ЖУРНАЛИСТИКА – ҚАУІПТІ МАМАНДЫҚ

Алиева Арайлым

Журналист – дара тұлға. Оның өзіндік пікірі, ойы, жазу стилі бар. Бастысы – журналист қашан да халық жаршысы, билік пен бұқара арасындағы көпірді жалғаушы, ұлт жанашыры. Журналистің қоғамдағы рөлі орасан зор деп толық айта аламыз. Журналист болу үшін адам бойында мынадай қасиеттер болу керек: әрбір жазғаның оқырманның жүрегіне жетуі тиіс; шындықты шырылдап, бұқараның базынасын билікке жеткізуі керек; ол барлық саладан хабардар болуы керек; адалдықты ұран етуі тиіс; сөз құдіреттілін ұғынуы керек.

Журналистің әр жұмыс күні сан түрлі оқиғаларға толы және оны алдын-ала болжау мүлде мүмкін емес, өйткені өмір жиі тосынсыйлар жасайды, әдеттегі жай сапар сенсацияға айналып кетуі мүмкін. Қалам шеберінің күнделікті әр жұмыс күні бірқатар міндетті процестерді қамтиды. Ол халыққа жариялау үшін қызықты тақырыптар мен оқиғаларды іздейді. Ол үшін журналист баспасөз қызметтерін, әлеуметтік желілерді және интернетті үнемі қадағалап отырады. Қызықты оқиғаларды, олардың болған нақты күні мен орнын табу да маңызды. Ақпарат жинау мақсатында журналист оқиға орнына барады, ол жерде жай ғана қарап тұрмайды, қатысушыларға өзін қызықтыратын сұрақтар қояды. Бұл олардың мотивациясын, оқиғаның мақсатын анықтау үшін қажет. Жұмыстың бұл бөлігі өте қауіпті, өйткені оқиғаға қатысушылар көбінесе журналистерді көргеніне қуана бермейді. Сол жерде қиындықтар туындауы да мүмкін. Одан кейінгі жұмыс – жиналған материалды талдау, негізгі ойлар мен деректерді анықтау. Содан соң оқиға туралы мәтін жазу. Мақала мүмкіндігінше объективті және ақпараттық сипатта болуы керек. Репортажды дайындау және түсініктеме беру жұмысы да оңай емес. Журналист кадрларды зерттейді, оны сипаттайды және маңызды сәттерді көрсете отырып, монтажға тікелей қатысады. Оқиғаларды фотофиксациялау да журналистиканың ерекше бір бөлігі болып табылады. Тек болған оқиғаны сипаттап қана қоймай, оқиға орнынан фото есеп беру де маңызды.

Журналист ретінде жұмыс істей отырып, сіз көптеген мәліметтерді ойластыруыңыз керек: сенімді ақпарат көздерін таңдау керек, кездесулер туралы келіссөздер жүргізіп, әртүрлі адамдармен сөйлесу қажет, олардың әрқайсысына жеке көзқарас таба білу керек, өйткені бәрі бірдей журналистпен байланысқа түсе бермейді. Сонымен қатар, материалды лайықты түрде бере білу де керек – редактор да, оқырмандар да қызығушылық танытып, соңына дейін оқитын материал болу керек. Сонымен қатар, оны әсірелемей немесе тым ерекшелемей, шынайы жазу керек.

Журналистерді, яғни БАҚ өкілдерін төртінші билік иесі деп атайды. Журналистер қоғамның өткір мәселелерін көтеріп, от пен су кешіп, тіпті өз бастарына қатер төндіріп те жүреді. Кей кездері ақпарат алу үшін күні бойы қандай да бір «ыстық нүктенің»  ортасында, тапжылмай күтуге тура келеді. Журналистің жұмысы қызықты, бірақ қауіпті мамандықтардың бірі және кез-келген кездейсоқ жағдайларға толы. Қаншама журналистер осы мамандық иесі болып, тілімен сыбап өткір проблемамаларды айтқаны үшін қудалауға түсіп, өмірімен қош айтысты. Журналист болу үшін батыл болу керек. Журналистердің сөз бостандығы мен шы­ғармашылық еркіндігіне шектеу жоқ деп айтылғанымен, қоғамдағы ащы шындықты ашық жариялайтын тілшілерді қудалау, заңды қызметіне бөгет жасау, ақпаратқа қолжетімділігін шектеу әре­кеттері қай елде болса да көп кездеседі. Сонымен қатар, бүгінде журналистерге қастандық жасау, өлтіру мен қудалау тек қақтығыстар орын алған жерлерде ғана емес, бейбіт елдерде де өсіп келеді.

Журналист үнемі қақтығыстар мен кикілжіңдер қызып тұратын жерде, соғыс қимылдары жүргізілетін жерде, митингілер мен пікірталастар өткізілетін жерде жұмыс жасайды. Журналист, кейде тіпті өзі қаламаса да, соғыс, қақтығыстар ошағына түсіп, өмір мен өлімнің, от пен оқтың арасында жүреді. Статистика бойынша журналистер үшін ең қауіпті аймақтар – Азия, Латын Америкасы, Таяу Шығыс, Еуропа, Грузия, Хорватия, Ресей және Африка. Өлімнен басқа, журналистер кәсіби міндеттерін орындау кезінде жарақаттау, ұрлау және қамауға алу сияқты әрекеттерге ұшырайды. Ауғанстан, Сомали, Конго, Ирак және Мексикада көптеген баспасөз қызметкерлері ұрланған. Бұл жиі кездесетін жағдай болған.

Әлемде журналистердің өлімі де жиі кездеседі. Террористік актілерде қаза тапқан журналистердің үлесі он пайызды құрайды. Статистикаға сәйкес, бүгінде әлемде аптасына екі журналист қайтыс болады. Бұл Женевада көпшілік назарына ұсынылған ақпарат. Жыл сайын әлемде әртүрлі себептермен жүзден астам журналист қайтыс болады. ЮНЕСКО мен Халықаралық журналистер федерациясының статистикасы тарихта бұқаралық ақпарат құралдары қазіргідей ешқашан қысым мен зорлық-зомбылыққа ұшырамағанын айтады. Соңғы 20 жылда 3000-ға жуық журналист қайтыс болған. Журналистердің өлімі бойынша әлемде Ирак көш бастап тұр. Ол елде 2006-2012 жылдары 87 журналист қаза тапса, екінші орында – Филиппин (56), үшінші орында Мексика (40) тұр. Бұл соғыс жүріп жатқан немесе нашақорлық пен террористерге қарсы күрес жүріп жатқан жерде ғана емес, бейбіт өмірде де кездесіп жатқан оқиға. Осыдан кейін неге қарапайым болып көрінетін осы істе кәсіби өлім көп деген сұрақ туындайды. Бейбіт уақытта да бұл статистика азаймай отыр, себебі журналистика – белгілі бір сұрақ пен ақпаратқа әр түрлі жауап беретін әр түрлі адамдармен үнемі пікірталасқа түсуге байланысты қауіпті мамандық. Бірақ, ең өкініштісі – көбінесе журналистерді өлтіру, оларға қастық жасау әрекеттері жазасыз қалады. Қарулы қақтығыстарда, соғыстарда сарбаздар журналистерге қарағанда жиі өледі, ол шындық. Бірақ, журналистердің сарбаздардан айырмашылығы – олар мүлдем қорғалмайды, ал олардың бар қарулары – дәптер мен қалам.

Журналистер көбінесе террористік актілер нәтижесінде қаза табады, оларды ұрлауы, ауыр жарақат салуы және басқа қастандық жасалуы мүмкін. Бір қарағанда журналистің жұмысы қызықты әрі қарапайым болып көрінеді. Мысалы, журналист оқиға орнына барады,  ол жерде қызықты адамдармен сөйлеседі, содан кейін бұл туралы халыққа айтады, ақпарат береді. Мұның несі қиын болуы мүмкін деп ойлайсыз. Бірақ бұл мамандықты әлі жақынырақ білмеген адамға ғана осылай көрінуі мүмкін. Сырт қарағанда өте қызықты мамандық секілді, бірақ қауіп-қатер өте көп кездеседі, кейде тіпті аяқ астынан да болады.

Көптеген митингілер мен наразылық акцияларында журналистерге дене жарақаты, қоқан-лоққы көрсету, ұрып-соғу, тағы басқа да қауіп төнеді, өйткені олар беретін ақпарат кейбір адамдар үшін тиімсіз, қолайсыз болады. Бұқаралық ақпарат құралдары халыққа қоғамдық маңызы бар ақпаратты жеткізуде ерекше миссияға ие. Кейбір шенеуніктерге немесе саяси қайраткерлерге арналған кейбір ақпарат оларды айыптап, олардың өзімшіл мақсаттарын ашып көрсетуі мүмкін. Немесе басшылардың жағымсыз әрекеттері әшкереленуі де мүмкін. Осы жерде бірнеше тараптың қақтығысы болады. Бір жағынан, шынайы ақпаратты іздейтін және тарататын журналистер, бір жағынан шындықты білуге құқылы халық және осы шындыққа кедергі келтіретін адамдар. Осы ретте халық нақты мәліметтер, маңызды ақпараттар туралы білмеуі үшін журналистерге шабуылдар жасалады, қоқан-лоққы көрсетіледі, олардың кеңселеріне заңсыз кіреді, қастандық жасайды.

Бірақ барлық жағдайларда да журналистердің ісі дұрыс бола бермейді. Журналист заңға, журналистік этикаға сәйкес жұмыс жасауы қажет, ол адамның жеке өміріне қатысты, ар-намысты, қадір-қасиетті қорлайтын іс жасамауы қажет, жеке немесе заңды тұлғаның іскерлік беделіне нұқсан келетін жалған ақпарат бермеуі тиіс, журналист өз қызметін құқықтық реттеудің қандай ерекшеліктері бар екенін білуі керек.

Осындай қауіп-қатерлерден басқа, журналистердің темір торға түсетін де жайттары көп кездеседі. Әлем бойынша деректер келтіретін болсақ, журналистердің өз жұмысы үшін темір торға түсу саны бойынша елдердің алғашқы бестігіне Қытай (52), Түркия (43), Сирия (24), Иран (23) және Вьетнам (19) кіреді екен. Сонымен қатар, Түркияны RSF «кәсіби журналистер үшін ең үлкен түрме» деп атайды. Түрмеге тоғытылу себепері де сан алуан. Көбінесе терроризмге айып тағу, Үкіметке түрлі сын айту немесе шифрланған мессенджерлерді пайдалану, жеке тұлғаның  өміріне қатысты жеке мәліметтерді жариялау немесе этика сақтамау, біреуге жала жабу, т.б. себептер болып табылады. Ал бір қызықты мәлімет – Мароккода 2016 жылы түрмеде бірде-бір журналист болмаған екен.

Қазақстандағы журналист мамандардың қауіпсіздігі туралы айтар болсақ, осы ретте жазушы, ғалым Сапабек Әсіпұлының мына сөзін келтіруге болады: «Қазақстанның құқық орындары журналистерге қарсы бағытталған қылмыстардың бәрін олардың кәсіби қызметіне байланыстырудан қашады, керісінше, ол оқиғаларды әдеттегі қылмыс ретінде қарауға тырысады. Журналист болу қиын. Қазақстанда журналист мамандығы өмірге қауіпті кәсіпке айналып отыр, мұны мойын­да­ғанымыз жөн. Себебі біздің де елімізде журналистерге жасалған қастан­дық­тардың көрсеткіші бар. ЮНЕСКО тегін­нен-тегін журналисті әлемдегі қауіпті сегіз мамандықтың қатарына қосып отырған жоқ. Журналистика – қауіпті мамандық. Керек кезінде керекті жерінде табылып, от пен судың ортасында жүретін тілші­лердің ісін неге бағаламаймыз? Сондықтан осы бір қауіпті әрі жауапты мамандықты меңгеріп жүрген жур­на­листер қауымына тиісінше құрмет көрсетілуі керек деп ойлаймын»[1].  

Қазақстанда да өз мамандығына байланысты басын қатерге тігіп жүрген журналистер аз емес. Олар туралы да көп ақпарат беруге болады. Мысалы, «Общественная позиция» тәуелсіз газетінің тілшісі Бақытжан Нұрпейісов соққыға жығылған. «Тасжарған» оппозициялық газетінің тілшісі Артем Миусов жаңа жыл қарсаңында соққыға жығылған, пышақталған. Ал «Азаттық» сайтының редакторы Ермек Болтай мен Бақытжан Нұрпейісов қастандыққа ұшыраған. Осы секілді мәліметтерді көп келтіруге болады.

Қорқыту, үркіту арқылы ауызға қақпақ қою, қатардан шығаруға ұмтылу – біздің қоғамдағы келеңсіз тенденция екені анық. Бұл ретте, сарапшылар «БАҚ туралы» Заңға «журналистердің өзінің, отбасы мүше­ле­рінің өмірі заңмен қорғалады» деген бап енгізілуі керек деген ұсыныс жасады. Өйткені журналистер де төтенше жағдай қызметкерлерімен бірдей өте қауіпті жерлерде, яғни шеруде, жер сілкінісінде, өртте және тағы басқа жағдайларда жүріп, басын қатерге тігеді. Бұл жерде адамның жүйкесіне, жүрегіне үлкен салмақ түседі. Кешегі пан­демия кезінде де журналистер өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамай, қоғамдық орындардан ақпарат таратып отырды. Бірақ олардың міндеттемелері көп те, құқықтары аз. Сондықтан журналистер қауымына құқықтық, қауіпсіздік, әлеу­меттік жағынан кепілдіктер болу керек.

Қорыта айтар болсақ, бұл қауіпті мамандықтардың бірі. Бірақ, қандай жағдай болмасын, қауіпті іссапарда болса да, штаттан тыс жағдайға тап болса да, қандай қауіпті мамандық болса да, журналистер өз кәсібіне адал болуы керек. Журналистік этика сақталуы керек, келеңсіз жағдайларға тап болған адамдарға көмек қолын созулары керек. Әрбір журналистің осы жағдайдағы борышы – оның жеке қауіпсіздігі ғана емес, сонымен қатар әріптестерінің, солармен бірге өзіне мүлдем бейтаныс адамдардың қауіпсіздігі, немқұрайлылық көрсетпеу. Осындай жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін және тапсырманы қалай орындау керектігін білу маңызды.

 

 

 

Әдебиеттер:

 

  1. Алаш айнасы. 23.03.2023ж.
  2. Азаттық радиосы. 13.02.2009ж.
  3. Білім айнасы. Интернет парақша
  4. Егемен Қазақстан. 29.11.2022ж.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *