Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра

Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра

Ең алдымен «дәстүр» ұғымының басын ашып алайық. «Дәстүр» –
иран-парсы тілінен кезінде қазақ тіліне енген сөз. Ол латын тіліндегі
«традиция» сөзіне, қазақтың «салт» деген сөзіне баламалас. Бұл сөздердің
мағынасы біркелкі – ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға беріліп отыратын өмір
сүру құндылықтары, қағидаттары, қалыптары, ережелері, яғни
бұрынғылардың кейінгілерге, олардың «еншісі» (арапша «мирас») ретінде,
беретін күнделікті тіршілікте қолданатын өнегелілік, тәрбиелік, рухани
маңызға ие игілікті де ізгілікті дүниетанымдық ойлары, сөздері және іс-
әрекеттері. Қазақтың «салт-дәстүр» деген сөзі осы жерден келіп шығады.
Қазақтың «салт», иран-парсының «дәстүр» сөздері кезінде тілімізге
енген араптың «әдет», «ғұрып» сөздерімен де мағыналас. Бұл сөздердің
мағынасы – өмірде ылғи қайталанып отырғандықтан тұрақтанып
қалыптасқан, бойға біткен күнделікті де үйреншікті қылық пен бейімділік.
Сонымен қатар «салт-дәстүр», «әдет-ғұрып» дегеніміз күнделікті де
үйреншікті нәрсеге айналған жалпыға бірдей қалыптасқан қоғамдық
(қауымдастық) тәртіп, реттеуші ереже мен іс-әрекет. Бірақ елде, халық
арасында қалыптасқан «салт-дәстүр» мен «әдет-ғұрыпқа» сәйкес те,
сәйкес емес те ниет пен пиғыл, ой мен сөз, мінез-құлық, іс-әрекет болуы
әбден мүмкін. Сондықтан да «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген
тәмсілді еш естен шығармаған жөн. Олай болса, қайсыбір жеке адам, қауым,
тіпті тұтас бір ел (мемлекет) өз тіршілігіне салт-дәстүрдің негізінен озығын
алып жатса, ал өзгелері оның тозығын алуы ықтимал. Өкініштісі, солай
болып та жатыр соңғы кездері.
Осыған байланысты бүгінгі күні және болашақта Қазақ елінің және қазақ
халқының алдында тұрған ізгілікті мұраты – ықылым заманнан бері өзінің
өміршең де жасампаз қасиетін еш жоғалтпай халқымызға қалтқысыз
қызметін жасап келе жатқан барша озық игі салт-дәстүрімізді, әдет-
ғұрпымызды бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасы ретінде жаңа
тарихи ахуалды ескере отыра басшылыққа алу, оларды еліміздің,
халқымыздың, әрбір отбасы мен жеке пенденің жарқын болашағы үшін
орынды да қисынды, оңтайлы да тиімді қолдана білу, тіпті мүмкіндігінше,
«адамның адамилығын арттыру» бағытында жаңғырта білу. Міне, осылай
болған жағдайда ғана соңғы кездегі ел-халқымыздың алдында тұрған
«Рухани жаңғыру» жолындағы мақсат-міндетімізді осы жерде қарастырып
жатқан салт-дәстүрімізбен тығыз байланыста екендігіне көзіміз жетеді.
Ал енді қазақ халқының ұлттық салт-дәстүр тәрбиесінің қыр-сырына, оның
түйткілді мәселелеріне кеңірек тоқталайық. Халқымыздың ұлттық салт-
дәстүрі сонау ежелгі Сақ, Ғұн, Тұран дәуірінен, кейінірек Түркі заманынан
бастау алып, одан беріректе Алты Алаш, оның ішінде Қазақ хандығы
орныққаннан бері қалыптасып, дамып, бүгінгі күнге дейін амен-есен жетті.
Оны «мың өліп, мың тірілген» ата-бабаларымыз біліп те, бойына сіңіріп те
келді, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе де білді.
Дегенмен халқымыздың игі салт-дәстүрін бүгінгі және болашақ замандарда
тіршілік етуіміздің рухани-өнегелілік іргетасына айналдыруға келгенде
алдымыздан бірнеше күрделі мәселе кес-кестейді. Олар негізінен мыналар:
Біріншісі – бай салт-дәстүріміздің бүгінгі күнге дейін жүйелі түрде, жазбаша
нұсқада толық жинақталмағаны. Дегенмен бұл бағытта алдымен Мемлекеттік
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген екі томдық «Қазақ
халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» (Жауапты ред. С.Е.Әжіғали.
Алматы, Арыс, 2005, 2006) атты ғылыми еңбекті айту ләзім. Одан кейін
«Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» (Алматы, «Өнер», 2011.) деген атпен
шыққан бес кітаптан тұратын басылылымды ауыз толтырып айтуға болады.
Реті келгенде осы жинақтың құрастырушы-авторлары Айып Нүсіпоқасұлы
мен Әкімбай Жапарұлына деген шексіз ризашылығымды білдіргім келеді.
Сонымен қатар бес томдық «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар
мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты әмбебап энциклопедияны (Бас
редакторы Н.Әлімбай. Алматы: 2011-2014) атап өту қажет-ақ. Алайда, бұл
бағыттағы жасалынбақ жүйелі де кешенді жұмыс әлі алдымызда.
Екіншісі – қазақ халқының қазіргі күнделікті өмір-тіршілігіне өзге елдер мен
халықтардың, әсіресе Батыс елдердің, соңғы кездердегі бейадами сипаттағы
мазмұны тұрпайы да таяз, сырты жылтыр да жалаң, алдамшы да жасанды, ел
мен халықты іштей ірітуге бағытталған бейөнегелі-бейрухани батыстық-
модернистік (батыстық-постмодернистік) кереғар «құндылықтары» мен салт-
дәстүрлерінің,  «жаңашыл» әдет-ғұрыптарының ендеп кіріп кеткендігі.
Олай болса, үлкен-кішіге осы бағыттағы «ақ пен қараны», «жақсы мен
жаманды», «озық пен тозықты» ажырату ісінің маңыздылығын баса айту өте
қажет-ақ.
Үшіншісі – «қазақ десе – өзімізге тиедінің» керімен көптеген «аты қазақ»
қандастарымыздың ұлттық салт-санамызға, әдет-ғұрып, дәстүрімізге мән
бермей енжар қарауы, «от басы, ошақ қасы» аясында бала тәрбиесінде
оларды негізге алмауы жүрегімізді сыздатып, жанымызды жаралап,
жүйкемізді тоздырып, көңілімізге қаяу түсіреді. Бұл жерде «осылай кете
берсек, ертеңгі күніміз не болар екен», «қазақ болып қала алар ма екенбіз»
деген сұрақтар көкейімізден кетпей-ақ қояды. Осыдан келіп «не істеп, не қою
керек» деген сауал амалсыз мазалайды.
Төртіншісі – мемлекетіміздің ресми тәрбие-білім беру ошақтарында балалар
мен жасөспірімдерге жүйелі түрде салт-дәстүрімізге негізделген ұлттық
тәрбие берілмеуі, яғни сол ұйымдар мен ұжымдарда ұлттық тәрбиенің
жалпы тәрбие жүйесінің «күретамыры» екендігінің ескерілмеуі. Осы жерде
тәрбиенің негізгі үш түрге, яғни халықтық (этнотәрбие), діни және кәсіби
болып бөлінетіндігін тағы да еске салған жөн. Қазақ халқының дәстүрлі
ұлттық тәрбиесінің бір ерекшелігі, ол өзіне тәңіршілдік және дәстүрлі
исламдық құндылықтарды табиғи да үйлесімді түрде сіңіре білуі. Бұл қағидат
– соңғы кездері надандықтың салдарынан қайсыбіреулердің «қазақ халқы
бірыңғай не тәңіршілдікті, не исламдықты ұстануы керек» деген қасаң да
кереғар пікіріне тойтарыс берерлік тұжырым. Осы жерден елімізде өскелең
жастарға тәлім-тәрбие беру мекемелерінде шынайы «қазақылыққа»
(қазақымайлық емес) басымдық беру қажет деген қорытынды туындайды.
Бесіншісі – Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастап, барлық
заңнамалық-құқықтық құжаттарда (кодекстер, заңдар, жарғылар) қоғамдық
қатынастарды реттеу тетіктері ретінде халқымыздың салт-дәстүріне
негізделген құндылықтары мен қағидаттарының лайықты түрде ескерілмеуі.
Нақтырақ айтсақ, қазақ халқының көпғасырлық руханияттық, өнегелілік,
салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық құндылықтарының күретамырына балта
шабатын кейбір заңдар, оның ішінде әсіресе соңғы кезде бүкіл ел аясында
үлкен дау-дамай тудырған, көпке дейін жариясыз түрде қарастырылған, бірақ
халықтың бала тәрбиесінің құндылықтарын қызғыштай қорғаған ел
белсенділерінің арқасында қайтарылып алынған «Отбасылық-тұрмыстық
зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» атты заң жобасын айрықша атап өту
қажет. Бұл жерде әңгіме мемлекетіміздің соңғы отыз жылдық «егемендік»
тарихында өзінің заңнамалық тәжірибесінде шетелдік үлгілерге айрықша
мән беріп, халқымыздың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі
жолы», «Жеті жарғы», Абай Құнанбайұлының «Шар ережесі» сынды
шынайы Ата Заңымыздың отандық заңнамалық жүйені жарақтау ісінде
қолданылмай, оларды тәрк етуі туралы болып отыр.
Аталған мұрат-мақсат-міндетімізді орындауға келгенде бірнеше іргелі де
бұлжытпас қағидаттарды басшылыққа алған орынды. Алдымен бұл жерде
былтыр 175 жылдығы салтанатты түрде өткізілген хакім Абайдың
халқымыздың салт-дәстүріне қатысты «озық» та «тозық» жақтарына, яғни
оның «тозығынан қашық, озығына асық» болуға арналған, әсіресе өскелең
жастарға адамгершілік тәрбие беру мен көркем мінез-құлық егудің кодексі
іспеттес өлеңін тағы да алға тартпақпын:
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол –
Адам болам десеңіз.
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Бес дұшпаныңыз білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз».
Иә, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан барша игі салт-дәстүрі мен
әдет-ғұрпын, ізгілікті іс-әрекеті мен өнегелі мінез-құлқын
әрқайсысымыздың асыл құндылығымыз бен асқақ мұратымызға айналдыру
ісі халқымыздың әрбір өкіліне ол жарық дүниеге шыр етіп келгеннен бастап
ұлттық (ата-ананың от басы, ошақ қасы) тәрбие беру арқылы егілетіні
бесенеден белгілі. Бұл туралы былтыр елімізде 1150 жылдығы салтанатты
жағдайда аталып өткен әлемнің Аристотельден кейінгі «Екінші ұстазы»
деген теңдессіз атаққа ие болған Әбу Наср әл-Фараби бабамыздың мына бір
даналық сөзін дүйім ұстаздар қауымы естіп-білсе де, ата-аналарға бұлжытпас
қағидат ретінде тағы да еске салғым келеді: «Адамға алдымен білім бермес
бұрын, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ол
түптің түбінде оны апатқа алып келеді».
Осы бағытта биыл 180 жылдығы аталып жатқан ақын, жазушы, зерттеуші-
ғалым, дінтанушы, аудармашы, ұлы ұстаз-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің
еңбегі орасан зор. Оның шығармалары қазақ халқын, әсіресе өскелең
жастарды шынайы кісілік пен адамгершілікке, білімпаздық пен
еңбекқорлыққа, кішілік пен қарапайымдылыққа, тазалық пен адалдыққа,
керек десең дін білімі арқылы имандылық (адамның Жаратушыға деген
шексіз сенімі) пен ихсандыққа (адамның ішкі жан-дүниесі, руханилығы,
адамилығы) шақырып, кереғар мінез-құлықтардан аулақ болуға үгіттейтін
ғибраттарға толы.
Бір өкініштісі, осы үш бірдей (оларға Ш.Уәлихановты қоссақ, төрт бірдей)
данышпан да кемеңгер бабаларымыздың жоғарыда келтірілген және басқа
да даналық қағидаттарын басшылыққа ала отырып іске асыруға келгенде
біразымыздың (тіпті көпшілігіміздің) енжарлық танытатынымыз тағы бар.
Енді тікелей халқымыздың салт-дәстүрлік тәрбиесіне келейік. Жоғарыда
аталған (және аталмаған) басылымдарда, оның ішінде «Ағаш бесіктен жер
бесікке дейін» атты кітапта қазақ халқының ұлттық тәрбиелік маңызы
орасан зор 700-ден аса жалпы қазақи танымдық, салт-дәстүрлік, әдет-
ғұрыптық құндылықтары мен қағидаттары, өмір сүру ережелері, алыс-берісі,
ырым-жырымы және тағы басқа мәнді мәліметтер жинақталған. Әрі қарай
қолға түскен әдебиет көздерінде осы тақырып туралы айтылғандарды өз
тарапымнан шартты түрде бірнеше топқа бөліп қарастырмақпын.
Бірінші топқа адам дүние есігін ашқаннан бастап, ержеткен (бойжеткен)
кезіне дейінгі аралықта оларға жасалынатын тәндік-рухани, тәлім-
тәрбиелік, әдептілік, әртүрлі өнерге баулу бағытындағы ортақ амалдар,
жатады. Айталық, кіндік кесу, балаға ат қою, қалжа беру, шілдехана, бесікке
салу, қырқынан шығару, бесік той, тұсау кесу, сүндет той, тілашар, баланы
әртүрлі ән-күй, ойын, сайыс өнеріне баулу, ұрпақты үлкенді-кішілі, ағайын-
туыстық, дос-жарандық қатынастар тұрғысынан тәрбиелеу және әдеп
сақтау сабақтарына қатысты салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-жырымы,
мінез-құлқы. Бұл амалдар – данышпан Абайдың «Атымды адам қойған соң,
қайтіп надан болайын» деген ойтолғауының, яғни адамның адам болып бой
түзеуіне, ой түзеуіне оның әсіресе балалық-жасөспірім кезінде оған
берілетін-егілетін ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа сай көркем мінез-
құлық пен іс-қимылды бойы мен ойына сіңірудің орасан зор маңызды
екендігінің айшықты айғағы.
Екінші топқа қыз баланы тәрбиелеуге қатысты салт-дәстүрді, әдет-
ғұрыпты, қағидаттар мен ережелерді жатқызуға болады. Бұл бағытта атам
қазақ біріншіден, «қыз үйдің құты, ауылдың көркі, береке-бірлік пен
татулықтың ұйтқысы» деген пәлсапалық оймен қыз баласын біршама еркін
ұстаған, аялаған, мүмкіндігінше, жақсы киіндірген, қамқорлық жасаған;
екіншіден, қыз баласының «жат жұрттық» екендігін ескеріп, барған жерінде
баянды, сыйлы да құрметті болсын деген ниетпен «қызға қырық үйден
тыйым» деген қағидатты ұстанып, көргенділікке, ізеттілікке,
кішіпейілділікке, сыпайылылыққа, салмақтылылыққа, сабырлылыққа және
т.б. тәрбиелеген, үшіншіден, болашақта әйел адамның күнделікті
тіршілігіне қажетті деген жан-жақты тұрмыстық іскерлікке, әртүрлі өнерге
баулыған. Бұл жерден қазіргі кездегі ата-аналар тарапынан қыз балаларына
қазақы сипаттағы қандай тәлім-тәрбие және олар қалай беріліп жатыр
деген үлкен түйткілді сұрақ туындайды.
Үшінші топқа ұл баланы тәрбиелеуге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрып,
қағидаттар мен ережелер жатады. Бұл жерде әңгіме ұл балаға отбасы
тәрбиесін беруден бастап, оны еңбекке баулу, ел-жұртты таныту, жігіт
сыны, әртүрлі ойын-спорт сайыстары, би өнері (мысалы, Қара жорға), сақал-
мұрт қою, замандастарымен, ел-жұртпен аралас-құралас болуға үйрету және
т.б. туралы болып отыр. Осы жерде халқымыздың ер адамдарға қатысты
«Атың барда, желіп жүріп жер таны, асың барда, беріп жүріп ел таны» деген
мақалы еріксіз еске түседі. Бұл мақалдың астарында дана қазағымның
«Адамның ісі – адаммен» деген терең пәлсәпалық ойы жатыр. Сонымен
қатар қазіргі ержеткен жастар үйлі-баранды болған кезде, өздерінің басты
міндеті – ең алдымен өзінің отбасы мүшелерін (жұбайы мен балаларын)
материалдық-тіршілік жағынан қамтамасыз етуге қаншалықты құлшынысты
да мүдделі және дайын деген сауалдар амалсыз ойға оралады. Айта берсе –
бұл өз алдына үлкен мәселе, әсіресе қазіргі қиын-қыстау заманда.
Төртінші топқа үлкен мен кіші, ата-ана мен балалар, ерлер мен әйелдер
қарым-қатынастары, ағайын-туыстық, құда-жекжаттық, дос-жарандық
қатынастар мен жалпы адами мінез-құлықты қалыптастыруға қатысты салт-
дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, қағидаттар мен ережелер жатады. Бұл жерде
әңгіме халқымыздың бір-бірімен амандасып-сәлемдесу (көрісу) тағлымы,
яғни кім кіммен алдымен амандасады, қалай сәлемдеседі, «Ағайынның
азары болса да, безері жоқ» тәмсілі, Әйтеке бидің «Кісімен бірге туыспау
керек, Туысқан соң – артық сөз қуыспау керек» қағидаты, «Мың жылдық
құда» институты, «Досым – екінші өзім» ұстанымы, Пайғамбарымыз
Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с. хадистеріндегі «Пенденің сауап таразысында
жақсы мінезділіктен сауапты іс жоқ. Оның дәрежесі күнделікті намаз оқып,
ораза тұтқанмен бірдей», «Алла қандай адамды ұнатады?» деген сұраққа
«Алла иманды және көркем мінезді (яғни ихсанды. – О.А.) адамды ұнатады»
деген сарындағы тәрбиелік маңызы зор ғибраттар туралы болып отыр. Өз
кезегінде, әр саналы адамның көркем (жақсы) мінезділіктің алпыстан аса
көрінісінің бар екендігін білген дұрыс.
Бесінші топқа халқымыздың қонақжайлылығы, дәм-тұзы, дастарқаны,
адамдардың, ағайын-туыстың, дос-жаранның бір-бірімен материалдық
(заттай, азық-түліктей, тағы басқадай) қарым-қатынастарына байланысты
салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ырым-жырымдар жатады. Айталық,
әртүрлі сипаттағы той жасау, қонақасы беру, түстік беру, қонаққа бас тарту,
ас-табақ тарту, күйеу табақ тарту, ерулік беру, наурыз көже, жылу айту,
сауын айту, сыбаға, қалыңмал, қыз жасауы, ет асату, сүйінші сұрау, көрімдік
беру, байғазы беру тағысын тағылар.
Алтыншы топқа пенденің бұл фәнидегі (өмірдегі) күнделікті тіршілігіне
және фәниден бақилыққа кетуіне (өліміне, қайтыс болуына) байланысты
діни ілімге негізделген салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, іс-шаралық амалдар
жатады. Олар, өз тарапынан, негізінен исламдық қағидаттарға негізделген.
Осы топқа жататын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, амалдарға қатысты мәселелер
туралы соңғы кездері біршама пікір алмасу, кейде қарама-қайшы пікірталас
та орын алып жатқанын айта кету ләзім. Сондықтан бұл мәселе әлде де
болса бұқара халық пен мүфтиат тарапынан айрықша байыппен жан-жақты
да жүйелі талқылауды күтіп тұр.
Жетінші топқа қазақ халқының жалпы дүниетанымдық білімі мен
көзқарасына қатысты мәліметтерді жатқызуға болады. Олар негізінен қазақ
халқының табиғатқа: аспан әлемі, жер беті, жер асты дүниелеріне, тіршілік
етіп отырған қоршаған ортаға, жылдың төрт мезгіліне, ауа райына, төрт түлік
малға, сонымен қатар жалпы тылсым дүниеге және т.б. деген көзқарасы,
түсінігі, түйсігі және нақты қатынасына байланысты салт-дәстүрлік, әдет-
ғұрыптық, ырым-жырымдық құндылықтары мен рәсімдері жатады. Бұл
жерден туындайтын басты тұжырым – көшпелі қазақ қауымының тіршілік
жасайтын табиғи ортасымен, бүгінгі тілмен айтсақ, нағыз да шынайы
«эколог» ретіндегі үйлесімді қарым-қатынасының болғандығы.
Сегізінші топқа қазақтың қасиетті де киелі бата-тілектеріне қатысты
халқымыздың осы күнге жеткен бай мұрасын жатқызуға болады. Бұл жерде
әңгіме алдымен бата сұрау салты, батаның түрлері туралы болмақ. Айталық,
оларға ықылас батасы, ас батасы, алғыс батасы, игі бастамаларға берілетін
бата, мереке батасы, сапар-жорық батасы, наурыз батасы, той батасы, ас-
нәзір батасы, қарияларға берілетін бата, сәбилер мен балаларға берілетін
бата, қыздарға берілетін бата, келіндерге берілетін бата, жас жұбайларға
берілетін бата, шаңыраққа берілетін бата, ел мен жерге берілетін бата, күйеу
бала мен қарындасқа берілетін бата, соғым батасы, жезде, құрбы-құрдастарға
берілетін бата, лауазымды адамдарға берілетін бата, мал басына берілетін
бата т.б. жатады. Бұл жерде қазіргі кезде ақсақалдар (үлкендер) тарапынан
«бата беру өнерінің» біршама ақсап тұрғанын еске салғым келеді. Осыған
сәйкес болашақта елімізде «бата беру институтын» жаңғыртуға бағышталған
әрқилы тақырып бойынша әрдеңгейлі (ауыл, аудан, облыс, республика)
мүшайра-жарыстар ұйымдастырылып отырса деп те армандаймын.
Қазақ халқының болашақта толыққанды ҰЛТ ретінде қалыптасып-толысып,
мүмкін одан әрі шырқай даму ісінде, еліміздің әлемдік аяда қайталанбас
болмысы мен бейнесін жасауда халқымыздың бағзы заманнан бергі іргетасы
мен күретамыры болып келе жатқан асыл мұрасы – оның ұлттық
дүниетанымы мен құндылықтары, олардың аясында игілікті де ізгілікті салт-
дәстүрі мен әдет-ғұрпы екендігі бұлжытпас тұжырым. Олай болса, еліміздің
бүгінгі және кейінгі заманның әрбір саналы өкілі мемлекетіміздің «Рухани
жаңғыру» тұжырымдамасы аясында өз ойы мен сөзін, болмысы мен
тіршілігін, іс-әрекеті мен мінез-құлқын халқымыздың өзіне тән төл
құндылықтарымен, жоғарыда айтылған және айтылмай қалған қасиетті де
киелі салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен салыстыра, салғастыра,
қиюластыра, үйлестіре отырып жүргізуі, дамытуы тиіс және бұл іс-шара
амалдар оның бабалар алдындағы жоғары парызы дер едім!

Исламбеков Әлибек
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы, Қазақстан
Ғылыми жетекші – филос.ғ.к., аға оқытушы, Аликбаева М. Б.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *