Біз ешқашан ұмытпаймыз – ел батырлары

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдың 7 мамырында  Мемлекеттік қорғаныс комитеті болып келген орган  Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.  Ата – бабамыз ерлікпен қорғап, мұра ретінде қалдырған ұлан-байтақ жерімізді сол заманнан бүгінгі күнге дейін ержүрек ерлер қорғап келеді. Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Өзін ер-азаматпын деп санайтын кеудесінде намысы, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы. «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» демекші отаншылдық рухы қай заманда да қазақ халқының бойындағы айрықша қасиет болып табылған.  Сондықтан біздің бүгінгі күнгі басты мақсатымыз – өскелең  ұрпақтың патриоттық сезімдерін нығайтып, ғибрат аларлықтай, үлгі тұтарлықтай, ержүрек, намысшыл, адал, қайсар мінезді азаматтар тәрбиелеу.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих факультетінде 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне, сонымен қатар 9 мамыр Жеңіс күніне орай ҚазҰУ-дың Ардагерлер кеңесі ұйымы мен тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен елімізге елеулі тұлғалармен кездесу өтті. Кездесуді ұйымдастырушы тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Сүлейменұлы мен тарих ғылымдарының докторы, профессор Кәрібаев Берекет болды. Кездесуде экономика ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, академик Абалкиннің шәкірті, 35 жасында экономика ғылымдарының докторы атанған, социализм заманында нарықтық экономикаға тән қызмет көрсетуге қатысты ақы төлеу идеясын ғылыми тұрғыдан негіздеп берген ғалым Шеденов Өтеғали Қадырғалиұлы жастарға өз ақылын айтты. Ғалым өзінің ғылым жолымен бөлісе келіп, Атырау облысындағы Азғыр станциясын неміс ұшақтарының бомбалауына куә болғандығы жайындағы тың ақпараттармен бөлісті.

Кездесудің тағы бір маңызды қонағы Беспаева Әскен Сүлейменқызы болды. 1962 жылы БЛКЖО қатарына алынған. 1969 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ды бітіріп, 1978 жылы – АВПШ-та тарих және қоғамтану мұғалімі, саясаттанушы. 1969-1972 жылдары – Қазақстанның ЛКЖО Алматы обкомында дәріс оқушы. 1972-1978 жылдары – Алматы қаласындағы Қазақстанның ЛКЖО Ленин аудандық комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы. 1978-1980 жылдары – АВПШ тыңдаушысы. 1980-1981 жылдары – Алматы қаласындағы Ленин аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1981-1982 жылдары – Алматы қаласындағы Ленин аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1982-1986 жылдары – Алматы қаласындағы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Әскен Сүлейменқызы өзінің ғылым жолымен бөлісіп, жастарға тәрбилік маңызы бар ақыл-кеңесін айтты.

Кездесуде КСРОдағы жалғыз социалистік Еңбек Ері Кочетова Лидия Васильевна жастарға ұрпақтар сабақтастығы жайлы ойларымен бөлісті. Лидия Васильевна 1965 жылы, АХБК-ға комсомолдық жолдамамен қызметке келіп, 1983 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген еңбек майталманы. Бір мезгілде 36 станокта жұмыс істеген. Сол кездегі заманауи кәсіпорынның өнімдерін экспортқа жіберіліп отырған.

Кездесуде сонымен қатар Ауған соғысының ардагері тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ауған соғысы ардагері Сайлан Болат Санабайұлы болды. Бүгінгі күнде Қазақстанда 237-і ҰОС соғысы ардагері қалса, соның, 58-і Алматы тұрғындары, 3еуі Шымкент қаласының тұрғыны екенін атап өтті. Ардагер қазіргі таңда ҚазҰУнде белсенді жұмыс атқаруда. Болат Санабайұлының ауған соғысына арналған біршама еңбектері бар.

Кездесуде сонымен қатар Қансейіт Әбдезұлы, Бекет Кабдуович, Сисенбаева Лайла секілді елеулі тұлғалар жастарға ақыл-кеңестерін айтты.

Шараның басты мақсаты қанша соғыс көрседе, қазақтың қиын қыстау кезеңдерін өз көздерімен көріп, бастан өткізседе ғылым жолын тастамай қазіргі күнге дейін қоғамда белсенділік танытып жүрген тұлғаларымыздың өмірлерін жастарға насихаттау болып табылады. Бауыржан Момышұлының: «Біздің жүрегіміз темір емес, бірақ кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп жіберіді»,- деп айтқан жалынды сөздері арқылы Отанға деген сүйіспеншілігін, нағыз ерге тән патриоттық сезімінің көрінісін байқаймыз. Қолда бар алтынның қадірін біл демекші, ардагерлерімізді көзі тірісінде ардақтай білу әрбір саналы жастың міндеті деп білеміз.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *