Мектеп жасына дейінгі балаларға ұлттық, патриоттық тәрбие беру

Атагалиева Жумакул 

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жердің, өскен ортаның құндылықтарын ерекше атап өтті. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады»,- дей келе Нұрсұлтан Назарбаев әрбір қазақстандықты туған жерге ыстық ықылас танытуға шақырды. Ұлттық сананы қалыптастырудың және бір тетігі –«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы екенін айтты. Елбасы мақаласындағы бұл басым бағыттар мәдени кемелдікке жетелері сөзсіз. Бұл ретте балаларға Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – ұстаздың аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы» — деп көрсеткен. «Қазақстандық патриотизм» ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси — әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін айқындайды. Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан азаматтарын тәрбиелеумен тығыз байланысты.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші рөл атқарады. Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік – отбасы, ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік – білім беру ұйымы. Сондықтан, мен бұл тақырыпты алуымның себебі қоғамның әлеуметтік даму жағдайында балаларға патриоттық тәрбие берудің жүйесін айқындай отырып, ұлтаралық қатынас мәдениетін, еліміздің бейбітшілігі мен егемендігін сақтауға, экономикасын дамытуға ықпал ететін тұлғаны қалыптастыруға бағыттау болды.

 

Негізгі бөлімі

Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие — адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы болса, бүлдіршіндеріміздің бойында рухани — патриоттық сана — сезімді қалыптастыру бағыты бойынша тәрбие беріп, ел болашағына өз үлесін қосуда. Мектепке дейінгі мекемеде балалардың ойын еркін жеткізуде, рухани патриоттық тұрғыдан білім алуына тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалған.

Халқымызда «баланы жастан» деген дана сөз бар. Тәрбиенің бесіктен басталатынын ескерсек, ата – бабадан келе жатқан дәстүрлерді ең алдымен өзіміз түсініп, балаларға оның нәрін сіңіре білсек, болашақ ұлтжанды ұрпақ тәрбиелесек — бұл еңбегіміздің жанғаны, тәуелсіз ел болашағына қосқан үлкен үлесіміз деп білеміз. Адамзаттың асыл мұраттары қайта гүлдеп, мәдениет дәрежесі мен білімділік деңгейі қоғамның өркендеуінің басты өлшеміне айналып отырған жаңа ғасырда жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы артып келеді. Сондықтан мен баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуді зерттеп, өзіме, балаларға патриоттық тәрбие беруде жаңа технологияларды пайдалану арқылы  жобаны алуды жөн көрдім. Патриоттық тәрбие беру арқылы баланың патриоттық сезімдерін ояту, баланың ой-өрісін, көркем ойлау қабілетін, талғампаздығын арттыруға болады. Сол себепті өз жұмысымда  патриоттық тәрбиені беру үшін алдымен оның мақсаты мен мүмкіндіктерін бөліп шығару қажет екенін  байқадым.

Таңдаған жобамның мінездемесі:

— жобаның  түрі – практикалық-бағдарлау жобасы;

— орындалуы бойынша ұзақтығы – ұзақ мерзімді

— сипаты бойынша түрткі болған жобалық қызмет – қолданбалы (практикалық-бағдарлау сипатында)

Кәсіби қызметімде келесі жұмыс түрлері жүргізілді:

— әдістемелік;

— зерттеушілік;

— тәрбиелілік;

— эстетикалық — ағартушылық;

Нысан: мектепке дейінгі жастағы балаларды жан — жақты  дамыту.

Зерттеу  жұмыстарының әдістерізерделеу, сұхбаттар, тестілеу.

Балабақшада патриоттық тәрбие беруде жаңа  технологияларды пайдаланудың түрлері:    

— тәрбиелеу — оқыту технологиялары;

— психологиялық-педагогикалық  технологиялар;

— ата – аналардың педагогикалық білімін ағарту.

Зерттеу базасы: Жаңаөзен қаласы №1 «Ақбота» балабақшасы МКҚК   

Жобаның қатысушылары: «Ақбота» балабақшасының ата — аналары және ересектер тобының тәрбиенушілері  

Жұмыстың әдісі: Тәжірибелік, практикалық

 

Өсіп келе жатқан жас ұрпақты ақылды да саналы, тәртіпті де еңбексүйгіш, өз халқының патриоты болатын ұрпақ тәрбиелеу керектігін ескере отырып, алдыма міндеттер мен мақсаттар қойдым.

Мақсатым: мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру үдерісінде балаларға патриоттық тәрбие бере отырып, Отанын, туған жерін, өзінің халқын сүйе алатын тұлға даярлау.

Патриоттық тәрбие берудегі міндеттерім төмендегідей:

— тобымда денсаулығы зор, рухани дүниесі бай, адамгершілікті, тәуелсіз жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін тәрбие жүйесін құру және дамыту;

— балаларды отансүйгіштікке, зиялылыққа, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық дәстүрлерді сыйлауға тәрбиелеу бағдарламасы;

— өзінің және қоғамның, болашақ ұрпақ алдында әлеуметтік, табиғи және мәдени ортадағы өз іс-әрекетінің нәтижесі үшін жауапкершілікті сезінуде гуманистік дүниетанымын қалыптастыру;

Жұмыстың өзектілігі:

Патриоттық тәрбие ең алдымен еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін, тыныштық пен бейбітшілікті сақтайтын, ұлтаралық мәдениетті дамытатын, еліміздің рәміздеріне құрметпен қарайтын, әлемдік деңгейде бейбітшілік пен өркениеттілікке өз үлесін қосатын адамгершілік мұраты биік патриот, намысшыл қаһарман, қайсар, жігерлі жас ұрпақты тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, патриоттық тәрбиенің негізі арқылы: халық батырлары туралы ертегі, әңгіме мазмұнын жүйелі байланыстырып, әңгімелеуге үйрету, өлең шумақтарын жаттай білуге, мақал – мәтелдердің мағынасын түсіне білуге тәрбиелеу талап етіледі. Үшіншіден — бұл әр азамат өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінеді

        Жаңашылдығы:   Жалпы патриоттық тәрбие беруде дәстүрлі емес оқу қызметтер, сайыс, ойын, кіріктірілген оқу қызметтер, саяхат, аралас оқу қызмет түрлері өткізіледі. Заман талабына сай оқытудың жаңа технологиясын игере отырып, пәнаралық байланысқа үнемі көңіл бөлінеді.

Жобаны іске асыру кезеңдері: 

І кезең  — жобаны жоспарлау.

ІІ кезең– патриоттық әдістемемен оқыту.

ІІІ кезең – іске асыру маршруты, нәтижесі.

       І кезеңде — ұлттық, патриоттық тәрбиелеу бойынша пайдаланатын жаңа технологияларды зерттедім,   материалды-техникалық  базасын дайындадым,  жобаның мақсатымен және міндеттерімен таныстым, жобаның қатысушыларын анықтадым.

       ІІ кезеңде – жаңа технологияларды пайдалана отырып, ұлттық, патриоттық тәрбиелеудің әдіс– тәсілдерін анықтап, жұмысты бастадым.

Заман талабына лайық тәрбие мен білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру үшін жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты енгізіп отырамын. Атап айқанда, ертегі терапия, интерактивті тақта, бейнетаспа, мультимедиялық электронды кітапшалар, электронды оқулықтар пайдаланамын.

Отансүйгіштікке, зиялылыққа, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық дәстүрлерді сыйлауға тәрбиелеуде мен келесі бағыттарды жүзеге асырамын:

-рухани-адамгершілік,
-әлеуметтік,
-эстетикалық,
-өлкетану,
-еңбек,
-отбасылармен бірге жұмыс істеу.

Мен осы жұмысты жүзеге асыру үшін отансүйгіштікке тәрбиелеу бағдарламасы шеңберінде жүйелі жұмысты ата-аналармен бірге ұйымдастырамын. Осыған орай келесі міндеттер кешенін орындалуын басты назарда ұстанамын:

-балаларды өз отбасын, балабақшаны, көшені, қаланы сүюге, табиғатты аялауға тәрбиелеу;

-балаларды мемлекеттік рәміздермен таныстыру (елтаңба, ту, әнұран);

-елінің, халқының, қаласының жетістіктерін мақтан тұту, жауапкершілік сезімін дамыту;

-басқа ұлт өкілдерін сыйлау, олардың дәстүрлерін дәріптеу сезімін қалыптастыру;

-еңбекті құрметтеуге тәрбиелеу;

-ұлттық қолөнер шеберлігін білуге қызығушылықты қалыптастыру;

-Қазақстанның қалалары туралы білімдерін тереңдету.

Балалардың бойына гуманистік дүниетанымын қалыптастыруда қойылатын негізгі талаптарды айқындадым:

— балабақшадағы және топтағы жүргізілетін патриоттық тәрбие жүйесімен өзара байланыста жүргізілуі, пәнаралық байланыс, өткен тақырыптармен жүйелі сабақтастық;

— топтың алдына қойылатын мақсатының нақты болуы және педагогикалық тұрғыда негізделуі;

— Ұйымдастырылған оқу қызметінің құрылымында патриоттық тәрбиеге арналған мазмұнның қамтылуы, мазмұнының балалардың патриоттық іс-әрекетінің негізі болуы, берілетін білім мен балалардың патриоттық іс-әрекеті арасында байланыстың болуы;

— балалардың патриоттық сезіміне ықпал ететін материалдардың қамтылуы;

— балалардың танымдық, белсенділік іс-әрекеттеріне ықпал ету, топтағы қамтылған материалдар олардың санасына, көңіл-күйіне әсерлі болуын ескеру;

— Ұйымдастырылған оқу қызметінің құрылымы, мазмұны, қолданылатын әдістері мен тәсілдерін айқындауда патриоттық бағыттарына баса көңіл аударылуы керек.

Мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кеңінен халық ауыз әдебиетінің материалдарын қолданған жөн деп есептеймін. Осы әдісті бір жүйеге келтіріп жұмыс жасадым. Мысалы, мақал-мәтелдерді жай жаттаумен қатар оларды түсіндіріп, белгілі жағдайда орынды болуын көрсетемін. Бүлдіршіндерді отансүйгіштікке тәрбиелеуде балалар арасында «Менің көшем», «Менің қалам» атты көркем сурет көрмесін ұйымдастырдым. Балабақшадағы тәжірибеге келсек, бүлдіршіндерді адамгершілік отансүйгіштікке тәрбиелеу жұмыстарын олардың ана тілдерін мемлекеттік рәміздерін құрметтеу, өз туған қаласының тарихын, оның көркем жерлері, мәдениеті, қаһармандары туралы білімдерін қалыптастырудан бастадым. Өз тәжірибемде әсіресе, балаларға арналған халық ертегілеріне көп көңіл бөлемін. Қазақ халық ертегілері «Алдаркөсе мен бай», «Тазша бала» «Үш жетім», «Қара батыр», «Алтын сақа», «Қамбар батыр», «Қожанасыр туралы аңыздар», «Ертөстік және айдаhар», сонымен қатар «Ер есімі ел есінде», «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік», «Сайыпқыран сарбаздар», «Мемлекеттік тіл − менің тілім!» атты ертеңгіліктер өткіздім.  Ондағы мақсатым: тәрбиеленушілердің ойында елжандылық сезімін қалыптастыра отырып, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу, тіліміз бен тарихымызға құрметпен қарауға тәрбиелеу. Тобымда балалардың патриоттық сезімін арттыру мақсатында түрлі тақырыптарда іс-шаралар көрсеттім. Мерекелік іс-шаралар кезінде балалар тақпақтар,өлеңдер үйренеді және тарихымен танысады.Бұндай мерекелер балабақшада көптеп кездеседі. Мысалға: «ҚР алғаш Президентінің  сайланған күні» , «Тәуелсіздік күні» , «Жеңіс күні» , «Отан қорғаушылар күні» , «Қазақстандағы ұлттардың бірлігі күні». Бұндай мерекелер балаларды өз Отанын сүюге тәрбиелейді,өз Отанының қонақжай екендігін білетін болады. Өзінің ауылы, қаласын жайлы басқа да мәліметтерге қанық болады және басқа да ұлт өкілдері жайлы мағлұмат алады.

Республикалық  «Қазақ хандығының 550 жылдығы» тақырыбындағы сайысқа тәрбиеленушілерім қатысып «Сертификаттар», «Ұлы Отан соғысына 70 жыл» мерекесіне орай ұйымдастырылған қалалық байқаудан  тәрбиеленушім Ахметқызы Аяулым ІІІ орынға ие болды. Балабақшада өткізілген Ұлы жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай «Ұлы жеңіске 70 жыл» тақырыбындағы мәнерлеп оқу сайысы, ауған соғысы ардагерлерімен өткізілген кездесулер балалардың бойында жігерлілік, намысшылдық, патриоттық сезімге тәрбиеленеді. Осылайша болашақтың тұтқасын ұстар жасөрендердің бойына тәрбиенің құнды дәнегін сепкім келеді. Балалардың ізденімпаз, жаңалыққа жанықұштар, қоғамдық іс – шараларда белсенділікпен қатыса отырып шығармашыл болып қалыптасуына, туған тілінде сөйлеп, Отанын, туған елін, туған жерін сүйе білуге титтей де болса өз ықпалымды жасай алсам–ол менің үлкен жетістігім. Ал менің осы жетістігім келешекте өз Отанымның дамуы жолында зор үлесін тигізуі мүмкін.

ІІІ кезең – іске асыру маршруты, нәтижесі:

Осы жобаны іске асыра отырып, мен нақты жетістіктерге жеттім.  Балалардың білім деңгейі келесідей болды:

Бастапқы бақылау (5-6 жас): Жоғары деңгей – 43 %, орташа деңгей – 34 %, төмен деңгей – 23 %.

Аралық бақылау (5-6 жас): Жоғары деңгей – 54 %, орташа деңгей – 28 %, төмен деңгей –18 %.

Қорытынды бақылау (5-6 жас): Жоғары деңгей – 68 %, орташа деңгей – 24 %, төмен деңгей – 8 %.

Ұлттық, патриоттық тәрбие арқылы жаңа технологияны пайдалана отырып, патриоттық тәрбие, ұлттық тәрбие, рухани адамгершілік тәрбиесі — біздің ұжым қызметкерлерінің ықпалымен жүзеге асырылып жатыр.

 

Жұмыстан күтілетін нәтиже:

  1. Баланың отансүйгіштік сезімі қалыптасады.
  2. Туған халқымыздың өткен тарихын үйренеді.
  3. Салт – дәстүр, әдет ғұрыпты үйренеді.
  4. Тіл мен есте сақтауы, ықыласы мен қиялы, сонымен бірге зейіні мен, ойлауы, коммуникациялық дағдылары жақсы дамиды.
  5. Адамгершілік тәрбие алады.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Қорыта айтқанда, Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде халықтар арасындағы бірлікті нығайту, отансүйгіштікке тәрбиелеу, тіл мәдениетін орнықтыру мәселелеріне тоқталып: «Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндетіміз – Қазақстандық Отансүйгіштікке тәрбиелеу, әрбір азаматтың өзін-өзі айқын билеуін қалыптастыру. Шынайы Отансүйгіштікті, нағыз азаматтықты қалыптастыру жеке бастың өзін саяси тұрғыдан айқын сезінуін, өз Отанын саналы түрде таңдауын көздейді» — делінген. Тәрбиедегі ең басты бағыт делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында: «Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болуы керек екенін, ұлттың болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс..

Сонымен, қорытындылай келе, Отанның гүлденуіне және оны қорғауға деген патриоттық сезім адам жүрегінде өмір сүрген, өмір сүре бермек. Бірақ патриоттық сезім адамда өзінен өзі, не болмаса туа пайда болмайды. Ол ерте жастан адамға әсер ететін, ұзақ мақсатты түрде бағытталған тәрбиенің қорытындысы. Патриотизм ортаның, отбасындағы тәрбиенің, мектептің, мектепке дейінгі мекеменің және түрлі коғамдық ой-пікірлердің әсер етуімен қалыптасады. «Патриотизм, — дейді ұлтымыздың батыры Б.Момышұлы, — Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік кауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екенін мойындау, яғни патриотизм дегеніміз — мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткені мен бүгінгі куні және болашағымен қарым-қатынасын білдіреді». Қазақ халқының өткені мен бүгінін таразыға сала отырып, келешеғіне отаншылдық туын арқау еткен асқақ, жандары таза жас ұрпақты тәрбиелеу мен қасиетті Отанның қадірін ұғындыру, ар, намыс, ождан сөздерін ұлт, атамекен, халық сияқты киелі түсініктермен байланыстыру арқылы болашаққа бағыт сілтеу әрбір педагогтің міндеті.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *