Заманнан заман озғанда

Тураева Дина Абдрашовна

Төре әулеті/материалдарды жинақтап, дайындаған

Дина Әбдірешқызы Тураева.

 

Бұл кітап өлкемізде жиырмасыншы ғасыр аяғында өнегелі өмір сүрген, Тураев Әбдіреш Төреұлының тағдыры туралы.

Ел есіндегі тұлға ұрпақтарының тауқыметтерді жеңе өсіп-өркендеуі, ақыл-парасатпен, біліммен қоғамның алдыңғы сапында мемлекет болашағына сай еңбек етуі, адамгершілік, елжандылық қасиеттері де жинақта кең қамытылған.

 

 Әкелер өткен ұлы өмір

Бүгінгі дәуір міндеттері біздерді алыс болашақтарға көз тіктіртеді, кейінгі ұлы тарихқа, данышпан, батыр бабалар жолына зер салдырады. Ежелгі ұлылардың жан-дүниесіне үңілгендей күй кешіп, қазіргі егемен Қазақстан өмірі бұдан сан ғасыр бұрынғылардың арман-мүдделері жүзеге аса бастаған өрелі кезең екенін көреміз. Бұл пікірге біз Халық батыры, біртұтас Қазақ мемлекеттігін, халықтар ынтымақтастығының ұйтқысы, қазақ ұлтын нығайтып, дамыту жолындағы қайраткер, қазақтың кемеңгер көсемі Сүйінқара 1756-1841 жылдар кезеңінде өмір сүрген Адайдың әйгілі батыры, тарихта өз орны, іс-әрекеті бар, халық мүддесіне жанын салған, барын арнаған азамат. Ол жарының Жетімек тайпасының перзенті.

Жетімектен–Пұсырман,одан-Үргішбай.Сүйінқар Үргішбайұлы 85 жаста дүниеден өткен. Сүйінқара өмір сүрген кезең қазақтың орыстармен бірігуі немесе оған бодан болу жөніндегі талас- тартыстың шиеленіскен тұсы еді.

Сүйінқара Батырдың Хиуа мен Ресей патшалығы бодандығынан қорғаған өжет жауынгер, әрі би болған еді. Оның батырлығы Махамбет пен Исатай батырлығымен бірге айтылғанмен, Орыс бодандығына Махамбет пен Исатайдың жеңіске жетуі осы батыр Сүйінқараның арқасы екенін көп жерде айтыла бермейді. Шын мәнінде Сүйінқара жасағының саны Махамбет пен Исатай батырларына қарағанда басым болған. Сүйінқараның әскері де, өзі де өжет болды.Қазақ жері, әсіресе, Батыс өлке Маңғыстау орыс бодандығынан аман-есен қалуы осы керемет батыры Сүйінқараның соғыса білген өжеттілігіне байланысты. Сүйінқараның қыздары Айсалқам мен Жансалқам да, інісі Кежі де, ұлы Бүркіталы да өте керемет жауынгерлікпен танылған. Олар Хиуа бодандығы кезінде көтерілісте қаза табады. Кежі інісі киіз үйлердің бірінің ішіне кіріп алып жауларды тосып, екі қылышымен барлығын шауып отырған, киіз үйді жау әскері көтере жөнелгенде, Кежі батырдың оншақты жауын бір өзі шауып тастағанына күә болған.Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» атты кітабінде Сүйінқара Беріштер рулы батырларына көмек беруді және дос болуды көрген деп айтылған.

Ол Махамбет пен Исатай батырларына көмек беруді ойлаған, қылышы жерге тимеген Адай руынан шыққан ең ғажап жауынгер, ақкөңіл батыр болған екен. Ірі және ұзын бойлы болған екен.Сүйінқара батыр ешуақытта елін жау жанына қалдырмаған, елі үшін, жері үшін жауға қарсы шыға берген өте өжет адам болды.

Кейбір, мағлұматтарда Сүйінқара қарақшы ретінде, яғни,сол заманның бандиті болған, деседі. Кіші жүздің Адай руының Мұңалдың Жары Жетімегінен шыққан. Ресей империясының, Хиуа хандарының, түрікмен билеушілерінің үстемдігіне қарсы күрескен. Сүйінқара 1837 жылы Жайықтың шығыс бетіне өткен Исатай-Махамбетке қол жинауға көмектескен. Сүйінқараның орыс зерттеушісі С.Г.Карелинмен, Жайық беттегі көтеріліс басшылары Исатай мен Махамбетпен кездескені және де Англия тыңшысы Джейс Абботты қолға түсіргені туралы “Сүйінқара” атты романда айтылады. Сүйінқараның інісі Кежінің, балалары Бүркіталы, Сатыбалды, Көтібардың ерлігі, қыздары Айсалқам мен Жансалқамның қайғылы тағдыры туралы ел аузында аңыздар көп сақталған. Батыр туралы А. Ф Рязанов пен В. Ф. Шахматовтың ғылыми еңбектерінде, Ә. Кекілбаев, Қ. Сыдиықов, Е. Жаманбаев, Қ. Шыртанов, Ә.Спановтың көпшілікке арналған мақалаларында сөз болады. Оған А. Өтембетұлы, Ы. Шөреков жыр арнаса, М. Әбдіқалықов “Сүйінқара” атты роман жазған. Сондай-ақ Сүйінқара батыр туралы Ә. Әлімжановтың “Махамбеттің жебесі” романында айтылады, Ә. Кекілбаев “Күй” повесінде Сүйінқараның бейнесін сомдаған. Сүйінқара батыр Маңғыстаудағы Сейсен ата қорымына жерленген.

 (Маңғыстау  ақын – жазушыларының  кітапханасы).

 

Заманнан заман озғанда

Заман белгілі бір кезеңдегі уақыттың ұзынды-қысқалығымен емес, оның мінез-құлқымен айқындалады.

Заманның мінез-құлқы адамның қолында. Заманды құйындай  ұйытқытатын да, мамыржай күйге түсіретін де-адам.

Жиырма бірінші ғасыр биігінен кейінге көз салсақ, біздің қазақ жиырмасыншы ғасырда бес түрлі заманды бастан өткеріпті. Алғашқысы – он тоғызыншы ғасырдан бермен жалғасып, 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысына жеткізген заман. Ол бірінші дүниежүзілік соғыстың дүмпуімен туды. Екіншісі–1917 жылғы Ұлы Октябрь социалистік революциясынан екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі арайлы армандар мен қиямет – қайым, зұлмат кезеңі. 1941 мен елуінші жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы және соғыс зардаптарынан арыла бастау шағы өз алдына оқшау тұр. «Қой арқасына бозторғай жұмыртқалаған заман» елуінші жылдар соңынан 1990 жылға дейінгі аралыққа созылды. Содан бермен қуанышы мен қаяу-кірбіңі, жұты мен ырыс-несібесі араласа жетіп, тек екі мыңжылдық тоғысынан асқанда тамырына сыздықтап қан жүгіре, алға озған тәуелсіздік заманы.

Бұл кітапта сыр толғанатын кіші жүздің Адай руының Мұңалдың Жары Жетімегінен шыққан Сүйінқара ұрпағы Төре әулеті осы бес заманның да жаймашуақтары мен қайғы – қасіреттерінің, үміттері мен шапағаттарын бастан өткеріп, ілгері ұмтылуда.

         

Әке туралы сөз

 Бұл қамшының сабындай қысқа өмірде адам баласының бүкіл болмысын, тыныс тіршілігін, кескін-келбетін ғажайып нұрға бөлейтін, жүрек төрінен мәңгі кетпейтін, көңілдің саясын паналайтын екі асыл жан бар.

Оның бірі-аяулы ана болса, екіншісі–ардақты әке. Біздің қанатымыз қатайғанша, бұғанағымыз бекінгенше аялап, мәпелеген аяулы қос шынардың алдындағы перзенттік борышымызды ешқашан өтей алмайтынымыз анық.

Дүниедегі ешбір оқу – әке мен ананың берген тәлімін бере алмайды. Оқудан білім қонар, ал тағылымды тәрбие – тек әке мен анадан ғана берілетін қасиет. Әке мен ананың бергеніндей білім, ақыл, тәрбие еш жерде болмайды. Оны кітаптан табу қиын. Олардың тәрбиесі, Абай айтпақшы, бар тамырды қуалайды. Жүректен шығып, жүрекке жетеді. Әкенің балаға айтқан әңгімесі, баласымен бірге ойнап-күлгені, серуендеткені, ел аралатып қыдыртқаны, жаңа адамдармен таныстырғаны, «балам» деп мақтанғаны, ата-бабасының, руының, елі мен жерінің кім екенін ұқтырғаны – тәрбиелік мәні терең дүниелер.  Әке туралы әңгіме қозғаған соң, бір сәт ұлағатты әкелер туралы айтайықшы. Ондайлар да бар ғой. Көп шығар деп ойлаймын. Сәл тарихи шегініс жасап, кешегі ұлылардың заманына зер салсақ, қазақтың бас ақыны – Абай. Оның әкесі Құнанбай. Құнанбайдың Абайға айтқан бір сөздері бар емес пе еді: «Мықты болсаң, өзіңдей ұл тудырып ал» деген, немесе  «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрағаны. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі.  Бұл сөзде үлкен мән жатыр. Абай сияқты ұл тудырып, ұлағатты тәрбиесін беріп, ел өміріне араластырып шыңдауы жас баланың халықты ерте тани бастағанына дәлел емес пе? Құнанбай болмаса, Абай Абай болар ма еді? Міне, баланың өмірінде әкенің алатын орны қандай! Анау Шоқанды алайық. Шоқанның тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, бала Шоқанды оқуға жібергізіп, дана Шоқан қылған кім? Шоқанның әкесі – Шыңғыс болмаса, Шоқан Шоқан болар ма еді? Демек, баланың дана болуына, азамат боп ержетуінде әкелердің алатын орны ерекше. Ұлы Абай әкесі Құнанбайдың қадіріне жете білген. Оны мына бір өлең жолдарынан көреміз:

Мұсылманға қоймаған,
Орынсыз жанжал, шатақты.
Ерегескен жауларын.
Кісен салып матапты,
Зекет жиып, егін сап.

Тойдырған ғаріп, жатақты,
Ескендір, Темір, Шыңғыстай.
Мұсылманда атақты,
Мұқым қазақ баласы.

Тегіс ақыл сұрапты,
Тобықтыны ел қылып.
Басын жиып құрапты,
Меккеде уақып  үй салып.
Пәтер қып, жаққан шырақты,
Бір Құдайдың жолына.
Малды аямай бұлапты,
Ажал уақыты жеткен соң.
Соның да гүлі қурапты
Қажыны алған бұл өлім,
Сабыр қылсақ керек-ті.

Әке туралы баланың бұлайша толға­нуы – заңды нәрсе. Әкелер өмірден өт­кен соң, артындағы ұрпақ олардың қадірін кеш түсі­ніп жатса да, үлгі-өнегесін, ардақ­ты есімін еш уақытта естен шығармайды. Жаратылыстың бір құпиясы сонда, әрбір адам баласының бұл дүниедегі іздері олар өмірден өткенімен, соңында сайрап жатады. Әрине, оны тек ет жақындары сезеді. Ол адамның өзі болмағанымен, оның рухани кеңістігі, сөздерінің кеңістігі, істерінің кеңістігі сезіліп, аңғарылып тұрады. Ол бейнебір өшпегендей, бұл дүниеден өтпегендей, ағайын-туыстарының жадында сақталып тұрады. Жұбату айтқанда да «ол біздің жадымызда мәңгілік сақталады» деп айтылуы тегіннен-тегін емес. Баланың көз алдындағы әке бейнесі ең бір жарқын сәттерге толы болып есте қалады.

Маған да ардақты әкемнің өмірдегі таудай тұлғасын, биік адамгершілік қасиетін, ұсақ тірліктің әр сынынан азаматтық болмыспен жол тауып шығатын сұғылалығын ойыма алғызған, қолыма қалам ұстатуға мәжбүр еткен оған деген сағыныш, құны еш нәрсемен өлшенбейтін перзенттік сезім болса керек.

Әкем, Әбдіреш Төреұлы мынау жарық дүниедегі маңдайына жазылған өлшеулі ғұмырда сөзі мен ісі үйлесім тапқан ардақты азаматтың бірі еді. «Әке» деп ауыз толтырып, көкірегіңді керіп, кеудені айқара ашып, ерекше ықыласпен, ізгі ілтипатпен айтуға тұратын өмірдегі аяулымның да қамшының сабындай қысқа, бескүндік жалған өмірмен қош айтысқалы да жеті жыл өте шықты.

Әкеме деген балалық сағынышымды, сырым мен ешкімге айтылмаған әңгімемді қағаз бетіне  түсіруді жөн көрдім.

Ойлаған адамға, тіпті, өмірдің өлшеуіне салып қарағанда, жеті жыл –азғантай жыл. Алайда, осы уақыт мен үшін ғана емес, әкеміздің қанынан тараған ұл-қыздары үшін де жылдар пара-пар болды. Өйткені, әкесіз өткен осы уақыт жүректі қарашаның суық желіндей тоңдырды, желтоқсанның ызғарындай қарыды, қаңтардың аязындай қатайтты.          

 

АСЫЛ АНА

 Анамыз Марияш 1947 жылы 15-ші наурызда Тәжікстан республикасы Душанбе қаласы Октябрьский ауданы колхоз Москва №4 бөлімшесінде руы қосай Шергалив әулетінде  дүниеге келіпті. Әкесі Жұмабай мен асыл анасы Ұштап  үш қыз бен екі ұлды дүниеге әкелген екен. Олар: Қалы, Марияш, Әбдурахман, Әтіргүл, Әбдурашит.

Анамыздың әкесі Жұмабай жергілікті ауданының  Партком хатшысы қызметін атқарған. Анасы Ұштап жалпы білім беру орындарында сауатсыз жұмысшыларға сабақ берген мұғалім болған. Анасы Ұштаптың руы қосқылақ.

1965 жылдың ақпан айында  Марияш анамыз Төре әулетіне келін болып түсіпті. Анам келін болып түскенде Аманқос ағам, Жәмила, Камила апаларым жүгіріп жүрген кішкентайлар. Сосын Жеңіс, Бақтыгүл, Зейдінабдулла, Айшагүл, Оспан туды. Анамыздың тұңғыш  баласы дүниеге келгенде есімін үлкен шалдың баласы Құттыбай қайнағасы   қойыпты. Ата-анам өз алдына бөлек үй болудың қамын ойлауға кіріскен. Сөйте-сөйте бөлек шығып, үй болып кетіпті. «Шебердің-қолы алтын» дейді атам қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнері бір анамыздың бойынан табылған. Марияш анамыз біз үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығы мен әдемілігін құрбан еткен абзал жан.Біз дүниеге келгеннен кейін де, үнемі қасында ұстап, ақ сүтімен азықтандырып, түнгі ұйқысын төрт бөліп, жылағанда тыныштандырып, еңбектеніп тыным таппайтын, перзенті ер жетсе де, алаңдамай қоймайтын. Ендеше, біз үшін асыл қазына, Алланың берген ұлы сыйы-Марияш анамыз! Ол бізді тәрбиелеуден, ауырсақ емдеуден, қамқорлық етуден еш шаршамаған. Осылайша ата-ананың, оның ішінде, әсіресе, ана орнының өте жоғары екенін көреміз.  Анамыз Марияш – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі бола білген жан. Ананы аспандағы ай мен күнге, жарық жұлдызға, баға жетпес асыл заттарға теңеу дәстүрі де өз тілімізде берік қалыптасқан.

Асыл Ана
Өмірдің иесі сен, ғазиз Ана,
Келтірген дүниеге нелер дана.
Анасыз батыр да жоқ, ақын да жоқ,

Өмірдің алтын кілті сонда ғана, — дегендей көктем табиғатымен жымдасқан жылылық, шексіз мейірімділік, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап өмір себуші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі – ол Марияш анамыз.

Өмірде Ана алақанының қызуы мен әке-шеше мейірімін тоя жеген тамақ та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды. Осыдан жарты ғасыр бұрын ғалымдар жүргізген бір қарапайым тәжірибе осыған дәлел болса керек. Ғалымдар адам Аналарынан айрылған маймыл балалар үшін екі қуыршақ маймыл Ана жасап, бірінің омырауынан сүт шығатын, денесі қатты да суық етіп, екіншісінің омырауынан сүт шықпайтын, бірақ денесін жылы да жұмсақ етіп, жасаған екен. Маймыл балалары сүті бар денесі қатты қуыршақты емес, сүті жоқ болса да денесі жұмсақ қуыршақты Ана ретінде қабылдап, соның бауырына тығылған. Міне, сонда кімге болса да бәрінен бұрын керегі мейірім, Ана құшағы ғана. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде де ең алдымен Ананы құрметтеу парыз екені айтылады. “Әуелі Анаңа, тағы да Анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса” делінген онда. “Егер атаң мен Анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі Анаңа жауап бер” деген ұлағатты сөз бар. Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде “Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, парызыңды өтей алмайсың”; “Кімде-кім ата-анасының ризалығын алған болса, бала соның өмірін ұзартады” делінген. Жұмақ — ананың табанының астында. Оның ризалығын алмай, жақсы өмір кештім деудің өзі бекершілік болар дегім келеді.

 

Өркені өскен шаңырақ

Тураев Әбдіреш Төреұлы! Бұл есім Оңтүстік Қазақстан өңіріне біршама жақсы таныс. Өйткені ердің бағасын елі біледі. Оның өмірбаяны да онша күрделі деуге бола қоймас. 1945 жылы 1-ші қаңтарда Тәжікстан республикасы Душанбе қаласында Қарымсақовтар әулетінде  дүниеге келген. Балалық бал дәурені көңілсіз болған жоқ. Білім ордаларының қара шаңырағы Сырдария облысы Жетісай ауданы Ленин колхозының жалпы орта мектебінде оқыды. Әкеміз жастайынан мектепте үздік оқыды. Іске  ұсынақтығымен, тапжылмас табандылығымен көзге түскен. Әсіресе қолдан келгенше еңбек етуден тайсалмайтын ерік-жігері сүйсіндіретін болған екен. Жоқтан бар  жасауға талаптанған жан. «Өнерді үйрен де жирен» деген аталы сөзді естен шығармаған. Бұдан соң да өмір баспалдақтары бастау ала берді. Ол бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан аймағының-Ай мүйізді азаматы атанды.

Әкесі Төре мен аяулы анасы Ұштап  үш қыз бен екі ұлды дүниеге әкелген екен. Менің әкемнің өзінен үлкен Қаным, Темір есімді екі апасы мен Әбдімұқан ағасы және өзінен кейінгі қарындасы Базаргүл болған. Әкем тумаларының арасында төртінші бала екен.

Әкесі Қарымсақұлы Төре 1897 жылы Маңғыстау өңірінде дүниеге келіпті. Төре атамыз жаугершілік кезінде Түркімен еліне барымташылап тұрған жаужүрек әрі мерген, тапқыр, қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, жөргегінде жатып жылқының кісінеген даусымен оянатын, қаршадайынан аттың жалына жабысып өскен, аттың құлағында ойнаған кісі болған екен. Кенеттен Қазан төңкерісінің қара дауылы килігіп, шырқы бұзылған тіршілік шыркөбелек айналып жүре берген…

Мал-дәулеті тасыған, әсем  тұрмысты күн кешкен Төреге де қауіп төніп, Тәжікстан республикасы Душанбе қаласына қоныс аударыпты.

Бері келе, Төре атамыз жанұясымен Сырдария облысы Жетісай ауданы Ленин колхозына көшіп келеді. Ұл-қыздары  Ленин колхозында жалпы орта мектебін бітіреді.

Үлкен ағасы Әбдімұқан Сырдария қаласындағы педагогикалық институтының физика-математика факультенінің бітіреді. Қоныстанған ауылында жалпы орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып қызымет атқарады.

Әкеміз Әбдіреш орта мектепті бітірген бойдан, Сырдария қаласындағы милиция училищесіне оқуға түсіп, оқуын аяқтап шығады. Сөйтіп, анам Марияшпен танысып, құда түсіп, шаңырақ құрыпты. Орысша білім алған анамыз Марияшқа әкемнің отбасында бірден тіл табысу қиын болса да, шыдамдылық пен төзімділік танытып, сый-құрметке ие болады. Анамыздың құлақтың құрышын қандыратын әндері мен жүректен шыққан өлең жолдары таң қалмасқа шек келтірмеді. Алла тағала әкем мен шешеме перзентті бірінен кейін бірін беріп, шаңырағын шаттыққа, босағаларын бақытқа кенелткен екен.

 

Қымбаттарым менің!

Шіркін өмір, сен адамзатқа қаншалықты аян болсаң, соншылықты жұмбақсың. Өткен шақтың әр кезеңінде туысқандық көңілмен ойнап-күліп бірге жүріп, өмірдің қызығын да, ауыртпалығын да бірге көрген, қоғамдық өмірдің алуан саласының қажетін өтеуге барлық жастық жалынын, талап-талантын берген әкемнің аяулы туыстары – аға-жеңгем, жезде-апаларым, тайдай тебісіп әкеммен ойнаған  бауырлары бүгінде жоқ болса да бейнелері көз алдымызда. Олар: Қаным-Тәңірберген, Темір-Лақай, Әбдімұқан-Жаңылай, Базаргүл апамыз, сіздерден көз жазып қалғанымызға да бір шама жылдар өтті. Бұл өмірдің қас-қағымдай қысқа екенін білсек те, соңдарыңда қалған біздер-ұрпақтарың, туыстарың өкінішпен еске алып қана қоймай сіздердің азаматтық, адамгершілік ағайындық-ерлік қасиеттеріңізді мақтан тұтамыз.

Кімдер келіп, кімдер кетпеген дейсің бұл өмірге. Жақсы да, жаман да, дана да, батыр да… бәрі-бәрі тұрақты орын ала алмаған бұл жалғаннан. Тұрлаусыз өмір дейтіні де сондықтан шығар, бәлкім.

Мұқағали ақын айтқандай, «өмір шіркіннің түбіне жетерме ой, өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» деп егіле отырып естелік айтудан, жазудан басқа қолдан келер шама жоқ.

Әкеміздің үлкен апасы Қаным апамызбен бір ауылда тұрдық. Қаным апамның жүрегі таза, ниеті ақ, адал жан болды. Ол өз бетімен оқып-тоқығаны көп, көзі ашық жан еді. Қаным апамыз бен жездеміз Тәңірбергеннен бес ұл-қызы, күйеу балалары мен келіні бар. Олар: Сара, Баян, Дана, Нұрсұлу, Мұхтар. Қаным апамыздың балалары бүгінде қатардың белгілі азаматтары болып, жапырақтары жайылуда.

Әкеміздің Темір есімді апамыздың үйіне жанұямызбен жиі келетінбіз. Темір апам баурмалдықпен маған «Динажан» деп мейіріммен қарайтын еді. Ол өте қонақжай, үйге кірген адамды дәм татқызбай жібермейтін. «Ердің бақытын көтеретін де-әйел, ерге бақыт әперетін де-әйел» деген, жездеміздің бақытын жандандырған жан шуағы еді. Бірақ апамыз жездемізді артына тастап пәни дүниеден бақилыққа кетті, жатқан жері жарық, топырағы торқа болғай, оның жақсы қасиеттері ұрпақтарына дарып, иманы жолдас болғай дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Темір апамыздың өмірден өткені Лақай жездемізге  қатты батты. Жездеміз екеуінің махаббаттары жарасқан, бір-бірін өте сыйлайтын, бірінің ойын екіншісі айтқызбай түсінетін жұбайлар еді. Бұлардан Мақтагүл, Елубай есімді ұрпақтары өмірге келіп, бақытты өмір жолына түсіп еді. Олар сіздердің өмірлеріңіздің жалғасы ретінде бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның беделді азаматтарының қатарында еңбек етіп, жарқын болашаққа өздерінің үлестерін қосуда. Қызы Мақтагүл апамыз Ташкент қаласындағы Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультенінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіреді. Қоныстанған ауылында жалпы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып, 40-жыл қызымет атқарды. Соның ішінде 25-жыл ДТЖО қызметінде, 8-жыл оқу ісі жөніндегі директор орынбасары қызметінде болды. Қазіргі таңда жиен апамыз Мақтагүл мен жездеміз Нұргелдіден төрт ұл-қызы бар. Олар: Жансерік, Меруерт, Ержан, Мөлдір.

Жиен ағамыз Елубай мен жеңгеміз Раушанның төрт ұлы бар. Олар: Сағындық, Әнуар, Рейім, Ырымбай.

Қазіргі таңда Темір апамыз бен Лақай жездеміздің ізін жалғастырып келе жатқан ұрпақтары ұлы Елубай мен қызы Мақтагүлден сегіз немере, он жеті шөбере бар.

Өмір дегеніміз құбылыс, қозғалыс. Зымыраған уақыт бізге бағынбай өтіп жатады. Ал адам осы уақыт керуенінің бір жібіне байланған тағдыр иесі. Сапарыңда не жолығатының, қай жерге барып тоқтайтынын өзі де білмейді. Бар қызығы алда деп үміттенеді. Соған арқа сүйейді. Өткен өмір ешқашан қайталанбайды. Өткенін ойлағанда өзегіңе түскен сағыныш жүректі тербейді. Шымырлап бойға түсіп толғандырады… өткеннің қайтып келмейтінін ұғынғанда ғана барып, оның бағасын бағалайсың.

Әкеміздің ағасы марқұм Әбдімұқан тәтеміз бен жеңгесі Жаңылай әжемізді жиі еске аламыз. Әбдімұқан тәтеміздің отбасы Қазақстан совхозында тұрған. Руы шегем Ақтөреқыз Жаңылай әжеміз атағы шыққан сынықшы болған. Әбдімұқан тәтеміз қоныстанған ауылында  25-жыл жалпы орта мектебінде математика пәні мұғалімі қызметін атқарып келген. Тәтеміз сондай сындарлы, сынағы мол жолмен азамат атына кір келтірмей, аброймен жүріп өткен азамат. Осы ретте шығыс халқының шайыры, қазақ халқының данасы Шәкәрім Құдайбердіұлының:

Адамдық борышың-халқыңа еңбек қыл,

Ақ жолдан айнымай, ар сақта, соны біл.

Талаптан да білім мен ғылым үйрен,

Білімсіз, ғылымсыз болады ақыл тұл,-деп айтып кеткен      сөздері түгелдей тәтеміздің ойынан да, бойынан да табылатын еді.

Әбдімұқан тәтеміз бен Жаңылай әжемізден өнегелі, білімді сегіз ұл-қызы, келіндері мен күйеу балалары бар. Олар менің туыстарым Аманқос–Зияда, аға-жеңгем, Жәмила-(Алик) апа-жездем, Камила-(Шоқан) апа-жездем, Жеңіс-Гүлзира аға-жеңгем, Бақтыгүл-Ислам сіңілім-күйеу бала, Зейдінабдулла-Айгүл іні-келінім, Айшагүл-Жандос, сіңілім-күйеу бала, Оспан-Света іні-келінім.

Бүгінде Аманқос ағамыз үлкен бір әулеттің ақсақалы, қадірлі ел ағасы. Аманқостың өз орынын тауып, азамат болып өсіп, қалыптасуына әуелі әке мен шешенің үнемі балаларының құлағына құйып отыратын адамгершілік, әділдік, қайрымдылық туралы, өзгенің ала жібін аттамау,  жолдастарыңмен сыйласу болу тәрізді отбасындағы тәрбиесі үлгі болса, одан кейін осы Әбдіреш ағасының ағалық қамқорлығы, әсіресе әсері көп болған.Осы ағасының үйінде жатып, жұмыс жасады. Нақты айтқанда, Аманқос ағамды Н.К. Крупская атындағы жалпы орта мектебіне мұғалім етіп жұмысқа орналастырды. Менің көз алдымда өткен өмір жолдары елестеп, киноның ленталары тәрізді өтіп жатты. Шардара қаласындағы төменгі тоғай ауылындағы руы табын Айытқалиқызы Зиядамен отау көтергенде ресми некеге тіркелулерінен кейін, ағасы Әбдіреш үйінің ауласына үлкен палатка тігіп, үйлену тойын жасады. Той өткен соң, үйінің  іргесінен үй алып, жас жұбайларды сол үйге көшіріп алып келді. Аманқос інісін аудандық үшінші хатшысының көлік жүргізушісі етіп жұмысқа орналастырды. Сөйтіп, бір балалы болған соң, Жетісай қаласынан үй алып, көшіп кетті. Сөйтіп, балалы-шағалы болып, жапырағы жайылған үлкен шаңырақтың иесі болды. Қазіргі таңда бес ұл-қызы бар. Олар: Эльмира Гульмира, Нұркен, Мереке, Нұрбол.

Жәмила қарындасы Шардара қаласындағы СПТУ сауда бөліміне оқуға түсіп, осы ағасының үйінде жатып оқыды. Жергілікті отырған жерінде азық-түлік дүкенінде жұмысқа орналысып, руы жанақ Алик есімді жездемізбен шаңырақ құрды. Қазіргі таңда төрт ұл-қызы бар. Олар: Айнаш, Таңат, Жазира, Назира.

Камила қарындасы Жетісай қаласындағы педагогикалық училищесіндегі мектепке дейінгі бөлімін бітіріп, жергілікті отырған жерінде балабақшада тәрбиеші болып қызмет атқарды. Жұмысын атқарып жүріп, руы тастемір жары Шоқан есімді жездемізбен шаңырақ құрды. Қазіргі таңда екі ұл-қызы бар. Олар: Маржан, Болатбек.

Әкеміз Әбдіреш 1984 жылы шілде айында Жеңіс інісін өз балаларымен бірге Қарағанды қаласына алып келіп, Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түсірді. Өсіп келе жатқан әр жастың «менде осы кісідей болсам-ау» деп еліктейтін, армандайтын тұлғалары болады емес пе, ал Жеңістің ең алғаш сәби көңілін өзіне аударған асқар таудай адамы осы ағасы болатын.  Әкеміздің ақыл кеңестерін тыңдады, жерге тастамай орындады, бір сөзбен айтқанда оның жүргені де, тұрғаны да, киім кигені де, сөйлеген сөзі де Әбдіреш ағасы тәрізді жастарға үлгі болатын. «Мен де осы ағамыздай азамат болып өсуім керек, менде өскенде осы ағамдай өзімнен кейінгілерге үлгі болуым керек, елге пайдамды тигізуім керек…керек…керек». Міне, Жеңістің бала жүрегі осылай соғатын. Жеңіс «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер, өшер елдің баласы бірін-бірі қатын дер». Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келедіні ұстанған азамат. Жеңіс інісі соңғы курста оқуып жүріп Гүлзира есімді жеңгемізбен танысып, шаңырақ көтерді. Маңғыстау облысы Ақтау қаласында ішкі-істер органдарының қызметкері болып 25-жыл жұмыс атқарып келді. Қазіргі таңда үш ұл-қызы бар. Олар: Олжас, Марлен, Жанат. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, өнегелі отбасы.

Зейдінабдулла інісі Орта Азия университетінің заң факультетін бітіріп, Маңғыстау облысы Ақтау қаласында  ішкі-істер органдарының қызметкері болып жұмыс атқарды. Айгүл есімді келінімізбен шаңырақ құрып, қазіргі таңда көп балалы бақытты отбасы.

Бақтыгүл қарындасы Шымкент педагогикалық институтының филология факультенінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірді. Бүгінде Ақтау қаласындағы  Шахмардан Есенов атындағы мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұзақ жылдар бойы дәріс беріп келеді. Ислам  есімді күйеу баламен шаңырақ көтерді. Бір қызы бар. Ол: Айғаным.

Айшагүл сіңілім Жетісай қаласындағы педагогикалық училищесін бітіріп, Жандос есімді күйеу баламен бас қосып, қазіргі таңда көп балалы отбасы болып отыр.

Оспан інісі Алматы қаласында ҚазМУ заң факультетін бітіріп, руы шегем Света келінімізбен шаңырақ көтеріп, қара шаңырақтың иелері болып отыр. Қазіргі таңда Маңғыстау  облысы  прокурорының  орынбасары қызметін атқарып келеді. Адамның шын бақыты-мақтаулы, жұртына сыйлы, халқына беделді, адамгершілік қасиеттері мол, адал еңбектерінің, елге, халыққа жасаған жақсылықтарының алдынан жыр болып төгіле беретіні шындық. «Жақсы ата-ананың атағы балаларына өмір бойы азық»-деген қазақтың даналық сөзінің мәнісін де бәрі түсінеді. «Әке көрген оқ жанар» дегендей, Әбдімұқан тәтеміз бен Жаңылай әжеміздің балалары мен немерелері де ел сыйлайтын азаматтар болып өсіп жетілді.

Әкеміздің кіші қарындасы Базаргүл апамыз бен Аяп жездеміздің үйіне де барып тұратынбыз. Базаргүл апамыз көкірегі ашық, ақкөңіл, өте жуас жан болатын. Жалғыз қызы Алтынай мен күйеу баласы Тойбектен үш ұл-қызы ұрпағын жалғастырып келеді.

Құлан-тайдай тебісіп, қатар өскен әкеміздің бауырлары қайтыс болғаннан бері қаншама жылдар өтсе де, жадымыздан көптеген оқиғалар ескіре бастаса да абзал азаматтардың жарқын бейнесі күні бүгінге дейін ұмытылмақ емес.   Халық даналығы тіршіліктің мәнімен тереңделе түсіп: «Адам Ұрпағымен мың жасайды»,- деп тұжырымдаған.

 

Жаңылай әжем

Сынықшылық – екінің біріне қона бермейтін ерекше қасиет. Асқан ептілікті, жауапкершілікті жүктейтін емшіліктің бұл түрі ерте заманнан қазақпен бірге жасасып келеді. Дамыған медицинасы жоқ ескі заманды былай қойғанда, қазіргі күннің өзінде халықтың сынықшылар алдына баратын жағдайлары көп кездеседі. Мұның өзі осы қасиетті бойына дарытқан адамдарға деген халықтың сенімін көрсетсе керек. Сынықшыны қазақ «оташы» депте атайды. Жаңылайдың анасы Мұңсыз  аруақты оташы болған. Сол кісінің 20 ғасырдағы жалғасы, бірегейі Жаңылай әжеміз еді. Халық ұғымында ерекше қасиетке ие адамдар «иесі бар», «киесі бар» деп ардақталатыны белгілі. Ал Жаңылай әжеміз шын мәнінде «иесі бар» аруақты сынықшы болған. Үлкен кісілердің айтуынша Жаңылай әжемізге бұл қасиет анасы Мұңсыздан ауған. Мұңсыз анасы өз заманында атақты сынықшы болған. «Сүйегі шыққан, сынған адамдардың қолымен бір сипағаннан орнына түседі екен» дейді көнеден жеткен сөз. Сол Мұңсыз әжеміз қартайған шағында замандастары «Болашақта осы қасиетіңіз, сынықшылығыңыз қай балаңызға ауады» деп сұрағанда аруақты сынықшы: «Менің бұл қасиетім балаларымның ішінен Жаңылай қызыма ауады» деген екен. Сол қызы Жаңылай әжеміз еді. Енді өзім сөз еткелі отырған әжем Жаңылай  жайында баяндайын. Жаңылай әжемнің атын шығарған сынықшылығы болатын. Сынық салуды 30-40 жасынан бастап, 2020 жылы 80-ге келіп дүние салғанша тастамаған. Бұл кісінің бір қасиеті әлдебір мұқтаж адамның келетінін алдын ала біліп отырған. Дене мүшесі сынған немесе шыққан адам келер алдында денесі құрысып «Тағы қандай бейбақ келе жатыр екен-ай» деп айтып отырады екен дағы, көп ұзамай өзі айтқандай дене мүшесін жарақаттаған біреу келе қалады екен. Келген адамның жазылмай кеткені болмаған. Адам баласына жақсылық жасау сауапты іс екендігін ескерсек, бұл кісінің көзі тірісінде халықтың ықыласына бөленгені анық. Енді Жаңылай әжеміздің сынықшылық ерекше қасиетке ие болғандығын дәлелдейтін бірді-екілі оқиғаларды баяндайын. 2014 жылы болса керек, менің  жамбасым шығып кетіп Жаңылай әжеме әкелді. Қартайып күш-қуаты азайсада жамбасымды қолымен сипап отырып салды. Қолмен уқалап, маймен сылап отырып сынық салады. Ал шыққан сүйекті сипап отырып орнына келтіру кез-келген сынықшының қолынан келе бермейтіні ақиқат. Қош дейік. Сынықшылығымен танылған Жаңылай әжеміз тігіншіліктен кенде болмаған. Қазақтың қазыналы әжесі ретінде ескілікті әңгімелерді көп білуі мен шежірешілдігі өз алдына бір төбе болған. Ендігі сөзді оташының жолын жалғаған ұрпақтарына бұрсам. Әбдімұқан тәтеміздің жұбайы Жаңылай әжемізбен  1958-ші жылдары бас қосып 8 балалы болады. Олар: Аманқос, Жамила, Камила, Жеңіс, Бақтыгүл, Зейдінабдулла, Айшагүл, Оспан. Қазір Маңғыстау облысы Ақтау қаласында тұрады. Ана бойындағы қасиеттің ұшқыны ұлы Зейдінабдуллаға тиген, сынық салады. Ел адамдары түрлі жағдайлармен барып жатады. Ұлы Зейдінабдулла анасының сынықшылығын алып қалған. Зейдінабдулла көп балалы әкелердің бірі. Бұл кісінің зайыбы Айгүл келініміз  «Батыр ана». Жаңылай әжемнің жолын бүгінде ұлдары жалғауда. Ұрпақ сабақтастығы деген осыда. Сөз соңында бұл әулетке амандық тілеп, өсіп-өне беріңіздер демекпін.

 

ҚЫЗМЕТ ҚЫЛДЫМ ХАЛҚЫМА

Өмір дөңгелегі зыр айналып, адамды кейде терең тұңғиыққа тұншықтырып, кейде асқар таудың биік шыңына жетелейді. Әбдіреш әкеміздің тіршілігі қара қазандай қайнаған ішкі-істер қызметінде еңбек жолы басталады. Таза еңбектің, маңдай терімен атқарылған жұмыстың тәттілігі ерте жастан сезілді. Ол теңіздей толқыған тірліктің барлық мағынасын еңбектен тапты. 1965-1995 жылдары  Шымкент облысы Шардара қаласында ел тыныштығын қорғаған, жол тәртібін сақтаған ішкі-істер органында қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шықты. Әкеміз ішкі-істер қызметінде 30 жыл қызметте болды.

Еңбек ардагерінің көп жылғы адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол «Iшкi  iстер  органдарындағы   мiнсiз  қызметi  үшiн», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медаліне ие болумен қатар, әлденеше рет  Халықаралық, Республикалық, облыстық, аудандық деңгейлердегі Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Облыстық, аудандық газеттеріне  «Жол тәртібін сақтаймыз!», «Еліне елеулі, халқына қалаулы-ұлы тұлға!» деген атпен «Өскен өңір» газетіне әкеміз туралы мақалалар жарияланды.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де әкеміз Әбдіреш ел арасында беделсіз болған жоқ, жастарға ақыл-кеңесін айтып, үлгі-өнеге бола білді. Ел арасында қадір-қасиетін жоғалтпай, кішіге аға, үлкенге іні болып, өмірінің соңына дейін азаматтық тұлғасын биік ұстап өтті.

Емен ағашы тіп-тік өседі, тал-терек сияқты жан-жағына қисаймайды. Сол секілді Әбдіреш әкеміз алған бағытынан таймай, бірқалыпты қоңыр күймен алға қарай іркілісіз келді. Әулет даңқын әспеттеп, ата-баба, әке аруағына көлеңке түсірмей, тынымсыз еңбегімен елге танылып, ізденістің ізгі соқпағында өз жолын тапты.

Маңғыстаулық ақын-журналист Мұрат Базархан ұлының бір өлеңінде: «Жылағанды жұбатты, жетім көрсе жебейді, Қолдан келсе қамқорлайды, «Мынау бөтен» демейді. Алтын алмай алғыс алып имандылық жолында  Хақ Алланың  алдындағы сауабы оның көбейді…»  деген екен.

Ел үшін еңбек етіп, ел тыныштығын қорғаған әкеміз Әбдіреш игілікті ісі, аппақ арманы, биік мұраты, мейірім шапағаты міне осылайша, жапырағы жайылып жалғаса түсуде.                                                                                                                                                                                                                    

«АЛТЫН ЖҮРЕК»  АЗАМАТ

Жұртқа мәлім шығыс елдерінің ескілікті фольклорында жиі кездесетін кейіпкерлердің бірі де бірегейі ол-«Атымтай Жомарт». Ол өзінің айрықша қайырымдылық шапағаты жомарттылығына сай аты көпке жайлып, халық жадында құрметпен әсептелген киелі адам. Оның атағы аталғанда қайрымдылық, мейрімділік, бауырмалдық, жомарттылық бірден-ақ көңілге оралады. әрине  мұндай қасиеттер ұлтына, дініне, көл-көсір жинаған дүние–мүлкіне, қазына байлығына байланысты емес. Қайырымдылықты көрсету шынайы адамгершілік, сүйекке сіңген, туа біткен асыл қасиет. Ол қызу қанның, ыстық жүректің әмірі. Қазіргі кезде қолы ашық, жомарт жандарды «меценат» дейді. Бұл сөз өмірде жиі қолданылып та жүр. Көпшілікке түсінікті сөзге айналды. Дегенмен осы бір сөздің мағынасы белгілі болғанмен, оның түп – төркінін біреу біліп, біреу білмейді. Ертедегі дүние тарихынан  белгілі Римнің алғашқы императоры Октавиан Августың тұсында Той Цильний Меценат деген аса даулетті адам өмір сүрген. Жасында саясатқа белсене араласып, император Августың ақыл-кеңесі бойынша ғұмырының бәрін қазіргіше айтқанда демеушілік, қайрымдылық жолына арнаған. Ол өшпес өнер жасай білетін шынайы өнерпаздардың шығармашылықтан басқаны ойламай, қамсыз тірлік кешуіне жағдай жасап отырған. Сондай-ақ елдегі әртүрлі мекемелерге де немесе  тарихи оқиғаларға байланысты дәйекті түрде тартынбай қол ұшын беруді дәстүр еткен. Өмірде қиын  жағдайға кездейсоқ тап болған жандарға да қол ұшын берген.

Қазақ халқында қайрым ел-жұрты үшін малын  да, жанын да аямаған ауқатты  адамдар да аз болмаған. Мәселен өзгені айтпағанда Оңтүстік Қазақстан өңірінде  аты аңызға айналған қайрымы мен ізгілігі мол, жүрегі жасыл жайлау, көкірегі көк өріс, кейінге үлгі азаматтар, талай игі жақсылар өткен ғой.

Солардың ішінде әкеміз Әбдіреш Төреұлы  есімі ерекше аталып келді. Ол  дәулетті алып, байлығы көлдей тасыған, төрт түлігі сай, шоқтығы биік тұлға болған. Алдындағы мыңғырған малын ортаның несібесі, сарқылмас ризығы деп қараған. Жарлы-жақыбайға қарасып, қолтығынан демеп, қажетіне қарай қол ұшын беріп, қамқорлығына алып отырған.

Оның дәлелі Қарақалпақыстан елінде қоныс тепкен ағайын ағасы Есқалиды отбасымен ауылына көшіріп алып келіп, өзі отырған үйін берген. Есқали атамыздың баласы Дайрабай інісін жұмысқа орналастырып, үйлендірген. Қазіргі таңда Дайрабай ағамыз бен Алтын жеңгемізден тараған ұл-қыздары үйлі-жайлы, балалы-шағалы, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар. Және дәлелі Маңғыстау облысы Жаңа өзен елді мекенінде қоныс тепкен Құрал інісін жанұясымен ауылына көшіріп алып келді. Үй алып, Құрал інісін жанұясымен жайғастырды. Құралдан кейінгі Орақ есімді інісін  үйлендіріп, ел қатарлы шаңырақ көтертті. Кейінгі інілері тым жас еді. Владимир есімді інісін әкеміз өз отбасына алды. Сонымен қатар Жамбыл  өңірінде қоныс тепкен Жетпіс есімді ағайын ағасын да  көшіріп алып келді. Шардара елді мекенінде қоныстанған Нұржан ағасын да үйлендіріп, үйлі-жайлы етті. Сөйтіп, Есқали, Жетпіс, Нұржан есімді ағайын ағалары пәни дүниеден бақилыққа кеткенде әкеміздің өзі жерледі. Әкеміздің қамқорлығы мен көмегін алдына келген тумалары бәрі сезінетін. Ол ешқашан көмек сұрап келген тумаларының бетін қайтармай, бәріне қолдан келгенше көмектесетін. Тумаларының бетін қайтармай, бәріне көмек қолын созатын.Шынында да әкеміз Әбдіреш «Алтын жүрек» Азамат! Жұртқа мәлім шығыс елдерінің ескілікті фольклорында жиі кездесетін кейіпкерлердің бірі секілді.

Өмірдің үміті бар бақыт деген,

Бақытпен бірге туар жақұтты өлең.

Арманның биігінен сен сөйлесіп,

Сый келер ақ кеме алтын уақытпенен.

Кәсібіңде ар-ұяттың беделі бар,

Намыстың үлгісі мол кемелі бар.

Қос алақан қайырым нұрға толы,

Халқыңнан алған алғыс беделің бар.

Иә, ақ адал еңбек еткен бақыт басын иеді. Бұл ежелден белгілі қағида. Ал халық сенімінен шығып, ел игілігі үшін еңбек ету әрбір азаматтың басты парызы. Әбдіреш әкеміз өз жауапкершілігін нақ осылай түсінген жан.

Қысқасы ол қиналғанда-қуаткер, оңашада ой салар, жалғыздыққа-жолдас, бақытына бастар ақылшы торыққанға таяныш, жабыққанның жанында болар жұбаныш-абзал жан.

Әкеміз Әбдіреш, міне осылайша, өз биігіне өзі шыққан тұғырлы биік тұлға..   

 

МЕРЕЙТОЙЛАР

ҚҰТТЫҚТАУЛАРЫ

 

Ардақты әкеміз Әбдіреш Төреұлы!

Сіздің бүгінгі Пайғамбар жасына толған 63 жас-туған күніңізбен құттықтап, деніңізге саулық, басыңызға аманық, дастарханыңызға құт-береке тілейміз!

Аяулы атам менің,

Жасыңды құттықтаймын.

Сәбилік жүрегіммен,

Өзіңе ән арнаймын.

Өмірді өркендеткен

Жан барма сеннен өткен?

Аталық ыстық сезім

Біздерді еркелеткен.

Өмірдің тірегісің,

Отаудың жүрегісің.

Көктерек көлеңкелі,

Жасай бер біздер үшін.

Ағады толқып өзен,

Сарқылмас сағасысың.

Алпыс үште асыл атам,

Елімнің ағасысың.

Кетпесін басыңыздан,

Бақыттың алтын тағы.

Жайнасын гүл ашылып,

Өмірдің жасыл бағы.

Әжеммен бірге татып,

Жемістің шырын балын.

Сәулелі ұзақ ғұмыр,

Тілейді ұрпақтарың.

Ізгі тілекпен, немерелерің! 

 

Ел сенімін адал іспен ақтаған!

Ісімен Жаратқанның нәзіл берген,

Біреуге ар-иманы кәміл келген.

Өмірде иманды ісі көп болсын деп,

Жаратқан ондай құлға сабыр берген.

Сабырмен іс ететін ондай жандар,

Халқынан лайықты құрмет көрген.

Ондай жан міндет етпес біткен ісін,

Сезініп бойындағы тылсым күшін.

Еш істі мен бітірдім деп ол айтпас,

Қаншама іс етсе де елі үшін!

Ислам мақтағанды жөн демейді,

Ер бағын түсінген жан күндемейді.

Бір ұлысың осындай мәрт халықтың,

Ел сенімін адал іспен ақтаған!

Ұрпағысың Сүйінқара батырдың,

Әрбір қазақ жүрегіне жаттаған!

Ел-ағасы-Алпыс үш деген белеске,

Азаматтық аброймен аттаған.

Ел тілегі-тірегің боп өмірде

Мерейіңді биіктерде сақтағай!

Ізгі тілекпен, ұл-қыздарың. 

 

Таңда көрген түс

 Ас үйде жүрмін. Үлкен бөлмеге кірсем, қақ төрде әкем отыр. Анам жанында отыр. Жүзі бал-бұл жанады, өте қуанышты, ерекше жайдарлы. Көңілденіп әңгіме айтуда. Аулада мал сойылып, қазан асылып жатыр.Тоғызымыз түгел үйге келгенбіз. Үйдің іші абыр-сабыр. Әкемді көрген мен керемет күйге ендім. Әкем алыстан келгенін әңгімелеп отыр. «Әкеміз қайтыс болды дейміз, ол тірі екен-ау». Сұмдық, біз жеті жыл бұрын ол кісіден айырылып қалған жоқпыз ба?!, «әкем келді»-деп бәріне хабарлап жатырмын. «Сыртта жүргендерге «әкем келді» деп айта салыңдаршы»- деймін шығып бара жатқандарға.

Көзімді аштым. Түсімді жалғастырғым келді. Қайта жұмамын. Көргенімді көз алдымнан өткізіп жатырмын. Тіпті, дәл осы сәт ұйқымнан  оянғаныма да өкінетін деймін. Жүрегім сыздады. Не деген бақытты шақ?! Шіркін, қандай керемет күн?! Міне, әкем келді, анам жанында, бәріміздің басымыз бір шаңырақта қосылыпты-ау.  Бір сәт туып, осының бәрі өңіме айнала кетсе деймін. Дәл бір сиқырға сенетін бүлдіршін бала секілдімін. Өзегім өкініштен өртеніп кетті. Енді анамыздың жанында  дәл осылай отыратын бұл сәттің ешқашан тумайтынына өкіндім. Мұның бәрін түсімде ғана тамашалауыма тура келетініне мұңайдым.

Бетімді көрпемен көлегейлеп, қараңғылықтың құшағына ендім де, жастығымды жасқа толтыра бердім. Содан соң бұл түсімді «Әкем бізді алыстан бақылап, бәрін де көріп-біліп жүр екен-ау» -деп,  іштей жорыдым.

Әкеміздің мінезі тұйық. Сырт көзге қатал, суық болып көрінеді. Бірақ, өте қарапайым, ақкөңіл болатын. Қайран әкем, осы Алланың берген уақытында, өмірінде көпті көрген, көзі ашық, көкірегі ояу, қызметтегі кісі болатын.

Әкеміз–біз үшін асқар тау болды. Әкеміз-осы шаңырақтың бар ауыртпалығын көтерген, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам болды. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау, біздің парызымыз деп түсінеміз. Себебі, бізді дүниеге әкеліп, өсіріп, оқытып, үлкен азамат етті.

Әкем-ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі болды. Ол тек бір отбасының  ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы бола білген кісі.

«Адам өмірді түсіну үшін бейнет көріп өсу керек»- деген сөзіне түсінбей қараушы едім. Иә, өзінің қарапайым сөздері мен үлкен ойды айтып отырады екен.

Марияш анамыздың жүзінен нұр төгіліп, жүрегінен жылу бөлініп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейір алып жүрген, алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейік дегім келеді. Ақылы мен пайымы терең анамыз бізді үнемі әкемізді сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отыратын. «Балам әкеңнің киімін жоғары қой», «Балам, әкеңнен ұят болмасын», «Әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой», «Әкеңді тамаққа шақыр», «Әкеңнен рұқсат сұра», «Әкеңді шығарып сал», «Әкең келе жатыр, үйді жинастыр», «Әкеңнің мазасын алма», «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнін керегін дайында» деп әкеге құрмет, қызмет етуге жасымыздан тәрбиеледі. Ол кісі керемет әке бола алды, ал мен сондай жанның қызы болғаным үшін бақыттымын.  Себебі, қадір — құрметтің бәріне лайықты болды. Жүзі мен жүрегіне жылылықтың нұры тамып тұратын еді-ау, шіркін…

Жаным әлі де ауырады, әкемнің өлімімен бірге жүрегімнің жартысы үзіліп түскендей. Өмірімдегі әдемі суреттер әп-сәтте жаңбыр жауған секілді жағалданып кеткендей болды.

Бұл ешқашан, ешуақытта ұмытылмайтын қайғы, жазылмайтын жара. Өкінішті-ақ…

 

Балғын балалық шақ  

Әр адамға өзінің балалық шағы өте ыстық. Бірақ осы шағын бөлік қанша тамаша сәттерге толы болады. Кешегі титтей кішкентай кезім қызық әрі өте қанық түстерге толы болды. Мен оны ешқашан ұмытпаймын. Әрқайсымыздың балғын сәттеріміз жанұямызбен өтеді.  Бақытты балалық шақтың кепілі-сүйікті ата-анаң, бірге туып өскен бауырларың, жақсы көретін ата-әжең, жақындарың және жан достарың.

Балалық шақ – ең алғаш деген сөзден құралады. Осы уақытта көп нәрсені байқап көргіміз келеді, көкке ұшардай сезім бойымызды билейді. Әр ізденісіміз, әр көрген нәрсеміз, бастан өткізген оқиғаларымыз бізді есейте береді.

Сонымен, балалық шақ-бұл… Ұйықтаудың арманы емес, міндеті санаулы. Мектептен келе сала терезеге қарап, достарыңды көріп, даланы аңсауың. Бірақ, сен анаңмен сабақ оқуға тиіссің. Түн ішінде әжетханадан үйге қарай жүгіріп, ешкім жеп қоймайды деп қуану!

Ойыншықпен бірге ұйқыға жатарда, алдымен, сол ойыншыққа қолайлы болуын қарастыруың. Қағаздан, не жапырақтан ақша жасау. Батпақпен тамақ жасау.

Жер-аяғы  кеңіген  кезде  дос-құрбыларыңмен  ойнау. Онда  да тек  кешкі  21.00 ге  дейін. Ойынның қызығымен  жүріп, күннің батқанын  да  байқамай қалуың. Ал  ойынның түрі кө-ө-ө-п еді. Тек  қана  допқа қатысты ойынның  бірнеше  түрі  болатын- валейбол, баскетбол, тағысын  тағылар. Кәмпиттен  босаған  қаңылтырдың  ішіне  құм  толтырып, мак  ойнауың.Балалық шақ-адамға бір рет қана берілетін, өміріңде қайталанбайтын шақтардың бірі. Балалықпен жасаған әрбір қателік кешірілетін кез, анаң мен әкеңнің қолынан жетектеп еркелеп жүретін кез, енді қандай бұзақылық жасасам екен деп бірдеңе бүлдіргің келіп тұратын кез. Қалағаныңды әперіп, арманыңды орындайтын кез.Жалпы балалық шақта жасаған қателіктерің, еркеліктерің өсе келе бір еске алып отыратын сағынышқа айналады.Сол кезде нағыз бақытты шақ балалық шақ екенін түсінесің. Оның енді қайтып келмейтінін ойласаң, уақыт неткен жүйрік еді деп бір күрсінесің.

Бала кезде теледидардан көретініміз-отбасы  болып  тамашалайтын  фильм  немесе  мультфильм, мұзда  мәнерлеп  сырғанау  чемпионаты, орталық  каналдан берілетін  «Ал, қане, қыздар!». Қазіргідей  сансыз  каналдағы кино,  компьютер мен ұялы  телефондағы, ғаламтордағы түрлі  ақпарат  болған  емес. Мен қызым мен немерелеріме осы  туралы  айтқанымда  маған  біртүрлі  аянышты  көзбен қарайды. Шамасы  ата-анасының  өмірі  қандай   көңілсіз  өткені  туралы  ойлайды-ау. Қайдан  білсін, біз  үшін  ең  бақытты кездің  өзі сол   балалығымыз  болғанын. Қайдан  білсін, әр  ай  сайын  келетін «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет  және  тұрмыс», «Жалын»,  «Жұлдыз» журналдары біз  үшін  қазіргі  ғаламтордан  кем емес  болғанын.

Күнделікті  өміріміз  де  бір  сүреңді  болды. Таңертең  мектепке  барасың, түстен  кейін  үй    шаруасымен айналысасың, одан  кейін сабақ оқисың. Жыл  мезгіліне қарай  қыста ауланың  қарын  күрейсің, малға  шөп  бересің, қора  тазалайсың, үйдің жанындағы  құдықтан  темір  шелекпен су тасисың, жазда  кішігірім малды  бағасың (бұл  шаруа  сенің  қыз  бала  не  ұл  екеніңе байланысты емес, кім  болсаң  да-сол  шаруа). Кешкі  асқа   отбасы   төрт  көзі  түгел  жиналады да, ата-анамыз   күні  бойы  не  істегенімізді сұрайды. Біз  тәптіштеп  тұрып  айтамыз. Дүниежүзілік этикет тәртібіне орай  үндемей  отырып тамақ  ішу-біз  үшін    мүмкін  емес  жағдай. Күн  сайын  осы.  Сыртымыздан тыңдаған  адам «тағы  да  сол  әңгіме» дер  еді.  Ал өзімізге соның өзі қызық  болатын. Бұл   үйде  тек  өз отбасымыз  болғанда  ғана. Ал  аяқ  астынан  күтпеген  қонақ  келе  қалса, қонақ  шайға  қанғанша  өз  бөлмемізде  отыра  тұрамыз. Оған  ренжимейміз де. Өйткені  ата-анамыз бала  кезімізден «Қонақ  ырысын  ала  келеді» деп  құлағымызға  әбден  сіңіріп  тастаған.

Біздің ең бір сағынышпен күтетін мерекеміз «Жаңа-жыл» мерекесі. Жаңа-жыл кешінде үлкен дастархан жанында отбасымызбен отырып, ата-анамыздың тілектерін тыңдап, бір-бірімізді құттықтап, ата-анамыздың дайындаған сыйлықтарын алып, мәз-мейрам болып жатқан күндерді жиі еске аламын.

Біздің балалық шағымыз бақытты өтті десем қателеспеймін. Бала күніміз  күлкі мен бала ренішке толы сәттер ғой. Балғын сәттерді естен шығару мүмкін емес. Балалық шақ балдай тәтті ғой, расында ащысы болса да, ол-балалық еркеліктің еншісінде. Әрине, сағынудамыз. Сол себепті, сенің балалық шағың-өміріңдегі ең басты байлығың дегім келеді.Бала кезімізде кім боламыз деген сұраққа біреуі мұғалім, біреуі дәрігер, енді біреуі милиционер деп жауап беріп жататын. Сол арманың ақиқатқа айналу үшін неше түрлі ойындар ойнайтынбыз.Мұғалім болып достарымыздан сабақ сұрап баға қойып жатамыз, біріміз дәрігер болып емдеп жатамыз. Қарап тұрсақ, сол бала кездегі арманның жетегімен дәл қазір өзіміз қалаған мамандықтардың иесі болып отырмыз. Бәрі өз ретімен орындалып жатыр, ал өткен шақ қайта оралмайды. Тек қана елесі ғана қалады.

Тым кішкентай кезім. 1-ші сыныпта оқып жүрген болатынмын. Әкем ағама үлкен қара сөмке әкеліп беріп жатыр екен деймін: «Маған сол сөмкені бер»- деп бой бермеген болуым керек. Әкем маған үлкен қара сөмкені ұстата қойды да, шығып кетті. Қуанышымда шек жоқ. Сол үлкен қара сөмкені қуана көтеріп мектепке барғаным жанымнан кетпес.Шіркін, балалық бал күндер–ай…Неткен уайымсыз, қамсыз күндер десеңізші…  

Балалық шағым. Екінші сыныпта оқитын болуым керек. Қазақ тілі пәнінен жаттығуды жазуға ұмытып кеткен болатынмын. Сабақтың басталуына да аз уақыт  қалған болатын. Анам үйге келген қонақтармен әуре. Мен берілген жаттығуды қалай жазарымды білмей, жылап отырған болатынмын. Әкем бөлмеме кіріп келіп, қолына көтеріп алды да, әп-сәтте түсіндіріп, жаттығуға көмектесіп жіберді. Сол күні қазақ тілі сабағынан «бес» алып, екі езу екі құлақтың ұшына ілініп қалған, менің мәз-мейрам болып келгенім әлі есімнен кетпейді. Мен кішкентайымнан көп сырқаттанып, ата-анама көп салмақ  болдым. Ата-анамыздың  аппақ төсекте аялап өсіргенін, түн ұйқысын-төрт бөліп, күн жағымызға көлеңке, жел жағымызға қорған болғандарын қалай естен шығарамыз.Әкем мен анам сабақтарымызға немқұрайлықпен қарамай, кешкілік «Сабақтарың қалай, үй тапсырмасын орындадыңдар ма?» деп, үнемі бақылап отыратын. Үйде арнайы балалар бөлмесі болды. Бұл бөлмеде қабырғада үлкен «Жер шары» картасы ілулі тұратын. Сабақ орындайтын дөңгелек үстел үстінде де үлкен және кіші глобустар тұратын. Ұзын бір қабырғаны бойлай тұрған кітап сөрелері қызықты кітаптар мен журналдарға толы болатын. Әкем мен анам қайда жүрсе де бізге оқу құралдары мен неше түрлі ойыншықтардың сан түрін әкеліп, қуантудан жалықпайтын. Мектептегі ата-аналар жиналысына үзбей қатысып, қажет болған жағдайда  көмектерін аямайтын. Анам мектебіміздің ата-аналар комитетінің төрайымы қызметін атқарды. Жергілікті отырған ауыл мектебінде орыс тілі пәні мұғалімі қызметінде  бір шама уақыт жұмыс атқарды.

Мен  өз балалығыма, бала  кезімде  қасымда  болған  ата-анама,  бауырларыма  ризамын. Балаларымыздың  өмірі өзгелеу, біздікінен   жеңіл, қызықты  болар. Бірақ  бұл  кезді   өз  балалығымның  бір  күніне  де  айырбастамас  едім. Қара  сирақ, жалаң аяқ  күйімізде  әр нәрсені армандап, жаңалық  атаулының  бәріне  қызығып жүрген, ертеңгі  күннен  тек  жақсылық  күткен, қуансақ  шын  көңілмен  қуанып, ренжісек, қара  аспан  төңкерілгендей, тығылып отырып, жылап алатын  балалығым-ең  қымбаттым  өзің  екенсің…

 

Қазақстан совхозында қонақта

Жаз айның басы. Жаздық демалысқа шығып, мәз-мейрам болып, шалқып жүрген шақ. Біздің ауыл қала орталығына жақын орналасқан. Жазғы демалыс басталған бойдан-ақ, әкемнің ағасы Әбдімұқан тәтеміз бен Жаңылай әжемнің  ауылына қыдырып келетінбіз. Біз  ауылға кіре бере, нағыз ауылдың иісі аңқып шығатын, лезде бұл иіс кез-келген жанды баурап алатын. Ағаштан жаққан отынның иісі, бір бөлек…

Әжем самаурынын сыртқа алып шығып, кішкентай ағаш қалдықтарын жағып, шай қоятын. Самаурыннан ішкен шай, балдай дерсің…

Күн батысқа батқанда, анадай жайлаудың бір шетінде, әнімді айтып, өзіммен қатар өскен Жеңіс ағаммен бірге өріске шығып, сиырларды жайып келетін едік. Ауланың бір шетінде, шөп үйіліп тұрса, сол шөпке барып, аунай кетіп, асыр салып ойнайтынбыз. Тығылмашақ ойнаған кезімізде, әлі есімде, іргелес жатқан көршілердің ауласынан бір шығып, ұрыс еститінбіз. Қораның ішіне де, сиырдың жанына да жасырынатынбыз. Сиыр мөңіреп қалса: мен ғой, Дина! Тұршы тыныш, біліп қояды қазір!- деп, құдды, айтқанды түсінетіндей ақ, ұрысып қоятынмын. Қораның төбесіне  шығып, Жеңіс ағамнан жасырынғаным есімде.
-Түс, тезірек, тәтең ұрсады!- деп, Жаңылай әжем  мені байқап, шыр-пыр болғаны бар.
Тәтең дегені менің әкемнің ағасы Әбдімұқан. Әттең, қазір жанымызда болғанын да ғой…
Жазмыштан озмыш жоқ…
Туған жерімнің түтіні ыстық…
Күн ұясына батқанда, нағыз күйбең тіршілік басталады. Әжем сиырын сауып келіп, сүтін қайнатып, бізге жаңа ғана тандырдан шыққан ыссы нанымен қосып беретін. Балалықтың дәмі…
Құрт, ірімшікті екі ұртымызға салып алып, ойнап кететінбіз. Топырақты басымызға дейін шашып, апыр-топыр ойнаймыз. Қуаласпақ кезінде, жүгіріп келе жатып, қандай бақытты күйде екеніңді сезінесің. Күн көзіне шағылысып, самал жел басыңды сипап өткенде,осы сәтте бар жылдамдықпен жүгіріп келіп, жаныңда бірге шауып келе жатқан жылқымен және оның тайқұлынымен бірге жарысқандай боласың. Ешкімді елемейсің, желмен жарысып, құйғытып, шаң басып шауып келе жатырсың, сен және серігің жел. Басқа ешкім жоқ…

Артыңнан кімнің келіп, аяғыңнан шалатыны маңызды емес. Себебі, өзіңе, жаныңдағы серігіңе сенімдісің. Міне, менің бақытты балалығымның аспаны. Міне, менің балдай шағым.

Кеш. Отын жағып қойып, картопты ағаштың арасына салып, отқа қақтырып жейтінбіз. Ешқандай жаман жаңалықты естімей, тек өмір сүріп жүргенімізге қуанатынбыз. Ұрлап кетіпті, ұрып кетіпті, тағысын тағы, ауыз айтуға бармайтын нәрселерді білмейтінбіз. Бала күлкімен, әр нәрсеге мәз болып жүре беретінбіз.
Сыртқа қазан  ошақты алып шығып, тамақ әзірлеуге кірісетін едік. Далаға жасалған тағамның дәмі, шіркін, бөлек қой… Тапчан үстіне, үстел қойып, дастарқанды жайып жіберіп, тамақтанатынбыз. Ауылдың адамдарының кейбіреуінің тұрмыстық жағдайы төмен болса да, жүректері мейірімге толы…

Қараңғы бөлмеде, жанымда Жамила, Камила апаларым, Жеңіс ағам мен кішкентай бауырларым, бірге әңгіме айтып,  тәтті ұйқыға бататынбыз. Қабырғада тәтелеріміздің  ата-анасының суреті ілулі тұратын еді. Сол суретке ұзақ қарап тұрсаң, саған қарап, әңгіме айтып тұратын секілді. Кенет, бір нәрсе сыбдыр ете қалса, сол сурет қозғалып тұрған сияқты  болса, дереу  Жәмила апамды құшақтап алып, ұйықтайтын едім. Біз ылғи далада ұйықтайтынбыз. Жаз кезінде әрине. Елестетіп көріңізші, шегірткелердің шырылдауы, самал желдің лебі. Аспан жұлдызға толы, басыңды көтерсең, жетіқарақшынының жанынан шығатындайсың.
-Жеңіс…- деп, мен жай дауыспен, сыбырлап әңгімемді бастаймын.
-Ау?
-Ұйықтап жатырсың ба?
-Ммм…
-Анау қандай жұлдыз?
Ұйықтап жатқан адам қайдан білсін?
-Ол…ол Жетіқарақшы деген жұлдыз.
-Жеңіс…
-Ммм….?
-Ұйықтамашы, әңгіме айтайық.
Осы кезде Жеңістің қорылы естіледі…
Осылай сыбырласып, сырласып ұйықтап калатынбыз.
Қазір осы шақтарды есімізге алып, бір ерекше сезімге бөленеміз…

Менің арманымның алғашқы бастамасы

Қыран құстың қанатына мініп, көкте қалықтағандай, балалық шақта өмір белесінің бірі, жоғарғы оқу орнына түсіп, студент атану әрбір талапкердің үлкен арманы.

Студентік шақ тәтті әрі ең қызықты шақ. Біз өзіміз келген жеріміздегі таныс достардан бөлек, мұнда әр аймақтан келген жаңа достармен танысу. Жаңа таныстық, жаңа өмірге жол ашу.

Мектеп бітірген жылым.  Қолыма алған бір парақ қатты қағаз – менің бітіру туралы куәлігім. Ішіндегі бірінің астына бірі тізбектеліп қойылған бағалар да мақтанарлық.  Осы көкшіл құжат – менің арманымның алғашқы бастамасы еді. Бір баспалдақты артқа тастап, келесісіне аяқ басқалы тұрған шағым. «Мұғалім болам» дедім. Осы кезде үнсіз тыңдап отырған әкем бір-ақ сөзбен: «Болды, мұғалім болам деді ма, мұғалім болады?!»-деді. Сол күн, сол сәттен бастап менің болашақ мамандығым қайта талқыға салынбады.                                                              Үлкен қалаға жол жүргелі жатырмыз, әкем бір мал сойып, ауыл ақсақалдарының батасын алып, жол жүріп кеттік.

Мен де дегеніме жетіп, Қарағанды қаласындағы, Қарағанды мемлекеттік университетінің  филология факультетінің студенті атанып шыға келдім. Осылайша, асқар тауым — әкемнің қолдауымен мақсатыма жетіп тындым. Жүрегім алып-ұшып университеттегі сабақтарымның тез аяқталғанын күтетінмін. Университеттегі сабақтарым аяқталған бойдан, үйге қарай асығатынмын. Себебі, ұшақтан түскен сәтте,  алдымнан таудай әкем күтіп тұратын. Екінші курсты аяқтаған кезім, ұшақтан түскен бойдан, әкем алдымнан күтіп алды. Ауылға жол жүріп  келе жатып, әкем маған бұрыла карап, «Балам, бүгін кешке заманымыздың бір топ заңғар ақын-жазушылары біздің үйге қонаққа келгелі жатыр. Олардың арасында Фариза  апамыз бен Әбіш ағамыз да бар»- деді.  Үйге келіп, біраз тыныққан соң, күннің кеш болғанын күттім. Күн ұясына батқанда  аулаға ақ волга машинасы кіріп тоқтады. Меймандардың соңынан орта бойлы, толқынды ақ-күрең шашы аққұба өңіне үйлесе жарасқан Фариза апамыз машинадан күлімсірей түсіп келе жатты. Алдынан шығып қызу-қызу сәлемдесіп келген меймандарды күтіп алдық.

Меймандар қоңыр-салқын үйге кірді.

Хош исін бұрқырата қою демделіп, түйенің сүті қатылған қарабұйра үндінің шайы бабымен, ұзақ ішілді.Үлкен столды қоршай отырған құрметті меймандар байыпты-ұстамды дәрежеде. Қабырғаларынан күн көрінердей жұп-жұқа, нәп-нәзік, алтыңдалған шынаяқтарымен меймандар шай ішіп отырған мына көрінісі кісі қызығарлықтай сәнді еді. Әлгі хош иісті сүт қатқан күрең шайды ләззаттана тартқан бұл сәттерде ерлер арасында да, әйлелдер қауымында да әңгіме-дүкен түн жарымына дейін  өрби түсті. Таңертең әкем қонақтарды шығарып салып, мені  Сарағаш ауданындағы «Арман» курортына апарып орналастырып, өзі ауылға оралды. Демалыс орнында бір ай демалып,  Қарағанды қаласына кеттім. Осылай, жоғарғы оқу орнын ойдағыдай аяқтап, тұрмысқа шықтым. Бір баланың анасы атандым. Әкемнің үлкен қызы, әрі ерке қызы–маған деген махаббаты өте ерекше болатын. Анам мені он сегіз жасында өмірге алып келіпті. Сондықтан да болар, әкешімнің мен дегенде жаны бөлек еді. Қыздан ең үлкені болғандықтан, солай болуы заңды да шығар. Бірақ, әкемнің маған деген қамқорлығы мен мейірімі өте ыстық болатын. Маған жаны ашығыш еді. Көңіліме кірбің түскенін байқаса, іштей уайымдап қалатын. Менің жайымды да басқа балаларына қарағанда көбірек ойлайтын. Қарағанды қаласында  оқуда жүргенімде де, тіпті тұрмысқа шыққан соң да «Ана қызға қараңдар, керегін әперіңдер, бас-көз болып, қарайлап жүріңдер» деп анама үнемі тапсырма беріп отыратын. Қыдырып келсем, төрге шығарып, әкелік сый-құрметін көрсететін.

 

Ата-анамыздың  бейнеті мен зейнеті

Біздің қолымыздағы тілдей дипломдарымыз ата-анамыздың  бейнеті мен зейнетінің, балаларын сағына күткен, түн ұйықтамай амандық тілеген, өздерінің қолдары жетпеген армандарын жүзеге асырады деген үміттерінің белгісі деп түсінеміз.

Бүгінгі таңда Әбдіреш әкеміз бен Марияш анамыз төрт ұлы мен бес қызы бар. Сол тоғыз баладан жиырма сегіз немере, он жеті шөбере тараған бақытты отбасылар өмір сүруде.

«Әке көген – оқ жанар, шеше көрген – тон пішер» деп ата-бабамыз бекер айтпаған.  Бұл өмірдің өзінен ойып алған, еш қоспасыз пәлсапалық ұғым екені айдан анық…

Азаматтың қоғам өміріндегі орнын анықтайтын лауазымы, байлығы, ғылыми атағы, жасының үлкендігі емес, оның  жұртшылық арасында жинаған бедел – абройын және ар-ұятты берік ұстанып, айналасына жақсылық шапағатын шашып жүруінде болса керек. Осындай  биік шыңынан көріне білген азаматтың бірі– үлкен ұлы Асқар.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші милиция офицерінің жанұясында туған Асқар Әбдірешұлы мектеп бітірген соң, көп ойланбастан 1984 жылы Қарағанды облысындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсті. 1991 жылы оқуын аяқтап, Қарағанды мемлекеттік университетінің берген жолдамасымен  еңбек жолын Атырау облысының Миалы ауданынан бастады. 1997 жылы Маңғыстау облысы бойынша прокурор орынбасары лауазымына тағайндалып, қызметін жалғастырды. Қазір құрметті зейнет демалысында.  Бүгінгі  күнде  келіні Лаура мен баласы  Асқардың төрт ұл-қызы бар. Тұңғыш  қызы Мөдір, Бақытжан, Нұрсұлтан, Асылан есімді балалары да жоғары оқу орындарын бітіріп, беделді орындарда қызмет атқарып келеді.

Мен, Асқар ағаммен бірге 1984 жылы Қарағанды облысындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология  факультетіне оқуға түстім. 1991 жылы оқуымды  аяқтап, алғаш ұстаздық жолымды Шардара қаласындағы өзімнің оқыған Н.К. Крупская атындағы жалпы орта мектебінде бастадым. 1997 жылы  Маңғыстау облысы Ақтау қаласына көшіп келіп, № 10 жалпы орта  мектебінде ұстаздық еңбек жолымды жалғастырып келемін. Соның ішінде, 20-жыл ДТЖО қызметінде, 5-жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бірлестік жетекшісі қызметін атқарып келдім. 2002 жылы Алматы қаласындағы Орта-Азиялық университеттің оқуға түсіп, заңгер мамандығын алып шықтым. Мемлекеттік бақылау ТЖ ерекше тапсырма бойынша қадағалау инспекторы қызметін атқардым. 2-жылдан соң, №10 жалпы білім беру мектебіне қайта оралып, ұстаздық жұмысымды әрі қарай жалғастырдым.

Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Егер де өмір қоғамға бейім, білім нəрімен терең сусындаған, тəрбиелі де ізгі жүректі адам өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттасам – бұл менің өмірімнің ең шынайы əрі ғажайып мəні. Өйткені мен ұстазбын, келешек ұрпақтың сəулетшісімін. Міне, осындайда «Ұстаз-ұлық емес ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзін əрқашан есіме аламын.  Себебі, менің жолымды жалғыз қызым Ақерке жалғастырып келеді. Батыс Қазақстан университетінің тарих және құқық факультетін бітіріп, Маңғыстау облысы Ақтау қаласының Медицина колледжінде тарих пәнінің мұғалімі қызметінде.                                                                Ізімнен ерген Раногүл бухгалтер мамандығын таңдаған. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші болып еңбек атқаруда. Әкеміздің Ілияс күйеу баласы мен Раногүл қызының отбасында үш ұл-қызы бар. Олар: Еркебұлан, Айдана, Жігер.   Төртінші қызы — Райхан бухгалтер мамандығын оқыды. Қазіргі таңда бизнес орталығында қызметте. Тұрар күйеу баласы мен Райхан қызының төрт ұл-қызы бар. Олар: Абдіғани, Нарқыз, Аружан, Ақылжан. Серік есімді баласы Атырау облысында мұнай саласында қызмет жасап келеді. Серік баласы мен Мәдина келінінен  төрт ұл-қызы бар. Олар: Айнұр, Гульфайруз, Арман, Тамирлан.  Шолпан есімді аппақ айдай қызы медицина колледжін бітіріп, қазіргі уақытта медицина орталығында қызметте. Шолпан қызы мен Орынғали күйеу баласының үш ұл-қызы бар. Олар: Әбілқайыр, Үмітай, Махаббат. Егіздің сыңары  Айман  қызы да жеке меншік бизнесінде қызметте. Айман қызы мен Қанат күйеу баласының бес  ұл-қызы бар. Олар: Айгерім, Назым, Нұрбол, Сабина, Лилияна. Қара шаңырақтың иесі Омар есімді ұлы қажырлы еңбегінің арқасында қазіргі таңда  Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы. Бақытты шаңырақтың отағасы. Омар баласы мен Маржан келінінің төрт ұл-қызы бар. Олар: Ұлан, Сұлтан, Айсұлу, Ақмоншақ. Ұлан мен Сұлтан Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы  Ш. Есенов  атындағы университетінің студенттері. Кенже ұлы Бауыржанымыз да ортамызда жүр. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбересін әлпештей өсіріп, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасы. Әкеден және анадан алған өнегелі істі қолымыздан келгенше өзіміздің балаларымызға баулып, жақсы білім беруге, адал еңбек етуге тәрбиеледік.  Бұл күндері немерелері де әр алуан мамандық иелері болып отыр.

 

Қайғы мен қасіретке ұласқан «ажал» атты алыс сапар

Беу, дүние-ай…бұлай болар деп кім ойлаған? 2016 жылдың 31- ші қаңтары күні біздің отбасымыз үшін қаралы күнге айналды. Әкеміздің дүниеден озғанын естігенде, қаралы хабар өзекті өртеді, төбемізден жай түскендей болды… Көз жасымызға ерік беріп, шырылдап қала бердік…

Әкемді мәңгі жасайтындай көруші едім. Сөйтсем, бәрі де маңдайға алдын-ала жазылып қойған талқы тағдыр екен ғой. Қайғы мен қасіретке ұласқан «ажал» атты алыс сапары арамызды әп-сәтте алшақтатты. Содан қайта қайтпайтынын білсем де, әлі күнге дейін оның жоқтығына сенгім де, көнгім де келмейді.

Шындығында, «әкем қайтыс болып кетті» деген сөзді айту – мен үшін өте ауыр. Сол сөзді айтқан кезде, қарсы алдымда отырған біреу жеңіл қабылдап, «е-е-е» дей салса, көңіліме қатты тиетінін де жасырмаймын.

Міне, қазір әкемнің ақылға толы әңгімесі мен «Балам» деп еркелеткен сөздерін аңсаймын. Әкемнің кейде таңдана, ал кейде паңдана қараған әдемі көздерін аңсаймын. Бәрінең де, орны бөлек, қымбат жан-әкешімнің ортамызда жүрген бақытты шақ, керемет кездерін аңсаймын. Әкешіме деген сарқылмайтын сағыныш, таусылмайтын махаббат бойымды әлі де кернеп тұр.

Бір білерім, әке рухы біздерді әрқашан қолдап-қорғап жүретініне сенімдімін. Себебі, әке бейнесі жанымыздан кетсе де, жадымыздан ешқашан кетпек емес…..

 

Әкешім!!!

Білемін, бәрін, бәрін сездің, Әке,
Асылы айтпаушы едің сөзді қате…

Жерлеген күні сені дертті болып,
Мен түгіл жылап тұрды көк түнеріп.
Жеткізген тоғыз баланы қайран Әке,
Жете алмай жетпіс екі жасқа кеттің әке.

Кеп жатты құрдастарың көңіл айтып,
Сиреген қатарлары көбі қайтып.
Тағдырдың жазуына қандай шара,

Қоятын не қуантып, не мұңайтып.

Болды рас дертің күшті, қайғы содан,
Ажалдан құтылып ед қай кісі аман?
Ішінде тоғыз баланың отырса да,
Жылайды жалғызсырап байғұс анам!

Қайран әке, жастығын тез ұрлатқан,
Мойымай нала шаққа.
Көңіліме нұр құйып, көзімді ашқан,
Жол сілтеп болашаққа.

Айтқан ақыл, салмақты сөзің мақтан,
Бастаған парасатқа.
Жүрміз әлі жан әке, өзің жаққан,
Жылынып сол ошаққа.

 

Басыңа сенің барамын мен әрдайым

Есіме түстің жан әке,

Есіркеп, бәлкім жүрмісің?!

Атырдым көзбен таңды ерте,

Кетпей-ақ қойды-ау бір мүсін.

Кептеліп жасым тамаққа,

Кектенін әдекімдерге…

Бытырап ойлар жан-жаққа,

Бір күйге түстім күйзеле.

Сезіліп сенің жоқтығың,

Елжіреп жүрек-бауырым.

Езіліп еңсе-шоқтығым,

Басылып екпін дауылым.

Айта алмай сөзді қыстығып,

Қысылдым кінәм бардай-ақ.

Ішімнен өлең –зар айтып,

Қиялмен кезіп қыр-белді.

Басыңа сенің барамын мен әрдайым,

Мұңымды шағып жылаймын.

Жүремін ылғи алаң боп,

Жүрегім бәрін көтерсін!

«Бар екен менің қызым!»-деп

Бір аунап түсер ме екенсің?!

 

Сағынамын кей- кездерде бірақ мен…

Сағыныштан көзден ағар тамшы нұр,

Келте қысқа жеткізбейтін қамшы өмір.

О, дүние мен бұл дүниенің арасын,

Байланыстырар пенде деген жаршымын.

Ешкім жоқ білем бірақ таласы,

Тағдырымның болып тұрады аласы.

Жүрегіме жара болып қадалған,

Асқар таудау әкешімнің қазасы.

Әке-Ана баласының данасы,

Асыл көздің ағы менен қарасы.

Бәрін көрер қарасынан айырылып.

Анашымның болмай жүр ау шараусы,

Жүк түсіріп ойда жоқта төбемнен.

Ойландырып қойды мені тереңмен,

Тағдыр мені осылайша сынамақ.

Алланың дегеніне көнем мен,

Сағынамын кей- кездерде бірақ мен.

Сіз бар жерде биіктерден құлап пем?

Сіз бар жерде еңсем түсіп жылап пем?

Құламадым, жыламадым ешқашан,

Маңдайдағы жарқыраған шырақ ең!

Әкешім, әке!!!! Өзіңді еске алып, бейне бір қалған жүзіңді көз алдыма елестетемін!!!! Әке…… әке мына қамшының сабындай дүниеде жарқ еттіңде кеттің, өзіңе деген сағынышымды айтып жеткізу мүмкін бе? Әкешім жатқан жерің жайлы,топырағың торқа, жаның жаннатта болсын!!!!

Әке, Жаратушы Иеміз сіздің тәубәңізді, адалдығыңызды қабыл алып, Жәннәт төрін сыйға тартсын деп тілейміз.

Сағынышымызды қабыл ал, ӘКЕ!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                          

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *