АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА, КҮН СӨНГЕНШЕ СӨНБЕЙМІЗ!

Көктемнің сәулелі сәуір айының 14-жұлдызы. Қызу қайнаған тіршілік. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің шаңырағында «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» атты журналистика факультетінің 102-тобының 1-курс студенттері, Тарих факультетінің 1 курс магистранттары Маникова Анар, Мейрамбекқызы Нұрсұлу ұйымдастырған Алаш арыстарына арналған тәрбие сағаты өткізілді. Шараға тарих ғылымдарының кандидаттары Ноянов Еділ Ноянұлы, Арынов Жұмақан Мақанұлы, Тасилова Назия Айтбаевна және журналистика мен медиакоммуникация мамандықтарының 1-курс студенттері қатысты.

Тұғыры биік, қасиетті Алаш есімі Қазақ елінде, тарих факультетінде бір жаңғырғандай болды. Тәрбие сағаты барысында тарихтың талан-таражына түсіп, ата-баба армандаған, ана көлдеткен көз жастың тамшысындай болған, қастерлі – Тәуелсіздік ұғымы тағы бір мәрте жас буын өкілдеріне ұлы әрі қасиетті ұғым екендігін дәлелдеді. Тағдырлары қыл үстінде тұрса-дағы «қазағым» деп еміренген Алаш зиялылары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды азаматтардың ерен еңбектерін бір-екі параққа сыйғыза салу қиянат болары хақ. Осы орайда Алаш азаматтарының есімін тағы бір ұлықтау мақсатында журналистика факультетінің 1-курс студенттері «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» атты іс-шара ұйымдастырды. Шара шымылдығы журналистика факультетінің 1-курс студенті, күміс көмей әншісі Сатыбалды Асылзаттың «Екі жирен» әнімен ашылды. 1930-1938 жылдар аралығында егемен ел, тәуелсіз мемлекет болу жолында бар өмірін қазақ жұртшылығына арнаған, нәтижесінде сұрқия саясаттың құрбандарына айналып, нақақ жаламен аяусыз азапталып, ату жазасына кесілген Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев сынды қазақ зиялыларының жүріп өткен ауыр жолын «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты телехикая желісі негізінде журналистика факультетінің 1-курс студенттері көрініс қойды. 

«Туған халқын ойлаудан еш бас тартпаған,

Абыройы еңбегімен асқақтаған.

“Ұлтым!” деп еміренген арыстарға

Аппақ көңіл, пәк ниетпен тарттым қалам» — деп журналистика факультетінің 1-курс студенттері Алаш зиялыларына арнап өз шығармашылықтарынан арнау өлеңдерін оқыды. 

«Алаш»– халқамыздың бесігінде тербетіліп, есейіп ат жалын тартып мінгенде, әрбір қазақ бойына күш-қуат, ерік-жігер беретін, ұлттың өз еншісі мен үлесін анықтап беретін харекеті мен ұлттық идеясы. 

Зиялы қауымды тағы бір тану мақсатында студенттерге «Тұлғаны таны» атты танымдық ойын түріндегі шығармашылық тапсырма берілді. Ашық сабақ ауқымды іс-шараға ұласып, келген қонақтардың көзіне жас үйірілді. Шара нүктесін журналистика факультетінің 1-курс студенті Сабыр Шұғыла «Шындық» атты толғаумен қойып тәрбие сағатын өз мәресіне жеткізді. 

Тарих пен әдебиетті ұштастырып, қазақ жұртшылығына «Алаш» ұғымын ерекше сеніммен аманат етіп табыстап кеткен қазақ зиялыларының тағылымынан кеудедегі рух пен жігер қайта оянып, бұл өткен тәрбие сағаты айшықталған айғақтың бір парасы болды.

Журналистика факультетінің 1 курс студенті Садырқан Дана

Тарих факультетінің 1 курс магистранты Маникова Анар 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *