“Алаштың рухани ағартушылық қызметі және ұлттың оянуы”

Ұлттың бойындағы сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тағдырына қатысты барша идеяны өзіне өзек еткені бүгінде көбімізге белгілі. Құдайға тәуба, Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде қоғамымызда асқақтатыла айтылып келеді. Күнделікті теледидардан, радиодан, газеттерден «Алаш» сөзінің айрықша мән беріліп айтылғанына, жазылғанына куә болудамыз. Яғни, Алланың қалауымен қазақ баласының жаны мен жүрегіне, ойы мен пікіріне, санасы мен сезіміне «Алаш» ұғымы уақыт өткен сайын бойлай түсуде. «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп отыр» — делініпті «Алаш» партиясы құрылған Бірінші жалпықазақ сиезі жөнінде жазылған «Қазақ» газетіндегі сүйінші мақалада Сонау XX ғасырдың басында елдің еркіндігі үшін күрескен ерлер қалаған осы қасиетті сөз тәуелсіздігіне жеткен қазақ баласына да соншалықты қымбат, аяулы ұғымға айналуда. Бұл – санамыздың жаңғыруы, тарихи тамырларымызды қастерлеуіміз, елдіктің белгісі, өсер жұрттың өнегесі.

Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың рухани тінінде қазақ тілі мәселесі ерекше орынға ие болды. Ұлт-азаттық күрес заманы қалыптастырған зиялылардың ана тілімізге арналған еңбектері, тіл жолындағы алуан күрестері – бүгінгі өзі де азат, тілі де азат күнге жеткен қазақ баласына тағылымды мұра, өміршең өсиет. Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектерінің алуандығы – олардың ұлт тағдырындағы тілдің төтенше маңызын әрі терең, әрі жан-жақты түсінгендігін аңғартады. Соған орай, Алаштың тілдік мұрасын сан тарапты құбылыс деп бағалай келе, оны бірнеше аспектіде сипаттаудың бірқатар мүмкіндіктерін аңғартпақпыз.

Алаш азаматтары қазақ ғылымының төлбасы әрі арналы саласы ретінде ең алғаш болып тілтану ғылымының іргетасын қалады. Оның себебіне үңілсек, онда Алаш қайраткерлерінің барлық ұлттық ерекшеліктердің ішінен халықтың болмысын, өткені мен бүгінін танытарлық тіл сияқты ең көрнекті құбылысты таңдауы аса қисынды еді. Қандай ғылым болса да, әлбетте, белгілі бір қолданбалы, жүзелік сипаттан өрістейді. Осы тұрғыдан келгенде, Ахаңның тіл саласындағы еңбектері, кейінірек жазылған Халел Досмұхамедұлының, Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының еңбектері алдымен оқытуға, білім беруге арналған дүниелер болатын. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы», «Тіл құралы», Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының оқу-әдістемелік мақалалары осыны аңғартады. Әсіресе, тіліміздің жазу үлгісінің, емлесінің қалыптасуындағы Алаш зиялыларының орны алабөтен. Алаш оқымыстыларының қазақ тіл білімі тарихындағы орнын 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі де байқатты. Осы алқалы, тарихи жағынан маңызды ғылыми жиындағы А.Байтұрсынұлының, Е.Омарұлының, Н.Төреқұлұлының баяндамалары, Т.Шонанұлының, М.Дулатовтың, Х.Досмұхамедұлының, М.Тұрғанбайұлының, М.Саматұлының сөйлеген сөздері, ой-пікірлері тілтану ғылымының күрделі мәселелерін шешуде алаштықтардың қаншалықты үлкен еңбек сіңіргендіктерін қаншалықты эрудициясы мен инстуициясы бай тұлғалар екендіктерін айғақтады. Осы сиезде, негізінен, әліпби, жазу ережелері тақырыптары баса көтерілгенімен, олар тілдің сан алуан мәселелері төңірегінде сөз қозғауға өрісті ой тудырды. Осындай білімпаздар сиезі, біздің пайымдауымызша, бүгін де қажет сияқты. Себебі емледе болсын, терминологияда болсын, ономастика саласында болсын тілші ғалымдармен бірге басқа ғылым саласы өкілдерімен бірге ақылдасып ортақ уәжге келерлік мәселелер баршылық. Алаш оқымыстылары қалыптастырған қазақ тіл білімі Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-тілдік мектебін қалыптастырды. Бұл мектеп ілгеріде есімдері аталған тілтанушыларды өсірді, бұдан кейінгі кезеңде Ахаңның көзін көрген өнегесін алған қаншама ғалымдар қалыптасса, совет заманындағы қазақ тіл білімі де Ахаңның ізімен жүрді, оның атын атай алмаса да, еңбектерін пайдаланды. Енді тәуелсіздік алған заманда тағы да Ахаң өзінің ұстаздық мінберіне барша тұлғасымен көтерілді.

Алаш қозғалысы совет өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұл тартпас мысалы — тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы.Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идеясаналы қазақ баласын, елжанды Қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты — ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді. XX ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі — тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек. Қазақ тарихында Алаш қайраткерлерінің ағартушылық қызметініің тарихы ерекше орын алады. ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі, әрине Алаш партиясының құрылуыы еді. Елдің мұң мұқтажын саяси партия басшылыққа алып, отарлықтан басылып, жаншылып қалған халықты азат күнінің туғанын ұғындырып, саяси күреске бастап шықты. Сонымен қатар Алаш қайраткерлері саяси партия қатарында  қызметте жүріп ағартушылық қызметтері арқылы халықтың ой санасын оята бастады. Осындай халық ағарту ісінде белсенділік танытқан жанашыр тұлғалардың бірі А.Байтұрсынов 1909 жылы «Қырық мысал» атты кітабын шығарады. Ол Крыловтын еркін аудармалары болатын. Түпнұсқаның мазмұнын ала отырып, оның сюжеттерін қазақ өмірінің тіршілігіне бейімдеп жазды. 1913 жылы қолында еш қаражаты болмасада қалың көпшілікке тез тараған және бұқараның ықыласына ие болған «Қазақ» газетін шығарады. Оның өзі сол кезде қазақ өмірінің мәдени және қоғамдық талаптарына іс жүзінде жауап  беріп отырған мерзімдік басылым болды. Сондықтанда қазақ баспасөзінің тарихында бұқаралық тұңғыш басылым деген құрметке ие болды.

Көптеген Алаш қайраткерлерінің еңбектері осы қазақ газеті арқылы көпшілікке жарияланып отырды.  Сондай-ақ  М.Тынышбаев –Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, тарихшы ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш темір жол инженері. Сонымен бірге ғылыми жұмыспен де белсене айналасты. Ол Орыс география қоғамы Түркістан бөлімінің, Қазақстанды зерттеу қоғамының, Талап ұйымының мүшесі болды. Халқымыздың тарихының күрделі, бұрын зерттелмеген кзендеріне арнап, дереккөздері бай, ғылыми тұрғыдан негізделген іргелі еңбектер жазды. Оның тарихты терең түсіне білгендігі, зерттеушілігі, қазақ халқының өміріне, кейінгі тағдырына әсер еткен ірі оқиғаларды түпқазық етіп алып, жүйелі түрде қарастыруынан байқалады. Бұл пікірге М.Тынышбаев еңбектеріндегі » Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Ақтабан шұбырынды «,  «Қырғыз- қазақтың шығу тегі», «Қазақ этнонимі туралы», «Алтын Орданың күйреуі және қазақ хандығының құрылу тарихы» секілді т.б тақырыптағы еңбектері дәлел бола алады. Қазақ тарихының көне дәуірі, орта ғасырлар кезеңі, жаңа заман кезеңі жеке қарастырылатын күрделі мәселелерді кеңінен қамтуға талпынысы ғалымның өзіндік қалыптасқан тарихи көзқарасы бар екенін аңғартады. Сонымен қатар еңбектері ұлттық мүдде тұрғысында жазылуымен  ерекшеленеді.Алаш тарихында өткен ғасыр басындағы саяси оқиғалардың бел ортасында белсенді еңбек еткен жерлестеріміз Ғ.Қараш, У.Танашев, М.Бекімовті ерекше атап өтуге болады. Ғ.Қараш Алаш қозғалысына дейін ақ ел өміріне ерте араласып, соңынан бай мұра қалдырған ақын. Жастайынан жетім қалып, ағайын-туыстарының көмегімен ауыл молдасынан сауат ашса да, кейін өзінің білім беделі арқасында өз заманының ең көзі ашық, халқын алға жетелеген зиялы өкілдерінің қатарынан табылады. Ғұмардың бірінші қыры ұзтаздығы болса, екінші еңбегі 1911-1913 жылдары «Қазақстан» газетін ашуда айқын көрінеді. Әуелі Бөкей Ордасында, кейін Оралда жарық көрген газет  «Қазақстан» сөзін тұңғыш рет ресми қолдануымен де құңды, соныменде айрықша бағаланады. Ел тағдыры, дәуір сипаты, өмірдің өзекті мәселелері шығармаларының негізгі тақырыбына айналады. Өзі ұстаз тұтқан қазақтың белгілі ақыны Ш.Бөкеевтің қолдауымен ел аузынан жинаған әдеби мұралады құрастырып, Орынбордан  «Шайыр»,  «Көкселдір» жинақтарын шығарады. Сонымен қатар, «Бала тұлпар» (Уфа, 1911), «Қарлығаш» (Қазан, 1911) «Тұмыш» (Уфа, 1911), «Аға тұлпар» (Орынбор, 1914),  «Тұрымтай» (Уфа, 1918) өлеңдер жинағы,  «Ойға келген пікірлерім» (Орынбор, 1911), «Өрнек» (Уфа, 1911), «Бәдел қажы» (Қазан, 1913) үш зерттеу кітабы жарық көреді.

Сол тұстағы алдыңғы қатарлы ұлт зиялы қауым өкілдері қазақ елін отарлық езгіден құтқаруда,  басты принцип ретінде оқу, білім және ғылым мәселелін көтеруде әрдайым  көш бастаушы болды.  Ұлт зиялыларының алға қойған  басты мақсаттарының бірі  халыққа  білім беруде, оқу-ағарту және  ғылым мәселесі еді. ХХ ғасыр басында «Қазақ» газетімен қатарлас «Айқап» журналы да Алаш қайраткерлерінің ғылыми-ағартушылық бағытындағы еңбектерін жарыққа шығарып отырды. Алаш зиялылары халықтық ағарту саласында алдымен бастауыш мектептер ашып, олар қандай болу керектігі жөнінде «Қазақ» газетінде өз мақалаларын жариялап отырды. А.Байтұрсынов бұл туралы: «Оқуға керек құрал жоқ, оқыта білетін мұғалімдер аз…» деп сол кездегі оқу-ағарту ісінің жағдайына тоқталып, оқу құралы да, оны оқытатын мамандардың тапшылығын атап өтеді. Ал оқыту бағдарламасы бойынша Ахмет Байтұрсынов «…мектептің түрі біздің ойымызша мынау: бастауыш мектептер оқуы қазақ үшін бес жылдық боларға тиіс. Әуелі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек. Соңғы екі жылда кілең орысша оқу керек… қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрафия, шаруа кәсіп, жаратылыс жайлы… орысша оқитын екі жылында үйретілетін білім гимназияның яки реальный мектептердің төменгі кластарына кірерлік болуға тиіс» деп балаларды әрі қарай орта білім алуына бағыттап атап өтеді.Халыққа ағартушылық қызметтің үш негізгі қажеттілігін атап айтады. Ол: білімді мұғалім, оқыту құралдары және оқыту бағдарламасы. Енді осы бағытты дамыту жолында ұлт зиялыларын оқулықтар дайындауға шақырып, ғылыми-ағартушылық қызметін жүргізді. Ұлт зиялылары «Қазақ» газетінің беттерінде қоғамның саяси жүйесі мәселесімен қатар, қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуда ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсаринның, А.Құнанбаевтың ағартушылық қызметтерінің дәстүрлерін жалғастыра отырып Алаш қайраткерлері   баспасөз беттерінде  рухани бағыттығы идеяларын ағартушылық қызметтерімен де байланыстырды. Мәселен, А.Байтұрсынов «…өз дербестігімізді сақтап қалу үшін біз оқу-ағартуға және жалпы мәдениетке барлық күш-жігеріміз бен амал-айламызды салып ұмтылумыз қажет» — деп өз пікірін білдірді. ХХ ғасыр басындағы баспасөз органдары қазақ зиялылары  қызметінің рухани бағытының дамуы мен таралуына көмектесті. Мәселен: «Айқап» журанлы мен «Қазақ» газеті қазақ халқының ұлттық  сана-сезімін оятуда орасан зор роль атқарды және олардың  ағатрушылық бағыттағы идеялары мен көзқарастары ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық өмірінде елеулі орын алғандығы туралы  тәуелсіз Қазақстанның отандық зерттеушілері де айқындап берді. ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ елінде оқу-ағарту саласының қалыптасуына зор үлес қосқан зиялы қауым өкілдері ғылым мен білімнің іргетасын қалады. Олар қазақ халқының тарихи-мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған, республикада халық ағарту ісін қалыптастыруғаатсалысқан, кеңестік заңсыздықтың құрбаны болды. Көп жылдар бойы есімдері ескерілмей келген халқымыздың адал перзенттері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұлов т.б. ғылыми-ағартушылық мұрасының бүгінгі таңда ғылыми мәні орасан зор. Олардың шығармашылық мұралары тек тәуелсіздік алғаннан кейін халқымызға қайтарылып, осы бағытта еңбектер жазылып, кітаптар жарық көре бастады. Өйткені олардың барлығы өз жолын таңдап, адамзаттың дамуына септігін тигізген өз дәуірінің өкілі ретінде қазақ үшін аса қажетті болған тұлғалар.

Қорыта айтқанда оқу мен білімге, жалпы ағарту саласына үлес қосып келген XX ғасырдың басындағы қазақ зиялы қауым өкілдерінің алдына қойған міндеті – қазақ халқын ұлт ретінде көтеру, өз елін өзі басқаратын мемлекетету. Алаш зиялылары оқу-ағарту саласында мектеп, оқу-әдістемелік құралдар туралы зерттеу әдістерін жазып, бірін-бірі толықтырып отырған. С.Торайғыровтың өлең жолдарындағы «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» армандаған алаш қайраткерлері өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу бір туар тұлғалары еді. Олардың бар өмірі ұлтты сүюдің, ел мүддесіне қалтықсыз қызмет етудің нағыз үлгісі болады.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *