананың шеңберінде тәрбие, білім болмаса, қоғам өркениетінің дамуы жүзеге аспайды. 

    Сонымен қатар, “Тарихи сана” ұғымы бар. Ұлт мәдениетінің бастауында тұратын құндылық. Тарихи сана болмаса ұлттың тарихы, мәдениеті қалыптаспайды. Әлеуметтік философиялық тұрғыдан зерделейтін болсақ, адамзат мәдениетінің тарихи кеңістігінде тарихи сананың бірнеше құбылысы бар. Бірінші, тарихтан белгілі болғандай, өзінің мемлекетіне қызмет етуші тұлғалардың және зиялыларды шығарған халықтың зердесіндегі тарихи сана құбылысы. Екінші, өркениет жолында өзінің үстемдігін құру мақсатында қалыптасқан тарихи сана. Үшінші, қазіргі адамзат әлеміндегі жаһандану құбылыстарынан мемлекеттің, ұлттың тұтастығын, бірегейлікті сақтап қалуға негізделген зерде. Бұның басты ерекшелігі тарихилық ұстаным болып табылады. 

    Адамзат игілігінде бар барлық материалдық және рухани жетістіктер ғажап құрылыстар, түрлі техникалық табыстар, өнер, дін әдебиет, философия ғылым – осылардың бәрі сананың құдіреті. Объективтік дүниеде сананың болмысы жоқ. Ол тек адамға ғана тән. Сондықтан қашан да болмыстан жоғары қоятын ұғым туып, оны бастапқы деп санаған. Енді біреулер бұл пікірді мойындамаған. Қарапайым мысал келтірейін алысқа кетпей. Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Алматы қаласының тарихы сонау Х ғасырдан бастау алады. Содан бері талай-талай қиындықтардан өтіп, тар жол, тайғақ кешіп, уақыттың тезімен көркейіп, түрленді. Елдігіміздің бесігіне айналған, қазір бас қаламыздан кейінгі ең өркениеті дамыған шаhар. Неге десеңіз, өркениет деген — керемет құрылыстар мен технологиялар ғана емес, адам санасының дамып, өз ойының, құқығының пайда болуы және мәдениетінің биік болуы деп есептеймін. Сөз бостандығы соның — айқын бейнесі. 

    Сонымен не дегім келеді? Сөз бостандығымыздың, қоғамдық санамыздың дамуының арқасында қазан айының 25 жұлдызына митинг шаралары ұйымдастырылып жатыр. Қараламаймын, даттамаймын, дұрыс емес демеймін. Адамның сана-сезімі қашанда таптық, топтық қоғамдық сана-сезімдерге тығыз байланысты екені белгілі. Сол үшінде осындай топтық провокацияларға берілеміз. Алайда өркениетті қоғамда бұндай жалаң, заңдастырылмаған әрекеттерге жол жоқ болуы керек деп ойламайсыз ба? Зайырлы мемлекетте заңды жолмен, мәдениетті түрде билікке ұсыныс тасталып, өз кезегінде билік өкілдернің заң аясында шешім қабылдағаны абзал. Алайда, екінші жағынан қарасақ, бүгінгі өркениетке сол қарапайым шерулер, митингтер, қан мен тердің арқасында жеттік. Яғни, сананың дамуы мен өркениеттің дамуы тарихи, саяси және әлеуметтік тұрғыда қатты сабақтасқан.

Смагулова Жулдызай Сериковна

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *