«Бүгінгі білім саласындағы олқылықтар»

«Бүгінгі білім саласындағы олқылықтар»

Жарылкасинова Гульнар Шамшадиновна
Бүгінгі таңда еліміздегі білім саласындағы өзекті проблемаларды бүкпесіз, ашық
айту.Қазіргі уақытта, мектептерде және балабақшаларда көптеген проблемалар жарыққа
шығып жатыр.
Бірақ шықпай жатқаны қаншама?!
Білім саласындағы проблемаларды тек педагогтер жақсырақ білетіні анық.
Сол мақсатта осы эссені жазып отырмын.
Білекті бірді, білімді мыңды жығатыны әуелден белгілі. Сондықтан да саналы ұрпақ
тәрбиелеу үшін білім беру ісіне ерекше назар аудару – негізгі міндет. «Қазақстанның
болашағы білімді жастардың қолында» деп жылдар бойы ұрандатып жүргенімізбен,
бүгінгі білім саласындағы олқылықтар жиі бой көрсетеді. Аталмыш саладағы
жаңашылдықтарға қатысты көпшіліктің наразылығы мен ескертпелері де көбеймесе,
азайып жатқан жоқ.
Оқулықтарыдың саны мен сапасы осыған дейін де талай әріптесіміздің қолына
қалам алғызып, талай ата-ананың ашуын туғызған. Тіпті, депутаттар да оқулықтардағы
олқылықтарды Білім және ғылым министрлігінің бетіне басқан. Бір өкініштісі, оқулық
мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі шешілер емес. Бірде оқулықтың саны жетпей
әурелесе, енді бірде баланың қолындағы кітапта өріп жүрген қателер жұрттың
зығырданын қайнатты.
Ендігі мәселе – оқулықта берілген тапсырмалардың бала жасына сай
келмеуі.Оқулықтар сапасына қатысты сөзіміз дәлелді болсын, бір-екі мысал келтірейік.
Қолыма 5+ «Сөйлеуді дамыту» оқулығы түсті. Мұқият қарағаным жоқ, жәй ғана шолып
шықтым. Кітапта бәріміз бала күнімізден жаттап өскен тақпағымыз:
Нан қиқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып, қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар, – деген Ө.Тұрманжановтың өлеңі берілген екен. Сонда «нан
қиқымы» дегеннің орнына «нан қоқымы» болып жазылыпты. Бұл – әрине, қате, талдап
жатпай-ақ түсінікті деп ойлаймын
Енді жақсы жағын айтайық, сала мамандарының айтуынша, қазіргі оқулықтардың
сыртқы мұқабасы, ішкі безендірілуі жақсара түскен. Атап айтқанда, тапсырмалар өмірден
алынған, ұлттық нақышқа сай безендіріліп, мәтіндердегі адам есімдері де біршама
қазақшаланған. Сонымен қатар, елімізде 2018 жылдан бастап балабақша оқулықтарының
электронды нұсқасы да шығарыла бастаған. Оны қалай пайдаланады? Айталық, кез келген
кітаптың соңғы бетінде аудио-видео диск жүреді. Ал оны компьютерге салып, ашқан
уақытта сол кітаптағы сабақтардың тапсырмалары мен жауаптары қоса берілген. Бүгінде
елімізде бірнеше баспа электронды оқулық шығарумен айналысады. Әлбетте, нәтиже
уақыт еншісінде.
Қазіргі таңда балабақшаларда жағдай түбегейлі жақсы деуге ауыз бармайды. Бірақ, осы
мәселе төңірегінде әңгіме қозғайтын ата-аналар бүгінде жоқтың қасы, оның себебін
түсіну қиын емес, көптеген ата-аналар жергілікті билікпен жағдайды ушықтырмағанды
жөн санап, көбіне бар проблеманы сыртқа шығарумауға тырысады.
Бүгiнде еліміздегі мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiмен қамтылу деңгейі 36,5
пайызды құрайды екен. Әлі де болса, 240 мың бүлдіршін кезекте «өз балабақшасын» күтiп
тұр. Ал 820 мыңдай бала үй жағдайында тәрбиеленуде. Рас, соңғы кездері еліміздегі
балабақша санын арттыру мәселесі қызу қолға алынып жатыр. Әртүрлі ұсыныстар
айтылуда. Тіпті кейбіреулер «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы қатарына «100
балабақшаны» да енгізуді ұсынып отыр.
Балабақша мәселесі депутаттардың «балабақшаны қайтарыңдар» деген
бизнесмендер мен кәсiпкерлерге арнаған үндеуіне де арқау болып көрді. Бірақ онымен
балабақша санының көбейе қоятын түрі жоқ. Әлі де болса халқымыздың басым бөлігі
балабақша қызметіне зәру. Осы орайда шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, бұл
мәселені әрбір мекеме жанынан балабақшалар ашу арқылы шешуге бола ма деген
ұсынысты ортаға тастап көрген едік.
Қазіргі таңда еліміздегі балабақшалардың жетімсіздігі айқын білінуде. Сондықтан
балабақшаларды көбейту үшін барлық тәсілдерді қолдану керек. Ал әрбір мекеме
жанынан балабақшалар ашу арқылы оларды көбейтуді көздеу – өте тамаша ұсыныс.
Меніңше, бұған ешкім де қарсы бола қоймайды. Аналар үшін бұл тіптен тиімді.
Естуімше, бұл жүйе шетелде іске асып та қойған көрінеді. Егер бұл ұсыныс
қабылданса, біріншіден, аналар сәбиін дүниеге келтірген соң, декреттік демалысы
біткеннен кейін үйде отырмай, ертерек жұмысына шыға беруге мүмкіндік алса, екіншіден,
баласын ана сүтінен айырмай-ақ жұмыс арасында, мекеме жанындағы балабақшадағы
сәбилерін емізіп келіп тұруларына да болады.
Үшіншіден, жұмысқа бірге келіп, бірге ала қайтуларына да ыңғайлы. Тек айтарым,
бұл бастама аяққа тұрып кеткенше, мемлекет тарапынан қолдау керек. Мәселен, түрлі
салықтардан босата отырып, ондағы балалардың дұрыс тәрбиеленуі үшін арнайы
бағдарламалар іске асырылып, қазақы салт-дәстүрмен қатар, ұлтқа тән ерекшеліктерді де
сіңіре білер, зерек ұрпақ өсіруге сай барлық жағдайлар жасалса екен. Болашағымыздан,
ұлт ертеңі болар баладан тиын-тебен аяудың еш қажеті жоқ. Қазіргі таңда
балабақшалардың жетіспеуі салдарынан талай аналар үйінде отыр. Мұндай мекеме
жанынан ашылған балабақшалар көбейетін болса, қоғам үшін де аналардың маман
ретіндегі еңбек күшін пайдалануға мүмкіндік туар еді. Сондай-ақ олардың
стандартқа сай болуын да қадағалап отыру артықтық етпейді. Өйткені балабақшалар
көбеюімен қатар, талапқа да сай болуы қажет.
Әрине, мен ең алдымен аурухана, мектеп, балабақшаның мемлекеттікі болғанын қалар
едім. Алайда бүгінде балабақшаның жетіспеушілігінің өзі бізді осындай қадамға жетелеп
отыр. Мекемелердің қауқары жетпесе де, мұндай балабақшалардың санын көбейтуге
мемлекеттің қауқары жетеді. Аналарымызға қолайлылығын ескере отырып, осындай
балабақшаларды көбейтуге болады. Мүмкін, уақыт өте оларды мемлекет қарамағына да
өткізуге болар.
Бәрін айт та, бірін айт, балалық – адамның зеректігі ерекше болып, айтқаныңды қағып
алып тұратын кезеңі. Алайда бүгінде балаларға жөнді тақпақ та үйрете алмайтын
тәрбиешілер бар. Елін сүйер, жерін сүйер, қазақ халқының тарихын жіліктеп шағар,
білімді, ұлтжанды, нағыз қазақ ұланын тәрбиелеп шығар балабақшаларға қойылар талап
жоғары болуы керек. Алайда бүгінгі балабақшаның жайы бұл талапқа сай емес. Ата-
ана балабақшаға ақша төлеп отырғаннан кейін оның сапасы да талапқа сай болғаны жөн.
Балабақшаның өз жайын айтпай-ақ, тәрбиешісіне тоқталар болсақ, бүгінде
тәрбиешілік болмашы айлығына жаны қысылған, тек уақытша жан бағуды күйттеген кім
көрінген баратын мамандыққа айналды. Тәрбиешілердің маман ретіндегі сапалық
көрсеткішіне мән беруді қойдық. Сонда біз ұлт ертеңі болар ұрпақты кімнің қолына сеніп
тапсырдық дей аламыз?! Балабақшадағы баланың амандығы ғана емес, сол балабақшадан
алары да болуы керек. Сонда ғана біз ол баланың ертеңіне алаңдамаймыз.
Түйін
Еліміздегі балабақшалардың жетімсіздігі бүгінгі күннің басты талабына айналды.
Бәлкім, мекемелер жанынан балабақшалар ашу арқылы олардың арасында бәсекелестік
туғызып, сапасының көтерілуіне де мүмкіндік туар ма еді?! Бүгінде бұл ұсынысқа тек
мемлекет тарапынан оң көзқарас пен жылы қабақ жетіспей тұрғандай.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *