«Қашықтықтан оқыту»

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі
Ыбырай Алтынсарин
Білім беру жүйесін жан-жақты ақпараттандырып, қашықтан оқытудың алғы шарттары Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан -2030» стратегиялық бағдарламасында айқын көрсетілген болатын. Қашықтан оқыту үшін компьютерлік техниканы ұтымды пайдалана отырып, үздіксіз білім беру принциптерін ойдағыдай іске асыру қажет. Қашықтан оқыту технологиясын қолдана отырып білім берудің мақсаты: сапалы білім беру қызметін алуда азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту; олардың білім қажеттіліктерін тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына, жасына, денсаулығына және өмірдің тағы басқа себептеріне қарамастан қамтамасыз ету.
Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай енгізіліп, мектеп оқушылары тоқсандық демалысқа бір апта ерте шыққан еді. Ал соңғы төртінші тоқсан сабақтарын оқушылар қашықтан оқыды. Осыған орай, мектеп мұғалімдері жергілікті және аймақтық желіні пайдаланып, шығармашылық жұмыстарын таратып, оқыту үрдісінде әдістеме бойынша тәжірибе алмасты. Ұстаздар қауымына пандемия кезіндегі қашықтан оқыту жаңа технологияларды, әдістерді, жаңа дағдыларды меңгеруге, шығармашылығын дамытуға, жаңа идеялардың пайда болуына, заман талабына сай тез бейімделуіне мүмкіндік беруде.
Осындай сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда мұғалімнің атқарар рөлі орасан. Оған әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүгі жүктеледі. Шалғай ауылдағы балаларда қашықтан оқитын мүмкіндік бар ма? Ғаламтор желісі дұрыс жұмыс жасай ма? Көп балалы отбасындағы барлық балада смартфон бар ма? Барлық мектептер компьютерленген бе? Міне осындай сан түрлі сұрақтар көкейге келеді. Алайда елдегі төтенше жағдайға орай біз осы жолды таңдап, оқушыларға қашықтан білім беруге дағдыландық.
Қашықтан оқыту – білім берудің ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатын арнайы түрі. Компьютерге немесе интернетке қосылған басқа гаджетті пайдаланып білім мен дағдыларды игеру. Қашықтан оқу оқушыларға білім беру ортасына толығымен енуіне мүмкіндік береді: дәріс оқып тыңдау, тапсырмаларды орындау, мұғалімдермен кеңесу және желіге қосылу арқасында сыныптастармен сөйлесу. «Қашықтан оқыту» түсінігі оқушы мен мұғалім арасындағы қашықтықтың бар екенін көрсетеді. Сонымен бірге нәтижелі түрде оқу үшін жаңа ақпараттық технологияның кұралдарымен жұмыс істей білуі тиіс. Қашықтан оқыту – адамның білім алуға және ақпарат алуға деген құқықтарын іске асыратын үздіксіз білім беру жүйесі нысандарының бірі ретінде мамандардың негізгі қызметін атқара жүріп білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, қашықтан оқытудың да тиімді тұстары мен өзіндік қиындықтары бар екендігіне көз жеткіздік. Білім алушылардың тапсырмаларды орындауда еркіндігі мен уақыттың ыңғайлылығы және үнемділігі, мұғалім мен оқушы арасындағы арақашықтыққа қарамастан оқытудың қолжетімділігі, шығындардың қысқаруы- қашықтан оқытудың тиімділігі болып табылады.
Қашықтан оқыту жүйесін ұстанған кездегі кейбір қиындықтардың туындайтындығы да заңды. Бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда бір компьютер немесе бір смартфонды пайдаланудың ыңғайсыз болуы немесе кейбір жағдайларда қажетті техника мүлдем болмауы да мүмкін. Кейбіреулерінде интернет байланысы да жоқ болуы мүмкін. Педагог пен оқушы арасында нақты бетпе-бет байланыстың болмауы, оқушыларды ынталандыру әдістерінің аз болуы, қойылған міндеттердің орындалуына тұрақты бақылаудың болмауы – оқу үлгерімі мен білім сапасының төмендеуіне де алып келуі мүмкін. Ақпараттық- коммуникациялық технология құралдарын көп қолдану- баланың физикалық және психикалық денсаулығына, жұмыс қабілеттілігіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан техниканы қолдану барысында қауіпсіздік ережесін сақтау, уақытты тиімді пайдалану- бала денсаулығына келер зиянның алдын алады.
Қашықтан оқыту технологиясының тиімділігі: заман талабына сай ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар мен құралдарды қолдану; сапалы білім алу; уақытты үнемдеу; ыңғайлы уақытта оқу; ата –аналардың балаға көмегі; оқушылардың өзін еркін ұстауы; өз ойын кері байланыс арқылы беруі. Мұнда оқу жылдамдығын жеке жағдайлары мен қажеттіліктеріне байланысты оқушы өзі белгілейді. Қашықтықтан оқытудың артықшылықтарын атап айтар болсам:
Еркіндік пен икемділік – өз қалауыңыз бойынша білім алу мүмкіндігі, яғни, оқушы сабақтың уақытын, орнын және ұзақтығын дербес жоспарлай алады. Ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде жұмыс істеу, уақытты үнемдеу мүмкіндігі;
Ұтқырлық – мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс арқылы оқу процесінің табысты болуы;
Қол жетімділік – оқушының мектепте отырмай-ақ, білім қажеттіліктерімен шектелмеуге мүмкіндік береді;
Технологиялық тиімділік – оқу үрдісінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың соңғы жетістіктерін қолдану, желілік компьютерлік дағдыларды жетілдіру.
Қашықтан оқыту – заман талабы. Оқытудың бұл жүйесі сын сағатта халқымыздың ертеңгі сенімін арттырып, дүрбелең кезеңдегі қабылданған дұрыс шешім деп білеміз. Оқушыларымыз бен ата-аналарымызға дұрыс насихатталуына, заманауи білім алуға жауапкершілікпен, бастысы біртұтастыққа, түсіністікпен қабылдауына күш салудамыз. Ұрпағымыз үшін жасалып жатқан ұлағатты жұмыс өз жемісін береді деп сенеміз.
Қазіргі негізігі мақсат- қашықтан оқытуды дұрыс жағынан пайдаланып, қиындыққа мойымай бірлесе жұмыс жасай отырып, оқушыларға білім беруді жалғастыру, оқу жылын сәтті аяқтау.
Кемшіліктері:
Қашықтан оқыту біздің елімізде кең таралуы жайлы айту әлі ертерек, толыққанды қашықтан оқыту туралы айту үшін оқу орындарында және оқушының үйінде де жақсы техникалық және программалық құралдар болуы тиіс. Оның үстіне байланыстың сапасы жоғары болуы тиіс, бізде ол жағы әлі әлсіздеу. Білім Министрлігінің тарапынан қашықтан оқыту формасының әрекетіне қатысуында жетіспеушілік бар, нормативті-құқықтандыру, экономикалық және финанстық сұрақтар, Интернет бағасының жоғарлығы. Бұл проблеманы шешу үшін, мынадай ұсыныстар бар:

\— қашықтан оқыту курстары және бағдарламалары болу керек, оқытудың әдіс – тәсілін жасау, жобалау, арнайы курстар, үйірмелер ашу;
— қашықтан оқытудың өмірде жиі пайдалану, пайдаланудың тиімді әдістерін ойлап табу;
— алыс-жақын шет елдердегі қашықтан оқытудың іс-тәжірибесін оқып-үйрену;
— қашықтан оқытуда оқушының білім сапасын бағалаудың жаңа критерийін жасау;
— ақпаратты-техникалық жабдықтау қызметі қашықтан оқытудың программалық, ақпараттық және техникалық құралдарын дайындау;
\
Әрине, оқу орындарының компьютерлік базасы әрі қарай толықтырылады, жетілдіріледі, бірақ соған қарамастан, қолдағы бар құралдарды толық пайдаланып, солардың мүмкіндіктерін барынша қолдануға тырысу керек. Қорыта келе айтарым – оқу процесінде ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолданысқа енгізу техникалық жағынан да, психологиялық жағынан да күрделі мәселе болып табылады.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *