БАЛАЛЫҚТАН ДАНАЛЫҚҚА

Жас ұрпақтың жастайынан тәрбиеленудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Ешқандай жоғары білімсіз-ақ, тәрбиенің оңтайлыәдістерін  баласының бесігінен бастаған халқымыз тентегіне де: «сен оңбассың, адам болмассың» дегенді тұқыртып, бетін қайтарып айтуды жөн көрмеген. Адамдықтың парызын перзентінің көкірегіне тапсырып, іс әрекетін қадағалаған.

            Әрбір ата-ана өз баласының ақылды, сабырлы, тәртіпті, кішіпейіл, мейірімді, білімді, еңбекқор болғанын қалайды. Дегенмен де, осы аталмыш қасиеттерді баланың бойына «таңбадай қып сіңіру» өте күрделі, қажымас еңбекті талап етеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» — деп тәлімгер, көреген бабамыз бекер айтпаған. Өнегеге толы саналы ғұмырында ұрпақты тәрбиелеп, үлгі көрсететінін әрдайым жадында ұстап, есте сақтаған. Өздерін балаларының билеп-төстеуіне жол бермей, перзенттерінің алдында биік деңгейде көріне білген.

БАЛАҢЫЗДЫ КІМ ТӘРБИЕЛЕУДЕ…

            Бірақ, бүгінгі таңда қуанышымызға айналған жас бүлдіршіндеріміз отбасы дейтін кішкене мемлекетінен , ата-анасынан саналы тәрбие алып жатыр ма?! Жас ұрпақ фильмдерден, қанын тамызып, көз жасын сорғалатып көрсетіп жатқан детективтердің көріністерін көреді. Қаперінде дәнеме жоқ алаңсыз жастардың ойына ой түсіріп, тұнығын лайлап, осылай көкіректерін қарайту арқылы жамандыққа қарсы жиіркеніш тудырдық деп жүріп, көлеңкесінен де қорқатын, психикалық жұтаңдыққа ұшыраған мәңгүрт жастарды көбейтіп алмасақ етті. Барлығын сарапта, көңіл сүзгісінен өткізіп ойлай келе, бүгінгі таңда бізді тәрбиелеп жатырған , өзіміздің ата-анамыз емес, күнделікті көзіміздің майын тауысып қарайтын бейнематериалдағы жағымсыз факторлар екеніне көзің жетеді.

ТӘРБИЕНІҢ БҰРМАЛАНУЫ ҚАЙДА АПАРАДЫ ?!

            Балалардың басым көпшілігі еліктегіш, көрген нәрсесіне құмартып, кәдеге асыруға сыңай танытады. Түрлі психикалық ауруға шалдықтыратын шетел фильмдерін құныға қарап, естіген былапыт сөздерді санасына жаттап өскен баладан, ертең санатты ұрпақ тарамақ емес. Ата-бабамыз жас ұрпағын Ер Төстіктің ерлігімен, Толағайдың қамқоршы ақ жүрегімен, Тазша баланың тапқырлығымен, Аяз бидің кісілік, кішіпейілдігімен тәрбиелеген халықтың кемшін тартқан жері болмап еді. Қазіргі таңда ұлттық педагогикамызды бұрмалаудың салдарынан балаларыңыздың жүрегіне шор қатырып, жалтақ, қорқақ, екі жүзді, үрейлі сұрқиялыққа, ырду-дырдуға тәрбиелеп отырған да – өзіңіз.

Қаз дауысты Қазыбек би бір жиында біреудің әдепсіз, өнегесіз баласын көргенде:

Балаң жаман болса,

Көрінгеннің мазағы емес пе?!, — депті. Көріп жүргеніміздей, әлсіз балаға, әлімжеттік жасап жатқандар қаншама?! Қазіргі балалар бала түгелі үлкеннің зәресін алатын ойыншықтармен ойнайды. Ата-анасының қамқорлығында жүрген балалар террордың не екенін білмесе де, ойыншықтың шүріппесін басып, кезеп атуды біледі. Байыппен ойласақ, осы көз көрген нәрсе адамға үрей тудырады. «Түймедей нәрсе, түйедей болды» деген осы емес пе?!

           

 

Бұл жазба көзі ашық жанға әсерін тигізер ме еді? – деп ойлаймын. «Баланы – жастан…» деп, халқымыз бекер айтпаған ғой. Себебі, ана сүтінен нәр алып, әке мейірімінен құрышын қандырған жас бүлдіршін – болашақ заманымыздың асыл азаматы мен азаматшасын дайындаудағы алғашқы сатысы екенін ата-аналарымыз ұмытпаса екен дегім келеді!

Саржанова Ұлдана

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *