Мұғалім — мәртебелі мамандық

Жетісу облысы Көксу ауданы Балпық би ауылы
«Алпамыс» балабақшасы тәрбиеші Каршалова Ш.Б

Мұғалім – мәртебелі мамандық
Адамның адамшылығы…
Жақсы ұстаздан болады.
Абай Құнанбаев
Адамзат баласы шыр етіп дүниеге келгеннен, айналасындағы адамдардан алғашқы жылулық, қамқорлық, сүйіспеншілікке бөленеді. Алғашқы тәлім-тәрбиені отбасынан алып, бойына сіңіреді. Өсе келе жан-жағын танып, ұстаз алдына бейкүнә, пәк кейіпінде келіп, алғаш білім нәрімен сусындайды.
Ал, осындай мөлдір, таза, пәк көңілді балаларды білім нәрімен сусындату үшін, ұстаз ұлы тұлға болуы керек екені заңдылық.
Мына әлемде қилы-қилы, алуан түрлі мамандықтар бар. Олардың өзіндік қиындығы және қызығы да бар. Ал менің таңдауым жан-жақты ізденуді, білімділікті, жүрегі кең мейірімділікті, шеберлікті, шығармашылықты қажет ететін, ең қастерлі, мәртебелі және қасиетті мамандық – ол тәрбиеші болу.
Көк майсадай желкілдеп, өсіп келе жатқан бүлдіршін ұрпақтарымызға тәрбие беру, біліммен азықтандыру, яғни тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін.
Ұстаз алдынан небір ғұлама ақын, ұлы дана, жазушы, ғалым, өнер қырандары, қарапайым маман иелері өтіп, өмірде өз жолдарын тапқан. Адамзат баласы үлкен өмірге жолдаманы ұстаз арқылы алады.
Француз ағартушысы, жазушы Жан-Жак Руссо, «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, қалай тәрбиелесең, солай тәрбиеленеді» деген.
Сәби еш алаңсыз алдындағы ұстазына сенеді. Ұстазға қарап үлгі, өнеге алады. Ал өз шәкірттерін толыққанды біліммен қамтамасыз ету үшін, қазіргі кезде ұстаз баланың жан дүниесіне үңіліп, оның ойын тыңдап және пікірімен санасып, баланың өз бетімен жұмыс жасауына жағдай туғызуы керек.
Қазіргі заманда мұғалімдерге қойылатын талаптар өте жоғары. Балаларды жан-жақты дамыту, яғни заманауи талаптарға сай білім беру, іздену, зерттеу, тапқырлық, шығармашылық, танымдық өрісін кеңейтіп, бар адами қасиеттерді, құндылықтарды бойына сіңіре білу. Осы қасиеттерді бала бойына дарыта алу үшін, мұғалім сол дәрежеге сай, дайын болуы керек. Заманауи жаңа технологияларды меңгерген, қандай қиын жағдайда да тығырықтан шыға алатын, үнемі өзін-өзі дамытып отыратын, еркін және тез шешім қабылдайтын, балаларға қауіпсіз тәрбие беріп, қолжетімді білім бере алатын мұғалім өз мамандығының шебері деп ойлаймын.
Ұстаз білім мен тәрбиені қатар алып жүруі керек. Заман талабына сай білім беру үшін, үнемі ізденіс үстінде, шеберлікпен беретін білімімен балаларды қызықтыра білуі. Оларға берілетін ақпараттармен бірге, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми жобалар дайындау мәселесі де қамтылуы тиіс.
Қазіргі заман талабына сай балалардың отыратын ортасы, яғни заттық дамытушы аймағы талапқа сай жабдықталып, түрлі ресурстармен қамтамасыз етілген болса, баланың терең білім алуына бірден-бір себеп болар еді.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады»,- деген болатын. Ал осындай дәрежеге жету кез келген мұғалімнің, тәрбиешінің қолынан келе бермейді. Балаларды шабыттандыру үшін алдымен олардың үнін тыңдау, яғни бала жанын балаша түсіну, оның жай-күйін сезіну, олардың әрқайсысын жеке тұлға ретінде қабылдау керек деп ойлаймын.
Ұстаздық еткен адам аянбай тер төгіп, жан-тәнімен өз жұмысына беріліп, рухани күш-жігерін, тәлім-тәрбиесін, парасатын, бойындағы бар шеберлігін балаға бергенде ғана нәтиже шығары сөзсіз.
Ел болашағы ұстазға байланысты деп ойлаймын. Себебі шебер ұстаздан білім алып шыққан адам, алған білімімен қоғамда игі істерімен айналасындағыларға пайдасын келтіре алады.
Ұстаз біздің болашағымыздың мүсіншісі. Болашақ тағдыры ұстазға байланысты.
Абай атамыз айтқандай «Сен де – бір кірпіш, дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!»,- деп, шәкірттеріміз үлкен өмір жолында өз орнын тауып, кірпіш болып қаланып жатса, ұстаздың еткен еңбегі зая кетпегені анық.
Білімділер ғасырында өмір сүріп жатқандықтан біздің кішкентай бүлдіршіндерімізге екінші анасы болып, оларға тәлім-тәрбие беріп, бағыт бағдар беретін, болашаққа саналы, білімді, интеллектуалды, құзыретті, мәдениетті, заманға сай еркін бәсекеге түсе алатын тұлғаны тәрбиелеп шығатын мұғалімнің мәртебесі әрқашанда биік болатынына сенімдімін!

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *