«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін»

«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін»

  А.Байтұрсынов-өзіне ғана тән өзгеше өрнегімен, гуманистік идеяларға толы ағартушылықпоэзиясымен төл әдебиетімізде есімі алтын әріппен жазылған дарынды ақын, қазақтың қастерлі  перзенті. Ақын жырлаған тәлім-тәрбие, адамгершілік, туған жер, азаттық, оқу-білім тақырыптарындағы өлеңдерінің қайсысын алсаңызда, терең ой мен тылсым сезімге толы. Оның шығармашылығында  ағартушылық-демократтық сарында жазылған туындыларының алар орны зор.

А.Байтұрсыновтың Маса, «Ғылым», «Адамдық диқаншысы», «Оқуға шақыру», «Замандастарыма», «Ойлар» атты бірқатар өлеңдері- ақынның азаматтық рухы мен ағартушылық ой-пікірінің айқын көрінісі. Мәселен, «Ғылым» өлеңіндегі:

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» —

Деген сөз аятпенен бірдей маған.

Алақтап артымызға қарағыштап,

Жүргенде-ақ озып, ұзап кетті заман,- дей келе, қазақтың  өзге елдердің көшіне  ілесе алмай, бар жақсылықтан  құр қалып жүргенін өкіне жырлайды.

«Адамдық диқаншысы» атты туындысында ақын өзінің игі мақсат-мұратын былайша баяндайды:

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көгертуге құл халықтың.

 Бұдан  құл халықтың көңілін көгертуді» мақсат еткен ақынның азаматтық болмысы оның асқақ арманы мен ізгі ниетімен астасып жатқандығын аңғарамыз.

Автордың «Ойлар»  өлеңі-  философиялық һәм азаматтық лириканы қатар қамтыған айрықша туынды.

Мен өлсем де өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлім менен?!
Өлген күні апарып тығары – гөр,
Мен жоқ болам көміліп тәнімменен.
Тән көмілер, көмілмес еткем ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін

 Халқының ертеңгі халін ойлап қамыққан қайраткер ақын осылайша жан сырын ақтарады.

«Оқуға шақыру» атты туындысы да дәл осы тәрізді:

Өзенде балықшылар ау қарап жүр,

Тоғайда орақ даусы шаң-шұң орған.

Аллалап, ал кітапты қолдарыңа!

Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған,- деп, ұлтты өрге сүйрейтін келешек жас ұрпаққа сенімартып, қазақтың ендігі болашағы жастардың қолында екенін жеткізеді. Қараңғылыққа қамалған қалың елін  өнер- білімге бет бұруға үндейді.

Артына өшпес мұра қалдырған  А.Байтұрсынов өлеңдері азаматтық рух пен ағартушылық-демократтық идеялардың жарқын көрінісі. Ұлы Абайдай  туған халқының ертеңіне алаңдап, жұртын оқу- ғылым, өнер-білім нәрімен сусындауға шақырған ұлағатты ақынның әр туындысы— бүгінгі қазақ елі үшін аса қымбат қазына.

Рустемова Ақерке

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Филология факультеті

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті

Есентаева Айжан

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *