Мың мамандық бәрі бар, Таңдап, талғап бірін ал!

Сыныбы: 9,10,11

Тақырыбы: Мың мамандық бәрі бар, Таңдап, талғап бірін ал!

Мақсаты:

Білімділік: оқушыларға болашақ мамандық және оқу бағдарын таңдауда көмектесу, мамандық әлемі және оның ерекшеліктері туралы дүниетанымын кеңейту;
Дамытушылық: оқушылардың өмір туралы, мамандықтар туралы көзқарасын дамыту, алдағы уақытта мамандық таңдауда дұрыс жолда болуына себепкер болу, таңдаған мамандығының өз бейімділігі мен қабілетіне сәйкес келуін нақтылау, өз-өзін танудың жалпы әзірлігін қалыптастыру
Тәрбиелік: мамандық таңдау мәселесін белсенді арттыру, мамандық әлемі туралы ақпарат алу арқылы және өзін тану шекарасын кеңейту арқылы мамандық бағытын таңдауда жауапты шешім қалыптастыру.
Міндеті:
Мамандықтарды талдай және таңдай білуге үйрету;
Оқушыны өзінің қабілетін, бейімін, қызығушылығын мамандыққа сай тани білуге үйрету;
Оқушылардың бағдары мен құндылықтары туралы мәлімет беру;
Оқушылардың құптап отырған мамандықтарына бағыт беру.

Түрі: кездесу-тренинг.

Көрнекіліктері: плакат,түрлі-түсті қағаздар, мамандық түрлеріне байланысты суреттер, қанатты сөздер.

Техникалық құрал-жабдықтар: интерактивті тақта

Кіріспе:

Мұғалім: Қайырлы күн, құрметті қонақтар ұстаздар, оқушылар. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Мың мамандық бәрі бар, Таңдап, талғап бірін ал!» атты кездесу кешімізге қош келдіңіздер!

«Ми шабуылы» : Мамандық дегеніміз не? (Топтастыру әдісі арқылы). Әр топ өз ойын өрбітіп,қағаз бетіне түсіреді:

«Мамандық» сөзіне  анықтама беру.

Профессия- латын сөзінен шыққан , “professio”- анықталған іс, мамандық дегенді білдіреді.

Мамандық- қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі.

Әлемде 50 мыңға жуық мамандық бар екен және жыл сайын оған 500-ге тарта жаңа түрі қосылып отырады екен. Олардың ішінен өзімізге қажеттісін қалай таңдауға болады? Біз олардың қаншасы туралы білеміз? Мамандық таңдауда нені бағдар ретінде алуға болады? «Мектеп бітіргеннен кейін кім боласың?» деген сұрақтарға мектеп оқушыларының көбісі нақты жауап бере алмайды. Шындығына келгенде мамандық таңдау мәселесі әсіресе біздің қоғамымыз нарықтық қатынасқа көшіп отырған жағдайда өте күрделі мәселе. Жақын арада әрқайсыңыз мамандық таңдау мәселесіне тап боласыз және өздеріңіз білетіндей 10-сыныпта бағдарлы оқыту сыныбына көшесіз. Бүгінгі кешімізде біз осындай маңызды тақырыптарға тоқталамыз, мамандық, болашақ таңдайтын бағдарымызды таңдау стратегиясы жөнінде, кәсіби өмірлік бағытты жобалау туралы әңгімелейтін боламыз.

Араларыңызда кейбіреулерің ендігі қандай маман иесі болатыныңызды, қандай бағытта, оқу орнында оқитыныңызды анықтаған шығарсыз және де өздеріңнің болашақ кәсіби қызметтеріңді жақсы білетін де шығарсыз. Дегенмен де өз таңдауыңды тағы бір тексерген артық етпейді, таңдаған мамандығыңыз шындығында өзіңізді жетілдіруге мүмкіндік бере ме, сол жөнінде ойлануға кеш емес. Бұл әңгіменің тақырыбы әлі шешімін қабылдай алмай күмәнданып жүрген және бағдарын таңдай алмай жүрген оқушыларға маңызды болып табылады.

Сұрақтар:

Мамандық таңдауда ең бастысы не: қабілет пе, дарын ба әлде мамандықтардың қоғамдағы беделі ме?

Ауыл экономикасын көтеру үшін, ауылға ең алдымен қандай мамандықтар қажет деп ойлайсыңдар?

Белгілі бір кәсіптің иесі болу үшін міндетті түрде жоғары білім алу қажет пе?

Әрбір жеке адам бақытты болу үшін, тоқшылықта өмір сүру үшін не істеу керек?

Еңбек нарығындағы бақталастық туралы не білесіз? Сіздің мамандығыңыз нарық заманында бақталастыққа төтеп бере ала ма?

Кез келген қоғамда адам өмірде өз орнын табу үшін өз жанына жаққан кәсіпті меңгеріп, белгілі бір мамандық иесі болуы шарт. Ел болашағы бүгінгі өскелең ұрпақтың, яғни біздің қолымызда.

Адам өз мамандығын таңдаған кезде, нені басшылыққа алу керек?

Жақсы маман болу үшін адам нені білуі және үйренуі керек?

Сіз қандай маман болуды армандадыңыз?

Адам өзің белгілі бір мамандыққақашан, қалай дайындауы керек?

Адам бірнеше мамандықты меңгерсе, оның өмірі қандай болады деп ойлайсыздар?

Қай уақытта адам өз еңбегінің жемісін көре алады?

Сол үшін қазір Мамандықты дұрыс таңдадыңыз ба?  тест жүргізсек.

 

Алдымен туған күніңізге байланысты жеке кодыңызды анықтаңыз.

Түрлі мамандық тобы белгілі бір санмен байланысты.

Мәселен, туған күніңіз: 25.12.1983

Күні: 25=2+5=7

Айы: 12=1+2=3

Жылы: 1983=1+9+8+3=21=2+1=3

25.12.1983=(2+5)+(1+2)+(1+9+8+3)=7+3+3=13=1+3=4

4 саны – сіздің жеке кодыңыз

Егер сізде екі таңбалы сан шықса, онда оларды өзара қосып, бір сан алу керек. Мәселен: 23=2+3=5 Нәтижені жеке код бойынша қараңыз

  1. Қызмет саласы: Түрлі дәрежедегі бастықтар. Шығармашыл жандар. Ұйымдастырушылар. Жауапкершілік танытып, нәтижеге қол жеткізе алатын белсенді, қызу жұмыстар.

Мамандықтар: Банк қызметкері, менеджер, хатшы, дәрігер, мемлекеттік қызметкер, қоғам қайраткері, зергер, әртіс, суретші.

Мақсат: Өзіне сай келетін істі табу.

  1. Қызмет саласы: Өзгелерге қамқорлық көрсетіп, көмек беруге байланысты мамандықтар. Қоғамдық қызмет көрсету саласы.

Мамандықтар: Дәрігер, қоғамдық қызметші, өнер қайраткері, саяхатшы, ойшыл, үй ханымы, фермер, актер.

Мақсат: Сезім мен қиялды дамыту. Сүйікті және танымал болу тілегі.

  1. Қызмет саласы: Медицина, техникалық мамандық, өздігімен жұмыс істеу қабілеті. Ойлау жүйесі белсенді түрде жұмыс істейтін кез келген сала сәйкес келеді.

Мамандықтар: Менеджер, әскери қызметші, кеден қызметшісі, хирург, спортшы, кәсіпкер, журналист, администратор.

Мақсат: Күш пен қуатты түгелімен жұмыс жолына арнау.

  1. Қызмет саласы: Майда бөлшектерге аса назар аудару қажет кез келген жұмыс, өндіріс, бақылау мен қорғауға байланысты жұмыстар.

Мамандықтар: Аналитик, журналист, мұғалім, администратор, сатушы, емші, ақпараттық қызмет, дәрігер, құрылысшы.

Мақсат: Ақпаратты жинақтау, саралау, тапсыру, үнемі ізденісте болу.

  1. Қызмет саласы: Халықаралық ақпарат алмасумен байланысы бар жұмыс. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсету орны.

Мамандықтар: Заңгер, жарнама агенті, қаржыгер, мемлекеттік шенеунік, психолог, жазушы, аудармашы, ғалым, мұғалім, кәсіпкер, менеджер.

Мақсат: Ақиқатқа, жоғары білімге ұмтылыс.

  1. Қызмет саласы: Адамдармен араласуды қажет ететін өнер мен қызмет салалары. Оқу орындарындағы, қоғамдық ұйымдардағы жұмыс, медицина.

Мамандықтар: Косметолог, дизайнер, елші, адвокат, дәрігер, ресторатор, фотограф, банк қызметкері, музыкант, суретші, жазушы, әртіс, зергер.

Мақсат: Бұл әлемге сұлулық пен үйлесім әкелу.

  1. Қызмет саласы: Қоғамдық ортадағы жауапты қызметтер. Шыдамдылықты қажет ететін жұмыс.

Мамандықтар: Кеңесші, стилист, риэлтор, құрылысшы, заңгер, психолог, сатушы, банк қызметкері, фермер, шахтер, администратор, құқық қорғау қызметкері, дәрігер, тарихшы, шенеунік, дизайнер.

Мақсат: Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін өзін дамыту.

  1. Қызмет саласы: Шығармашылық жұмыспен байланысты іс. Басқару қабілеті көрінетін жұмыс.

Мамандықтар: Маркетолог, қаржыгер, өнертапқыш, атомдық энергетика маманы, қоғамдық қызметкер, механик, инженер, мұғалім, биші, дәрігер.

Мақсат: Демократия, адамның еркіндігі мен құқықтарын қорғау.

  1. Қызмет саласы: Қиял мен түйсікті қажет ететін кез келген қызмет. Өзіңді жақы көрсетуге мүмкіндік беретін сала.

Мамандықтар: Фармацевт, химик, ғалым, сазгер, ақын, актер, емші, мұнай саласының қызметкері, теңізші, жеке детектив, қоғамдық қызметкер, психолог, заңгер.

Мақсат: Шынайы руханилыққа қол жеткізу.

Психологиялық сәт: «Психогеометрия»- өзін- өзі тану:

 

 

Оқушылар өзіңе ұнаған геометриялық фигуралардың кез келгенін таңдауы тиіс. Әр фигура қандай да бір адам бойындағы қасиетті, қабілетті білдіреді. Әрқайсысымыз өзімізді танып көрелік.

Ең маңызды мамандық таңдауын дұрыс жасағаныңызға сенімдісіз бе? Мүмкін жан дүниеңізге жат жұмыс істеп жүрген боларсыз? Мұндай болмас үшін өзіңізді жақсылап танып алғаныңыз абзал. 1978 жылы америкалық психолог Сьюзен Деллинджер жасаған мына психологиялық тестке назар салыңыз. Бұл бес геометриялық фигураның негізінде жасалған, сіз тек өз болмысыңызды ашатын біреуін таңдауыңыз керек.

  1. Дөңгелекті таңдасаңыз…  Сіз үшін тұлғаралық қарым-қатынастың рөлі зор. Өз ортаңызда өзіңізді бақытты сезінуді маңызды санайсыз. Өзгелердің қуанышын да, қайғысын да өз басыңыздағыдай қабылдайсыз. Кейде өз-өзіңізден үйлесімділік таппайсыз.

Сізге әртіс, маркетолог, мұғалім, тарихшы, мейрамхана иесі не үй қызметкері болу жарасады.

  1. Шаршыны таңдаған болсаңыз…  Өте еңбекқор адамсыз. Бастаған істі орта жолда тастамайсыз. Төзімділік, жүйелілік, дәйектілік – жұмыстағы басты қасиеттеріңіз. Бірақ маңызды істерді шешерде ұсақ-түйекке шүйлігіп қаласыз. Миыңыздың сол жақ бөлігі жақсы жұмыс істейді, демек логикаңыз жақсы дамыған. Сол себепті жүректің емес, ақылдың айтқанына бағынасыз.

Сізге есепші, бағдарламашы, банк қызметі, дәрігер, инженер, жүргізуші мамандықтары дәл келеді.

  1. Таңдауыңыз үшбұрыш болса…  Сіз өте жақсы менеджерсіз. Жаңа ақпаратты бірден қағып аласыз да, талдап, сараптап, жіпке тізіп шығасыз. Біліктілігіңіз бойыңызға сенімділік ұялатады. Барлығын дұрыс жасауға талпынасыз. Қателік шықса, мойындағыңыз келмейді. Биік мақсатқа жету үшін өзіңізге деен тым сенімділік пен шыдамсыздық кедергі келтіруі мүмкін.

Сәйкес келетін мамандықтар: архитектор, экономист, саясаткер, әскери қызмет, менеджер, қорғаушы, дизайнер.

  1. Дөңгелекті таңдасаңыз…  Сіз өз өнеріңізді бағаламайсыз. Тіпті ештеңеге қабілетім жоқ деп ойлайсыз. Сондықтан өзіңізді іздегенде екі үстелге қатар отырғыңыз келеді, бұл мүмкін емес. Бұйырған кетпейді, осыны естен шығармаңыз. Жаныңыз сүйетін іспен айналысуда тәуекелге бел буыңыз.

Сіз үшін бөлім басшысы, кәсіпкер не аниматор болған дұрыс.

  1. Таңдауыңыз ирек пішінге түссе…  Сіз шығармашылық адамысыз. Өмірге әр қырынан қарайсыз, оның әрқайсынан ішкі сұлулықты көресіз. Қарқынды, сабырлы адамсыз. Бір орында отырып ұзақ жұмыс істей алмайсыз. Ең керемет, креативті идеяға байсыз. Оны жүзеге асыру үшін жүйелілік пен шыдамдылық жетіспейді.

Өзіңізді зерттеуші, дизайнер, өнертапқыш, музыкант, жазушы не суретшілер арасынан іздеп көріңіз.

 «Әріпті мамандық»- ойыны. Әр топқа бір әріптен беріледі. Қай топ сол әріптен басталатын мамандық аттарын көп тапса, сол топ жеңіске жетеді. Сонымен қатар өздері тапқан мамандықтарының   қыр- сырын айту керек.

І- топ: «А», ІІ- топ: «К», ІІІ- топ: «Ж»

Осы аталған мамандықтарды игеру үшін кәсіптік білім алуымыз қажет.

 

 «Ең жақсы» ойыны.
Қатысушылар үш командаға бөлінеді. Әрбір командаға мынадай нұсқау беріледі, оқушылар берілген мінездеме қай мамандыққа сай екендігін айтулары керек. Мысалы, ең ақшасы көп мамандық. Қай мамандық ең ақшалы болып табылады.
Қатысушыларға келесі мамандық мінездемелері ұсынылады:
Ең ақшасы көп- бухгалтер, экономист.
Ең жасыл- эколог, географ, бақташы, гүл өсіруші.
Ең тәтті-аспазшы, кондитер.
Ең күлкілі- клоун, карикатурашы.
Ең жауапты- сот, бухгалтер.
Ең салмақты-мұғалім,заңгер.
Ең қарым-қатынасы күшті-бизнесмен,мұғалім

Мамандық таңдауда мынадай бір формула бар:
«ҮЙРЕНГІМ КЕЛЕДІ – ҮЙРЕНЕ АЛАМЫН – ҮЙРЕНУ КЕРЕК».
ҮЙРЕНГІМ КЕЛЕДІ –бұл талап-тілектің, мақсат пен мүдденің, ынта мен ықыластың кеңістігі;
ҮЙРЕНЕ АЛАМЫН – қабілет-қарымның, таланттың, денсаулықтың кеңістігі;
ҮЙРЕНУ КЕРЕК – еңбек рыногындағы сұраныстардың, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық проблемалардың, әлемдік экономикалық даму тенденцияларының кеңістігі.
Қорытынды:

Бүгінгі кешімізді мына өлең жолдарымен аяқтауға рұқсат етіңіздер:
Еңбек етсем, ертеңгі- бақытыма сенемін.
Масқатыма жеткізер- уақытыма сенемін.
Достық іспен қасты да- жеңеріме сенемін,
Ақыл, сана білім мен- өнеріме сенемін.
Арым- таза, ақ көңіл- адалдыққа сенемін,
Абыройлы, ақ ниет- адамдыққа сенемін!- дегендей ел сеніміне кіретін құрметті мамандық иесі боламын десеңіздер бүгінгі кездесуде апайларымыз бен ағаларымыз айтқан ақыл кеңестерді жадыңызда ұстап ілім- білім алуға барлық күш жігерлеріңді жұмсап, егеменді еліміздің ертеңі -болашақ маман иелері болуларыңызға тілектестігімді білдіремін!

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *