“Дала уәлаяты” газетіндегі ауыз әдебиеті үлгілері

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ елін, жерін патшалық Ресейдің отарлап алуына байланысты Қазақстанның Ташкент, Орынбор, Орал сияқты ірі қалаларында патша өкіметі жергілікті ұлт тіліндегі алғашқы газеттер шығара бастады. Қазақ баспасөзінің қарлығашы болып табылатын, қазақ жеріндегі ең алғашқы басылым – “Түркістан уәлаятының” газеті. Ал “Түркістан уәлаятының” газетінен кейінгі өзінің тарихи орны бар басылым – Дала уәлаятының газеті жаңадан құрылған Омбы генерал-губернаторының органы ретінде Омбы қаласында 1888 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін 14 жыл қатарынан жарық көріп тұрды. Оның қосымшасы ретінде “Киргизская степная газета” деп аталды. Газет патшаның реакцияшыл, отаршылдық саясатын насихаттайтын материалдарды жариялаумен қатар, өзінің ресми емес бөлімін де егіншілікті өркендету, отырықшылыққа көшу, ғылыми жаңалықтар, мәдениетке ұмтылу (дәрігерлік көмек, мектеп ашу, қазақ тілін, әдебиетін дамыту проблемалары), ел басқару сауда ісін жолға қою, мал тұқымын асылдандыру және тағы да басқа көптеген мәселелерді қамтып тұрды.

Қазақтың халық ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы Әбубәкір Ахметжанұлы Диваевтың мақалалары, Ыбырай Алтынсариннің шығармалары, Абайдың өлеңдері, халық ақындарының туындылары, “Бозжігіт”, “Еңлік-Кебек”, “қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Қамбар батыр” дастандары, “Алдар көсе” мен “Қожанасыр”, “Жиренше шешен” туралы аңыздар, қазақ ертегілері де “Дала уәлаятының” газетінде жарық көрген.

“Дала уәлаятының” газеті қазақ ауыз әдебиеті түпнұсқаларын жинап, бастыруда сондай-ақ, орыс әңгіме-ертегілерін аударып, жариялауда едәуір ізденістер танытқан. Онда да сол кездегі жағдайға байланысты, жұртқа ой салар, мысал-мысқал түріне баса назар аударған сияқты. Басылымның ауыз әдебиеті үлгілерін жариялануына, әсіресе орыс әдебиетінің аударма үлгілері елеулі әсерін тигізсе керек. Атап айтар болсақ, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың аударуымен жарияланған Л.Н.Толстойдың “Ұзақ пен көгершін” , “Бұғы мен қарақаттың сабағы”, “Бұғы”, “Қоян”, “Өтпес пышақ” сияқты мысал-әңгімелердің жариялануы тегін емес-ті.

Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы қазақ оқығандары Б.Адықов, Ш.Айманов, Р.Дүйсенбаев тағы басқалар газетке бастырған дүниелерді халықтың ауызша шығармасы деп атап, соңына өз аты-жөндерін жазса, енді біреулері бұл материалдарды кімнен, қайда жазып алғанын хабарлаған.

Осы тұста публицист Р.Дүйсенбаевтың ақжарма ойлары-өз заманының үні, сол замандағы халықтың тілі екендігін байқаймыз.Ол ертегі мысалдар жазып, қазақ өміріне бейімдеп жариялауы арқылы да қоғамдық пікір қалыптастырып отырды. “Қайырымсыз патшадан қулығын асырған уәзір” туралы (1895,№31), “Түйе,түлкі,қасқыр һәм жолбарыс” (1896,№ 43) атты ертегілерінде ақылдының күштіні жеңгендігі туралы,қарқаулық пен жауыздық, жасырын зымияндық жайында сөз қозғайды.Дала уәлаяты газеті бетінде білікті жазушылардың ертегіні көптеп жазуында үлкен мән бар.Қазақ оқығандары ертегі, мысал арқылы астарлап болса да патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын, бейбастық әрекетттерін сынға алып отырады.Бұл елге өз ойын жеткізудің бірден-бір төте жолы болатын.Р.Дүйсенбаевтың да ертегі, мысал жазуының басты себебі-сол.Оның ертегілерін шартты фельетонның ертегі түріне жатқызуға әбден болады.

Сонымен қатар, Асылқожа Құрманбаев та қазақ әдебиетінің даму жолдары жөнінде Дала уәлаяты газетінің бетінде көрсетілген идеялық айтыста  кертартпа ағымының өкілдеріне мықтап соққы берді. Құрманбаев кертартпашылардың қазақ арасында діни шығармаларды, қиссаларды және ескішіл сарындағы ақындардың жырларын неліктен кең түрде бастырып тарату керек деп мәселе көтеруінің сырын батыл әшкереледі. «Қазақ арасында таралып келген,-деп жазды Құрманбасев,- «Зарқұм», «Сал-сал» деген қиссалардың сөздері қазақ тіліне мүлдем жанаспайды, мұнда тек Мұхаммед заманындағы болмаған бастырлардың ерліктері қиялдан шығарып жазылған, ал бұл қиссалар Алтынсариннің шығармаларымен салыстырғанда түкке де тұрмайды». Бұдан кейін Құрманбаев: «Оның (Алтынсариннің) «Кел балалар,оқылық», «Жаз» және басқа шығармалары қазақтың өлең құрастыру үлгілері өнері мен поэзиясының тамаша үлгісі болып табылады» деп атап көрсетті.

Қорытындылай келе, қазақ баспасөзінің екінші қарлығашы-“Дала уәлаятының газеті” қазақ жеріндегі ең алғашқы мәдени, әдеби, рухани басылымы болды. Бұл басылымның Түркістан уәлаяты газетінен ең басты айырмашылығы-қазақ фольклорының кең жариялануында. Бұл басылымда жарияланған материалдар сол кездегі халықтың санасын ашып көкірегін оятуда ерекше ықпал жасады. Мәселен қазақ ағартушыларының туындылары басылымда ауқымды көлем алып халыққа рухани байлық сыйлады.Сөйтіп қазақтың жазба әдебиеті мен әдеби тілінің дамуында  “Дала уәлаяты газетінің” де қосқан үлесі орасан,бірақ оның гүлдене дамуына тек совет дәуірінде ғана толық жағдай жасалды. Ресми орган болғанымен бұл газет қазақ халқының шаруашылығы мен мәдениетінің,қоғамдық ой-пікірінің дамуында белгілі бір дәрежедегі әсерін тигізді. Бұл қазақ баспасөзінің тарихы Қазақстанның Ресейге қосылу тарихымен өте тығыз байланысты екенін ыспаттайды. Бүгінгі таңдағы басылып жатқан саны бар,сапасы жоқ газеттерді көріп, қарным ашады. Патша өкіметінің кезіндегі сан түрлі қиыншылықтарға, цензураға қарамастан, қазақтың қазақ екенін танытатын, қазақтың өзіне ғана тән ауыз әдебиетін халыққа насихаттаған “Дала уәлаяты газеті” сияқты халыққа берері мол басылымдар санаулы ғана. Сондықтан, болашақ журналист ретінде саны да, сапасы да көп, халық қамы үшін аянбай қызмет ететін, ақиқатты жақтайтын басылымдар көбірек жарыққа шықса екен деймін.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Қазақ журналистикасы қазақ баспасөзі

2.Қазақ баспасөзінің даму жолдары(1860-1930 жылдар).Қазақ мемелекет баспасы Алматы-1964

3.Қазақ журналистикасының тарихы(1870-2008 жылдар)толықтырылған екінші басылымы

 

                                    

                                                                 Бағдаулет Арайлым

                                                                 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

                                                                 Журналистика факультетінің 1-курс студенті

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *