АТА-АНА МЕН БАЛА АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ КӘСІБИ БАҒДАРЫНА ӘСЕРІ

АТА-АНА МЕН БАЛА АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ КӘСІБИ БАҒДАРЫНА ӘСЕРІ

Аннотация

Бұл мақалада жасөспірімнің кәсіби бағдарына әсер ететін факторлар, оның ішінде, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың әсері қарастырылады. Кәсіп таңдау – адам өміріндегі аса маңызды шешімдердің бірі. Мақалада осы  шешімге ата-ананың қалай әсер ететіні сөз болады.

Кілт сөздер: ата-ана, бала, жасөспірім, психология, кәсіп.

 

Белгілі бір кәсіпке деген құлшыныс пен икем, кәсіби тұрғыда даму – адам өмірінің бала кезінен бастау алатын аса маңызды үдеріс. Жалпы жасөспірімнің өз қызығушылықтарын анықтап, қандай да бір кәсіптің етегінен ұстап кетуі көп сатылы кезеңнен тұрады. Олардың таңдау жасауына бірсыпыра ішкі, сыртқы факторлар ықпал етеді. Орыс психологы, психология ғылымдарының докторы Ирина Дубровина жасөспірімдердің кәсіп таңдауына әсер ететін төрт факторды атап көрсетеді.

  1. Әлеуметтік-экономикалық сипаттағы факторлар. Айналасына көз салған бала қоғамның белгілі бір қызмет иесіне деген көзқарасын барлайды, кәсіп иелерінің беделі, моральды, материалды ынталандыру, қандай да бір кәсіптің қоғам алдындағы маңызы секілді жайларға мән береді, сол арқылы таңдау жасайды;
  2. Психологиялық факторлар. Баланың жеке қызығушылығы, қабілеттері мен ой-сана деңгейі, зейіні де кәсіп таңдауына айтарлықтай әсер етеді.
  3. Жасөспірімнің жеке психофизиологиялық сипаттамасы, яғни жүйке жүйесінің қасиеттері.
  4. Әлеуметтік-психологиялық факторлар. Бұл – баланың өсіп-жетілген жері, өзін қоршаған орта, достары мен жақындары. Осы арқылы баланың тұлға ретіндегі жеке көзқарастары, таптаурындары қалыптасатындықтан, осы фактор ерекше маңызды саналады [1].

Аталған ішкі және сыртқы факторлардың ішінде жасөспірімнің кәсіби бағытын анықтауы кезінде отбасы мен ата-ананың ықпалы зор. Қарапайым отбасы құрылымы, отбасындағы әр адамның атқаратын рөлі, отбасы мүшелері арасындағы екі жақты қарым-қатынас секілді факторлар енді жетіліп келе жатқан жас өскіннің мамандық таңдап, өз болашағы үшін шешім қабылдауына айтарлықтай әсер етеді. «Кез-келген ата-ана перзентінің бақыты мен жетістікке жеткенін, өз алдына бөлек тұлға ретінде қалыптасқанын көргісі келеді.  Баланың бақыты мен табысы үшін болашақта айналысатын кәсібі орасан зор рөл атқаратындықтан, ата-аналар баласына кәсіби бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуге тырысады. Осы тақырып аясында жүргізілген зерттеулер нәтижесіне сүйенер болсақ, ата-анасының қолдауын сезініп, олармен бірге таңдау жасаған жасөспірімдер өз таңдауына аса сенімді екені байқалады. Сонымен қатар, ондай балалардың басым бөлігі әлеуметтік қысыммен күресіп, өзі таңдаған кәсіпке бар қызығушылығымен кірісуге дайын екені анықталды» – дейді ағылшын зерттеушісі Брианна Келлер [2].

Ата-ананың жасөспірімнің кәсіби бағдарына әсер етуінің бірнеше жолы бар. Осы тақырыптың астарына үңілген зерттеушілер арасынан америкалық психолог, әйгілі әлеуметтанушы Ф.Райсты ерекше атап өтуге болады. Ол ата-ананың баласының кәсіпті таңдауына себеп болатын оң әсерлерді атап көрсетеді.

  1. Ата-аналардың жанама әсері [3]. Бұл «Баламның мәртебесі жоғары, беделі зор болса екен» деген арман-тілектен туады, яғни осыны естіп өскен бала жасөспірім шаққа жеткен кезде жалақысы жоғары, мәртебелі мамандықтарға көз тігеді. Бірте-бірте ата-ана әсері өз қалауымен ұштасып, өзі де бағытын сол арнаға бұра бастайды.
  2. Ата-ананың мамандық түрлеріне деген көзқарасының да әсері мол [3]. Анасы не әкесі әдейі болмаса да, әңгіме арасында бір кәсіптің маңызын сөз қылып, өз қызығушылығын айтып өтсе, тыңдап отырған жасөспірімнің де сол мамандыққа назары ауары анық.
  3. Осы уақытқа дейін жүргізілген зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, ес білгелі ата-анасы жанынан табылып, қолдау көрсетіп құрбыдай сырласқан жасөспірім олардың ұсыныстарына оңай келіседі. Себебі бала ата-анасының жаманға бастамайтынын, өз пікірімен санаса отырып шешетінін жақсы біледі және олармен арадағы қарым-қатынасқа сызат түсіргісі келмейді [3].
  4. Әкесі не шешесі бір кәсіппен айналысып, соны бала кезінен көріп-біліп, қызығып өскен баланың отбасылық кәсіпті жалғастыруға деген құлшынысы артады [3]. Әсіресе қазақ отбасында әкесі ұлына, анасы қызына кәсіп үйретіп, оларды өздеріндей маман етіп тәрбиелеу көп кездеседі. Осыдан келіп ата өнерін баланың қууы, оны мирас етуі дәстүрге айналған. Мысалы қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін күйшілік, әншілік, аңшылық, ұсталық өнерді қуып өткен адамдар жиі кездеседі. Содан «атадан бала тумас болар ма, ата жолын қумас болар ма», «әке көрген – оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздер пайда болған [4].

Адам өмірінің жасөспірім кезеңінде ата-ананың қолдауы, бірге өткізген уақыты мен көңілі, бағыт-бағдары ауадай қажет. Әсіресе, ата-ана мен бала арасындағы ара қатынас кәсіп таңдау жолында ерекше әсер етеді. Жасынан ата-ана жылуын сезіп, сүйенер тірегі, жылынар құшағы барын біліп өскен бала өзіне сенімді, сәтсіздіктен жасқанбайтын жан болып жетіледі. Осы қасиеттері арқылы өзі сүйетін кәсіпті де оңай таңдайды, «бұрыс таңдау жасасам, кәсіпті игере алмасам» деген қорқынышы да аз болады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. И.В.Дубровина Мектептің психологиялық қызметі. Оқушыларға арналған оқулық. – Мәскеу, 1995 жыл. – 319 б.
  2. Briana K. Keller The Influences of the Family of Origin on Career Development: A Review and Analysis. – Indiana University, 2004 жыл. – 75 б.
  3. Ф.Райс Психология подросткового и юношеского возраста. – Санкт-Петербург, 1999 жыл. – 624 б.
  4. Л.Н.Ибраимова, П.Ж.Әбдікерімова, П.С.Алиева Қазақ отбасы тәрбиесі. – Тараз, 2016 жыл. – 164 б.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *